Көтеріліс күндерегі
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске —100 жыл
Қазақ халқының азаттық жолындағы ғасырлар бойғы арман-аңсарының бір дүмпуі — 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс. Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліске байланысты кеңес дәуірінде тарихи шындықтар бұрмаланып келді. Әсіресе хан Әбдіғаппардың, бас сардар Амангелдінің, қол мерген Кейкінің, хан Айжарқынның тұлғалық ерекшеліктері мен өліміне қатысты түсіндірулер бұрмаланып келді.
1916 жылғы июнь жарлығына қарсы шыққан көтерілісшілер ошағы Торғай облысы болғаны, көтерілісті ұйымдастырушылар туралы генерал А.Г.Сандецкийдің бас штаб бастығына жіберген құпия хабарында Торғайдағы көтерілісшілер саны 50 000 адамға жеткені туралы нақты дерек берілген. Торғай облысында болған 1916 жылғы Амангелді бастаған көтеріліс пен 1929 жылғы Батпаққара көтерілісі Ырғыз уезін де қамтыған. 1916 жылғы Айжарқын Қанайұлының көтерілісі мен 1930 жылы «Тоқалар көтерілісі» деген атпен халық ауызында қалған көтеріліс жоғарыда аталған оқиғалармен тікелей байланысты.
1916-1917 жылдардағы Торғай көтерілісінің күндерегі осыған дәлел болмақ. Көз жүгіртсек…
1916 жыл:
— Қазан айының орта кезінде Ырғызға қарасты болыстарда, негізінен үш көтерілісшілер тобы ұйымдасқан (үш хан болған), ең ірі топтың ханы Қанаев Айжарқын атанған;
— 18 қазанда Ырғыздан 70 шақырым жерде Қызылкөл тұсында 2500 сарбаз жазалаушы әскер тобына шабуыл жасаған;
— 20 қазанда қыпшақтар ханы Әбдіғаппардың 7000 сарбазы Ақтүбек деген жерге жиналған, осы жерге арғындар ханы Оспан ханның 6000 сарбазы да келіп, Ақмырза деген жерде бас қосып, Торғай қаласына шабуылдап, гарнизонды басып алу мақсатында 15 күндей соғыс тәртібіне үйретілген.
— 22 қазан. Оспан ханның бұйрығы бойынша Тосын сарбаздары (500 адам) Торғай — Ырғыз арасындағы 5 телеграф (бағандары жойылып) бекеттерін қиратты. Әрі қарай Ырғызға дейінгі бекеттерді хан Айжарқынның сарбаздары басып алған. Телеграф-телефон хабарлары үзілген.
— 23 қазан. Торғай қаласы «соғыс жағдайында» деп жарияланған.
— 2 қараша. Жазалаушы экспедициялық әскердің бас күштері Шалқар станциясында шоғырланып, Ырғыз арқылы Торғай қаласына бет алған. Экспедициялық әскердің басшысы болып генерал-лейтенант Лаверентьв тағайындалды.
— 1-5 қараша. Әбдіғаппар мен Оспан хан Торғай қаласына шабуыл жасаудың жоспарын жасады. Шабуылды 6 қараша күні таңда бастауға келісті.
— 6 қараша. Азанда қала маңындағы шөмелерге от жіберілді. Сарбаздар уәде бойынша 3 жақтан қалаға басып кірді. Гарнизонды ала алмады.
— 19 қараша. Жазалаушы әскер тобы Ырғыздан Қарабұтаққа дейін барған, көтерілісшілерді қуып жете алмаған. «Автомобиль, ұшақ керек», — дейді генерал Сандецский, бас штабқа хабарында.
— Қараша айының соңында 7 болыс қыпшақ, 7 болыс арғын, 2 болыс найман және басқа рулар ақсақалдары Жалдама өзенінің бойына жиналып, бір ауыздан Әбдіғаппарды хан сайлаған.
— 22 қараша. Айжарқын сарбаздары есауыл Грузиновтың әскеріне шабуыл жасап, 8 әскерін, Балпан бекетіндегі 6 күзетшісін жойған. Бұл сарбаздардың белгілі бір тәртіппен қимылдайтыны туралы айтылған.
— 22 қараша. Ырғыздан Ақшығанаққа жеткен жазалаушы әскер тобымен Оспан ханның сарбаздары соңғы рет шайқасқа түскен.
— 30 қараша. Генерал Лаврентьев подполковник фон Розенді Тәуіп, Аманкөл, Қызылжар болыстарында жиналған 6000-дай көтерілісшінің көзін жоюға жұмсады. Келесі күні оған есаул Шелепихиннің әскері қосылды. Қазақ сарбаздары да оларға қарсы бірнеше рет шабуылға шығып, шегінді.
— 3 желтоқсан. Тәуіп ауылы тұсында түн ортасында полковник Остроградскийдің әскерлері қазақ сарбаздарын қоршауға алып, қырып кеткен.
— 30 желтоқсан. Әбдіғаппар ханның Амангелді Үдербайұлын сардар етіп тағайындағаны туралы Қайдауыл болысы Бектасов хабарлаған.
1917 жыл:
— 14 қаңтар. Аяз 25-30 градусқа жеткен. Амангелді сарбаздары Кисловтың әскерімен Күйікте кездескен. Шайқас кешке дейін созылған.
— 20 қаңтар. Торғай — Қарабұтақ жолында Кузнецов Айжарқын ханды тұтқындап, Ырғызға оралған.
— Ақпанның басында Әбдіғаппар хан інісі Сәдіманды қару-жарақ сатып алуға көп ақшамен Бұқарға жұмсаған. Әліби Жанкелдіұлын Бұқарға, одан әрі Ауғанстанға елшілікке жіберген.
—16 ақпан. Әбдіғаппар ханның тобын жою үшін Орынбордан 13 атты казак полкі Батпаққараға аттанды, құрамында алты жүздік, бір взвод атты әскер болған, зеңбірекпен қаруланған.
— 20 ақпан. Құмкешуде Әбдіғаппардың сарбаздары Тургенов әскерлерін оқпен қарсы алды. Шайқас бесінге дейін созылды.
— 23 ақпан. Доғал — Үрпек бойында Амангелді сарбаздары мен Тургенов әскерлері арасындағы шайқас кешке дейін толастамаған. Сарбаздар далаға қарай шегініп кеткен. Қазақ сарбаздарынан 72 адам қаза тапқан. Тургенов әскері 200-дей адамын жоғалтып, өліктерін 17 шанаға тиеп алып кеткен.
— 24 ақпан. Полковник Тургенов қайта шабуыл жасамаған. Тапсырманы орындамай, Торғайға тартқан. Кейкі батыр бастаған мергендер тобы қашқан Тургенов полкінің соңына түсіп, екі күндей қуып, 50-дей әскердің көзін жойған.
— Ресейде 1917 жылғы ақпан төңкерісі орын алып, патша тақтан түсті. 5 наурызда Ресейдің соғыс министрі телефон арқылы экспедициялық отрядтың қимылдарын шұғыл тоқтату туралы бұйрық берді.
— 28 наурыз. Торғай губернаторы М.М. Эверсман: «Әбдіғаппар хан Уақытша үкіметке қарсы емес» деп хабарлаған.
Ал 1918 жылы 3-21 сәуір аралығында Әбдіғаппар, Амангелді Орынборда өткен Торғай облысы бойынша жұмысшы-шаруа, солдаттар кеңесі депутаттарының съезіне қатысқан. 1918 жылы желтоқсан айында Торғай қаласында большевиктік ұйым құрылды. Деректер бойынша Амангелді Иманов РКП(б) мүшелігіне өтті.
Ал 1919 жылы мамырда Амангелді көз жұмды. Сол жылы қарашада Зәуре қопасында намаз оқып тұрған жерінде Әбдіғаппарды да атып кеткен. 1923 жылы Кейкі батыр қызылдар қолынан оққа ұшты.
Осы деректерде аты аталған Әбдіғаппар, Амангелді, Кейкі бабаларымыздың есімдері халыққа жақсы таныс. Жуырда Ресейдегі Санкт-Петербург қаласынан Кейкі батырдың бас сүйегі әкелінді.
Ал Айжарқын Қанайұлы туралы мәліметтер бұрын жарыққа шықпаған. Ол Басқұдық округінің Мамыт елді мекенінде туып-өскен. Осы орайда қолымдағы бір дерек — кезінде ел ішінде айтылып жүрген «Айжарқынның соңғы сөзі» деген өлеңді қағазға жазып алып едім. Ел аузындағы деректер бойынша 1917 жылдың 21 наурызында айтылған.
Мен сол шумақтарды оқырмандарға жеткізгім келеді:
«Бисмилла!
Айтайын тілім барда кәлимамды,
Уа, Алла, тұттым әр кез бек иманды.
Әділет соғысында оқ қадалды,
Кеудеден шығарғалы шыбын жанды
Қош енді, құтты Мамыт, Басқұдығым,
Бауырыңнан малың кетіп, қашты құтың.
Дұшпанның жағасына қолым жетпей,
Қадірі өтті-ау, заман-жастығымның.
Бозжорғам, қош-есен бол, жан серігім,
Иесіз қап, мойныңда кетті-ау ерің!
Дариға, біреу мініп, ойқастарсың,
Ертең-ақ дөңгеленіп басқан жерің.
Келдің бе, әз-Наурызым, жаңа жылым,
Ақ дәмнен ауыз тиіп барады ұлың.
Өзіме үміт артып, оты жанбай,
Артымда елім қалды қарақұрым…».
Марат ЫСҚАҚОВ.



