Өмірім мен өткелдерім

Үкітай БАЙЖОМАРТОВ
роман-эссе, хикаят, толғаныстар
Жетінші желі
Нағашы атам үлкен кісі еді. Ауылда кеңестендіру саясатының қызып жатқан кезі. Атам колхоздың қойын бағатын. Бастықтар мал санағын жүргізсе, қателесіп кеткен бе, әйтеуір ауданға басы кем болып шықты деп ақпар беріпті. Ол заманда ел мемлекет, халық деп сөйлейтін ел. Жеке бастың дүниесіне де мән береді, алайда халықтыкі дегенге қатты қарайды. Содан күндердің күнінде аудан прокуроры шақыртыпты. Орталыққа келеді. Күнде келіп, көріп, аралап жүрген жер емес, қай мекеменің қайда екенін білмейді. Кезіккен кісілердің бәрінен прокурордың кеңсесінің қайда екенін сұрайды. Сөйтіп, сұрастыра жүріп мекемесін әзер табады-ау.
– Мені прокурор келсін депті, ол қайда? – дейді кірген бетте алдында отыратын хатшы қызға.
– Перерыв болды. Ол перерывте, – дейді хатшы қыз. Үлкен кісі орысшадан мақұрым, «перерептің» не екенін қайдан білсін, әкесінің тегі Перерев екен деп үйіне барып жолығуды ойлап, сыртқа шығады.
Ұшырасқан кісілердің бәрінен «Переревтің үйі қайда?» деп сұрайды. Ел прокурордың үйін білсе де Переревтің үйін білмейді. Біреуі «оны білмедік» дейді, екіншісі басын шайқап өте шығады. Табаны тозады, аңқасы кеуіп шөлдейді. Өстіп қашанғы сарсылсын, ақыры «Перерепті» іздеп таба алмай, содан ауылға қайтып кетеді. Сонымен…
Сонымен не болсын, заң қатал, мал басы жетпей жатса, соған жауап беретін, жөн-жосығын анықтайтын адамды шақыртып келтіре алмаса не істейді, прокурор кәріне мініп милиция жібереді. Ол атамды жауап алуға әкеледі.
– Иә, ақсақал, қойыңыздың басы неге кем? – деп қатулана сұрайды прокурор.
– Жоқ, қарағым, қойдың саны түгел, – дейді нағашы атам.
– Онда мен шақырғанда неге келмедіңіз?
– Неге келмеді дейсің, келдім. Егер сенбесең, онда ана хатшы қызыңнан сұра. Келдім де, «Переревті» іздедім. Пәмилиең Перерев емес пе? – деп ағынан ақтарылады атам. Соны естіген прокурор ішегі түйілгенше күліпті де:
– Жақсы, ақсақал. Мал басыңыз түгел екен, өзіңіз келген екенсіз. Енді боссыз, – депті. Нағашым қулау кісі еді. Осы әңгімені үйге келген кісілердің бәріне айтып отыратын.
Мен бірінші сыныпты қазақша оқып бітірдім. Өзінің тіл білмейтіндігіне әбден қорланса керек, келер оқу жылында атам мені орыс мектебіне берді. Сөйтіп, бірінші сыныпты екі жыл оқыдым. Мектепті орысша бітірдім. Бірақ, қазақ тілі қаныма сіңген қасиетті тілім болып қалды. Мен оқыған мектеп – ғажап мектеп еді. Әйгілі Мамания мектебі. Тарихы тереңге кетеді. Жетісу жерінде туып-өсіп, жетілген қазақтың тамаша ұл-қыздарының талайы сонда білім алған.
Осы жерде білетіндер үшін емес, бейхабарларға арнап баяндай кетейін. Қазақта Маман Тұрысбеков деген атақты бай болған. Тасыған дәулеті ұрпақтан-ұрпаққа ауысқан. Солардың арасындағы әйгілісі Маман атамыз. Оқу-білімге ерекше ден қойған. Қазақтың балалары білімдар болса деген. Сондай ниетпен мектеп ашқан. Қарағаш деген жерде мектебі болған. Егер сол кісінің меценаттығы болмаса, мыңғырған малымен тарихта аты қалар-қалмасы беймәлім. Міне, сол кісі салған мектептің түлектерінің бірімін.
Алланың жаратқаны шығар, жастай зерек болдым. Мектепті жақсы бітірдім. Арманым асқақ. Енді біліміме сенгендіктен болар ол. Қазақтың маңдайындағы әйгілі жалғыз университетінде оқығым келді.
– Иә, азамат, атестатыңдағы бағаларың жоғары екен. Қай мамандыққа барғың келеді? – деп сұрады қабылдау комиссиясында.
– Экономист болғым келеді, – дедім ойланбастан. Енді осы жерде Алматыдан алыстағы ауылда, мал мен астық өсіретін айдаладағы өңірде өскен бала экономиканы қайдан біледі деген мәселеге келейін.
Біздің жақта «Шолақ» деген шекара шебі бар. «Погран застава» дейді ғой. Міне, сол жерде Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының Бас хатшысы болған Константин Устинович Черненко әскери қызметін өткеріп, саяси бөлім басшысы болған. Осы мекеме уақыты келгенде кітапханадағы кітаптарын да саралап, тозығы жеткендерін сыртқа шығарып тастайды екен. Жеңгем тезек теріп жүріп, үйіліп жатқан кітапқа тап болады. Қыста тамызық қылармын деп екі қапшық кітап әкеледі. Кітап десе, көзім шырадай жанатын баламын, дереу ақтара бастадым. Көзіме Карл Маркстың «Капиталы» түсті. Қалың кітап.
– Жеңеше, осы кітапты маған беріңізші, – деп өтіндім.
– Е, ала ғой, – деді күліп. – Мен мұны отқа жағамын ба десем.
Содан кітапты ашып оқуға кірістім. Әуелгі тарауы «Товар и деньги» деп басталады екен. Әй, бұны несіне ерекшелеген, бұл белгілі нәрсе ғой дедім әуелгіде. Дегенмен оқып көрейін, не дер екен деген әуестік жеңді. Жо-жоқ, әңгіме мен ойлағандай емес, тереңіне тарта берді. Оқыған сайын ынтыға түстім. Білмейтінім көп, өте көп екен. Маған керемет ұнады. Ақиқатын айтқанда, экономист болу туралы ой менің балғын санама сол кезде ұялады.
Адам шындап кіріссе, алмайтын қамалы қалмайды. Оқу-білім туралы асқақ арман да дәл солай. Мектепті алтын медальмен бітіріп келгендіктен бір-ақ пәннен тапсырдым. Оның өзі ауызша әңгімелесу түрінде өтті.
Сөйтіп, әуелгілердің бірі болып оқуға түстім. Түскенде… Иә-иә, осы жерде еріксіз еске алатын бір оқиға болды. Біздің ауылдың арғы жағында Жаңақоғам деген жерден келген абитуриент досым болды. Бірақ ол мектепті қазақша бітірген. Орысшаға өте шырқақ. Сол уақыттың талабы – орыс тілінен сынақ тапсыру керек.
– Мен бәрібір «құлаймын». Емтиханға кірмеген осы күйі құжаттарымды алып, ауылға қайта берейін, – деді көзі жасаурап.
– Қой, не болса да кіріп көрсейші.
– Жоқ, кірмей-ақ біліп тұрмын: өте алмаймын…
– Өткіземін, – дедім ойымды құпиялап. – Екеуміз жерлеспіз, кәне, маған қарашы: түріміз ұқсай ма?
– Бойымыз келеді, түріміз де сәл-сәл ұқсайтын шығар, – деп қабағын жазып бетіме қадала қарады. «Осы айтып тұрғаның рас па?» дейтін сияқты.
– Сәл ұқсасақ болды. Біле қояр дейсің бе? Тәуекел деп сенің орныңа кіремін. Не болса да көрейік, – деп батылданып кеттім. Ол жымиды. Түріне қарасам, орыс тілі сынағынан өтіп кеткен адамға ұқсап бара жатыр.
– Әй, досым, осы ойымыз орындалса, шіркін! Онда мен сені өмір бойы ұмытпаймын, – деді.
– Жарайды, болды, бітті: сөзім – сөз, ертең сынақ қағазыңды, төлқұжатыңды маған бересің, – дедім.
Сөйтіп, келесі күні оның қағазын алып ішке кірдім де кеттім. Сынақтың түрі – орыс тілінде әңгімелесу. Ішке кірісімен мұғалімдердің алдына бардым. Бірі: «Ал, кімсің, қайдан келдің, мектепті қалай бітірдің, соларды айта ғой», – деген соң сөйлей жөнелдім. Тақылдап сөйлегенім көңіліне күдік ұялатты ма, біресе менің бетіме, біресе сынақ қағазындағы суретке қарап: «Мынау сен емессің ғой», – деді мені кідіртіп.
Өтірік айтып үйренбеген адамға қиын екен, көп қипақтамай: «Дұрыс айтасыз, мен емеспін», – деп бірден мойындадым. «Онда неге әлдекімнің орнына кіресің?». «Сіз жағдайды түсініңіз, ол өзі білімдар бала. Бірақ орысшаға шорқақ. Себебі, мектепте орыс тілін жөндеп оқытатын ұстаз болмады. Маған өтініш айтқан соң, амалсыз кірдім». «Жо-жоқ, бұлай етуге болмайды. Мен ректордың атына рапорт жазамын. Бұл үшін жауап бересің. Ана досың да осы кінәсі үшін қашып құтыла алмайды», – деп аудиториядан шығарып жіберді.
ҚазМУ-дың ғимараты қазіргі 28 Панфиловшы-батырлар саябағының үстіңгі жағында болатын. Салым суға кетіп сыртқа шықтым. Анадай жерде тыпырши күткен досымның түрі менен де жаман бұзылды…
– Енді не болса да, болды… Бәрін өзіміз жасадық. Мойнымызбен көтереміз, – деп бір-бірімізді жұбатқан боламыз. Содан бір кезде әлгі жолдасым:
–Үкітай, сен вино ішіп көріп пе едің? – деді тосын бірдеңе ойлап тапқандай болып.
– Жоқ, ішкен емеспін.
– Мен де ішкен емеспін. Онда бүгін екеуміз ішіп көрейік, мүмкін, бәрін ұмытармыз. Ауылда үлкен кісілер қинала қалса, ішуші еді, – деп күлді.
– Жарайды, ішсек – ішейік. Оқудан қуса, қуар. Ары кетсе, ауылға барып бір жыл қой бағармыз, – дедім.
Осылай екеуміз өмірімізде бірінші рет вино іштік. «Белое вино». Шынында, вино жақсы әсер етті. Қайғы-мұңды ұмытқандай, бойымыз балбырап, бір рахат күй кешкендей болды. Бірақ, ол шіркін уақытша екен. Түнде бір ұйықтап оянғаннан кейін бәрі қайтадан еске түсті. Ал кеп екеуіміз де ұйықтай алмай дөңбекшиік… Өмірі мұндай соққы көрмеген адамбыз, әй, бір қиналдық. Түрден-түр жоқ. Осылай сарсаңда жүргенімізде, «сендерді ректор шақырып жатыр, ертең сағат оннан қалмай келіңдер» деген хабар алдық.
Сол уақытта ҚазМУ-дың ректоры Төлеген Тәжібаев болатын. Бұл өткен ғасырдың елуінші жылы. Ол кісі ректорлықпен қоса қазақстанның Сыртқы істер министрі қызметін қоса атқаратын. «Тағдырларыңды ректор шешеді» деген, ректорымыз сол кісі болатын.
Ұсқынымыз қашқан… Тамаққа да зауқымыз соқпай, әбден қалжырағанбыз… Қорқа-қорқа, аяғымызды сүйрете басып, ректордың қабылдау бөлмесіне келдік. Көп кідіртпей ішке кіргізді. Қасымызда бізге емтихан тапсыру тәртібін бұзғандығымыз жөнінде ақпарнама жазған мұғалім әйел де болды. Біз бозбаламыз. Кінәлі екендігіміз түрімізден айтпай-ақ көрініп тұр. Бір жағы аяған да шығар. Екеуміздің үстіміздегі киген киімдеріміз де жұпыны. Әуелі маған қарап:
– Сен неге басқа біреудің орнына кірдің? – деп қазақша сұрады. Ол кісінің қоғамдағы орны қандай екенін кейін білсем де, ол уақытта хабарсызбын. Өзі сондай келбетті көрінді.
– Ағай, бұл оқыған мектепте орыс тілі жөнді өтілмепті, – дедім тура өткендегі емтихан кезіндегіндей. – Бірақ бұл мектепті өте жақсыға бітірген, оқуға түссе ұятқа қалдырмай, оқып кетеді.
Менің осы сөзім ұнап кеткен болу керек:
– Әй, әріптестер, коллеги! – деді. – Мына бала мына балаға көмектесіпті. Өйткені, бұл орысша оқыған, ал досы орысша оқымаған. Екеуі де оқуға ықыласты екен. Ендеше біз бәріміз жабылып, бұл екеуіне неге көмектеспейміз? – деп еді, бізді кінәлаған әйел де, басқалары да: «Онда көмектессек, көмектесейік! Оқысын, жақсы оқысын», – деп жамыраса сөйлеп, жадырап күліп, онсыз да жап-жарық кең бөлмені жарқыратып жібергендей болды. Осылай топырағың торқа, жатқан жерің пейіштің төрі болғыр Төлеген Тәжібаевтың арқасында екеуіміз де оқуға түсіп кеттік.
ҚазМУ-де экономика факультеті елуінші жылы ашылған еді. Дәріскер мұғалім, ғылым докторлары, профессорлардың дені Мәскеудің, Ленинградтың жоғары оқу орындарынан келді. Сол уақытта Иосиф Виссарионович Сталиннің бір кітабы шыққан. Ол кітап «Экомомические проблемы социализма» деп аталатын. Университеттің табалдырығын енді ғана аттаған студентпіз, мен де одан хабарсыз едім. Кейін білдік қой.
Дәл қазір Сталин туралы «Генералиссимус» деген кітаптарды оқып отырмын. Екі кітаптан тұрады. Бұрын да естуші едім, осы еңбектен білгенім: ол кітапты ғана емес, сөйлейтін сөздерін де өз қолымен жазады екен. Бүгінде ондай кісіні қолыңа шам алып іздесең де, ырымға таба алмайсың. Ең ақыры кішкентай ауданның кішкентай әкімі де баяндамасын біреулерге жаздыртады. Өйткені сауатсыз, ойын қорытуға, сөйлем түзеуге өресі жетпейді… Қойшы оларды, заманы солай шығар… Сталиннің көрмегені жоқ. Сол әлгі «Экономические проблемы социализма» деген теориялық кітабын жазар алдында да, жазылып біткеннен кейін де мен деген экономист-ғалымдардың біразының басын қосып, әңгімелескен, ойларын білген.
Нейштат деген профессор: «Бұл – аса қажетті, маңызы терең, тағылымды еңбек. Мұны бәріміз оқимыз, бірақ кейбір жерлерін одан да кеңейтуге болатын еді. Кейбір жерлерін аша түсу керек еді, бұлдырлау боп шыққан», – деп өз ойын жасыра алмай, айтып қойыпты. Нейштатты сол күннің түнінде кетуге мәжбүрлеп, Алматыдан бір-ақ шығарады. Бізді бағымызға қарай сол кісі оқытты.
Қараңызшы, тағдырдың желі қалай-қалай қуалап, лақтырады… Біз талай айтулы экономист-ғалымдарды, қоғам, мемлекет қайраткерлерін, әйгілі мамандарды тәрбиелеп ұшырған экономика факультетінің тұңғыш қабылданушылары болдық. Мектепте қандай белсенді болсам, университетте де сол белсенділігімнен бір танбадым. 3-ші курста университет комсомол комитетінің хатшысы етіп сайлады. Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің мүшесі болдым. Әп-әжептәуір жалақы алатынмын. Соның арқасында киімім де түзелді.
Университетте әскери кафедра жұмыс істеді. Бітіргенде офицер шенін қоса берді. Мен мұнда да қатарластарымнан қалыспай оқыдым. Бір пәннен дәріс беретін полковник қателесіп кетті ме, білмеймін, сынақ кітапшама төрт қойып жіберіпті. Ал мен оны беске тапсырған едім. Ведомостта бестік деген баға тұр. Сынақ кітапшасында жақсы деген бір баға тұрса да жоғары стипендия бұйырмайды. Қателіктен солай болып кеткенін ректор Төлеген Тәжібаев ағайға айтып едім, кадр бөлімінің бастығын шақыртып алды.
– Үкітайға байқамай баға қойған полковниктің мекенжайын білесің бе? – деді.
– Ол бізде бар, қазір алып келейін, – деп шыға жөнелді. Ұзамай тілдей қағазға жазып алып келді.
– Тұратын жері белгілі болды. Сынақ кітапшаңды апарып, түзеттір. Ол өз қолымен жөндеуі керек, – деп ректор ағай мені шығарып салды.
Осылай ол кісіні үйінен тауып алдым. Келген мәселемді айтып едім: «Мен қателесіппін. Кінә менен. Кешір», – деп, сынақ кітапшадағы бағаны өте жақсыға түзетіп, түзетілгенін растап қол қойып берді.
Кешірім сұрай білу де – кісілік. Әлгі полковник жасының, дәрежесінің үлкендігін бұлдамай, қателігін мойындады, сол ағаттығы үшін кешірім өтінді. Содан сабақ алуға бола ма? Әрине, болады. Енді одан да терең тағылымды өнегені Төлеген Тәжібаев ағайдан көрдім. Қандай айтулы кісі! Ректор, оның сыртында министр! Адамдармен сөйлесуі, өзін ұстауы, қарапайымдылығы тал бойына жарасып тұратын. Ол сондай болайын, сөйтіп көрінейін демейді, солай жүреді, жұртпен қалыпты қарым-қатынас жасайды. Үлкенмен де, кішімен де құбылмай сөйлеседі. Бұны адамның ішкі мәдениетінің биіктігі дейміз бе? Төлеген аға менің көз алдымда сондай биік болмысымен мәңгілікке қалып қойды.
Сөйтіп, Т.Тәжібаев ректор болған университетті үздік бітіріп, саяси экономиядан сабақ беретін ұстаз мамандығын алдым. Бірақ менің комсомолдағы белсенділігімді біліп, көз тігіп жүргендер бар екен.
Қазақстан комсомолы Орталық Комитетіндегі сол азаматтар алдымды орағытты. Мен оған дейін аспирантураға оқимын деп өтініш бергем-ді, оған ҚазМУ-дың ғылыми кеңесі қарсы бола қойған жоқ, қабылдаймыз, бір ай демалып кел деді. Бірақ, ол жоспарымыз бұзылды. Ауылға барамын деп билет алып енді кеткелі тұрғанда, университеттің парткомынан келіп кет деген шұғыл хабар алдым. «Не болып қалды?» деп барсам, «сені іздестіріп жатыр» дейді. Шақыртқан Орталық комсомол комитеті екен. Барсам, «Біз сені Талдықорған облыстық комсомол комитетіне бірінші хатшылыққа ұсынып отырмыз», – дейді. «Бұл қалай болады, мен аспирантураға құжаттарымды тапсырып қойдым ғой», – деп ыршып түстім. Сөйтіп едім, олар үлкен бастықтарына хабарласты. Хабарласқан үгіт-насихат жөніндегі хатшы Сағындық Жүнісұлы Кенжебаев. Ол кезде Қазақстан комсомолының бірінші хатшысы – Дыхнов болатын, сонымен және Ибраева деген хатшы апамызбен менің мәселемді айтып, ашық тілдесті. Не керек, көнбеске шарам қалмай, 1955 жылы Талдықорғаннан бір-ақ шықтым.
Жастық шақ – жігерлі уақытың. Әрбір күннің өз қызығы бар. Сол қызықтың әсерімен жүріп, кезіккен қандай қиыншылыққа да мойымайсың. Жылдарың тез өтеді. 1959 жылы Талдықорған облысын таратып жіберді. Мен комсомолдық қызметімде қалып, Алматы облыстық жастар ұйымында хатшылыққа ауыстым.
Үкімет жағдай жасады. Бүгінгі стадионның маңайынан жақсы пәтер берді. Қызметім осылай өз ретімен жалғаса берер ме еді, бір күні Сағындық Жүнісұлы өзіне шақырып алды да: «Сен Ақтөбе облыстық комсомол комитетіне бірінші хатшы болып барасың», – деді. Жұмысымның жақсы екенін, жақында ғана үй алғанымды айтып қашқақтай бастап едім, «жоқ, барасың» деп нықтады. Өздері сыртымнан сондай шешім шығарып қойыпты. Енді бас тартудың реті жоқтай көрінді.
– Сен қазір үйіңе қайтып, жолға дайындал. Оның алдында, сағат бесте Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қабылдайды. Жалғыз кірмейсің. Өзіңмен бірге Ақтөбе облыстық партия комитетіне бірінші хатшылыққа баратын Бектұрғанов деген ағаң болады, – деп шығарып салды.
Белгіленген уақытта Хасан Шаяхметұлы Бектұрғановпен бірге Димекеңнің алдында болдым. Хасекеңді алғаш көруім, ірі тұлғалы, аңқылдаған ақкөңіл кісі екен. Бірінші рет ұшырасып тұрғанымызға қарамай, күле сөйледі.
– Әй, бала, екеуміз Ақтөбеге бірге баратын болдық. Мен – партиясына, сен – комсомолына.
Сөйтіп, Хасекең екеуміз Димекеңнің алдында болдық.
– Ақтөбедегі жағдайды естіген боларсыңдар? – деп бастады әңгімесін Димекең.
– Облыстық басшылықтағыларда ауызбіршілік болмаған.
Соның салдарынан конференция желтоқсанның 27-сіне шегірілді. Екеуің де сырттан бара жатырсыңдар. Меніңше, түсінісіп жұмыс істейсіңдер. Жолдарың болсын. Барыңдар, өздеріңді көрсетіңдер. Бес-алты жыл қызмет қылыңдар, одан кейінгісін көре жатармыз, – деді.
Сол күннің кешінде Ақтөбеге ұштық. Ондағы кісілер күтіп алды. Ұзақ жылдарға аялдамаспыз дегенбіз, бірақ мен ақтөбелік болып қалып қойдым. Өміріміз солай үйлесті. Оған ешқандай ренішім жоқ. Десе де сол бір жалынды шағымда аса бір сағынышпен еске аламын. Комсомолдағы жылдар менің шырайлы өмірімнің бір бөлігі болып қалды. Өз басым солай ойлаймын. Күш-қайратымды аямадым, ойыма ой қосылды. Шынайы өмірдің қара қазанында қайнадым. Келешекке сеніміміз мол еді. Жастардың жігерін жаныдық, жаңаша, жалынды бастамаларға батыл бардық. Қолдаушыларымыз көп болды. Діттеген мақсатымызға қол жеткіздік. Бұл бізді қанаттандырған үстіне қанаттандырды.
Адам мәңгі жас болмайды. Кезі келгенде өміріңнің басқадай беттері ашылады. Содан мұғалімдікті армандадым. Сол сәттер КСРО Министрлер Кеңесінде Алексей Николаевич Косыгиннің төраға болып тұрған шағына сәйкес келеді. Ол шаруашылық есеп дегенді ендіре бастады. «Бұл не өзі?» деген сауал мені де қызықтырып, күнделікті қызметтің барысында терең ұғып, зерттеуге кірістім. Жоқ, ізденуге татыйтын тақырып екен. Білек сыбана бастаған жұмысымды жұмырлап, Алматыға жолым түскен бір күні ВАСХНИЛ-дің Шығыс бөлімшесіне бардым. Ол туралы алда айтылатын болғандықтан тоқетеріне көшейін.
Институт директорының айтуымен, Целиноградтағы ауыл аруашылығы институтына келдім. Гендельман дейтін ректорының қабылдау бөлмесіне келіп, хатшысы арқылы қабылдауын сұрадым. Әлдекім емес, үлкен бір облыстың комсомол комитетінің бірінші хатшысы келіп тұр деген соң көп кідіртпей қабылдады. Ресми сөзден кейін: «Бүгінде мемлекетімізде шаруашылық есеп мәселесі күн тәртібіне айрықша қойылды. Бұл туралы Сіз өте жақсы білесіз. Мен қарап жүрмей, осы тақырыпты өзімше қаузап едім. Жұмысым біткен сияқты көрінеді. Бірақ, бұл менің өз ойым. Егер қарсы болмасаңыз, осы жұмысты Сізге көрсетіп алсам. Маған ақиқатын айтқандарыңыз қажет. Ойларыңыздан шықпаса реніш жоқ, ашық пікірлеріңізді қабылдаймын», – дедім уақытын алмайын деп. «Жарайды, қарап шығайын, басқаларға да қаратайын. Қалыптасқан тәртіп бойынша, қорғаудың алдында кандидаттық минимум тапсыру керек, одан хабардар шығарсыз?» – деп бетіме сұраулы жүзбен қарады. «Жұмысымды жазуын жазып, барынша іздендім. Кандидаттық минимум тапсыру одан қиын емес шығар, тапсырамын», – дедім.
Алдындағы күн парағына көз салып, бір жұмадан кейін келе бер деп қалды. Айтқан күні жетіп келдім. Олар сөздерінде тұрып қарап шығыпты. Әрине, ескертусіз емес. Қанша жерден тиянақтадым, кемшіліксіз деп ойлағаныңмен, бір қиқымы қылаң беріп тұратын дүние ғой. Оның үстіне мен ғылыммен шұқшиып айналысқан кісі емеспін. Күнделікті қарбалас жұмыстардан қалт еткенде тындырған тірлігім. «Еңбегіңіз дұрыс екен, әйткенмен тағы да қарап, қалыптасқан үлгіге келтіру қажет. Біз қабылдаймыз. Кандидаттық минимумыңызды тапсырыңыз. Осында, өзіміздегі ғылыми кеңесте қорғайсыз», – деді.
Сонымен, айтылған, көрсетілген ескертпе пікірлер бойынша жұмыс істедім. Минимумды тапсырдым. Өстіп жүргенде қорғайтын күніміз де келіп жетті. Менен басқа тағы да екі кісі қорғайды екен. Ол екеуінің де кезегін менің алдымда шығарды. Аңғарып отырмын, екеуі де ақ тер-көк тер болмай-ақ қорғап шықты. Мандытып ешкім сұрақ та бермеді. Әлгі екеуінің қорғауына қарап, «мен де өстіп өте шығармын» деп іштей мәз болып едім. Сөйтсем… сөйтсем мені сарыла, аңсай күткендей ашылып, сауалдың сан түрін жан-жақтан боратты дейсің! Тақырыбым айқын. Соны ашамын деп қарамаған, ақтармаған кітабым қалмаған.
Ғылыми журналдарды да, Мәскеуден шығатын орталық газеттерді де жібермей оқығам-ды. Шаруашылық есепті кең ауқымда сөз еткен жоғарғы үкіметтің құжаттарын, пленум, конференция материалдарын жақсы білемін.
Қысқасы, қақала қоймадым. Қорғауға қатысқан профессор, докторлардың сұрақтарына ауқымды жауап беруге барымды салдым. Бәрі ғажап, тамаша секілді, бірақ, неге екені көңілім пәс тартты да тұрды. Соның әсері шығар, қорғаудың дүрмегінен босаған соң:
– Моисей Аронович, маған келгенде берілетін сауалдар қарша борады, соларға қайырған жауаптарым орнықты сияқты көрінгенімен, неге екені жүрегім бір түрлі дауаламай тұр… Осы менікі бекершілік емес пе? – дедім сырымды жасыра алмай.
– Сіз өйтіп жасымаңыз. Өте жақсы қорғадыңыз. Осыдан қарап тұрыңыз, жұмысыңыз ешбір кедергісіз өтеді, – деді сеніммен Гендельман.
Ол заманда ВАК Мәскеуде. Ғылыми жұмыстардың тағдырын сол жақ шешеді. Мені мазалағаны сол, Целиноградта қорғадым дегеніммен, оның дәрежесіне беретін өз бағам көңілімді қоңылтақсытуын қоймады.
М.А.Гендельман сезімтал екен. «Өзіңізді сонша тұқыртып не көрінді? Менің жүрегім алдамаса, сіздің жұмысыңыз өтеді. Ал ана екеуінікін айта алмаймын, әй, екеуі де өтпейтін шығар», – деді. Ойпырмай десейші, сол кісінің айтқаны айнымай келді. Арада үш ай өткенде маған, «сіздің диссертацияңыз бекітілді, ғылым кандидаты атағы берілді» деген қуанышты хабар келді.
Менің алдымда май жаққан нандай боп көмейден өте шыққан екеуінің жұмысы бекітілмей қалды… «Оқу – инемен құдық қазғандай» демей ма аталарымыз. Ал ғылым жасау, ғалым атану одан бір де кем емес. Ғылымға тәуекел етіп барғандар өмірін арнайды, сан жылдарын сарп етеді. Ғұмыр бойғы еңбегі бір ғана кандидаттық жұмыспен шектелетіндер де аз емес.
Енді өзімді алайыншы, мақтанғаным емес – өмірімнің шындығы: ғылымға білек сыбана барған қатарластарымнан қалмай кандидаттығымды қорғадым. Қоғамдық қызметте, күндіз-түні, жексенбі, мереке күндері де шапқылаумен жүретін өте жауапты жұмыста жүріп қорғадым.
Жасым комсомол жетекшілері басқа қызметке ауысатын кезге келді. Бұдан кейінгі өмірімді ғылыммен ұштастырсам, институттардың бірінде сабақ берсем деген ішкі ойым көңілімді көбірек мазалайтынды шығарды. Дәл сол уақытта ұшқыштар даярлайтын Ақтөбе ұшқыштар институты да ашылды, одан басқа кешкілік оқытатын Марксизм-ленинизм университеті деген де бар болатын. Осылардың қайсысына болса да саяси экономия пәнінен сабақ беруге шамам жетеді. Ғылыми атағым бар. Әлбетте өзімше өстіп кесіп-пішіп жүргенімде, «жоқ, біз сені ол жаққа жібермейміз, кәсіподақ қызметіне барасың» дегенді шығарды басшылар. Ол заманда солай еді. Партия мүшесісің бе, онда жіберген жағымызға барасың дейді. Осы тәртіпке мен де бағынып, солай етуім керек болды…




