Телжан мен Шахзада
Белгілі қоғам қайраткері, энциклопедист ғалым Телжан Шонановтың туғанына — 115 жыл
Телжан Шонанов 1894 жылдың 17 желтоқсанында Ырғыз ауданының Аманкөл аулында дүниеге келді. 1908-1912 жылдарда Ырғыздағы орыс-қазақ училищесінде, одан кейін — 1912-1916 жылдары — Орынбордағы мұғалімдер институтында оқыды.
Орынборда оқыған кезінде қазақ жастарының «Игілік» ұйымын құруға белсене араласып, «Қазақ» газетіне халық ағарту мәселелері бойынша мақалалар жариялап тұрды.
1916-1921 жылдарда Ырғыз уезінде мұғалім болды. Ал 1922 жылы Орынборда Халық ағарту комиссариаты жанындағы Академиялық орталыққа қызметке қабылданып, сонда 1926 жылға дейін оқыту-білім беру істерін жетілдіру – дамытумен тікелей шұғылданды. Осы игі істерді бастаушы Телжан Шонанов Қазақ білімпаздарының 1924 жылы 12-18 маусымда өткен тұңғыш съезіне, одан кейін сол жылы Қазақ АКСР-і ғылым саласы қызметкерлерінің съезіне делегат болып қатысты. Осы тұста ол емлеге, тіл дамытуға, қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты көптеген еңбектер мен хрестоматиялар жариялады. Соның ішінде әдістемеге қатысты: «Жаңалыққа жетекші», «Диаграммалар, графиктер қандай болады», «Орыстарға қазақ тілін үйрету әдісі жайында», «Ересектерді сауаттандыру әдісі», «Дауыстап оқытудың әдісі» сынды кітаптары жарыққа шықты. Телжан Шонанов мектепте дауыстап оқыту әдісін ерекше насихаттады. Оның пікірінше, дауыстап оқығанда оқуды қабылдауға: көз, ауыз, құлақ — үш мүше бірдей еркін, тең қатысады да, қабылдаудың күшеюіне, оқуды сіңіріп-игеруге игі
ықпал етеді. Дауыстап оқытқанда оқушы еркін, екпінді, айқын, анық сөйлеуге дағдыланады, әсерлі, өткір сөйлеуге — шешендікке (ораторлыққа) жаттығады, даусы да нәзік, болбыр болмай, мәнерлі, ұнамды қалыптасады. Ол дауыстап оқыту, әсіресе, бастауыш мектептегі жас балаларға тиімді деп есептеді.
Телжан Шонанов «Қазақ өлкесін зерттеу қоғамына» 1923 жылдың 15 сәуірінде мүшелікке қабылданған. 1926-1928 жылдарда ол осы қоғамның тарих-этнография секциясының төрағасы және Қызылордада Қазақ Халық ағарту институтында оқытушы болды.
1926 жылы А.Байтұрсыновпен бірлесіп, мектеп оқушыларына арналған «Оқу құралын» (хрестоматия) шығарды. Өзінің атақты «Қазақ жер мәселелерінің тарихы» атты еңбегін де нақ сол жылы жазды. Оқырмандарға белгілі, бұл еңбегінде ол қазақ жерін отарлаудың 200 жылдық тарихын талдады.
1926 жылы тамызда Бакуде өткізілген Бүкілодақтық түркологтар съезіне А. Байтұрсынов, Н. Төреқұлов, Е. Омаров, Б. Сүлеев, Ә. Байсейітовтермен бірге Т. Шонанов та қатысты.
Ол 1928-1934 жылдарда Алматыда ҚазПИ-де оқытушы болып қызмет етті және Халық ағарту комиссариатының ғылым мен ғылыми әдістер жөніндегі кеңесінің мүшесі болды. Осы жылдарда «Қазақстан жағрафиясы» (1929), «Жаңалық» (1928), « Сауаттан» (1929), «Тіл дамыту» (1930), «Қазақ тілінің оқу құралы» (1933) т.б. оқулықтар мен оқу бағдарламаларын жазды, латын әрпі, татар, ұйғыр, түрік тілдері жайлы зерттеу еңбектер жариялады.
1935-1937 жылдарда Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі ҚазМҰУ) қазақ тілінің доценті болды.
Телжан Шонанов 1923-1937 жылдар аралығында оқулығы бар, басқасы бар — 32 кітапты жарыққа шығарып, 72 мақала жазған екен.
«Халық жауы» деген жаламен 1938 жылдың 27 ақпанында атылған Телжан Шонанов 1992 жылы 18 қыркүйекте ақталды.
Ал Телжан Шонановтың жары Шахзада Аронқызын да еске ала кеткен жөн деп есептейміз. Оның әкесі Арон — белгілі қоғам қайраткері, Дума депутаты болған заңгер Бақытжан Қаратаевтың інісі. Шахзада 1903 жылы Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында дүниеге келген, жастай оқыған, зерек, алғыр болған. 1920 жылы Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түседі. Бірақ шыққан тегі — әкесі үстем тап өкілі болғандықтан, көре алмаған біреулердің көрсетуімен
2-курста оқудан шығарылады.
Алғыр Шахзада бұған мойымаған. Ол 1922-1926 жылдарда Орал губерниялық атқару комитетінде — іс жүргізуші, аз уақыт Сырдария губерниялық партия комитетінде нұсқаушы қызметтерін атқарды. 1926 жылдан бастап КСРО ағартушы қызметкерлер одағының мүшесі, 1928-1930 жылдарда Қызылордада Халық ағарту комиссариатының мектепке дейінгі балалар тәрбиесі бөлімінің нұсқаушысы болды.
1931 жылы Алматы медицина институтына оқуға түседі. Бірақ мұнда да «әлеуметтік тегі» бойынша бақылауға алынып, институт Шахзаданы «қоғам жұмыстарында тексеруге» міндеттелді. Осыған сәйкес, Шахзада 1932 жылдың 12 наурызынан 11 сәуірге дейін ең қауіпті ауру — бөртпе сүзек індеті жайлаған Прибайкалстройдың Спасск деген жеріне жіберіледі. Сол жердегі жұмыс орнынан институтқа ол жөнінде: «Жолдас Шонанова өзін қайратты, іскер қызметкер ретінде көрсетті… Қоғам жұмыстарына қатысты… Санитарлық шаруаларды жүргізуші ретінде Шонанова ең сенімді қызметкер болды» деген мінездеме жіберілді. Соған қарамастан Шахзада тағы да 2-курста «әлеуметтік тегіне байланысты» оқудан шығарылады.
Сөйтіп қайтадан қызметке кірісті. 1933-36 жылдарда педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында, Халық ағарту комиссиаратында түрлі қызметтер атқарды. 1936 жылы Шахзада ҚазМУ-дің биология факультетінің 2-ші курсында оқуға мүмкіндік алады. Бірақ бұл жолы да оқу еріксіз үзілді. 1937 жылғы 19 шілдеде жұбайы Телжан Шонанов «халық жауы» деген жаламен тұтқындалады. Артынша Шахзада да тұтқынға алынды.
19 жасынан қызметке кірісіп, мәдени-ағарту саласында көптеген істерге ұйтқы болған, халыққа адал қызмет етуді армандаған, саяси қудалауларға мойымаған Шахзада Шонанова не бары 34 жыл өмір сүріп, сұрқия саясат құрбаны болды.
1938 жылдың 9 наурызында «халық жауларының әйелдерінің» ішінде тек қана жалғыз Шахзада атылған. НКВД-нің бұл «таңдауы» тегіннен-тегін болмаса керек…
Енді Шахзада өмірінің соңғы сәттеріне байланысты бір дерек. Қазақстан тарихи-ағарту «Әділет» қоғамының төрағасы Санжар Жандосов пен атқарушы директоры Сәуле Айтмамбетова – Сүгірова ҰҚК-нің көмегімен 1937-38 жылдары «халық жауларын» кімдер атқанын, қайда көмгенін іздестірген. Қорытындысында Сәуле «Эпоха» газетінің 2006 жылғы 40-санында мынадай дерек жариялады: «…сол қантөгістің тірі куәсі табылды… Бұрынғы кісі өлтірушінің айтуынша, «халық жауларын» түн ішінде НКВД ғимаратының терең қазылған жертөлелеріне апарып, сол жерде атқан».
«Халық жауларын» үш сағат бойы атып, содан соң мүрделерін жабық әскери машиналарға тиеп, Әлі аулына апарған. Бұл — 1932 жылдың ашаршылығында барлық тұрғындары қырылып, қаңырап қалған ауыл еді. Балшықтан соғылған үйлердің орындарында жартылай құлаған қабырғалар ғана сорайып тұр. Міне, сол қабырғалар арасында солдаттар күндіз шұңқырлар қазатын да, ал түнде ол шұңқырларға атылған адамдардың мүрделері тасталған.
Қаңырап тұрған бұл ауыл жанында жаңа ауыл да бар еді. Оның тұрғындарына көне ауылға жақындамау жөнінде бұйрық берілді. Бұл бұйрық: «көне ауылға аса қауіпті індеттен өлген жылқылар көміліп жатыр», — деп түсіндірілген».
«1937-1938 жылдары атылған адамдар тізімін қолымызға алғанда біз НКВД «машинасының» демалыс, мейрам дегенді білмей күндіз-түні жұмыс істегенін ұқтық, — деп жазады Сәуле Рақымқызы. — Әр күні 40-50 адам атылған. Олардың бәрі де НКВД ғимаратының жертөлесінде атылған».
Осы қантөгіске қатысқан жендеттің айтуынша, «машинадан шұңқырға мүрделерді лақтыра бастағанда, кенеттен олардың бірі тіріліп, айдалаға қаша жөнеліпті. Бұл әйел адам еді. Жендеттердің бірі оны сол арада атып құлатқан. (Тізімде жалғыз ғана әйел адам болғандықтан, бұл жерде әңгіме ҚазМУ студенті Шахзада Шонанова жөнінде деп жорамалдаймыз.) Осы оқиғадан кейін машинаға саларда атылғандардың аяғының сіңірін қиып жіберетін болған».
Тізімде жалғыз ғана әйел адам болған болса, НКВД жендеттері өлтіріп, көмуге әкелгенде кенеттен тірілген адамды біздің Шахзада деп санауға хақымыз бар. Ол — қазақтың ерекше бір қайратты қызы еді. Өмірінің соңғы сәтінде де сол қайратынан таймаған секілді…
Әбуғали ЖАЛДЫБАЕВ,
зейнеткер.



