«Мейлінше ғибратты дарын»

Бұдан бір жылға жуық уақыт бұрын, өткен жылдың 10 желтоқсанында қазақтың заңғар жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев дүниеден озған еді. Жақын күндері аяулы тұлғаның жылдық асы берілгелі отыр.
Осыған орай ол туралы замандастары — елге танымал жазушылар мен қоғам қайраткерлерінің әр жылдары баспасөз беттерінде жариялаған пікірлерін оқырмандарға ұсынамыз:
Есенбай Дүйсенбайұлы:
«Намыс пен Нартәуекелді жалау етіп, жап-жас шағының өзінде-ақ адамзаттық ақыл-ой алыптарының арғы-бергі білім қорын түбіне жете түгел игеруі, оның үстіне, Құдай берген дарын-қабілеті арқасында ұстазы Әуезовтің ілтипат-ықыласын аударған Кекілбаев – суреткердің әп дегеннен-ақ өз шығармаларына ел тағдырын, жер тағдырын, халық бейнесін алтын арқау, асыл өзек-желі еткеніне, тіпті де таңдануға болмас. Өз түйсінуімше, осы тұрғыда ол ұлттық әдебиеттегі сирек құбылыс қана емес, әлемдік деңгейдегі Толстой, Шекспир сынды титандармен үндес те рухтас деп ойлаймын».
Жұмекен Нәжімеденов:
«Ол — бір сырлы, сегіз қырлы талант. Ол талантты ақын, талантты сыншы, талантты прозаик. Бір кісіге осының біреуі де жетер еді. Оған табиғат үшеуін де берген. «Екі кеменің құйрығы» демекші, бұл жігіт үш кеменің құйрығын ұстап келеді».
Бексұлтан Нұржекеев:
«Меніңше, Кекілбаев қай сын мен қандай сынаққа да қасқайып қарай алады. Ол әдебиетке әуелі ақын боп келді. Жиырма бір жасында «Алтын шуақ» деген әдемі атпен өлеңдер жинағын шығарды. Алысты меңзейтін ой, тереңнен тартатын пікір өлеңнің өресіне ауырлық етті ме екен, Әбекең содан кейін-ақ қарасөздің қойнына сүңгіді. Қазір ол — қазақтың ең әйгілі прозашыларының бірі және прозамен ғана шектелмеген талант. Арамыздан оның сыншылығын олқы санар оқырман, ақын-жазушы немесе сыншы табыла қояр ма екен, сірә? Олардың қай-қайсысына да Әбіштен құптау есту, сын есту ешқашан әншейін нәрсе болып көрген емес. Әбекең — әдебиет босағасын аттаған күннен бері үзіліссіз, бәсеңдеусіз қаламын қару етіп келе жатқан бетті публицист: ол — елдің, әдебиеттің тарихы мен тіршілігіне ешқашан енжар қарап көрмеген адам, сондықтан қай кезде де қалам сардарларының алдыңғы сапында».
Манаш Қозыбаев:
«Әбіш Кекілбаев… XX ғасырдағы қазақ қауымының, түркі әлемінің заңғар жазушысы, кешегі Мұхтар, Сәбит, Ғабит сияқты алдыңғы толқын ағаларымыздың мұрагерлерінің бірі, бұл күнгі қазақ әдебиетінің туын ұстаушылардың бірі, бірі болса бірегейі».
Тұманбай Молдағалиев:
«Жазушының тiлiнде де, дiлiнде де мiн жоқ. Қашанда сергек, қашанда сезiмтал, бәйгенiң алдынан ғана келетiн тұлпарларға ұқсатам мен Әбiштi. Ал аспанға қарасам оның жұлдызын оңай танимын. Оның жұлдызы сол Әуезов, сол Шолохов, сол Айтматов, сол Нұрпейiсов жұлдыздарымен қатар тұр. Ол да жарық жұлдыз, мәңгi жанатын жұлдыз».
Қуаныш Сұлтанов:
«Әбекеңнің қоғамдағы феномені — оның толассыз ізденгіштігі мен зерттеушілігі, сол қазынасын жиылған жүк құсатып тең-тең етіп қоймай, түйдек-түйдегімен оқушысына, еліне, жұртына тасқындатып төгіп жатуында. Сондықтан да әдебиет сүйер қауым Әбекең не жазды екен деп күтіп жүреді, шыққан дүниесін іздеп тауып, оқып жүреді. Әбекең оқушысын жерітпеген, ренжітпеген, көңілін қалдырмаған, қаламы демікпеген, шабыты сарқылмаған жазушы, қоғамның сергек сарапшысы. Асқар Сүлейменов өзінің бір мақаласында былай деп жазыпты: «Кекілбаев дарыны мейлінше ғибратты дарын. Оның кеңістігінің өзінен ұғымтал көкірек пен жіті көз адуын өнердің мінезін көреді».
Оның «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» тарихи романдары тек тарихи шежіре емес, бүгінгі қоғам үрдісімен, ұлт мүддесімен астасып, бостандық рухы мен өркениеттің өшпес құндылықтарына ұмтылатын мінез тәрбиелерлік қуатты шығармалар. Әбіш Кекілбаевтың қай қасиетін сөз етсек те ең алдымен қазақ санасында оның әдебиет сыншысы, шебер, көркем шығарма жазушылығы алғы кезекке шығады. Әдебиетке бала кезінен мол дайындықпен келгені оның терең шығармаларынан айқын көрінеді. Әдеттегідей жасқана, имене әдебиеттің есігін ашқан жас өскін емес, білімі толық, кемелі келісті, қаламы төселіп, дауысы орныққан дарын иесі екендігі шүбәсіз, нық басқан салмақтылықпен келді. Ол өзінің көркем сөз зергерлігімен біздің рухани өмірімізді байытты, көзімізді ашты, көкірегімізге ұлттық сенім, сана ұялатты.
Жазушы Әбіш Кекілбаевтың көркем шығармаларының қай-қайсысы болсын оқушысын бейжай қалдырған емес. Қоғамның елеулі оқиғасы, құбылысы болып, еніп жатты.
Өткен ХХ ғасырдың 60-70-жылдары қазақ әдебиетінің қайта өркендеу дәуірі болды десек қателесе қоймаспыз. Кезінде, көзі тірісінде «Алыптар тобы» атанып, елдің, қоғамның рухани көсемдеріндей болған Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин сынды әйгілі суреткерлердің ізін баса, өкшелес келген Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетін дамудың жаңа кезеңіне көтерумен бірге қоғам қайраткерлері ретінде танылды. Әдеби шығармалар үздіксіз сұранысқа ие болып, қоғамның қозғаушы ірі күшіне айналды. Әдебиеттің, әдебиет қайраткерлерінің қоғамда мәртебесі артты, беделі өсіп, тұрақтанды. Адамдар олардың зиялы сөз, саналы ойына құлақ асты. Зейін қойды».
Асқар Сүлейменов:
«Кекілбаев дарыны мейлінше ғибратты дарын. Оның кеңістігінің өзінен ұғымтал көкірек пен жіті көз адуын өнердің мінезін көреді».
Марал Ысқақбаев:
«Әбіш — қыры мол ірі дарын. Ол — сыншы, жазушы, публицист, тарихшы, саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері, сонымен қатар орыс, қазақ тілінде көсіле сөйлейтін өзгеше шешен адам. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке бір-бір азаматтың абыройын асырар қасиеттер ғой. Ал бір Әбіштің бойында тоқайласуы арқылы оны жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы қазақ топырағындағы ірі тұлғаға айналдырды. Әйтсе де осылардың ішінен бөліп алып, жеке қарастыратын ең басты да маңызды қыры жазушылық өнері болса керек. Қазақ халқының рухани кеңістігіндегі өзінше жеке әлем іспетті қазақ әдебиетінің шырқау көгіндегі Әбіштей жарық жұлдызды дүниеге келтірген дәл осы жазушылық дарыны. Қазақ үшін де, өзге үшін де Әбіш сол жазушылық өнерімен қымбат».
Шерхан Мұртаза:
«Тәңiр мен туған ана Әбiшке келiстi келбет берген. Атақты философ Артур Шопенгауэрдiң байқауынша, кiсi келбетi — бұл адамның кiм екенiнiң кепiлдемесi, өзi туралы ашық хаты iспеттес. «Мiне, мен осындай адаммын» деген мiнездеме оның дидарында ап-айқын жазулы тұрады».
Мырзагелді Кемел:
«Маған Әбіш Кекілбаев бүгінгі күнімен емес, ертеңімен өмір сүретін секілденеді. «Халық ертең мен туралы не айтады» деп уайымдамайды, не айтатынына сенімді, сол үшін өмір сүреді. Жинаған байлығы — білімі, ол қайырлы істерге қызмет етері сөзсіз. Соған сенімді».
Төлен Әбдік:
«Бұл күнге жарқын талантымен ғана емес, кісілік қарапайымдылығымен, тектілігімен, өмірге, тарихқа көзқарасының тереңдігімен, сары алтындай сабырымен, азаматтық парасатымен халықтың жүрегінен алған Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық шабыты шырқау шағында деп айта аламыз».





