Хасан хазірет
ХХ ғасырдың басында ұлттық идеяны ту етіп көтерген Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ оқығандары елдің саяси, мәдени өміріне белсене араласты. Солардың бірі — Батыс Алашордада ақсақалдар кеңесінің мүшесі болған
Хасан Нұрмұхамедов.
Жұрты оны Хасан хазірет деп атаған. Хасан хазірет — өзінің бүкіл саналы ғұмырын халқының рухани тағылымын жетілдіруге бағыштаған Батыс Алаш қайраткерлерінің бірі.
Атасы Шектібай хазірет, кейбір деректерге қарағанда, Бекет Ата мектебінде тәрбиеленіп, кейін Ойыл, Жем, Сағыз, Елек, Қиыл, Қобда бойында бала оқытып, көпшілікті имандылыққа баулыған. Ағасы Рахметолла мен Хасан ата жолын жалғастырып, екеуі де Бұхарадағы діни жоғары оқу орнын бітірді, діни ағартушы қайраткерлер болды.
Жергілікті мұрағатта Хасан Нұрмұхамедовтің екі томдық ісі сақтаулы. Осындағы анкетада Хасан Нұрмұхамедов 1871 жылы Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданының №1 ауылында туған деп көрсетілген. Ал мекенжайы — Ақтөбе облысының Ойыл ауданы делінген. Әлеуметтік тегі — бай-молла, білімі жоғары-діни және 1930 жылы салық төлемегені үшін 5 жылға жер аударылыпты. Бірақ нақты қай жаққа екені көрсетілмеген. Анкетаның толтырылған уақыты 1937 жылдың 26 қарашасы екен.
Үлгілі әулетте тәрбиелеген Хасан алғашқы кезде ауылдағы мешіт жанындағы мектепте араб, түрік, татар тілдерін меңгерген. Мешіт жанында татарлар дәріс берген мектепті бітіріп, 1886-1901 жылдары Бұхарадағы жоғары діни оқу орнында білімін жалғастырған. Хасанның дүниетанымы осы оқу орнында жүрген студенттік кезінде қалыптасқан. Бұхар шаһарындағы жоғары оқу орнын үздік бітірген ол 1901 жылдан бастап Қызылқоға болысындағы 7-ауылда қатардағы молда ретінде жұмысқа кірісті. Парасатты жас маман қоғамдағы болып жатқан әлеуметтік-экономикалық ахуалға жете мән беріп, орталық қалалардан шығып жатқан басылымдар бетіндегі жаңалықтардан хабардар болып, сол кездегі окыған зиялылармен байланыс жасап отырған. 1903 жылы Тайсойған өңірінде жекеменшік мешіт ашады. Кейін оның жанынан сауаттандыру мектебі де жұмыс жасай бастайды. Әсіресе, мұхтасиб болып тағайындалғаннан кейін, аймақтағы діни-рухани тағылымға жауапты және ұйымдастырушы тұлға ретінде белгілі бола бастайды. Мұхтасиб лауазымына тоқталсақ, бұл жоғарғы діни лауазым X ғасырда Қарахан әулеті билігі кезінен қолданыла бастаған. Кейін бұл атақ Уфадағы Бас мұсылмандар басқармасының шешімімен, жоғары білімі бар, ұйымдастыру қабілеті зор діндарларға берілген.
Хасан Нұрмұхамедовтың саяси ахуалға қатысы туралы баяндағанда, оның Халел Досмұхамедов айналасындағы ықпалды адамдардың бірі болғанын көреміз. Күнбатыс Алашорда жеті адамнан тұратын жаңа үкімет құрумен қатар, халық арасындағы беделді адамдардан ақсақалдар кеңесін құраған. Ақсақалдар кеңесінің құрамында Қуанай хазірет, Хасан хазірет, Мәулімбеулі Ишан, т.б. болған. Ақсақалдар кеңесі құрамына он адам енген. Сонда он жеті адам Батыс Алашорда ұйымына жетекшілік еткен. Яғни, Хасан Нұрмұхамедовтің Батыс Алашорда ұйымының белсенді мүшелерімен тығыз байланыста жұмыс жасағанын көреміз. Ол Кеңес өкіметіне және оның жүргізген саясатына қарсы болмаған, тек діни нанымға, ұлттық әдет-ғұрыпқа, салт-санаға қарсы жүргізілген озбырлыққа наразылық білдірген.
Хасан Нұрмұхамедов 1917 жылы сәуірде Орал қаласында өткен Орал қазақтарының бірінші съезіне қатысады. Осы жиында Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне Орал облысынан делегат болып сайланады. 1917 жылы желтоқсанда Орынбор қаласында өткен II жалпықазақ съезінің делегаты. Съезде Алаш автономиясын дереу жариялауды және автономияға Түркістан қазақтарын қосып алуды жақтап дауыс берген. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі жиындарға да қатысып отырған. 1922 жылы Женевадағы ұлттар лигасының мәжілісіне, Уфа қаласында өткен мұсылмандардың 1923, 1926 және 1928 жылғы съездеріне қатысқан.
Бірақ 1925 жылдан бастап өзге діни қайраткерлермен бірге Кеңес үкіметі тарапынан қатаң бақылауға алынып, діни-рухани қызметіне шектеу қойылады. Хасан Нұрмұхамедовке 1930 жылы мезгілінде мемлекеттік салықты төлемеді және жекеменшік малын жан-жаққа үлестірді деген жала жабылып, аудандық сот 2 жылға жер аударуға үкім шығарады.
Ал 1937 жылы тағы да тұтқындалып, Орал қаласындағы губерниялық түрмеге қамалады. Оған маңғыстаулық мұхтасиб Хади Сұлтанов, белгілі Оразмағамбет молда Тұрмағамбетов және имам Әбіл Өтемағамбетовтермен бірлесіп, жапон тыңшысына агент болды, ақ эмигрант Мұстафа Шоқаймен астыртын байланысты деген айыптар тағылады. Ол бүкіл Батыс аймақтағы діни білімді азаматтардың басшысы, «көсемі» ретінде айыпталып, панисламдық ұйымның негізін құрушы ретінде жауапқа тартылған.
Сонымен бірге, Хасан хазіреттің туған-туысқандары және Қаражан Сарбөпиев, Нұғыман Хасанов, Мырзағали Иманғазиев секілді пікірлес, таныстары да қудаланады. Тек Атырау облысында 45 молда, 13 священник Хасан хазіреттің «құйыршықтары» ретінде атылып кеткен. Белгілі «Хасан хазірет мешіті» бұзылып, жермен-жексен етілді.
1938 жылы ақпанда Хасан хазірет КСРО Жоғарғы Соты әскери коллегиясы «үштігінің» қаулысымен ату жазасына кесіледі. Бүгінге дейін қайда жерленгені де белгісіз болып қалып отыр.
Қазақ баласы ежелден бастың амандығын, бауырының бүтіндігін ең басты байлық санаған. Адам баласы өмірге келіп, ес кіргеннен соң бұл дүниеден не алатынын емес, артына не қалдыратынын ойлайды. Соңыма лайықты ұрпақ қалдырсам дейді. Хасан Нұрмұхамедовтің артында қалған жалғыз тұяғы — Ахметбек еді. Кезінде мен Ахметбек атамен әңгімелесіп, оның естеліктерін қағазға түсіріп алып едім. Ол жазбалар қазір жергілікті музейде сақтаулы. Ахметбек атаның әңгімесінен үзінді келтірсем: «1939 жылы мен мектепті ерекше үлгідегі аттестатпен бітірдім. Содан бір жыл бұрын әкемді қамауға алды. Кетерде айтқан сөздері әлі есімде: «Уақыт талабына сай өмір сүр, жақсы оқы, жамандық жасама және шешең мен қарындастарыңа қорған бол». Мен әкемнің аманатын орындадым деп ойлаймын. Тек бір әттеген-айы қарындастарымды құтқара алмадым. Соғыстан қайтқан мені жалғыз апам ғана қарсы алды. Байғұс қарындастарым аштан өліпті…
1939 жылы мен ҚазМУ-дің физика-математика факультетіне оқуға түсіп, үздік оқып жүрдім. Үздіктер қатарында 7-8 адам болған еді. Сол кездегі газеттерде біз туралы мақала да жазылған болатын. Мақала «Қазақстанның болашағы» деп аталған еді. Күтпеген жерден әскер қатарына шақыртылып, оқуымыз үзілді. Ректорымыз алып қалуға барын салғанымен, ештеңе шықпады. Себебі, сол кезде Ворошиловтың арнайы бұйрығы шыққан еді. Мен Батыс Украинаның артиллериялық полкында өз әскери борышымды өтедім. 1941 жылдың қыркүйегінде біздің үйге қайтуымыз керек болатын, бірақ маусым айында соғыс басталып кетті. Он күннен соң, біз қоршауда қалдық. Бізге бірінші болып атыспауға, тек жай аңдысын аңдып, шешуші айқасты күтуге, қолдағы оқ дәріні үнемдеуге бұйрық берілді. Ал қоршауда қалған біз бір ай бойы шегінумен болдық. Еш байланыс болмады, азық-түлік мәселесі де қатыстырылмаған. Ақыры шешуші айқас басталды. Бұл айқасқа түскен 2000 адамнан 40 адам ғана аман қалды.
…Соғыс аяқталған соң, елге келіп мектепте математика пәнінен сабақ бердім. Күн сайын мені НКВД-ға шақырады. Сөйтсем, өзіммен қатар жүрген мұғалімдер жала жапқан екен. Сөйтіп, 1948 жылы «отанына сатқындық жасады» деген желеумен 25 жылға сотталып кете бардым. Оның 8 жылын Колымада өткіздім».
Ол Сталин өлген соң, екі жылдан кейін ғана елге оралған.
«Дәл қасымда қанша снаряд жарылса да, түрмеде қаншама адам құрт-бит қаптап, өліп жатса да, мен әлі күнге тірімін. Сірә, қазақтың «қырық жыл қырғын болса да, ажалды ғана өледі» дейтіні рас болса керек» — деген еді сөзінің соңында.
Ұзақ жылдар бойы Ойыл өңірінде еңбек еткен, сандаған шәкірттің алғысын алған ұстаз Ахметбек Нұрманов тоқсаннан асып, беріде ғана дүниеден өтті.
ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының қилы тағдырын зерттеп, зерделеп, олардың есімдерін, елге сіңірген еңбегін ұмыт қалдырмауды мақсат тұтып, осы жолдағы ізденістерді үзбей жалғастырып отыру — біздің парызымыз.
Гауһар БАЛЖАНОВА,
Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық
университетінің оқытушысы.



