«Уақыт көші өтеді шексіздікке талпынып…»

Амантай ӨТЕГЕНОВ
ЭЛЕГИЯ
Бүгін де, міне, жалқымын,
Соқпадым саған, алтыным,
Шақырған жоқпын досымды,
Кезбеді күлкі қосымды.
Басымнан өтті балаң күн,
Қартайып қалған жандаймын.
Кетіптi шөптер сарғайып,
Мерзімі жетті…бар ма айып?
Сонда да күн нұр төккенде
Деймін: «Бұл күз бе көктем бе?»,
Өзімді өзім алдаймын,
Азаяр сынды жан қайғым.
* * *
Тауысқанда мен ақырғы үмітті,
Келдің,
Бейнең жүрегімді жылытты.
Әнім бітіп, толған кезде үйге мұң,
Келдің,
Қайта күмбірледі күйлерім.
Қатал тағдыр тас атқанда ісіме,
Келдің,
Қайта күш қосылды күшіме.
Тоқтағандай болған кезде жүрегім,
Келдің,
Қайта жадырады іреңім.
Ал, бір рет келмедің сен,
Келмедің,
Келеді деп
Мен өзім де сенбедім,
Ең ақырғы үмітім де таусылды,
Әнім бітті,
Естімедім даусыңды,
Қалтыратты қатал тағдыр шоқпары…
Жүрегім де
Мәңгілікке
Тоқтады.
ЖАН ШУАҒЫ
Тап-таза парақ – бөбегім,
Қолға алам толқып мұны мен.
Ойымды онға бөлемін,
Сөнбейді шамым түнімен.
Парағым таза…
Қаймығам.
Жазуым керек
Түсінем…
Қуанам мейлі, қайғырам,
Параққа бәрін түсірем.
Ілгері баспай көш егер,
Тартыншақтаса толғамым,
Ақ парақ, мені кеше гөр,
Онда мен әлсіз болғаным.
Түсірсем түрлі нұсқаны
Оны екі беттік дәптерге –
Деп білгін мерзім қысқаны,
Деп білгін талап батты ерге.
Көмейге келіп тұр бүгін
Сөздерім…
Айтпай көнем бе?
Өмірлік тыныс, тірлігім
Айналып кетсін өлеңге.
Күтпесін бүгін жорам да,
Шақырман қонақ өзім де.
Айтарым ертең оларға –
Параққа түсер сөзімде.
Аударған Ертай АШЫҚБАЕВ
* * *
Керемет қой кең жазира ел іші,
Үйде қалай жатасың сен жай тауып.
Даламыздың дайын бүгін жемісі,
Жүр, Петька дос, жиде теріп қайталық.
Барған сайын жапырағын жаяды
Бала күнгі тай ғып мінген тал шыбық.
Таныс жолмен тартайықшы баяғы
Жалаң аяқ, таңғы шыққа малшынып..
Бүйрек төбе, боз жусанға жетерміз,
Нөсер жақын, айналайын, бол, асық,
Жалаң аяқ, жайраң қағып екеуміз
Кетейікші көк жиектен әрі асып.
* * *
Теңізге бет алған бұлақпын,
Кезім жоқ тыншитын,
Дамылдар.
Жапанда қаншама жыл ақтым.
Сонда да бітпеген дауым бар.
Белдесем,
Болғанмен ол қауіп.
Сенемін күшіме,
Білекке,
Бәрінен шығамын жол тауып,
Сапарды келтірем ретке.
Табынтып өзіне жалғанды,
Тартады дейсің кіл төте кім?
Тау тұрса,
Тауып мен арнамды,
Тоқтаусыз айналып өтемін.
Күрессіз өтпейді бекер күн,
Жол табу оңай ма жырақта.
Жартасқа жармасып бітермін,
Жеңіліп қайта алман бірақ та.
Аударған Мұхтар ҚҰРМАНАЛИН
ДАЛАҒА ОРАЛУ
Мен кешірім өтінемін өзіңнен,
Алыс кетіп айырылдым төзімнен.
Сағындырса сәйгүлік пен сағым қыр,
Шабытымды шалқытардай сезіндім.
Алдыңа кеп тізе бүгіп ақталам,
Ақталам да тұнығыңнан бақ табам.
Сыбырлайтын жас баладай қобалжып,
Сырларымды шет жерлерде сақтаған.
Тұлпарларың астанаға келмеді…
Күттің солай… күттің үнсіз сен мені.
Жұлдыз жанар түндеріңді сағынып,
Жүрегім де маған маза бермеді.
Қайта оралдым. От-құшағың ашылды,
Аңызағың аймалауда шашымды.
Басын иіп қуаныштан балаусаң,
Бозғылт шаңың ерніме еппен басылды.
ОТЫРАР КІТАПХАНАСЫ
Қара түнек Отырарды торлаған
Қайыр ханды мәжбүр етті бұғуға.
Түн ішінде береді әмір ол маған
Кітаптарды жер астына тығуға.
Орындадым міндетімді шаққа осы,
Отырарға жаудың қолы еніпті…
Ағытылды маған қарай ат басы,
Атой салып бір баһадүр желікті.
Қырқып түстім баһадүрдің иығын,
Қисық қысқа қылышымды ойнатып.
Үлгерді ол да… Үйірді ажал құйынын,
Көк сүңгісін көкірегіме бойлатып.
Тас бекіндім танса дағы көп есім,
Тас бекіттім үңгір аузын шақта азап.
Баһадүрдің былқ-сылқ еткен денесін
Барады алып, барады ағып ақ боз ат.
Жарам ауыр. Таң алдында өлемін.
Жоқ жанымның бірақ безек қағары.
Мен сенемін, Қайырханға сенемін,
Тірі қалса ол кітаптарды табады.
СОҢҒЫ САРБАЗДЫҢ СӨЗІ
Қанды ұрыстан қалжыраған кең дала…
Қаным қозып қан іздеймін сонда да.
Сонау көкте жалғыз ұшқан қырандай
Бір атадан жалғыз қалған мен ғана.
Тірі қалдым жауымнан кек алуға,
Басын иіп, табаныма салуға.
Денелерін отқа қақтап тірідей,
Тәңіріме бір құрбандық шалуға.
Сауытты үстен енді қалай тастармын,
Семсерімді қынға салмай баптармын.
Садағымды сақадайын сай ұстап,
Көк найзамды қол астында сақтармын.
Ат үстінде туған ұлан екенмін,
Ат үстінен түспей, бәлкім, өтермін.
Ел-жұртымды жермен-жексен еткен, жау,
Мен де еліңді жермен-жексен етермін.
Атам менiң ел сыйлаған ақын-ды,
Әкем менің атышулы батыр-ды.
Он ағалы жігіт едім…Дариға-ай,
Өкініштен жаным менің аһ ұрды.
Мен жалғызбын; кегім бірақ өзіммен,
Мен жалғызбын, арым бірақ өзіммен.
Соңғы ұрысқа шақырамын, шығыңдар,
Сойқан салмай тынышталмас сезіммен.
Дұшпан басын мен де қаға білемін,
Жесірінің жібіте алам жүрегін.
Көргенімдi, жауым, саған көрсетпей,
Тыным таппан! Тыныш елдің ұлы едім…
Аударған Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ
ҚҰМ САҒАТ
Уақыт көші өтеді шексіздікке талпынып…
Бәрі сірә шексіздіктен басталар…
Мәңгіліктің дәтке қуат – қалпы нық,
Өзгеретін – басқалар.
Ал мен ше – құм ба едім,
Бұл – менің…
Мен – Ғалам,
Мен – Адам.
Бармын –
Армын
Мен!
Мен
Ғалам,
Қалдырам
Жан жылуын,
Бөбектің гуілін.
Пәниге қайылмын,
Ұл-қызым – күн-айымның
Әкесі, ойлайтын үнемі жайын көп.
Содан соң, өтетін шығармын шайыр боп.
ҚҰТ – ҰЯ
Секем алма арымызға,
өзің түсінесің де.
Ортақ біздің
Жанымыз да,
Сезіміміз ішінде.
Ортақ біздің
мұңымыз да,
таптық және табыстық.
жазылмастан жұбымыз да,
қатар қанат қағыстық.
Бәрі бекер:
талай кірбің,
Қиялыма кірген мұң.
Сенсіз, тоба,
қалай жүрдім,
Қалай өмір сүргенмін.
Бәрі солай.
Кейбір жеке құпиямыз
Бағымызды қорғайды.
Қайғысы жоқ… құт-ұямыз,
Жанға жұмақ орнайды.
Ақталмаймыз, ант ішіп-ақ
Бізде ондай жоқ,
Не етеміз?
Кейде титтей, шарпысып ап,
Татуласып кетеміз.
ПАЙЫМ
Өмірімде тістер сәт көп бармақты,
Басқа жанды, басқа жолды таңдаппын.
Жастығымды бос нәрсеге арнаппын,
Жалған қолпаш арбауына қанбаппын.
Өз атымды ерттеп беріп басқаға,
Күндіз-түні бердім мініп, төпеуге.
Кім көрінген талапты ғой, масқара,
Қалай құнын болады енді өтеуге.
Тәржімалап шықтым талай еңбекті
Сан қиынға шықтым жалғыз аттандап.
Шығармашылық жан-жүректі тербетті,
Ол – қайғы ма, қайда жегі – ақтаңдақ.
Талантымды бағаламай бастағы
Байлығымды шашуменен жүргенмін…
Бойда бармен қуандырсам басқаны
Қорытынды сол: дұрыс өмір сүргенмін.
АЛПЫС – ТАЛ ТҮС
Күні кеше құттықтап ең мені сен,
Жиырмаға толғанымда, есімде.
Сол қалпымда… жан дүнием тегіс ең
Кеп қалды ма, зауал ауып… кешім де.
Сен де, досым, жас ортаға жетіпсің
Қайсар және жігіт едің бірбеткей.
Түзетем деп сан қиыннан өтіпсің
Өмір деген – тұрлауы жоқ дүрмек пе-ей.
Әлдекімге артпайықшы кінәні
Ойламайық жанның тыныштығын да.
Жастағы арман біздер үшін – ұлы әлі,
Біздік жазмыш – қымбат біздік ұғымда.
Аңшылармыз – атар оғы әлі бар,
Ұя бұзар болған жоқпыз алайда.
Біздерден де үлгі-өнеге табылар,
Алпыста да қадірліміз талайға.
Тағдыр бізге сері дәурен сыйлайды,
Санамызда алыс күндер жаңғырып,
Жүрген едік,
(Тал түс келіп қинады),
Оттай лаулап, судай тасып сән құрып.
Қабылдайық бұл қонақты, жолдасым,
Біздің жастық енді қайта түлемес.
Шайтан алғыр, «алпыс – тал түс», — ол да сын,
Тас қараңғы түн емес.
БИШІ ҚЫЗ
Ақ жаңбырдың сылқым сазы – сенің әсем қимылың,
Иілгені ақ білегің –
тал мойыны аққудың.
Тәңір саған бергендей-ақ
бір-ақ сәтке билігін,
Жаутаңдаттың, табындырдың –
ғажап күйге тап қылдың.
Заңғардағы жұлдызсың сен –
мың бұралған құтты үнсің,
Музыканың толқынында
тербетілген «тұтқынсың».
Құлын мүшең тұп-тұтас би,
көрдім және арбалдым,
Кездессем, — деп еріп кеттім,
жетегіне арманның.
Арбадың да сиқырладың,
жанарың – от тұр жанып,
Мені ессіз мас қылдың да,
кешіп кеттің көл бетін.
Тотыдайын түрленесің
жапырақтай ырғалып,
Мен аңсаған арман ғой – бұл,
мінсіз қимыл, келбетің.
Арман болдың, биші ару, —
жалт-жұлт еткен көбелек,
Қимылың да наз бен үміт…
шапағатқа бөлемек.
Түсімдегі елеспісің, —
бөбексің бе бейкүнә
Пейіштегі хор қызындай
жан екенсің керемет.
Ақ жаңбырдың сылқым сазы –
сенің әсем қимылың,
Иілгені ақ білегің –
тал мойыны аққудың.
Биші қызға кетті алаңсыз,
менің тағдыр – билігім,
Бақытым ба бұл жолыққан
әлде, әлде… таптым мұң.
АЙЫРЫЛЫСУ
Шақырдың мені шалғайдан
Билеп бір тұрған сағымдай.
Жүрмін ғой, жетер қал қайда,
Өзіме-өзім бағынбай.
Күтесің мені білемін,
Сөкпей де, айыптамай да.
Бітірсем істі,
тілегім
Ұшамын саған қалайда.
Айырылдық,
бетке ап алысты,
Сол сәттен… бойда күш бар нық.
Өзекке дерт боп жабысты.
Өзіңе деген құштарлық.
Өртене сүйем өзегім,
Сүйесің сен де…
Сеземін,
Өткенді сөкпей есіңе ал,
Менің де шыдау – кезегім.
Қым-қуыт өмір ағысы
Әкетті жырақ…
көріспен…
Жүрегімнің дәрісі –
Сен едің менің періштем.
Жат емеспіз – қаймана
Тілейік сырттай тілекті.
Түсіңде мені аймала,
Еркелет жетім жүректі.
Қас қағым сәтте қонар бақ,
Жеткізер үміт – арман ән.
Табыссақ ессіз,
Жоғалмақ:
Лебіне еріп бар ғалам.
Аударған Нұрлыбек ҚАЛАУОВ.




