Құқық

Теміржол тораптарындағы тоқсан жыл

Өткен аптада елімізде көліктегі ішкі істер органдарының 90 жылдығы аталып өтті. Ғасырға жуық уақытта бұл саланың құрылымында сансыз өзгерістердің болғандығы тағы рас. Алайда, теміржол бойындағы тәртіпті қадағалаушылардың ауыр еңбектері әрдайым қарапайым жолаушыларға сезіле бермейтіндігін мойындау қажет.

Біз осы мерекенің қарсаңында арнайы жүздескен Батыс көліктегі ішкі істер департаментінің бастығы Қайрат Тыныбеков өзі басшылық етіп отырған сала қызметкерлерінің жұмысы туралы әңгімелеп берген еді. Әңгіменің әлқиссасы көлік полициясы органының құрылу тарихынан басталды.

– Иә, көлік полицейлері тамыры тереңге кеткен тарихымен мақтана алады. Біз, әдетте, өз есебімізді 1919 жылдың 18 ақпанында қабылданған «Теміржол милициясының және теміржол күзетін ұйымдастыру туралы» декреттен және «Теміржол күзеті туралы», сондай-ақ «Жұмысшы-шаруа теміржол милициясы туралы» ережесінен бастаймыз. Ал ойлана келсек, ХІХ ғасырдың ортасында теміржол құрылыстары аса қарқынды дамып, пайдалануға беріле бастағанда, бұл нысандардағы қауіпсіздік мәселесі де толғандыра бастаған еді. Дәл сол тұста патша өкімімен алғашқы теміржол жандармдары қызметке кіріскен.

Бірақ сол сақшылардың 100-150 жыл бұрынғы міндеттері біздің қазіргі жағдайымыздан мүлде өзгеше. Алайда вокзалдарды аралау, жекелеген күзетілетін нысандарға сақшылардың тұрақты орналастырылуы мен пойыздарды «жетелеп» жүру – ескіден келе жатқан міндет.

– Енді кешегімізден бүгінге ойыссақ. Өзіңіз басқаратын департаменттің тынысы жөнінде не айтар едіңіз?

– Біздің департамент батыс аймақтағы көлік кешендерінде құқықты тәртіпті қамтамасыз етуге байланысты жүктелген міндеттерін толығымен орындап келеді.

Толығырақ айтқанда, Батыс көліктегі ІІД адам баласының ойына келіп, қолымен жасалатын барлық қылмыстарды ашу мен тергеуде бай тәжірибеге ие. Біз, мысалы, еліміздің бірінші рет адам саудасына байланысты қылмысты ашу мен жауаптылардың жазалануына байланысты істі соңына дейін жеткізе білдік. Сол 2006 жылы біз шетел азаматтарын саудаға салып, еңбек және жыныстық қатынасқа мәжбүрлеуді жүзеге асырып келген халықаралық қылмыстық арнаны түбірімен құрттық. Әрине, іс жүзінде мұндай іске тұңғыш рет кезіккендіктен, қылмыстық процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де оңайға соққан жоқ.

Іс жүзінде алуан түрлі қылмыстарға байланысты үзіліссіз әңгімелеуге де болады. Оның ішінде тек біздің салаға ғана таныс көлік мекемелеріне және қоршаған ортаға зияны мол қылмыстар да жеткілікті. Бұл – алдымен тиісті міндеттерін орындамайтын теміржол саласы қызметкерлеріне қатысты мәселе.

Іс жүзінде қандай деңгейдегі маман немесе бұзақы болсын, қылмыстық жауапкершіліктен құтылған емес. Оған күнделікті толастамайтын мәліметтер дәлел.

– Бүгінде біздің қоғамды нашақорлық пен есірткі бизнесінен тазарту мәселесінің күн тәртібінен түспей отырғаны рас қой…

– Иә, бұндай келеңсіздіктердің тек мемлекеттің тұтастығына ғана емес, адамзаттың қауіпсіздігіне де кесірін тигізіп отырғаны – бүгінгі өмірдің шындығы. Сондықтан да есірткінің заңсыз айналымының жолын кесу міндеті – негізгі жұмысымыздың басым бағыттарының ірісі. Соңғы жылдары біз ұсақ нашақорлар мен ортадағы делдалдарды әшкерелеу арқылы көрсеткішті «жақсарту» жолынан бойымызды аулақ салып, ірі көлемдегі есірткі жүктерін, оның ішінде ең қауіпті героиннің еліміздің аумағына өтіп кетпеуіне мүдделілік танытып келеміз. Өткен жылдың өзінде ғана есірткі тасымалдау қылмыстарының көрсеткіші 60 пайызға, оны сату 30 пайызға артып, әшкереленген зиянды заттардың көлемі үш есеге артты.

Бұл күресте біз тек тұтас теміржол ғана емес, өзара достық арқылы байланысымыз беки түскен ресейлік әріптестеріміздің қолдауын сезініп отырмыз. Әсіресе, өткен жылы Ресей ішкі істер министрлігінің Жайық жағалауы және Оңтүстік-Орал көліктегі ішкі істер департаменттерімен бірлесіп, 6 бірдей кешенді бірлескен операция өткізіп, 22 келі героинды «ұстадық».

Алайда құқық қорғаушылармен жарыса қаруланатын, техникаларын бәсекелестікпен жаңалайтын кәнігі қылмыскерлер әлі де болса есірткі заттарын діттеген жерге жеткізу үшін талай қитұрқы әрекеттерді меңгеруден тізгін тартпай келеді. Қазіргі күні есірткіні жеке заттарының арасына немесе пошталық-жүк тасымалы вагондарына жасыру кең етек алған. Бұндай қылмысқа жолаушылар пойыздарының жолсеріктері де пайдаланылатын кездер аз емес. Дегенмен көбіне есірткіні «жұту» арқылы тасымалдау деректері көп. Мәселен, биылғы жылдың басында Ташкент-Мәскеу бағытындағы №5 жолаушылар пойызының 45 жастағы шетелдік жолаушысы өз қарнына алпыс грамм героин жасырып өтпек болғандығы үшін айыпталды. Бұрындары бұндай ірі және аса ірі көлемдегі есірткі заттарын тасымалдағандығы үшін заң бойынша 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген еді. Ал сол заңға түзетулер енгізіліп, жазасы күшейтілгеннен кейін біз құрықтаған Т. Жуманиезов аттай 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

– Менің білуімше, сіздің тарапыңыздан көлік құрылымдары мәселелерін зерттеу мен олардың жұмысына кедергі келтіретін тұстарын анықтау қолға алынған сияқты. Мұндай жұмыстардың қаншалықты пайдасы бар?

– Нормативтік-құқықтық базаның әлсіздігі, материалдық-техникалық жағдайдың нашарлығы, қаржыландыру мен біздің қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуы – менің талай жиында көтерген мәселелерім.

Алайда ең негізгі қиындық – Ішкі істер министрлігіндегі көліктегі ішкі істер органдарының саясатын жүргізетін біртұтас органның жоқтығы. Мысалы, ең жақын орналасқан көршілеріміз – Ресей Федерациясының көліктегі құқық тәртібін қамтамасыз ету департаменті тек жиырмадан аса ішкі істер басқармаларының жұмысын үйлестіріп қоймай, ІІМ деңгейінде және атқарушы билік органдарының арасында көлік полицейлерінің мүддесін қорғайды.

Менің пікірімше, бүгінде біздің министрлік жүргізіп жатқан әкімшілік реформалардың аясында бұл мәселе де қамтылуы тиіс. Сонымен қатар күшейтіліп жатқан құқықтық базаның аясында көлік полицейлерінің мүддесін қарастыратын баптар да ұмытылмауы керек сияқты.

– Соңғы кездері сіздің департамент пен «Қазақстан теміржолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басшылығы арасындағы байланыстың белсендірек екендігі байқалып жүр.

– Басқаша болуы мүмкін де емес және біздің жұмысымыз көлік мекемесінің жұмысына тікелей байланысты болғандықтан, әріптестік жүйесі керек дүние. Оның үстіне, теміржолшылардың барлық сатыдағы мекемелерімен біздің ынтымағымыз жоғары деңгейде. Мысалы, ортақ мүдделілік Ұлттық компанияның басшыларымен қатар жолаушылар пойыздарындағы тәртіпке байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ және билет кассаларының төңірегіндегі ахуалға байланысты «Вокзал-сервис» АҚ өкілдерімен, ал жүк тасымалы қауіпсіздігіне байланысты вагон шаруашылығы департаментімен әріптестік жағдайда жұмыс жасап келеміз.

Ең бастысы, біз бір-бірімізге тәуелді екендігімізді де естен шығармаған дұрыс. Біз қызмет көрсететін аймақта 5 мың шақырымнан аса шойын жол бар және оның көпшілігі иен далада жатыр. Демек, осындай қараусыз аумақта полиция қызметкерлері мен теміржол саласы қызметкерлерінің ынтымағы керек-ақ. Сондықтан да «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ жаңа басшылары бұл мәселе бойынша дұрыс түсінікке ие.

Осының арқасында теміржолшылармен ай сайын кездесіп, біріккен жиындарда екі тарапқа да ортақ мәселелерді шешуге күш салу дәстүрге айналды. Егер бірінші кездегі жиындардың өте тартысты жағдайда өткенін еске түсірсек, соңғылары өте табысты түрде өтіп келеді.

Мәселен, 2008 жылдың желтоқсан айында өткен жиында теміржолшылар жолаушылар пойыздарындағы Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жиілеп кететін құқық бұзушылықтарға байланысты алаңдаушылықтарын білдірген еді. Аталған мәселе дереу күн тәртібіне алынып, мереке қарсаңында жетекші полицейлер күшейтілді, патрульдік топтар арасы жиілетілді, сондай-ақ стансалар мен разъездердегі қоғамдық тәртіп ерекше бақылауға алынды. Осы шарамен қатар Ақтөбе стансасында аялдайтын жолаушылар пойызы тоқтағаннан қозғалып кеткенше бір мезетте полицияның 20 қызметкері перронға шығарылып, қоғамдық тәртіпті бақылайды. Біздің тарапамыздан департамент қызметкерлерінің жұмысын да қадағалау күшейтілгені рас.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде мереке күндері бар болғаны 4 қылмыс тіркеліп, ізі суымай ашылды. Департаменттің осындай нәтижесі уақытында теміржолшыларға да хабарланды.

Жұмыс тиімділігінің артуына байланысты теміржолшылар күрделі саналатын Мұқыр, Қарауылкелді және Шалқар стансаларында да алдын алу шараларын күшейтуімізді сұрады. Ал біздің тарапымыздан полицейлерді жылжымалы полиция бөлімін құру үшін арнайы вагон бөлуге өтініш айтылды.

Бұл – ынтымақтың нәтижелілігінің белгісі.

Әрине, қылмыстың алдын алу шараларына біздің шаршап-шалдықпайтын ардагерлеріміздің де еңбектері зор. Олар департамент басшылығы тарапынан өткізілетін барлық шараларға белсене араласып, біздің жұмысымызға үлес қосудан жалыққан емес. Мысалы, ардагерлер кеңесінің төрағасы, көліктегі ішкі істер департаментінің бірінші бастығы С. Қанғалиев пен Л. Ізбановтардың еңбегі ұшан-теңіз. Бұл ардагерлеріміз департамент жанындағы қоғамдық кеңестің мүшелері ретінде жолаушылар арасында сауалнамалар жүргізу мен тәртіптен ауытқыған өз қызметкерлерімізді жөнге салу жұмыстарына да қатыстырылады. Сонымен қатар зейнеткерлікке шықса да қатардан қалмаған ардагерлеріміз Х. Әбілпейісов, А. Машбаев, Б. Юлдазбаев пен Ж. Жарылқаповтар – менің сенімді көмекшілерім әрі кеңесшілерім.

Жалпы, өзімнің орынбасарларым мен кәсіби шеберлігі жоғары басшылар құрамына және жас та болса біліктілігімен танылып жүрген қызметкерлерімізге тек рахмет айтқым келеді.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button