Мәдениет

Жолдыбайдың өнердегі жолы

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

«Ақтөбе»

Халқымыз «Жігітке жеті өнер де аз» деген. Кімнің өнерлі, бай-бағлан, батыр болғысы келмейді дейсің? Құдай қаласа, бай да, жүрек дауаласа батыр да болар. Бірақ осының ішінде өнердің жайы қиындау сияқты. Егер өнер басына қонбаса, жаратылысынан соған бейім боп тумаса, кім-кімнің де жай үйренумен алысқа ұзай алмасы белгілі. Бүгінде есімі Ақтөбе жұртшылығына кеңінен мәшһүр, сазгер Жолдыбай Айтқұловтың, шынын айтқанда, ондай дәріс алатын өнер мектептері де болған жоқ. Әйгілі тарышы Шығанақ Берсиевтің қонысы Қарасу аулында, 1949 жылдың жазында дүниеге келді. Әкесі Айтқұл сауаты кем болғанымен, әр нәрседен хабары бар, көкірегі даңғыл адам еді. Бәйгеге ат жаратып қосатын атбегі болатын. Сондай бір бәйгеге атқосуға барған сапарында, мектеп табалдырығын аттап үлгермеген баласына  домбыра, енді бірде орыстың гармоны мен балалайкасын әкеліп берді. «Әке — балаға сыншы» дегендей, жүрегі бірдеңені сезген екен. Қалқанқұлақ қара бала бұл саз аспаптарын ешкімнің көмегінсіз-ақ, бүйірдегі бұйығы ауылда жатып-ақ тез меңгерді. Сөйтіп, осындай өнерінің арқасында ауылдағы өзі оқыған сегіз жылдық, кейін Ойылдағы қазақ орта мектебінің (қазіргі Ж. Жүсібалиев атындағы) өнерпаз оқушысына айналды.

Алпысыншы жылдардың басында ауылдың тұрмысы мен мәдениеті әлі жұтаңдау еді. Оның үстіне сол тұста отызыншы жылдары құрылған тарихи аудан таратылып, әкімшілік жағынан Қобдаға қарап, Ойылдың базары тарқап тұрған. Селода би кеші сияқты мәдени шаралар мектептің клубында, сиректеу интернаттың асханасында ғана өтетін. Ол кезде ауылдық жерде бүгінгідей сазды әуен төгетін сүйемелдегіш аспаптар жоқ. Құлағын бұрап ойнататын патефоннан әлі ұзай қоймаған шақ. Содан да әлгіндей шараларда сырнай, баян сияқты аспаптар, оны ойнайтын өнерпаз арадан табылып жатса, үлкен қуаныш еді. Қаратал аулынан Ойылдың қазақ орта мектебінің 9-сыныбына келіп, интернатта жатып оқыған қаршадай қара бала сондай сирек өнерпаз болды. Оның қолына көшкен баян сұңқылдап, үні кешкі ауылды аралап кететін. Сол әуенге қосылып, жоғары сыныптың оқушылары жұп құрап, әуен ырғағымен  дөңгеленіп билей жөнелетін. Би кешінің болатынын көшеден естіп келген, ауылдың соқтауылдай- соқтауылдай ересек жігіт-желеңдері де, есік көзінде ішке кіре алмай анталап тұратын-ды. Интернат іргесіндегі үйлердегі баян үні құлағына жеткен адамдар елеңдесіп, «Оу, мынау Жолдыбай ғой!» десетін жазбай танып.

Содан баян тартатын оқушыны тек мектеп емес, аз уақыт ішінде түгел Ойыл селосы танып үлгерді. Қарап отырсаңыз, көпшілік өнер адамдарының басында бір қызық құбылыс бар. Көп жағдайда олардың басына қонған өнер жалқы бола бермейді. Қазақтың ондайлардың басынан жеті өнер іздейтіні  содан шығар. Қараталдан келген оқушының да өнері баян ойнаумен шектелмеді. Домбыра шанағынан күй төгетін дәулескер күйші, күміс көмей әнші боп шықты. Ол аз болғандай, спортшылық қабілеті оянып, түрлі қашықтыққа жүгіруден, ұзындыққа секіруден оқушылар арасында өткен облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері болып оралды.

Осы тұста мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Тұрсынбек Қожақов «Жас қалам» атты қабырға газетін ұйымдастырып, үлгілі шәкіртінің және бірнеше талантын түртіп оятты. Көп кешікпей домбырашы, әнші, орыстың баян, гармон, балалайка сынды аспаптарында бірдей ойнайтын өнерпаз әрі спортшы Жолдыбай, сөзден табиғат суретін салатын сезімтал ақын және бояумен қағаздың бетіне жансызды тірілткендей сурет салатын суретші екенін әйгіледі.

Міне, 1966 жылы Жолдыбай Айтқұлов орта мектепті бітіргенде, бойына осынша өнерді жинаған бозбала жігіт еді. Мұндай талантты жасты Алматыдағы алғаш құрылып жатқан республикалық эстрада-цирк студиясы да бірден құшақ жая қабылдады. Кейін қазақ өнерінің жұлдыздары болған Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышова, Ұлықпан Есеновтермен бірге сабақ алды. Күйшілік, әншілік өнерін ұштады. 1969 жылы студияны және «Қазақфильм» жанындағы актерлік шеберхананың дубляж цехын бітіріп шықты. Сол тұста түсірілген қазақ киноларынан Жолдыбайдың да бозбала дидарын көруге болады. Осы жылы тұңғыш құрылған республикалық «Гүлдер» ансамбліне жұмысқа қабылданды. Күйшілігі бірінен-бірі өтетін Қайырлы, Қуаныш, есімді жігіттермен бірге қосылып, сахнада осы трио орындаған күйлер, сол тұстағы өнер сүйер қауымның есінде жүр. Осы жылдары ол өзіміздің өңірге тән Ғарифолла репертуарындағы кең тынысты әндермен бірге, Арқаның әндерін де шебер орындайтын дәрежеге көтеріліп, Қазақстанның батыс өңіріне таратушы болды.

Дегенмен Жолдыбай Алматыда, «Гүлдер» ансамблінің құрамында ұзақ бола алған жоқ. Эстрада-цирк студиясын бірге бітірген бір топ құрбы-құрдастарымен алғаш облыстық филармония ашылғанда Жамбылға (қазіргі Тараз) аттанды. Сондағы мақсат — ел көру, жер көру, өнер жолында ысылу еді. Сол құмардан шығып, облыстық «Жас толқын» эстрадалық ансамблінде артист-орындаушы болып қызмет атқарды. Қазақстанның тоғыз облысын, Өзбекстан мен Қырғызстанды гастрольдық сапармен аралап, өнер көрсетті. Қызылқұмда түйеге мініп, қырық градус ыстықта шөлден қаталап, өліп қала жаздап жүріп, құм ішінде отырған шопандарды ән-күймен сусындатты. Түнге қарай қойдың құйрығын сорып кететін алып кесірткеден қорғап, қотан шетінде күзетке де тұрады. Өнердің жолында осының бәріне төзіп жүре берер ме еді, қайтер еді. Алайда бұл бағытынан, осы кезде үлкейіп қалған  әкесі қайтарады. Елге қайтуын өтінеді.

— Артист ретінде бағам артып, танылып қалып едім. Әр концертке қыруар ақша алатынмын. Айлығымның өзі 700 сом еді. Ол уақытта бұл көп ақша. Бірақ сыбай- салтаң жүргесін бе, берекеті болмады. Шал соны сезді-ау деймін, — деп еске алады бүгінде ол.

Әке бұйрығын орындап, өнеріне тоқтау салуға тура келеді. Бір кезде Алматы консерваториясының кешкі бөлімінде оқып, аяқтамағаны сияқты, Шымкенттің Әл-Фараби атындағы мәдени-педагогика институтын да тастауға тура келді.

Туған жері Шығанақ Берсиев аулына оралып, қарт әке-шешесін, жас отбасын бағудың қамына кірісті. Мұның алдында бір жыл бұрын Жөкең :

Шаттығы болар бір анық,

Тағатсыз өткен ай-күннің.

Сыңарын күткен сыланып,

Аққуы сенсің айдынның, — деп, жырлап жүріп, өз аулының Бәтима есімді аруына үйленген.

Келе артист жігіт думанды жастар арасын қалап, кеңшарға комсомол хатшысы болып орналасты. Алты-жеті жыл жастармен жұмыс жасағаннан кейін Шығанақ Берсиев атындағы орта мектепте ұстаздығын жалғастырған кезде, Ақтөбенің педагогика училищесін, Қ, Жұбанов атындағы педагогикалық институтын бітіріп алды.

Жолдыбайдың мектеп қабырғасындағы ұстаздық жұмысы өнермен байланысты болды. Сондықтан ол ән пәнінен, қазақ тіліне, әдебиетіне, музыкаға қатысты түрлі үйірмелерге сабақ бере жүріп, өзінің өнерін де ұстарта береді. Ойыл музыка мектебінде шәкірттерге домбырадан дәріс үйретті. Сонымен қатар бірнеше мектепте ән, терме, айтыс өнері бойынша үйірмелер ұйымдастырып, сабақ берді. Ауылда, ауданда ұлт аспаптар оркестрінің құрылуына ұйтқы болды. Ауылда тұрса да, алыстағы өнер додаларынан қалмай, республикалық, облыстық көркемөнерпаздар байқауында талай мәрте топ жарды. Облыстық, аймақтық айтыстарға қатысып,  жүлде алды.

Алайда осының бәрінен де гөрі Жолдыбай бүгінде көпшілікке сазгерлігімен танымал. Елуге жуық ән-күйлердің,  сахналық қойлымдардың авторы. Жолдыбай әннің әуенін де, сөзін де өзі шығарады. Оның «Ойылым менің — ойдағы елім» әні осы өңірдің әнұраны іспетті. Ойыл жұртшылығына қатысты тойларда бұл ән орындалмай жұртшылық тарқамайды. «Ойылым – ерке өзенім» әні 1980 жылы Алматыда өткен республикалық сазгерлер конкурсында жүлде алып, Қазақ радиосының алтын қорына жазылды. Кейінгі жылдары жазған «Ағайынды Жұбановтар көшесі», «Ардагерлер арман ерлер» әндері қалалық, облыстық байқауларда жүлдеге ие болды. Автордың біраз әндері «Шарықта, шырқа, жас ұлан!», «Жыр жазамын жүрегімнен» атты ән жинақтарына енген. Жолдыбайдың сырлы сазды әсем әндері республикалық, облыстық теледидар мен радио толқындарында жиі орындалып жүр.

Сазгер әрі ақынның әр жылдары ауылдағы «Тамаша» ойын-сауық отауларының репертуарларына арнап жазған және өзі орындаған:

Малды өтірік актілеу көп,

Келед кейде жылағың,

Малдың емес, мал дәрігердің

Кесу керек құлағын.

Жалғыз бөлме моншамыз бар

Тазалығын күтеміз,

Әйел, еркек бір бөлмеге

Кезектесіп түсеміз, — деп келетін, суырып салма, шымшыма шумақтарының өзі кезінде көрермендерді талай серпілткен.

Сазгер Айтқұловтың өнерінің тағы бір қыры — тарихымызды түгелдеп, баспасөз беттерінде қалам тартып отыратыны. Жетпісінші жылдардың өзінде Вяткиннің «Сырым батыр» кітабындағы «Наурызалы батырдың бейіті Ойыл өзенінен шығысқа қарай 20 шақырым жерде жатыр» деген дерегіне сүйеніп, «Наурызалы батырдың соңғы сөзі» деген ұзақ өлең жазғаны бар.

Жалпы, біз білетін Жолдыбайдың осындай ашылмаған қырлары, сырлары мен саздары да аз емес. 17 желтоқсан күні, сағат 17.00-де Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда өтетін көрермендермен кездесуінде солардың бірқатары ақтарылса керек. Бұл алпыс жасты аттаған сазгердің ел алдындағы есебі де іспетті.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button