Тарих

Алтынсарин тағылымы

Ы.Алтынсариннің туғанына 175 жыл

 Биыл қазақ елінің білімі мен мәдениетінің іргетасын қалауға өлшеусіз үлес қосқан тұлға Ыбырай Алтынсариннің туғанына 175 жыл толып отыр. Сондықтан оның бай мұрасын әр қырынан зерттеп-зерделеп, ел кәдесіне асыру — бүгінгі ұрпақтың міндеті.  Осы орайда оқу-ағарту саласында Ыбырай Алтынсариннің бұрын зерттелген мұраларын қайта қарап, зерделеп оқып, оның сол кезде айтқан құнды ой-пікірлерін жаңартып, жалғастыру, өмірге, оқу-ағарту ісіне пайдалану қажет болып отыр.

Қазақтың тұңғыш-ғұлама ағартушысы Ыбырай Алтынсарин — сахарада, қазақтың кең- байтақ даласында оқу-ағарту саласында туып, сауатсыз жатқан халқын көтеріп, мәдениетке, білімге ұмтылдырып, көзін ашуға аянбай тер төккен тұлға. Ол ең бірінші көшпелі қазақ халқының отырықшылығын, теңдігін, мәдениетін көтеру үшін білім беретін мектептер ашуды мақсат етті. Қазан университетінің профессоры, шығыс халқы тілдерінің білгірі Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «Мектеп — қазақтарға білім берудің құралы, біздің барлық үмітіміз қазақ халқының келешегі, осы, тек қана осы мектептерде…» — деп, алдына үлкен мақсат қояды. Сөйтіп, Ыбырай жаңадан ашатын мектептің болашағын, жоспарын, бағдарламасын, кітап-құралдарын, оқулық, әдістеме, т.б. ой-пікірлерін жүзеге асыруға кіріседі.

Ол өзінің оқыған-үйренгендерін, педагогикалық ойларын, ізденістері мен жаңалықтарын Я. А.Коменскийдің, Ж.Ж.Руссоның, К.Д.Ушинскийдің, Л.Н.Толстойдың теориялық еңбектері мен тәжірибелерімен толықтырады.

Ы.Алтынсарин 1860 жылы Орынбор басқармасы жанынан (қазіргі Торғай қаласы) қырғыз (қазақ) мектебінің мұғалімі, бақылаушысы және осы басқарманың тілмашы болып тағайындалғаннан бастап, қазақ балаларын оқытып, алғашқы мектептерді ашуға белсене кіріседі. Сөйтіп, тұңғыш мектеп қазақ даласында1864 жылы Торғай қаласында ашылады. Ыбырай алдымен уезд орталықтарында 50 баладан 100 балаға дейін оқытатын бір-бірден орысша-қазақша білім беретін уездік мектептерді — Торғай, Ырғыз, Николаевск (Торғай), Троицк, кейін Ордабай тоғайы (қазіргі Қостанай) жерінде ашады. Ал 1879 жылдың 1 қыркүйегінде Торғай облысы мектептерінің инспекторы қызметіне тағгайындалғаннан бастап, мектеп салу, мектептер ашу, оны ұйымдастыру, т.б. жұмыстарды атқаруға қызу кіріседі. Ол 5-6 айдың ішінде 4 мың шақырымнан астам жерді көлікпен жүріп, ешбір демалыссыз, дамылсыз жұмыс істейді.

1883 жылы Торғайда тұңғыш қазақ балаларына арналған қолөнер училищесі ашылып, алғаш кәсіптік білім берудің негізі қаланды. Ол 1888 жылдың басында Ырғызда тұңғыш қыздар училищесін ашу мәселесін көтереді. Бұл да орындалады.1861-1889 жылдары өмірінің соңғы күндеріне дейін 28 жыл бойы халық ағарту саласында еңбек етіп, көптеген еңбектер, оқу құралдары мен мақалалар жазады.

Тағы да бір айта кететін мәселе, Ыбырай әр мектеп жанынан кітапхана, монша, жатақхана салудың қажеттігін айтып, бірсыпырасын сол заманда жолға қойған. Қазіргі кітапханалардың ашылу, даму тарихы қазақ даласында алғашқы кітапханаларды ашқан мәдениет қайраткері Ыбырайдан бастау алған десе артық болмайды.

Ұлы ғұлама, ғалым, ұстаз Ыбырай Алтынсариннің ұрпаққа қалдырған оқу-ағарту саласындағы үлкен де маңызды мұрасы — ұстаздар дайындау жайында айтқан ой-пікірлері мен ақыл-кеңестері. Ол «Орынбор листогі» газетінде: «Халық мектептері үшін ең керектісі — оқытушы. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, әбден мұқият түрде жүргізген инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды» — дей келіп, «қазір жақсы оқытушыны дүниедегі заттың бәрінен де қымбат көремін», — деген.

Осы мақаласындағы оның: «Оқытушылар кейін парақор болып шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан әсер етуге бар күшімді салып отырмын», — деген пікірі қазіргі жемқорлық жайлаған заманда өмірге пайдалануға ауадай қажет.

Қазіргі уақытта білім мен ғылымның, техниканың дамыған шағында елімізде мектептерді көбейту, оқу құралдарымен жабдықтау (компьютер, интерактивті тақтамен жұмыс, т.б.) мұғалімдердің жалақысын өсіру, т.б. толып жатқан қыруар жұмыстар атқарылуда. Алайда кезінде Ыбырай айтқандай, мектептегі оқушылардың тәрбиесі жолға қойылмай келеді. Осыдан келіп «үлгермейтін бала», «тентек бала», «қиын бала», «оқымай мектептен кететін бала» көбеюде.

Ыбырай қазақ тілінің тағдыры үшін күресті. Ол қазақтың әдеби тіліне татар, араб, парсы тілдерінен кірген қоспаларға қарсы шығып, қазақтың жазба тілін тазарта отырып, ана тілінде таза, түсінікті тілде кітаптар басуды, оларды көбейтуді қолдады. Ыбырай Алтынсарин 1879 жылы Орынбор қаласында «Қазақ хрестоматиясын» басып шығарды. Кітаптың тілі өте таза, түсінікті, оқушыларға берілген грамматикалық жағынан ұғымды болды. Хрестоматияға енгізілген оның балаларға арнаған өлең, әңгімелері, халық ауыз әдебиетінен алынған шығармалары жаңа прогресшіл бағыттың бастауында тұрған құнды мұра болды. Оның жазған қай шығармасын оқысаң да, оқушы үшін үлкен тәрбиелік мәні зор. Онда шәкірттерін адамгершілікке, жолдастыққа, достыққа, кішіпейілділікке жақсы мінез-құлыққа, еңбекке, өнерге тәрбиелеу көзделген. Өз шығармаларында Ыбырай баланы оқытып, тәрбиелеу принципі мен әдістемесін қатар жүргізіп отырады.

Ғұлама әдіскер-ұстаз мұғалімдерге түсіндіру, көрнекілік әдістерін, мәтінмен жұмыс істеу әдісін, жаттау-жаттығу, жүйелі білім беру тәсілдерін ұсынды. Ол өзінің екінші кітабы —«Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» еңбегінде өзінің ұстаздық тәжірибесіне сүйеніп, қазақ балаларына орыс тілін оқытудың әдіс-тәсілін, амалдарын үйретті. Орыс тілін үйретудің «аударма әдісін» қолданды. Сол арқылы оқушыларының ана тілінде де, орыс тілінде де еркін сөйлеуін, сауатты жазуын қалыптастырды. Грамматикалық ережені үйретуден бұрын жеке сөзді үйрету, сөздікті пайдалану, айта, жаза білу, текстіні түсініп оқу, мазмұндап беруге үйретті. Сөйтіп, ол қазіргі орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту әдісінің негізін жасады.

Ыбырай өзі ашқан қазақ мектептерінде оқытуды негізінен ана тілінде жүргізді. Бастауыш мектеп пен екі класты орыс-қазақ училищелерде орыс тілі мен қазақ тілі қатар жүргізуін қалады. Оның оқытудың әдіс-тәсіліне байланысты айтқан ой-пікірлерін, әдістемелік нұсқауларын қазіргі мұғалімдер зерттей, зерделей отырып оқыса, ұстаздық шеберлікке қолы жететіні сөзсіз.

Ыбырайды сөз еткенде, оның табаны тиіп, жүріп өткен, тұңғыш Ырғызда салдырған мектебінің үйінді топырағын басып, нәр алған, қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебін 1948 жылы бітірген түлегі ретінде Ыбырайдың Ырғыз уезінде еңбек етіп, қалдырған тарихи мұрасы жөнінде қысқаша айтып өткім келеді.

1887-1888 жылдары Ыбырайдың ағартушылық қызметі жаңа өрлеу кезеңінде болды. Қиындыққа қарамастан күш-жігерін салып, шабытпен Ырғызда жаңадан мектеп, училищелер ашады, мектептерді аралайды, оқу-тәрбие жұмысын бақылайды, сабаққа кіреді. Оқытушылармен сөйлесіп, ақыл-кеңес береді. 1888 жылдың аяғында Ырғыз айналасында көшіп жүрген көшпелі қазақтарға бір кластық орысша-қазақша кешкі ересек мектебін ашу үшін қайта-қайта хат жазып, оны да ашуға мүмкіндік алады. Бірінші күні 17 адам алынады, кейін оқуға ықыласты ересектер саны 30-ға жетеді. Торғай облысы әскери губернаторына хат жазып, тәжірибе ретінде Ырғыз ауылшаруашылық училищесі жанынан тері зауытын және сабын шығаратын зауыт ашу, шығарған өнімді халық пайдасына өткізу

жайлы пікірін жазады. Қызығы сол, Ыбырайдың бұл идеясын бір жылдары биліктегі басшыларды ойландырған болатын.

Демократ ағартушы 1888 жылдың басында Ырғызда тұңғыш қыздар училищесін интернатымен қоса ашады. Ырғыздың қыздар училищесінің оқу, тәрбие жұмысын жолға қою үшін екі жетідей жүріп, оқу бөлмесін, асхана, жататын бөлмелер, төсек-орын, т.б. құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді. Ондағы негізгі мақсаты — қазақ қыздарын сәнді- салтанатты өмірге баулу, ұлттық-рухани тәрбие беру, орысша-қазақша азды-көпті білім беру, оқуға, жазуға үйрету, еңбекке, қолөнеріне, іс тігу, тоқыма өнері, т.б. үй шаруашылығына баулу, қысқасы, бәрін өз қолымен жасай алатын қыздарды тәрбиелеп шығуды мақсат етті.

Ыбырайдың ұсынысы бойынша Х.Сейдалин мен мектеп меңгерушісі Гайжевскаяның келісімімен 10 қазақ қызы алынып, олар интернатта тұрып оқыды. Қазақ қыздарын алғаш Царегородова, кейін қазақша білетін Васильева оқытады. Кейін Ырғыз уезінде басталған қыздар мектебінің үлгісі басқа уездерде қыздар училищесін ашуға үлгі болды.

Ыбырай қайтыс болғаннан кейін қыздар мектебі 1891 жылы Торғайда, 1893 жылы Қостанайда, 1895 жылы Қарабұтақта, 1896 жылы Ақтөбеде ашылады. Бұның бәрі ағартушының бүкіл қазақ сахарасындағы надандықпен жалғыз күресе жүріп жеткен еңбегі еді. Ыбырай жаққан білім шамы осылай сәулесін бірте-бірте алысқа түсіріп, жарқырай берді.

Бүгінде ағартушы-ғалымның атында Ырғызда қазақ орта мектебі бар. Ыбырайға арналған музей де жұмыс жасайды. Осыған байланысты ауданда ғылыми-практикалық конференциялар, іс-шаралар өткізіліп, мұғалімдер мен ата-аналар үшін «Ыбырай тағылымы» оқулары ұйымдастырылса деймін. Сондай-ақ баспасөз беттерінде Ыбырай Алтынсарин жайлы мақалалар жарық көрсе, халыққа оның ерен еңбегі мен ағартушылық, ұстаздық жолдағы бастамалары насихатталса нұр үстіне нұр болар еді.

Ы.Алтынсариннің оқу-ағарту саласында жазған еңбектері бүгінгі күні халқымыздың ұлттық-рухани қазынасына, мәдениеті мен тарихының алтын қорына айналған қазақтың сарқылмас мәдени мұрасы болып отыр. Оны зерттей беру, жаңаша пайдалану — болашақ  ұрпақтың міндеті.

 Жәния НҰРЖАН,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

мемлекеттік университетінің профессоры.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button