«Жұмыр-қылыш» күйін үйренуге екі жыл жұмсадым

Жақында Қамбар Медетов атындағы облыстық күйшілер байқауында II орын алған Бақжан Күдебаев өзі туралы шексіз-шетсіз мақтана жөнелетін желбуаздардың қатарынан емес. Облыстық халық шығармашылығы үйінің жанынан құрылған «Жазира» ансамблінің домбырашысын сөз басында айтылған өнер бәйгесінде жүлде алмаса, білмес те едік…
Мәртөк ауданында өткен күйшілер сынына Ақтөбенің түкпір-түкпірінен 15-тен астам қыз-жігіт қатысыпты. Солардың арасынан жүлдегер атанған Бақжанның күйді жан-тәнімен түсініп орындауы, домбыраның әр қағысына асқан ыждаһаттылықпен қарауы қазылар алқасына әсер еткен болуы керек. Бұған, бір жағынан, Ақтөбедегі А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінде алған білімі мен облыстық халық шығармашылығы үйіндегі аға-апаларынан көрген-білгені де үлкен септігін тигізгені даусыз. Ол — ақтөбелік күйші Жайлау Асылхановтың шәкірті.
— Арнаулы орта оқу орнында грант негізінде білім алдым. Сол жерде көптеген күйлерді меңгердім. Осы орайда бала кезімнен әкемнің күйшілік өнерге баулығанын да айта кетейін. Соның бәрі түптеп келгенде осындай байқауларға қатысқанда, шарапатын тигізбей қоймайды ғой. Еңбегімнің еленгеніне қуаныштымын, — дейді Бақжан.
Күй атасы — Құрманғазы, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиевтердің туындыларын орындағанды жаны сүйетін жас талап бүгінде 50 күйді жатқа білетінін айтты. Өзінің де аздап күй шығаратын қабілеті бар, «Өкініш» деген шығармасы 8 ай дегенде көпшілікке ұсынылыпты. «Өзім Махамбеттің «Жұмыр Қылыш» күйін жастайымнан тыңдап өстім. Бірақ, соны орындауға қанша тырыссам да, қолымнан бір келмей қойды. «Шешінген судан тайынбас» демекші, екі жыл бойы үзбей дайындалып, жақында ақыры соны үйреніп алдым. Десе де, күрделі күйді көпшіліктің көзінше орындаудың өзіне әлі де жүрексінемін, ерекше әзірлікті қажет етеді», — деп ағынан жарылады ол.
Бұған дейін Астанада өткен жас музыканттар байқауынан, «Ақ көгершін» фестивалінен құр қол қайтпаған Бақжан қазіргі таңда Қызылорда облысындағы «Болашақ» университетінің музыка факультетінде сырттай білім алып жатыр. Сыр елінің тумасы осында білім алып, студенттік өмірін өткергендіктен, Ақтөбенің өзіне ерекше ыстық екенін тілге тиек етті. Осында тұрақтап қалуына да сол қимастық сезімі үлкен рөл атқарғанға ұқсайды.
— Өзім туып-өскен Қызылордада бір жыл ұстаздық қызмет еттім. Десе де, осында тартты да тұрды, Ақтөбе бәрібір қолайлы көрінді. Содан, бірнеше айдан бері, осы облыстық халық шығармашылығы үйіндегі «Жазира» ансамблінің мүшесімін. Бұл өнер ұжымында 7 адамбыз. Жиі-жиі гастрольдік сапарларға шығып, концерттер өткіземіз. Өзіме осындағы тіршілігім ұнайды, — дейді Бақжан.
Редакциямызда қонақкәде ретінде екі күйді тебірене орындап берген Бақжанның өнерге деген іңкәр сезіміне риза болысып, сәт-сапар тіледік…
Айбек СЕРІКҰЛЫ.




