Ауыл

Ақтөбеде күркетауық шаруашылығы қолға алынды

Темірлік Жұмамұрат Барсаев көпшілік тәуекелге бара бермейтін кәсіптің тізгінін ұстады. Бүгінде оның шаруашылығында 600-ден астам күркетауық өсіріліп жатыр. Келер жылы шаруашылықтағы құстың санын көбейту мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынбақ. Яғни, бір мезгілде күркетауық жұмыртқасынан 250-ге тарта балапан шығаратын арнайы аппарат іске қосылады.

 

Күніне күркетауықтан 80 жұмыртқа жинаймыз

Біз кәсіпкер Жұмамұрат Барсаевты Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің  күні Ақтөбе қаласындағы ипподромда кезіктірдік. Мерекеде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесіне Темір ауданы атынан Жұмамұраттың шаруашылығынан құс еттері жеткізілген. Әрине, әдеттегідей сөреде тауық пен қаз, үйректің ғана емес, күркетауық еті де қатар тұрды. Жұртшылық диеталық тағам ретінде күркетауық етіне қызығушылық білдіріп, бағасын сұрап жатты. Сол күні сатылымға емес, тек көрмеге шығарылған тауарды алуға ниет еткендердің қатары көп болды. Дегенмен тұтастай бір күркетауық етінің қанша тұратынын сұрағанымызда кәсіпкер: «Қазір шаруашылықтағы күркетауықтар 6-8 келіге дейін салмақ береді. Сойып, әбден тазалап сатқан кезде оның салмағы 4-5 келі тартады. Күркетауық етінің келісін 1200 теңгеден бағалаймыз», — деді.

Темір ауданының Кеңесту ауылдық округіндегі «Г.Итешова» жеке кәсіпкерлігінің иелігінде қазір 1000-ның үстінде қаз, 800 үйрек пен сол шамада бройлер тауық және 600-ден астам күркетауық бар.

Бұл кәсіпті биыл мамыр айында қолға алдық. Құсты балапан кезінде Ресейдің Орынбор облысындағы «Гай құс фабрикасы» ауылдық тұтыну кооперативінен сатып әкелдік. Әрине, аз балапан емес, бағасы да ауқымды болды. Сөйтіп, «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, 1 миллион теңге көлемінде несие алдық. Мемлекеттің қолдауымен бастапқы кезде  аз қаражат алуды жөн көрдік. Себебі, балапан санайтын шақты күттік. Шығын болған жоқ деп айта алмаймын, алайда балапандарға  барынша күтім жасалды. Әсіресе, күркетауық балапандарына ерекше күтім жасау керек болды.  Қазірдің өзінде қаз бен үйрек, бройлер тауықты айтпағанда, күркетауықтан күніне 80-ге жуық жұмыртқа жинаймыз, — дейді кәсіпкер.

Құс қораға жылу керек

Құс шаруашылығын құрып, оны қалыптастыру үшін де Жұмамұраттың қалтасынан аз қаражат кеткен жоқ. Шаруашылық басында жұмысшылар үшін тұрғын үй, құс тұратын арнайы орын, тіпті ауызсу үшін айдалада құдық қазуға мәжбүр болыпты. Себебі, шаруашылық базасы орналасқан жер — Ақжарда ешбір инженерлік-коммуникациялық желі тартылмаған. Дегенмен бұл жер құс өсіруге өте қолайлы аймақ. Себебі, Ақжар ауылының етегінде бөгет бар. Құсқа керегі — су. Ала жаздай сол бөгетте  жүзіп, қанаты қатайған құстарға қыста жылы жер керек. Сондықтан да кәсіпкер үшін инфрақұрылымға қол жеткізудің маңызы зор.

Құс жылуды жақсы көреді. Құс өсірудегі ең басты мәселе — қыста тұратын орынды жылумен қамтамасыз ету. Егер құс тұратын жер тиісті дәрежеде жылитын болса, құстан түсетін табыс та мол болады. Бүгінде құс қораны қолдан жылыту жұмыстарымен айналысып жатырмыз, — дейді ол.

Күркетауық өсіру — облыстағы бірегей шаруашылық саналады. Жұмамұрат шаруашылық базасына газ құбырын жеткізіп беруді өтініп, аудан әкіміне жолыққан. Жергілікті билік аудан орталығынан 7 шақырым жердегі Ақжарға газ тарту ісін алдағы жылы жүзеге асырмақ. Енді кәсіпкер келер жылдан көп үміт күтеді.

— Құс қоралар өз деңгейінде жылытылып тұрған жоқ. Қораны газбен жылыту керек. Қыс болса таяп қалды, қораны жылыту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Газ бен жарық желісі шаруашылық базасынан 350 метр жерден өтіп жатыр. Келер жылы мемлекеттің қолдауымен базаға газ құбыры тартылатын болды, — дейді Жұмамұрат.

Құс қалай көбеймек?

— Бүгінде республика бойынша ірі күркетауық шаруашылығы Жамбыл облысында ғана бар. Шаруашылықта 3000-ның үстінде күркетауық өсіріледі. Құсқа күтім жасау үшін барлық жағдай қарастырылған. Ең бастысы — шаруашылық базасы инфрақұрылыммен толық қамтылған. Қазір ондағы күркетауықтың әбден өсіп, жетілгендері 17-18 келі тартады. Әзірге біздегі күркетауықтың салмағы — 6-8 келі. Бұлар — биылғы балапандар, — дейді күркетауық шаруашылығында құс саны бойынша  тараздықтардан кейінгі орынға өз шаруашылығын қоятын Ж.Барсаев.

Келер жылы бұл шаруашылықта құсты көбейту жұмыстары қолға алынады. Қазір ресейліктермен бірлескен жұмыстар жасалып жатыр. «Орынбор облысындағы құс фабрикасынан арнайы қондырғы сатып аламыз. Қазір бұл істе келісімдер жүргізіліп жатыр. Жұмыртқадан балапан шығаратын арнайы қондырғының бағасы 1 миллион 800 мың теңге тұрады. Бұл аппаратты қолға түсірсек, оның шаруашылықты кеңейтуге едәуір көмегі болады. Ең бастысы — балапандарды өзге жақтан сатып алмай, құсты жергілікті жерде көбейтудің мүмкіндігі туады. Сол сияқты, балапандарды өзіміз де сататын боламыз, — дейді кәсіпкер жігіт.

Оның айтуынша, құстың санын көбейтуге арналған аппараттың тиімділігі зор. Мәселен, аппараттың күшімен 21 күнде бір мезгілде 800 тауық жұмыртқасынан балапан шығарылса, қаздың балапанын шығару үшін де сондай күн қажет. Алайда  бұл аппаратқа қаз жұмыртқасының көлеміне байланысты 300 данасын ғана орнатуға мүмкіндік бар.

Арнайы аппаратта күркетауық жұмыртқасынан 31 күнде балапан шығарылады. Ол үшін бір мезетте аппаратқа күркетауық жұмыртқасының 250 данасы салынады. Заманауи қондырғы автоматты жағдайда жұмыс жасайды. Тек ол үшін электр қуаты қажет, — дейді Жұмамұрат.

Күркетауық еті өте дәмді және диеталық мақсатта пайдаланылады. Адамның күш-қуатын арттырып, жүрек жұмысын жақсартатын қасиетке ие. Қазір Жұмамұраттың шаруашылығында 3 адам тұрақты жұмыс жасайды. Кәсіпкер алдағы күні жұмысшыларының санын көбейтуді де ойластырыпты. «Жұмыртқадан балапан шығаратын аппаратты іске қосқаннан кейін жұмысшылардың санын көбейту ойымда бар. Өйткені үш адам аппарат жұмысын үлгере алмайды. Яғни, жұмыртқадан жоғары температурада балапан алып, оны өсіріп, сату үшін 3 адамның күші жеткіліксіз болады. Оның үстіне, кішкентай балапандар қатты күтімді қажет етеді. Дәруменді жем дайындау, оны мезгілімен құсқа шашу ісі де уақыт күтпейді», — дейді кәсіпкер.    Шаруашылық басшысы балапандар үшін құрғақ және сұйық дәруменді әзірге Ресейден тасымалдап жүр.

3 нысанға инфрақұрылым тартылады

Амантай Биалиев, Темір аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы:

Қазіргі күні ауданда 3 жоба бойынша инженерлік-коммуникациялық желі тарту үшін  конкурс жарияланды. Конкурс мердігер мекемені анықтау мақсатында жүргізіліп жатыр. Үш жобаның бірі — тұшпара цехы. Бұл аудан орталығынан 9 шақырым жерде орналасқан нысан. Нысанға су, газ, жарық жеткізу керек. Екіншісі — шаштараз. «Сүлейменова» жеке кәсіпкерлігі иелігіндегі шаштараз нысаны Шұбарқұдық кентінде орналасқан. Сол нысанға газ құбырын тарту керек. Үшінші жоба — Тәкежан Әбитовтің иелігіндегі техникалық қызмет көрсету стансасы. Бұл нысан Кеңқияқ поскелкесінде орналасқан. Аталған бизнес субъектісіне де газ құбырын тарту керек.

Сонда бұл құрылыстар қашан басталады?

Аталған нысандарға инженерлік-коммуникациялық желілерді тарту жұмыстарын 20 қарашаға таман бастап, істі 15 желтоқсанға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Себебі, әлі де ұйымдастырылатын конкурстық процедуралар бар.

Бұрын бизнеске инфрақұрылым тарту үшін «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен қаражат қарастырылып келді. Өткен жылы бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруға бюджеттен ешқандай қаражат бөлінген жоқ. Биылдан бастап бұл бағыттағы жұмыстарға  жергілікті бюджеттен ғана қаражат қарастырылатын болды.

— Сонда бұл бағыттағы шаруаларды жүзеге асыруға биыл аудандық бюджеттен қанша қаражат бөлініп отыр?

— Биылғы жылға аудандық бюджеттен бизнес инфрақұрылымы үшін 6 миллион теңге бөлінді.  Аудандық жұмыспен қамту орталығы келер жылы бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін бюджеттен ауқымды қаражат бөлуге өз ұсыныстарын беріп жатыр. Біздің міндет — құрылысты жүргізу. Іргелі істі жүзеге асыру үшін бюджеттен қарастырылып отырған қаражаттың көлемі аз. Сондықтан мұндай мөлшердегі жұмысқа көбіне-көп мердігер мекемелер қатыса бермейді.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button