Мәдениет

Қазанғап күйшінің мұрагері

XIX ғасыр қазақ халқы өнерінің шырқау шыңына көтерілген кезі болды. «Алтын ғасыр» аталатын осы кезеңде Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Сүгір, Дина, тағы басқа небір майталман күйші-композиторлар дүниеге келіп, қазақтың күй өнерін бұрын-соңды болмаған биік өреге көтерді.

Міне, осындай ұлы күйші — композиторлар қатарында Қазанғап Тілепбергенұлының есімі ерекше аталады. Күйшілік өнерде өзгеге ұқсамайтын сара жол салып, өзіндік орындаушылық мектебін қалыптастырған саңлақ күйшілеріміздің бірі — Қазанғап, әсіресе «Ақжелең» деп аталатын тармақты күйлерге айтарлықтай үлес қосып, оны түр және мазмұн жағынан байытқан. Заманында Ақжелеңнің 62 түрін түгелдей тартып «Күйдің пірі» атанған Қазанғап қазақтың күй мәдениетінің інжу-маржандары қатарында тұратын шығармалар туындатып, оны орындап, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған.

Қазанғаптың күйшілік мектебін жалғастырған ізбасар күйшілер деп Жәлекеш Айпақов пен Кәдірәлі Ержановты алдымен тілге тиек етеміз. Ал Қазанғап күйлерін республика жұртшылығына танытуға, насихаттауға ұлан-ғайыр еңбек сіңірген майталман домбырашы Сәдуақас Балмағамбетовтің есімін ерекше атауға болады.

Сәдуақастың орындауында Қазанғап күйлері биік шеберлігімен, аса көркемдігімен, ой тереңдігімен, мазмұн байлығымен ерекшеленеді. Ол тартқан Қазанғаптың «Көкіл», «Жұртта қалған», «Өттің дүние», «Кіші Қаратөс», «Шырылдатпа» күйлері терең ой толғамдарды білдірсе, «Торы жорға аттың бөгелек қағуы», «Торы аттың кекіл қақпайы», «Жем суының тасқыны» туындыларында асқақ шабыттың қуаты сезіледі, ал «Бұраңбел Ақжелең», «Кербез Ақжелең», «Шыныаяқ тастар», «Домалатпай Ақжелең» шығармаларында тебіреніске толы махаббат сезімдерін баяндайды.

Қазанғап — керемет суреткер күйші және сыршыл лириканың сирек кездесетін шебері. Күйші шығармашылығының бір бөлігі әйел затының сұлулығын бейнелейді, олардың бір парасы Балжанға арналған. Мысалы: «18 жасар Балжан қыз», «Ұлықсат берші, Балжан қыз», «Балжан отыз бесте», «Балжан әйел», т.б. Осылардың ішінде «18 жасар Балжан қызға» ерекше тоқталуға болады. Бұл шығарма жүрек қылын шертетін нәзік лириканың ішіндегі теңдессіз туындылардың бірі. Орындаушыдан шеберлікті, жүректілікті, түсінікті қажет ететін күрделі шығарма. Әсіресе осы күйді С.Балмағамбетов асқан шеберлікпен, ерекше нақышпен орындайды. Күй өнерінің соңына түскен кез келген домбырашы мұны тартуға құмартқанымен оңайлықпен иіні келе бермейді.

Сәдуақас ағаны алғаш көріп, жақын танысуым да осы күйді үйренуге байланысты болып еді. 1993 жылдың қоңыр күзі. П.И.Чайковский атындағы музыка колледжінің 3-курс студентімін.  Қазанғаптың «18 жасар Балжан қыз» күйін кезекті емтиханда тартуға дайындап жүрмін. Күйді бір тыңдатып, тексертіп алайын деген ниетпен Сәдуақас ағаны консерваторияға арнайы іздеп бардым. «Халық әні» кафедрасы студенттеріне дәріс жүргізіп отыр екен, сәлемдескеннен кейін жөнімді білдіріп, күй тыңдатуға келгенімді айтып едім, «сәл күте тұр» — деп студенттерге тапсырмаларын беріп жібергеннен кейін «қандай күй көрсетуге келдің» деп зер сала қараған күйші ағаны күйтабақтан орындаушылық өнеріне қанық болғаныммен жүзбе-жүз алғаш көруім еді.

«Қазанғаптың «18  жасар Балжан қыз» күйін» дедім. «Қане, онда орындап жібер» дегені сол-ақ екен, домбыраны алып күйді сыдыртып тарта жөнелдім. Күйдің орта тұсына келгенде тоқтатып, «домбыраңды бері берші» деп күйдің бір буынын қайырып, «бұл осылай емес пе еді» дегенде, ағаның өте шебер тартысына қайран қалдым. Содан кейін екі-үш рет барып, күйдің мәтінін, қағыстарын түзетіп, толық үйреніп алдым.

Сол кезден бастап осы күй репертуарымнан берік орын алды. Кейін консерватория қабырғасында оқып жүрген кезде Қазанғаптың көп күйлерін Сәдуақас ағаның өз қолынан үйренген едік. Сәдуақас аға табиғатынан ерекше дарынды күйші, екі қолдың үйлесімі ерекше, қағысты алуан түрлі құбылтып алғанда тыңдаушысын еріксіз тәнті етпей қоймайды. Домбыра тартуға ғана жаралғандай сүйріктей біткен салалы саусақтардың астынан түрлене шыққан сырлы үннің сұлулығы шексіз. Күйдің күрделі иірімдерінің өзінде әр дыбысы маржандай төгіліп шығады. Кез келген дыбысты бос жібермейді, жүректен өткізеді.

Қазанғап күйлерін орындағанда шеберліктің шыңын бағындырған Сәдуақас ағаны замандастары «тірі Қазанғап» деп бағалаулары тегін емес еді. С.Балмағамбетов Қазанғап күйінің мұрасына адал еді. Саналы ғұмырын Қазанғап күйлерін насихаттауға арнаған жан. 1974 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, 1978 жылдан өмірінің соңына дейін, яғни 1999 жылға дейін осы аталған мекемеде ұстаздық қызмет етті. Қазанғап күйлерін мемлекеттік радио, теледидар, концерттер, оқу жүйесі арқылы жан-жақты насихаттады.

Күйші шығармашылығына байланысты 1983 жылы «Қазанғап күйлері» атты күйтабақ жазды, қазақ радиосының «Алтын қорына» жаздырып, кейінге қалдыру жолында көп еңбек етті. Сонымен қоса Қазанғап күйшінің өмірі мен шығармашылығы, күйлердің шығу тарихы жөнінде көптеген деректерді де ел арасынан жинақтап зерттеу жұмыстарын жүргізді.

Сәдуақас аға көзі тірі кезінде Қазанғап күйлерінің жинағын кейбір кедергілердің салдарынан жарыққа шығара алмады. Өмірінің соңғы кездерінде қатты науқастанып жатқанын естіп ұстазым, профессор Айтжан Тоқтағанмен бірге халін сұрап барғанымызда осы жайттарды айтып, өкінгендей сыңайда болып еді. Бірақта өзі өмірден өтсе де, С.Балмағамбетовтің «Саз зергері — Қазанғап» атты жинағы (А.Тоқтаған, М.Әбуғазы ноталық редакциясымен) 2001 жылы жарық көрді. Жинақтың баспадан шығуына Сәдуақас ағаның зайыбы Бәтима Арстенбекқызының сіңірген еңбегі өлшеусіз.

С.Балмағамбетовтің артына қалдырған мұрасын шашау шығармай жинақтап, жариялап отырған жары Бәтима апай мен ұлы Әділгерейге елдің ризашылығы мол. Қазанғаптың домбырасы Сәдуақас ағаның үйінде сақтаулы тұрғандығынан хабардар едім. Бірде ағамыздың зайыбы Бәтима апай мен ұлы Әділгерейге «Қазанғап атамыздың домбырасы қазақтың басқа да ұлы күйшілерінің домбырасымен қатар, Алматыдағы Ықылас Дүкенұлы атындағы халық аспаптар мұражайынан өзінің лайықты орнын алса дұрыс болар еді» деген ұсыныс жасап едім, ол кісілер де қарсы болмады. Осы игілікті істің нәтижесінде, 2009 жылы мұражайдың сол кездегі басшысы, белгілі қоғам қайраткері, композитор Хасен Қожахметов Қазанғаптың домбырасын қабылдап алған болатын.

2016 жылдың ақпан айында Сәдуақас ағамыздың да домбырасы да осы мұражайға тапсырылып, арнайы кеш ұйымдастырылды. Елімізге танымал домбырашылар қатысқан күмбірлі күй кешінде Қазанғаптың және Сәдуақастың домбыралары қатар тартылып, тыңдармандарын бір марқайтып тастаған еді. Мұражай басшысы белгілі жыршы, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Байбосынова, қазақтың екі ұлы күйшісінің домбыраларына арнайы орын дайындап, кеш соңында өздерінің тұғырлы орындарына қондырды. Осы кешке Ақтөбеден Сәдуақас ағаның інісі Нұрболат Жанаманов арнайы келіп, Қазанғаптың күйлерін төгілте орындап, өнерсүйер жұртшылықты бір серпілтіп тастады. Күйшілік өнер атаның қанымен, ананың сүтімен келетін текті өнер ғой.

Нұрболат Жанаманов та майталман домбырашы, Қазанғап күйлерінің шебер орындаушысы. 2004 жылы Ақтөбе қаласында Қазанғаптың 150 жылдығына орай өткен республикалық күйшілер конкурсында бас жүлдені жеңіп алды. Кейінгі кездері республикалық, халықаралық дәстүрлі музыка фестивальдері арқылы Қазанғап күйлерін тартып, насихаттап жүр. Нұрболат Жанамановтың тарту мәнері еріксіз Сәдуақас ағаны еске түсіреді. Қазанғап күйлерін Сәдуақас Балмағамбетовтен көптеген домбырашылар үйреніп, орындап келеді. Бүгінгі күні Нұрболат Жанаманов, Талап Хамзин, осы жолдардың авторы өзім Қазанғап күйлерін Сәдуақас ағаның тарту үлгісімен орындап жүрміз. Бірақ Сәдуақас Балмағамбетовтей дәрежеде Қазанғап күйлерін тарта аламыз деп айту қиын. Оның күй тартудағы шеберлігі әлі талай ұрпаққа үлгі болары анық. «Жақсыдан шапағат» демекші, Сәдуақас Балмағамбетовтей шебер домбырашының күйін тыңдап, батасын алғанымды әрдайым мақтанышпен айтамын.

С.Балмағамбетов шебер орындаушылығымен қатар өз жанынан көптеген күйлер шығарған тамаша сазгер де. Оның әртүрлі тақырыпты қамтитын жиырмадан астам  күйлері бар.

Биылғы жылы Сәдуақас Балмағамбетовтің туғанына 75 жыл толып отыр. Осыған орай жарық көріп отырған «Күй дастан» атты жинақта Қазанғап күйлерімен қатар ол кісінің де төл туындылары топтастырылған. Жинақ екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде С.Балмағамбетовтің орындауындағы Қазанғап күйлері (2001 жылы жарық көрген С.Балмағамбетовтің «Саз зергері Қазанғап» жинағынан алынды), сонымен қатар осы бөлімдегі  Қазанғаптың «Балжан отыз бес жаста», «Бұраңдаған келіншек», «Өмір жайлау» күйлері Нұрболат Жанамановтың орындауында алғаш рет жарияланып отыр. Екінші бөлімде С.Балмағамбетовтің төл туындыларынан күйлер, әндер және оркестрлік шығармалары енген.

 Мұрат ӘБУҒАЗЫ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық

өнер академиясының доценті,

күйші, өнер зерттеуші.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button