«Ырыс» бағдарламасы ырысқа бастайды
Кәсіпкер
«Әлішер К» шаруа қожалығының құрылымдалғанына көп уақыт өте қоймаса да, алдыға қойылған нақты жоспар, сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану нәтижесінде қазірдің өзінде біраз көрнекті шаруалар атқарылып қалды.
Қожалықта материалдық-техникалық базаны нығайтуға көп көңіл бөлінеді. Кейінгі уақыттың өзінде 5 техника түрі алынды. Нақты айтар болсақ, жазғы маусымда 4 трактор, 1 ПР-145с маркалы шөпты тайлап буатын машина үздіксіз жұмыс істеді. Жұмыс қорытындысы көңіл тоғайтады: барлығы 400 тонна шөп дайындалды.
Шаруа қожалығы басшысы Нұртай Ноғаев тамыз айында «Ырыс» бағдарламасы бойынша 55 миллион теңге несие алыпты. Көп уақыт өткізбей Орынбор облысындағы «Степное» жабық акционерлік қоғамымен келісімшартқа отырып, сименталь тұқымды 100 бас сиыр сатып әкеледі. Бұл оған 47 миллион теңгеге түсіпті.
Кәсіпкер енді осы сүтті сиырлардың бағым-күтімін қолға алуда. Алдағы жоспар —өндірісті кеңейту. Бұл үшін қожалықта мүмкіндіктер жеткілікті. Бүгінгі күні мұнда сегіз адам жұмыс істеуде.
Нұртай көп ұзамай осы жерде аяғынан нық тұрған тауарлы сүт фермасының тұрақты жұмыс істейтіндігіне күмән келтірмейді. Сондықтан да сауу аппараттарын сақадай сай етіп қойды. Қораны тазалап ұстайтын техника түрлері іске қосылмақшы. Алдағы уақытта 2 тонналық сүт мұздатқыш алу жоспарлануда.
Шаруа қожалығының иелігінде 335 гектар жайылымдық алқабы бар. Құнарлы алқап мал өнімдерін молайтуға негіз қалайтыны сөзсіз.
Биыл шаруа қожалығы аумағында құрылыс жұмыстары қарқынды жүрді. Мәселен, 200 сиыр тұратын қора, астық сақтайтын қойма салынды. Сондай-ақ екі пәтерлік үй-жатақхана бой көтерді. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға кәсіпкердің өз қаржысы есебінен 60 миллион теңге жұмсалды.
Ертеңгі береке бүгінгі мақсатты жұмыстан бастау алады. Кәсіпкер Нұртай Ноғаев нақ осылай ойлайды. Ол «Ырыс» бағдарламасының ырысқа бастайтындығына сенеді.
Нұр ДОСОВ,
Мәртөк ауданы.



