МәдениетТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Кітапханадағы ғажайып кеш

Жуырда Сағи Жиенбаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Кешкі кітапхана әлемі» атты кеш өтті.

Кеш барысында кітапхана төбесіне 1991 жылы жарық көрген 25 кітап ілінді. Бұл кітаптар — тәуелсіздік құрдастары.

Кешке келгендер алдымен спорт залға кірді. Онда спорт құралдарымен танысып, спортпен айналысса, балалар бөлмесіне енгендер қызыл телпек пен қасқырдың ойынына тап болды. Ал орыс және әлем әдебиеті залына кіргендер әдебиет майталмандарымен танысса, емхана залында арнайы дәрігер мамандар қан қысымын өлшеп, алғашқы көмек көрсетті.

Әсем кеште ұзын залдың жарығы өшіріліп, әлсіз ғана майшамдар жанып тұрды. Әр есікте бөлме атаулары ілініпті. Ежелгі дәуір бөлмесіне кіргенімізде үңгірде тас қашап, от жағып отырған ежелгі адамдарды көрдік. Одан әрмен күлкілі бөлмеде түрлі мүсіндерді көріп, олармен суретке түсіп, күлкіге қарық болсақ, ас бөлмесінде аспаз ыстық тамақ пісіріп, қонақтарды қарсы алып тұрды. Түрлі ас мәзірі туралы қызықты кітаптар да қойылған. Балгер бөлмесінде көріпкел құмалақ, карта ашып, болжам жасап отырса, салт-дәстүр, жас отау бөлмелері қазақтың ою-өрнектерімен әрленген. Аспаптар бөлмесіне кірген оқырмандар домбыра тартып, сырнаймен ән сала бастағаны сол еді, айқайлап қашқан адамдардың дауысы естілді. Не болғанын білмекке біз де солай ұмтылдық. Сөйтсек, қорқынышты бөлмеден үрейлі дыбыстар шығып, түрлі кейіптегі қорқынышты адамдар шыға бастады. Бұл кітапхананың бірінші қабатындағы ғажайып сәттер еді. Ал екінші қабатқа көтерілген кезімізде қазақ әдебиеті залында әдебиеттің көрнекті өкілдерімен таныстық. Қазақтан шыққан ақын-жазушылардың кітаптары мен олар тұтынған заттар, киген киімдер, портфель, чемодандар біздің көз алдымызға сонау 1970-80 жылдарды елестетті.  Әсемдік салонына кіргендер тырнағын боятып,  сәнденіп шықса, техникалық залда әр дәуірдің техникалары қойылған. Ең алғашқы ауыр фотоаппараттан бастап, кейінгі полоройд, лента салатын фотоаппарат, сандық фотоаппараттар да қойылыпты, үлкен роботтың қозғалысын тамашаладық.  Астана залына «Бәйтеректің» моделі мен Президенттің алақаны қойылған тұғыр да орналастырылыпты.  Ақтөбе залынан өлкеміздің  мақтаныштарын көрсек, шеберлік залынан қолөнер өнімдерін қарап тамашаладық. Сонымен қатар «СағиBank»  бөлмесінде банктік қызметтер көрсетілді. Кешкі кітапханалық саяхаттың соңы «Аспан әлемі» бөлмесі еді. Күн мен түн бейнесі, аспан әлемі туралы кітаптар да осында қойылған.

Кешкі кітапхана әлемінің ғажайыбы сол, кітапханашылар түрлі образда ойнап, әр бөлме өз атауына сай безендіріліп, сол тақырыпта әрқайсысында кітап көрмелері ұйымдастырылды.

Кеш соңында кітапхана директоры Гүлжайнар Қалдина:

  • Идеяны ойлау бір бөлек, оны жүзеге асыру — тіпті күрделі мәселе. Мен осы шараны ұйымдастырайық деген ойымды әріптестеріме айтқан едім, олар қарсылық білдірмеді. Сөйтіп, кітапханада қай тақырыпта, қандай салаға қажетті кітаптар барын бағамдап, соған сай бөлмелерге атау қойып, безендірдік. Бұл кешті ұйымдастыруда кітапхана ұжымының еткен еңбегі зор. Мұндай шараға қомақты қаржы бөлінбейді, сондықтан қажетті заттарды қызметкерлер өз үйлерінен әкелді. Театрлардан арнайы костюмдер сұрап алдық. Міне, осы ұжымның ауызбіршілігінің арқасында осындай ғажайып кеш өткіздік, — деп, жиналғандарға алғысын жеткізді.

 Айдана Әскербекқызы,

студент.

Ақтөбе қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button