Тарих

Қос романның кейіпкері

Тағзым

 Қырық төрт жыл ұстаздық етіп, көзі тірісінде екі романға кейіпкер болған Таупиық Тажығалиевті оқырман қауым ұмыта қойған жоқ. Ол өзінің саналы ғұмырында облыстық «Ақтөбе» газетін де жанынан тастамай, жанашыр болып өтті. Тіпті газет таратуға белсене қатысқаны үшін  облыстық газет редакциясынан арнаулы сыйлыққа ие болғаны да бар. Ал қазақтың қабырғалы жазушысы Ғабдол Слановтың «Шалқар»  және бүгінгі оқырмандардың сүйікті жазушысы Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» романдарына кейіпкер болуының өзіндік тарихы бар.

Ғабдол Слановпен туыс Таупиық балалық шағында ағалы-інілі болып бір үйде өскен. Сондықтан да жазушының ғұмырнамалық шығармаларында алғыр ұланның бейнесі айқын көрініс береді. Белгілі жазушы Ақтөбе аймағына аяқ басса, өзінің туған жері Қызылқоға ауданына, Ойыл бойына, ондағы Таупиықтың отбасына соқпай өтпеген.

Ал жазушы Бибігүл Иманғазинаның өз романына басты кейіпкер етіп алуы — ұстаз деген ардақты есіммен байланысты. Әкесі Ойыл ауданына қызмет бабымен көшіп барған жылдарда, болашақ жазушының сүйікті ұстазы болып мәңгі есінде сақталып қалады. Сол бала қиялында сақталған үлкен ұстаздың жарқын бейнесі кейін кітап жазған кезінде сомдалды. Ол жазған «Тауқымет» романында барлық оқушылар үшін сүйкімді ұстаз ұнамды оқиғаларға өз есімімен қатысады. Мектепте де, үйде де үлгілі болған жас ұстаз оқушы көзімен бейнеленеді.

Роман саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған Таупиық Тажығалиевтің алғашқы қадамын әңгіме арқауына айналдырады. Ал оның бұдан кейінгі ұстаздық жолы талай романға жүк боларлық. Ақтөбе педагогикалық училищесінің 3 айлық курсын бітіріп, еңбек жолын 1943 жылы бастауыш мектеп мұғалімі болып бастайды.  Кейін Орал педагогикалық институтын химия-биология мамандығы бойынша бітіріп шығады. Одан бергі кезеңдерде бірсыпыра жылдар ауылда партия қызметінде, оқу ағарту ісінің басшылығында түрлі қызметтер атқарып, алпысыншы жылдардан бастап ұстаздығына қайта оралады. Орта мектепте өзінің мамандығы бойынша химия пәнінен сабақ береді.

Бұл кезде ауыл мектептерінде химия пәнінен сабақ беретін маман мұғалімдер жетісе бермейтін. Сондықтан бұл пәннен сабақ беретін мұғалімдер оқушыларға  зертханалық жұмыстарды көрсетпей, химиялық сабақтың «құрғақ» теориясын оқытумен шектеліп жүрген. Ұстаз Таупиықтың келуімен осы көзбояушылық жойылып, тереңдетіп оқыту басталады. Сабақ үстінде оқушыларға түрлі зертханалық жұмыстар көрсетіліп, химия пәні қызықты бола түседі. Сондай бір сабақ үстінде қоспаның бірі артық салынып, оқушыларды қатты шошытқан  жағдайлар да болады.

Мұны кейін мектепте бірге қызмет істеген әріптес інісі, ақын Жолдыбай Айтқұлов:

Қоспа жасап сілтімен,

Колбаны отқа қыздырып,

Сабағыңда байқамай,

Жасадың талай «взрыв», —

деп, өлең шығарып, әзілге айналдырып жібереді.

Өзі де әзіл-қалжыңға үйір, әманда көңілді орта жасап жүретін, мейірбан да абзал жүректі ұстаздың әсем қылықтары, өнегелі істері мыңдаған шәкірттерінің есінде сақталып қалды.

Бұл дүниеде 80 жас жасап, өмірден өткеніне де он жылға қараған екен. Алайда үстазды «ұлылық» деп білетін  қауым абзал жүректі ұстазды ұмытқан жоқ. Бар ғұмырын өнегелі шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаз өз отбасында да 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы жоғары білімді, әртүрлі салада қызмет атқарады. Таупиық аға балаларынан 33 немере, 2 шөбере көріп өтсе, оның жары Зәуре апай бүгінде сол ұрпағының көбейгенін көріп  шаттанады.

…Он жыл жақсы ағаның жарқын бейнесін жұртшылық жадынан өшіре қоймапты. Ақтөбе қаласында ұрпақтары уақытында ел құрметіне бөленген абзал жанды еске алу шарасын өткізгенде оның көзін көрген замандастары, ізінен ерген інілері, шәкірттері көп естелік айтты. Бұл  ұстаз ұлағатының өшпес өнегесі болса керек.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button