Халық жадындағы Ұзақбай

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетов туралы сөзді оның ұшқан ұясы, өскен ортасынан бастасақ, өз жұрты мен қайын жұрты — Кіші жүздегі Шөмекей тайпасының Аспан аталығы, оның ішінде Аю-Еңкей — Бұғанай-Есенәлі. Еңкейдің 4 баласының бірінен Кенебай, одан Қарынбай туады. Қарынбайдың Медебай, Желдірбай егіз ұлдары болады. Желдірбайдың Ұзақбай, Қарабала, Жолмұрат есімді үш ұлы, Дәметкен деген қызы болған.
Бұл шежірені Желдірбайдың сыңары Медебайдың Байжан деген баласының ұлы Тұрмахан жазып қалдырған. (Тоймұрат Тұрмаханұлы Байжанов Қарақалпақ АКСР-інде денсаулық сақтау министрі болып қызмет жасады). Бұғанайдың екі баласы — Қыдырәлі мен Есенәлі. Қыдырәліден тарайтын Тоқпақ аталығынан Оспанның үш қызы болған: Зылиха, Әйіш, Кеніш. Желдірбай атамыз Ырғыз уезі Аманкөл болысында қоныс теуіп, Ұзақбай мен Оспанқызы Әйіш, шамамен 1915 жылдары үйленеді. Олардың Бостан, Марат деген екі ұлы болған, сонымен бірге 1929 жылы қайтыс болған інісі Қарабаланың қыздары — Ақтөре мен Кабираны, кіші інісі Жолмұраттың балалары Орынша мен Болатты да Ұзақбай мен Әйіш тәрбиелеген. Нағашы жұрты — әйгілі Жалаңтөс батыр мен Әйтеке би шыққан сегіз арыс Сейтқұлдың Ұзақ аталығынан тарайтын Сеңгірбайұлы Баяубай.
Ұзақбайдың үш жұртының да атақоныс мекені — Ырғыз уезінің Аманкөл болысына қарасты Науқан-Жақып мешіті, Тәстембек қорымы, Көкқатын тамы, Тоқсанбай тамы, Құти көлі мен Сасықкөл деген жерлер. Сасықкөл жағасындағы Аққыстауда Ұзақбайдың кіндік қаны тамған. Ұзақбай Ақтөбедегі мұғалімдер семинариясын бітіріп келген соң, осы үйдің жанынан өзі бас болып шикі кірпіштен мектеп үйін салып, бірнеше жыл ауыл балаларын оқытады. 1937 жылы күзде белсенділер қоржын үйдің де, мектептің де төбесін ортасына түсіріп бұзып тастаған.
Төлеп ағай Ералин 1964 жылы, әкесінің айтуымен, Ұзақбай салдырған мектептің жартылай құлаған қабырғасын бұзып, сапалы жасалынған әр кірпішті төртке бөліп, Ырғыз совхозының шопандарына пеш салдырғанын, әр кірпіште кириллица әрпінің болғанын айтады. 1990 жылы Данабай, Төлеп ағайларды, Ырғыздың айтыс ақыны Тілес Отаралинді ертіп, Аққыстаудағы мектеп орнын, қоржын үйді қазғанымызда, қираған қазан, ыдыс-аяқтар мен «Зингер» машинасының қалдығы табылды. Желдірбай атамыздың зайыбы Зейнептің өз уақытының шебер тігіншісі болғанын, «Зингер» машинасымен үй ішіне, ауыл адамдарына киім тіккенін Ақтөре, Кабира апайлар айтып берген еді.
Өзі өмірбаянында жазғандай Ұ.Құлымбетов 1918 жылдың соңында Ырғыз уезінің орталығына келіп, жаңа кеңес үкіметінің жұмысына араласа бастайды. Ресейден Бозащы түбегі арқылы Ақтөбе майданына қару жеткізген Ә.Жангелдиннің 1919 жылдың қаңтар айында Ырғызға келіп жазған мынандай хаты архивте сақталған: «Құрметті Тұрмұхаммед Қисықұлы, Саудабек Сәтбайұлы, Махмұрат (Махан) Алматұлы! Осы жылдың 1 ақпаны күні елдің жайын ақылдасу үшін Ырғызға жиналуларыңызды сұраймын». Осы кезеңде болған бір оқиғаны Стамбұлда тұратын Әлім Алмат (Ғалымжан Әбдісаламұлы) былай еске алады: «Мен әкемнен жастай қалғанмын. Анам Қанымша Саудабекқызының айтуынша, 1919 жылы біздің үйде қонақта отырған Әліби Жангелдин мен Ұзақбай Құлымбетовтің ауылға басып кірген ақтардың тұтқынына түсу қаупі төнеді. Әкем Әбдісалам Төремұратұлы Алматов тез ақыл тауып, екеуіне қойшылардың киімін кигізіп, «тез малға барыңдар» деп ұрысқан болып үйден шығарып атқа отырғызып құтқарып жібереді. Кейін осы жақсылығының өтеуін көрдік. Темірбек, Ұзақбай ағайлар үй ішімізге үнемі қамқорлық жасаса, Әлекең (Әліби Жангелдин) ағайлар «халық жауы» болып ұсталған соң, Файзолла ағайды Мәскеуге кино операторлар дайындайтын оқуға, менің әскер қатарына кетуіме көп ықпал жасады. Сөйтіп, аласапыран кезеңнен аман қалдық».
Ұ.Құлымбетовтің Ақмола губерниясында губерниялық атқару комитетінің төрағасы болған кезеңдегі бір сәтін Мақай Жүнісов ақсақал былай жазған: «Бұған дейін біздің ешқайсысымыз Петропавл қаласында болып көргеніміз жоқ. Қонақүй туралы ол кезде естіген де жоқ едік. Көшеде кездескен әркімнен губерниялық атқару комитетінің төрағасы Ұ.Құлымбетовтің қайда тұратынын сұрап келеміз. Біз ол кісіге қолымыздағы құжаттарымызды көрсетуіміз қажет. Ақыры адресін таптық, 2 қабатты жер үйдің 2-ші қабатындағы 3 бөлмелі үйдің біреуі жатын бөлме, екіншісі асхана, үшіншісі бос тұр екен. Бізді Ұ.Құлымбетовтің жұбайы күтіп алды. Бізбен жылы амандасып, байыппен жағдайымызды тыңдап алды да, бос тұрған бөлмеге киіз төсеп тобымызмен сонда жайғастырды.
— Осында орналасыңыздар, мен самаурынға шай қояйын, — деп шығып кетті. Біз тобымызбен дастарқан басына жиналған кезде, шашын тықырлап алғызған
еңселі, ұзын бойлы кісі кіріп келіп, күтпеген қонақтар — бізбен жылы амандасты. Шай үстінде елеусіз ғана сұрақтар қойып отырып, әрқайсысымыздың өткен өмір жолымызды сұрап шықты. Содан соң ертең жатақханаға орналасатынымызды, бөлмелердің әзір екендігін, асханадан тамақты тегін ішетіндігімізді айтты. Барлығымызға оқуда табыстар тілеп шығып кетті. Өзгелердің мұқтаждығына ықыласпен көмектесетін әділ адам екен…
Кейін маған Ұ.Құлымбетовпен Республиканың сауда халық комиссары, Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ Орталық Атқару комитетінің төрағасы қызметтерінде жүргенде сан рет кездесудің жолы түсті. Іскер, кеңінен ойлайтын ақылды басшы Ұ.Құлымбетов Қазақстандағы кеңестік жаңа өмірдің қалыптасуына бар ынта-ықыласын, күш-жігерін жұмсады».
Зобалаң жылдардың зорлығын өз басынан өткізген Айтжан Бутин ақсақалдың әңгiмесi:
— 1925-26 жылдары астана Қызылордаға көшiрiлген кезде, қазақ атты әскер эскадронының 1-бөлiмшесiн басқаратын жас жiгiтпiн. Иығымда погон, белiмде күмiс сапты қылыш, құрым етiктiң күмiс шпоры жарқ-жұрқ етiп, досым Байғалимен бiрге аға-жеңгесiнiң үйiне бардым. Үйде бiр топ қонақтар бар екен. Шайға отыра бергенде, Ұзекең сөз бастады.
— Айтжан шырағым! Жас адамға жалт-жұлт етiп жүру жарасады ғой, бiрақ бiздiң қазаққа мамандар қажет. Мәскеудегi Тау-кен институтының жерасты бөлiмiне жолдама бар. Сен оқуға барсаң қайтедi? — дедi.
Келiстiм. Жолдамамен Мәскеуде 5 жыл оқып келген соң, Ұзақбай ағаның қолдауымен Шығыс Қазақстандағы Қазаншұңқыр алтын кенiнiң бас инженерi етiп жiбердi. 1935 жылы Қазақстанға М.И.Калинин келiп, бiздiң өндiрiстi аралады. Одақтың ақсақалы Михаил Иванович Калинин мен Қазақстанның ақсақалы Ұзақбай Құлымбетовтi ерекше құрметтеп қарсы алып, ескерткiшке суретке түстiк. Осы сурет 1937 жылы маған пәле болып жабысты, «халық жауын құшақтап тұрсың» деп, Бутыркада тепкiлеп сабады. Халық жауының сыбайласы екенiңдi мойында деп өлiмшi қып ұрды. Бiр күнi жертөлеге түсiрдi. Санап тұрмын, 10 адам екенбiз. Басымызға қапшық кигiзе бастады, ендi өлдiм ғой деп тiлiмдi кәлимаға келтiрiп, иманымды айта бастадым. Мылтық тарс ете қалды. Есiмдi жисам, оң қолымды сермелей айқайлап бара жатырмын: «ЦК, Компартия! Товарищ Сталин!»… Шамасы, орындаушының қолы қалтыраған болуы керек, қарақұсқа атқан оқ мойныма тиiп, тесiп өте шыққан. Айқайлай берiппiн. Есiмдi жиып, қағаз, қалам әкел деп тағы айқайладым. Өлiм жазасы екi рет орындалмайды, жазаның түрмеге ауыстырылуын сұрап, хат жаздым. Сөйтiп, 25 жылға жаза кестi, оның 18 жылын түрмеде өткiзiп, бостандыққа шықтым.
Ұзекеңнің халық ақындары Жамбыл Жабаев пен Тұрмағанбет Ізтілеуовке жасаған қамқорлығы жөнінде белгілі фольклортанушы Мардан Байділдаев былай еске алады: «1935 жылы қаңтарда Ұзекең ҚазЦИК төрағасы болып сайланғаннан кейін ЦИК-тің төрағасы М.И.Калининді Қазақстанға шақырады. Бұрынғы Қазақконцерттің залында Жамбыл ақын Одақтың ақсақалы М.И Калининге жыр арнайды. 1936 жылы Мәскеуге мәдениет күндерінің онкүндігіне аттанарда Жәкеңді үйіне шақырып қонақ етіп, шапан жауып шығарып салады.
1935 жылы көктемде Алматыға шақырылған ақын Тұрмағанбет Ізтілеуов Темірбек шәкіртінің (Т.Жүргенов) үйіне түсіп, кешке Ұзекеңнің үйіне қонаққа шақырылады. 1934 жылғы қыста Қазалының түрмесіне төртінші рет қамалған Тұрмағанбет ақын Темірбек шәкіртінен шұғыл шақыртқан телеграмма алған соң, ауылға соқпай үстіндегі түйе жүн күпісімен Алматыға тартқан еді. Шай үстінде Ұзекең, Темірбек, Ілияс, Сүлеймендер ақынға әртүрлі сұрақтар қойып, елдің-жердің жайын сұрайды. Сонда ақын:
— Е, есіл ерлер-ай!
Елдің-жердің жайын сұрайсыңдар?!
Оның несін сұрайсыңдар —
Осы күнде елде мал дегеннен есек қалды,
Там дегеннен кесек қалды,
Белсенділер қорадан айдап шығар мал таппай,
Күйек пенен құрым киіз, сүйекті есепке алды.
Ел аштыққа ұшырап,
қатын ерден айырылып,
Айдалада жаюлы төсек қалды.
Мешіттің молдасы кетіп, сәлдесі қалды,
Төрткүлдің төресі кетіп, төбеті қалды,
Елдің егесі кетіп, ессізі қалды,
Елді қазір басқарып жатқан солар ғой, шырақтарым! — деген екен.
Одан соң: «Ал інілерімнің сұрақтарнына жауабымды бердім ғой, енді мына ізетпен шай құйған Әйіш келініме батамды берейін» — дейді.
Сөйтіп:
— Ақылым айтатұғын келін Әйіш,
Құрметтеп қатарыңды талдай майыс.
Ақылы ажарымен тең боп келген,
Әйелдер, аңдауымда, илі қайыс.
Кенеттен келсе қонақ қол қусырып,
Иіліп сәлем беріп деп тұр: «шәй іш».
Қалайда «Халық сыйлаған қалыс қалмас»,
Сел тимей серігіңнің себін жайыс.
Осындай үгіт айтсам ұнатпайды,
Өз-өзін опалаған өңшең дәйіс.
Ер болсын, әйел болсын, ақымақтардың
Басынан бір сағатта-ақ бақыт тайыс» — деп өлеңдеткен екен.
Ұзақбай Жамбыл Жабаев пен Тұрмағамбет Ізтілеуовке өмірлік зейнетақы тағайындатқан екен. Мұның тарихы Тұрмағамбет ақын жазған хатта тұр:
«Қазақ АКСР Орталық атқару комитетінің Президиумына,
Президиум төрағасы Ұзақбай Құлымбетовке
Қазақстанның Халық ақыны,
Жазушылар қоғамның мүшесі
Тұрмағамбет Ізтілеуовтен
ХАТ
Мен халқыма 40 жылдан бері ақындықпен қызмет етіп келемін. Бұл көп жылдық еңбектерім баспадан шықпай бағым қайтып, бағаланбай жүрген соң, бұдан 3-4 жыл бұрын осы жайымды өзімді білетін дос-жарандарым — Өзбекстан Наркомы Жүргеновке, ғалым Диваевқа, оқуда қаламдас адамым тәжік ғұламасы Айниға айттым. Мәскеудегі ұлық жазушы Горкийге тілегімді білдірдім. Бұл азаматтардың маған берген ақылы: Фирдоусидың мың жылдық тойының болатындығын айтып, «Шаһнаманы» бітіріп беруді парыз етті. Партияның басшысы айтқан срокке бұл міндетін атқарып, «Шаһнаманы» бітіріп бердім. Бұл еңбегімді өзіңіз құрған үкімет комиссиясы жеті кісі, басшысы Жүргенов (мүшелері Сәкен, Аспандияров, Қабылов, Құдайберген, Сәбит, Абат) болып, бәрі қаратып қабылдап алды. Ішіндегі толып жатқан қиын сөздері ғылым ізімен тәртіптен ұғындырып 4 том етіп басуды олар ұйғарып, қаулы қылды.
Үкіметке ендігі тілегім және де арызым бар: жас болса ұлғайды. Жұрт қатарлы қызмет істеу қазір ауыр тиіп жүр. Енді, мүмкін болса, туған-туыстарыма қауышып, елімнің ортасында болып демалайын. Азды-көпті атқарған еңбегімді бағалап, үкімет тарапынан маған тиісті пенсия бұйырыңыз.
Наркомпростың ғылыми қызметкері Т. Ізтілеуов.
15 қаңтар, 1937 жыл. Хаттама №1».
Осы хаттың негізінде 1936 жылы 21 желтоқсанда «Қазақ Кеңес әдебиетіне сіңірген еңбектері үшін халық ақындары Ж.Жабаев пен Т.Ізтілеуовке 250 сомнан өмірлік зейнетақы тағайындау жөніндегі» Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің қаулысына Ұзақбай Құлымбетов қол қойды.
Ұ.Құлымбетовті ауызға алуға тыйым салынған қиын кезеңде, кешегі ноқталы заманда ноқтаға басы сыймаған, күштеп сыйғызамын дегендерге көнбеген қайран Баукең, Бауыржан Момышұлы 1956 жылы қолына келін болып түскен Орыншаға: «Ұзекең қазақтың маңдайына біткен таңдаулы азаматтарының бірі еді. Олар жазықсыз атылды. Сен сол кісінің көзі екенсің, үйімде қызымдай болып жүр», — деп, жылы сөзін айтып, маңдайынан сипаған. Орталықтың қазақ жеріне «кезекті шабуылын» бір ауыз сөзбен тойтарған халқымыздың біртуар ұлдарының бірі — Жұмабек Тәшенов қабылдауына барған Әйіш әжемізге: «Кеше мына креслода Ұзақбай ағам отырып еді. Бүгінде мен отырмын, қанша отыратынымды құдай біледі? Бірталай қиындықтан өттіңіз, ендігі жерде оның беті әрман. Мынау сізге тиесілі 3 бөлмелі пәтердің қағаздары, зейнетақыңыз да одақтық дәрежеде болуға тиіс. Әзірге осы жерде отырғанда, бәрін өзім реттеймін», — деп ағынан
жарылып, Құлымбетовтей тұлғаның бір кездері халқына жасаған таудай қызметінің тарыдай да болса, өтеуі болсын деген ниетпен, оның отбасына, бала-шағасына қолынан келген көмегін жасаған екен.
Әзірге біз білетін халық жадындағы Ұзақбай осындай.
Бекарыстан МЫРЗАБАЙ.



