3 мың адам бүйрек кезегінде тұр

Баспасөз мәслихаты
«Медицина қызметкерлерін құқықтық қорғау» республикалық акциясы аясында астаналық дәрігерлердің қатысуымен баспасөз кеңесі өтті. Кеңесте Қазақстандағы трансплантологияның өзекті мәселелері айтылды.
Астана қаласындағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы диализ бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымының кандидаты, жоғары дәрежелі нефролог дәрігер Венера Алтынова еліміздегі мүше донорлығына қатысты проблемаларды айтты.
— Біздің мақсатымыз — қоғам назарын донорлық ісіне аудару, адам өмірін сақтап қалуға үндеу. Соңғы төрт-бес жылдықта елімізде трансплантология саласы біршама жоғары деңгейге көтерілді. Бірақ донор тапшылығы өзге елдердегі сияқты бізде де бар. Еліміздің Ата Заңында мәйіттерден алынатын дене мүшелері туралы нақты көрсетілген. Қолданыстағы заңда жол апатына ұшырап көз жұмған, миына қан құйылған немесе «миы өлген» деген қорытынды шығарылған жағдайда ешкімнің рұқсатынсыз ол адамның мүшелерін донорлыққа алуға болады. Бірақ бүгінгі күнге дейін дәрігерлер рұқсатсыз бірде- бір дене мүшесін алып көрген жоқ және алмайды. Себебі біздің халқымыздың көзқарасы басқа. Бұндай жағдайда көз жұмған адамның туысқандарының немесе сол адамның өзінің келісімі керек, — деді Венера Алтынова.
Қазіргі күні республикада бүйрек ауыстыруды қажет ететін үш мың адам болса, оның елу бесі — балалар. Сондай-ақ 500 адам жүрек, 500 адам бауыр ауыстыруды қажет етіп отыр. Бүйрегі істен шыққан науқастар донор табылғанша өмірін гемодиализ арқылы ұзарта алады, ал жүрек пен бауыры ауырған адамдарға қиын.
Жиында «Нұр Ғасыр» орталық мешітінің бас имамы Төлеби Оспанның айтуынша, донорлық және трансплантация жөнінде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының шығарған пәтуасы бар. Бір адамның (тірі немесе өлі) кейбір ағзаларын екінші бір адамға ауыстырып, қондыруға рұқсат етіледі. Бірақ бұл амал адамды қорламайтын дәрежеде белгілі бір шарттар арқылы толық орындалуы тиіс. Сондай-ақ бұл екі жағдайда, біріншісі, тірі адамнан тірі адамға, екіншісі қайтыс болған адамнан тірі адамға дене мүшені ауыстыруға рұқсат етіледі.
— Дене мүшесін берушінің өлімі нақты болуы тиіс. Клиникалық өлім немесе басқа дене мүшелері істеп тұруы шариғи өлім болып саналмайды. Трансплантация жасау, шынымен де зәрулік жағдайда болуы шарт. Яғни, дәрігерлер науқасты тек тірі немесе өлі адамның сау мүшелері арқылы емдеуден басқа амалдың жоғынан әрі ауру адамға оның пайдасы тиетінін нақты айтуы тиіс. Сондай-ақ ауыстырылатын дене мүшесі ұрпақ тарату мүшесі болмауы керек, — деген бас имам белгіленген шарттар орындалса, трансплантацияға рұқсат етілетінін айтып, діни тұрғыдан жан-жақты түсіндіріп берді.
Кәмшат ҚОПАЕВА.




