Мереке

Батырлар мекені

18 желтоқсан күні Қобда ауданының құрылғанына 80 жыл толады

Қобда —  табиғи һәм тарихи құндылықтарының әлеуеті басым өңір. Қарақыпшақ Қобыландының, аруақты батыр Алтайдың ізі қалған жер. Абат батырдың жаны мәңгілік байыз тапқан Абат-Байтақ қорымы, Жездібай, Малай батырды туған Бесқопа, Пугачев көтерілісін жалғастырушы Сапар (Сапура) Мәтенқызының жорықтары, ұлт-азаттық көтерілістің шеңгелі Шейітсай, отаршылдыққа қарсы күрестерді бастаған Исатай мәйіті — осы өңірдің жәдігерліктері.

Қобда жері Ұлы Отан соғысы жылдарында күллі Кеңестік Шығыстан шыққан екі батыр қыздың бірі Әлия Молдағұлованың, Кеңес Одағының 7 батырының есімдерін, ақ тарыдан рекордты өнім алған еңбек тарланы Әсима Бектенованы мақтан етеді. Одан беріде — ғасырлар тоғысқан, еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген тұста да Қобда топырағынан мәдениет пен өнерде, экономика мен шаруашылықта, саясатта дараланған қоғам қайраткерлері шықты.

1929 жылдың 28 шілдесінде аудан болып құрылған осы Қобданың биыл 80 жылдығы тойланып отыр.

Өңірдің ең басты байлығы — еліміздің мәртебесі биіктей беруі үшін еңбек етіп жүрген ұл-қыздары туралы, ауданның тыныс-тіршілігі, мерейтой қарсаңындағы дайындығы жөнінде аудан әкімі Любовь Исмағамбетовамен сұхбаттасуды жөн көрдік.

— Ауданның құрылғанына 80 жыл толып отыр. Сұхбатымыздың кіріспесі өзіңізден болсын.

— Қобданың жері қазақ елінің тарихына сүбелі үлес қосқан өлке. 80 жыл әрине, ұлы дала тарихы үшін аз ғана уақыт. Бірақ осы жылдар Қобда өңірінен түлеп ұшқан талай ұрпақ үшін тұтас бір дәуірдің құндылықтары енген кезең. Мәселен, Кеңес Одағы тұсында аудан орасан зор экономикалық табыстарға жетіп, егін мен мал шаруашылығында биіктен көрінді. Миллионер атанған ұжымшарлар мен кеңшарлардың, түгін тартсаң майы шығатын Сарбұлақ, Калиновка, Жарсай, Жаңаталап сияқты астықты ауылдардың қамбасы кемерінен асқан уақыттар, саны мен сапасы күллі Одақта чемпион атандырған ақ бас сиыры бар Көкүй, еділбай қойымен танылған Бегалы, Қызылжар, Жиренқопа шаруашылықтары болды. Әрине, Кеңес Одағының ыдырауы мен жаңа үрдіске көшкен экономиканың өтпелі кезеңіне байланысты орын алған қиындықтар елмен бірге ауданның ахуалын да қалжыратты. Бірақ одан да зор құрбандықтың,  бір кездері тарихтың ақтаңдақ парақтарына айналған есімдер мен оқиғалардың арқасында халқымыздың қолы жеткен тәуелсіздік жылдарында іргесі бекіген елімізбен бірге ауданның да еңсесі көтерілді, өткен ғасырдың соңындағы экономикалық құлдырау салдарынан болған қиыншылықтар санадан көмескі тартып сөніп барады.

Аудан аумағында ірі өндіріс ошақтары жоқ болғанымен, соңғы жылдары кәсіпкерлік саласында, ауыл шаруашылығында, өнер мен білімде, денсаулық сақтау саласында табысты көрсеткіштерге жетті. Экономикалық-шаруашылық, әлеуметтік-мәдени өміріне игі жаңалықтар енді, жаңа технологияларға қол жеткізді. Әлемдік қаржы дағдарысы тұсындағы өлара шақта биіктен көрінген еліміздің дағдарыстан шығуға бағытталған бағдарламасы арқылы аудан көлемінде жұмыссыздықты жоюға, құрылыс нысандарының қарқынын күшейтуге, қайта кәсіби даярлық курстарына маңыз беріліп отыр. Бүгін осының бәрі қарапайым қобдалықтардың өлшеусіз еңбегінің арқасында іске асып жатыр.

— Енді мерейтой туралы, мерейтой аясында жасалып жатқан жұмыстар туралы айтып берсеңіз.

— Сырт жұрт Қобданы батырлар мекені деп біледі. Олай деуге  негіз бар. Қобдалықтар осыған дейін де уақыттың қиындығына қарамай, ауданның атаулы даталарын, Әлия Молдағұлованың 70-80 жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде атап өтіп, әрдайым Қобданың қасиетті топырағы жаратқан даланың дарабоз батырларын, одан бергідегі Кеңес одағының батырларын, жасампаз еңбекте танылған тұлғалаларын ұлықтаудан, ұрпаққа танытудан жалыққан емес. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың тікелей қолдау көрсетуімен 2007 жылы әйгілі батыр Қобыландыны ұлықтап, ұлан-асыр той өткізген қобдалықтар ауылдың игілігі үшін көп шаруаның тынғанына куә болды. Сол  жылы Жиренқопа бағытындағы жол жөнделді, ауылға ұялы байланыс орнатылды, жаңа ғимараттар бой көтерді, жұмыс орындары ашылды. Осы жолы да ауданның мерейтойын атап өту «ас ішіп, аяқ босату» емес, ұрпақ игілігі үшін ұстанатын, болашаққа мирас болып қалатын дүниелер жасауға бағытталды. Жыл басынан бері біз ауданның аумағында әлеуметтік нысандардың  құрылыс жұмыстарын жүргіздік. Ескімізді мүмкіндігімізше жамап-жасқап, барымызша әспеттеуге тырыстық. Мәселен, Талдысай аулындағы 320 орындық орта мектеп құрылысының, аудан орталығындағы спорттық кешеннің салынып жатқанын атап өтуге болады. Егіндібұлақтағы 50 орындық балабақшаның, орта мектеп ғимаратының, Қосөткелдегі медицина пунктінің, аудан орталығындағы 18 пәтерлі үйдің және 6 жеке-дара тұрғын үйдің пайдалануға берілгенін тұрғындар мақтаныш етеді. Одан басқа республикалық «Жол картасы» аясында биыл 161 млн. теңгеден астам қаржы жұмсап, Ақыраптағы орта мектеп ғимаратына, аудан орталығындағы Мәдениет үйіне және көп жылдардан бері пайдаланылмай тұрған үш қабатты аудандық босану бөліміне күрделі жөндеу жасадық. Сол сияқты, «Жол картасынан» тыс Қызылжар орта мектебін, аудандық Оқушылар үйін, аудандық аурухананы, Қанай, Ропповка ауылдық медицина пункттерін күрделі жөндеуден өткізіп, жаңалап алдық. Бірқатар ауылдық кітапханалардың базасында интернет арқылы жұмыс істеу мүмкіндігі бар модельді кітапханалар ашуға қол жеткіздік. Ақырапта, Көкүйде балабақшалар ашылып, аудан орталығында мектеп жасына дейінгі балаларға арналған арнайы сауықтыру тобына ғимарат берілді.  Абат-Байтақ кесенесіне апаратын жолдың бойындағы көпірді қайта салып, көпшіліктің айтып  жүрген өтініші орындалды.

Ал жыл бойы ауданның мерейтойы аясында тұрғындардың белсене араласуымен ұйымдастырылып жатқан мәдени-қоғамдық шаралардың көптігі өз алдына бір тақырып. Жыл басынан бері балабақшалар мен мектептерден бастап барлық мекеме ұжымдарында ауданның тарихын, белгілі тұлғаларын танытатын, жер бедері, жағрафиялық жағдайы, ауыл шаруашылығы, экономикасы мен тұрмыс-тіршілігі туралы мәлімет беретін әр түрлі мазмұнда шаралар өтіліп жатыр. Мәдениет үйінің, ауыл клубтары мен кітапханаларының қызметкерлері, аудандық ішкі саясат бөлімі, «Нұр Отан» ХДП-ның аудандық өкілдігі, Әлия аулындағы патриоттық тәрбие беру орталығы ауыл тұрғындары арасынан жас дарындарды, көркемөнерпаздарды табуды, жастардың бойында патриоттық сезімді оятуды мақсат еткен аудандық, аймақтық шараларды, концерттерді, танымдық кештерді өткізіп келеді. Аудандық «Қобда» газетінің беттерінде ауданның мерейтойына арнайы айдар беріліп, оқырманға құнды деректерге толы материалдар ұсынылды.

— Ауданның мерейтойы қалай өтеді, мерейтойдың тарту-таралғыларына тоқталсаңыз.

—  Жоғарыда айтып кеттім ғой, осы әлемдік дағдарыс тұсында қаражатты желге ұшырып, ұлан-асыр той жасағанның орнына біз ұрпаққа мұра болып қалатын дүниелер жасауды, әлеуметтік нысандарды жөндеп алуды мақсат еттік. Қобданың 80 жылдығын 18 желтоқсанда атап өтеміз, бұл жылдың қорытындысы іспетті болады деген жоспарымыз бар. Қонақтарға әлеуметтік нысандарды аралатып, аудан көркемөнерпаздары дайындаған «Киелі Қобда — шежірелі өлке» театрландырылған қойылымын, салтанатты жиынға арнайы мерекелік концертімізді ұсынамыз.

Енді тойдың тарту-таралғыларына келсек, ең бастысы және ең маңыздысы — ауданның тарихында тұңғыш рет «Қобда» энциклопедиясы шығарылды.

Сонымен қатар, біз «Ұлы Қобда — мекенім» атты қысқа деректі фильмін түсірдік. Ол салтанатты жиынның ашылуында көрсетіледі. Сол күні 20 адамға «Қобда ауданының құрметті азаматы» атағын беріп, оның ішінде ауылдық жерлерде тұратындарына коммуналдық төлемақыдан жеңілдік жасайтынымызды хабарлаймыз. Ауданның құрметті азаматтарына берілетін арнайы куәлік пен төсбелгі шығардық. «Келісіп пішкен тон келте болмас» деп ақсақалдарымыздың ақыл-кеңесіне жүгініп, ауданның мерейтойына арнап металдан жасалған эмблемаға, медальға, төсбелгіге, тапсырыс жасадық, күнтізбелерге, плакаттарға ұсақ-түйек деп қарамай, мән берілді. «Қобда —  елдік пен ерлік мекені» деп аталатын естелік кітап жарық көрді. Осының бәрін жасауға, шығаруға демеушілер тарапынан көп көмек болды.

— Осы жерден сөзіңізді бөлейін. Ең бастысы және ең маңыздысы — энциклопедия туралы бөліп айтайық.

— Иә, мұқабасында «Қобда» деп жазылған энциклопедия Алматыдан, «Атамұра» баспасынан 2000 таралыммен жарық көрді. Энциклопедияның шығуын күткен қобдалықтардың қуанышында шек жоқ. Оны шығаруға көп күш жұмсалды. Біздің ауданның адамдарының ауызбірлігі, адамгершілігі, ішкі мәдениетінің жоғары деңгейі, таным-түйсігінің кеңдігі осы энциклопедияны жарыққа шығаруға себепші болды. Ауданның мерейтойын атап өту туралы сөз қозғалғанда аудан тұрғындарынан мәңгілікке қалатын, болашаққа баратын естелік жасау керектігі туралы көптеген өтініштер түсті. Аға ұрпақ өкілдері, ізімізді басып келе жатқан жастар, еңбекке араласып жүрген орта буын бар, бәріміз бас қосып ақылдасып, ол мұра — энциклопедия деп шештік.

Сөйтіп, бірден айналасына аудандық газет, аудандық әкімдік, кітапхана қызметкерлері, мұғалімдер, басқа да сөз түсінетін, шығармашылық қабілеті бар жастарды топтастырған энциклопедия редакциясын құрдық. Оның тұрақты түрде жұмыс істеуі үшін керек-жарақтың бәрімен қамтылған арнайы кабинет жасақтадық. Энциклопедия шығару ісінің басы-қасында республикаға танымал журналист Идош Асқар жүрді. Зейнеткерлік демалыста болса да біздің өтінішімізді қабыл алып, энциклопедия редакциясында екі жарым ай бойы тұрақты жұмыс істегені үшін ол кісіге қобдалықтардың алғысы шексіз.

Энциклопедияны шығару ауданның әрбір тұрғыны атсалысты десем, өтірік емес. Ауыл-ауылға хабар айтылып, кез келген тұрғын редакцияға мәлімет әкеліп беріп жатты. Ауыл әкімдері, мекеме басшылары Идош ағайдан жеке-жеке тапсырма алып, ізденіс үстінде жүрді. «Көптің тілегі — көл» болды.

Энциклопедия — Қобда өңірін тарихи-танымдық, мәдени-әлеуметтік, шаруашылық-экономикалық тұрғыдан баяндауға тырысқан тұңғыш туынды. Онда өңірде болған тарихи оқиғалар, жағрафиясы мен табиғи құрылысы, пайдалы қазбалары, ауыл-аймақтарындағы жер-су, қасиетті орындар, ауыл шаруашылығы, әлеуметі, мәдениеті, оқу-ағарту саласы және еңбекте, өнерде, білімде танылған адамдары қамтылды.

Қобдадай тарихы бай өлкені ғылыми негізде зерттеу мен игеру ісі қолға алына қойған жоқ. Энциклопедия  сыр бүккен өлкенің тамырына қан жүгіртуге тырысқан, ауданның тұтас келбетін көрсетуге талпынған тырнақалды дүние. Сондықтан азды-көпті кемшіліктердің кездесуі, кешегі күндердің кей істері, аудан өмірінде еңбегімен із қалдырған тұлғалар тасада қалуы әбден мүмкін. Бұл еңбек нақты фактілерге сүйене отырып аудан энциклопедиясын жасаудың алғашқы тәжірибесі болғандықтан, әлгіндей кемшіліктердің орнын толтыру, қазіргі күннің жасампаз істерінен мәлімет беретін жинақ жасап шығару болашақтың міндетінде болмақ. Дегенмен, алдағы күндерде осы энциклопедияның орыс тіліндегі аудармасын да шығару, сол кезде кемшін тұстарына мән беру жоспарымызда бар.

— Жоғарыда демеушілер туралы айтып бастаған едіңіз…

—  Ауданның мерейтойы сөз болғанда бізді ең алдымен облыс әкімі Елеусін Сағындықов қолдады. Ол кісінің аудан үшін жасаған игі істері өлшеусіз екенін кез келген қобдалық біледі. Сондықтан мен аудан тұрғындарының атынан шексіз алғыс білдіремін.

Энциклопедия шығару туралы идеяны іліп алып кетіп, аудан тұрғындары мүмкіндігінше мерейтойға арнап құрған «Қобда-80» қорына қаражат аударды. Одан кейін еліміздің, облысымыздың әр түпкірінде қызмет етіп жүрген жерлестеріміз елең етті — қаржылай қолдау көрсетті. Оның ішінде экономика ғылымдарының докторы Қозы-Көрпеш Жаңбыршинді, белгілі кәсіпкер Төлеген Таңатаровты, басқа да көптеген азаматтарды ерекшелеп айтуға болады. Әсіресе, «Қобда — елдік пен ерлік мекені» кітабын шығаруды өз міндетіне алған облыстық жер қатынастары  департаментінің бастығы Мәлік Жекеев туған жерге деген сүйіспеншілігінде шек жоқ азамат екенін танытты. Ол сеніп тапсырған материал жинақтау, жазу сияқты жүгі салмақты жұмыстарды тындырған облыстық газеттегі Мейрамгүл Сатаева, Айгүл Нұркеева сияқты патриот қыздарымызға рахмет.

Жиған-тергендерін энциклопедияға ұсынып, «осы кітап дұрыс болып шықса екен» деп шыр-пыр болып Алматыда жүрген тарихшы-археолог ініміз Нұржан Жетпісбайға деген жерлестерінің ықыласы ерекше.

Бізге көмектескен жандардың жеке-жеке атын айтып, бір бетке сыйғызу мүмкін еместігі сөзсіз. Мен қобдалықтардың атынан бәріне де шексіз ризашылық білдіремін.

— Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button