ТарихТәуелсіздіктің 25 жылдығы

Едіге деген ер еді…

Сейсенбі күні Мәртөк ауданында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Едіге батырдың  660 жылдығы атап өтілді.

Құрманасай ауылының тұсында  ер Едігеге белгітас орнатылды. Сондай-ақ, аудан орталығында «Едіге — тарихи тұлға» атты конференция өтті.

 Едігеге белгітас қойылды

 «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық жолының бойындағы биік төбеге ер Едігеге белгітас қойылды. Бұл игі іске аудандық әкімдік ұйытқы болды. Гранит тастан жасалған белгінің биіктігі — 2 метр.

Белгітастың ашылу салтанатында аудан әкімі Нұржауған Қалауов сөз алды.

Облыстық «Ақтөбе» газетінде Алтын Орданы 17 жыл бойы билеген даңқты қолбасшы ер Едіге туралы көптеген  құнды, мазмұнды материалдар жарық көргені белгілі. Басылым бетінде батырды ұлықтау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастыру туралы ұсыныстар да жазылды. Соның бірі Мәртөк ауданында көрнекті етіп белгітас қою болатын. Сол ұсыныс қолдау тауып, батырдың құрметіне белгітас орнатылды.  

Едіге есімін ұлықтауда филология ғылымының докторы, профессор Жұма-Назар Асанов бастаған топ үлкен жұмыстар жасап, осы Мәртөк өңірінде ер Едігенің ақтық демі біткенін нақты, дәйекті деректермен дәлелдеп берді, — деді аудан әкімі.

Бұдан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырбай Шудабаев, «Ер Едіге» қоғамдық қорының төрағасы Ислам Имановтар сөз алып, батыр есімін ұлықтауда жергілікті биліктің үлкен шаруа тындырғанын айтып, ризашылықтарын білдірді. Одан соң жиылған жұрт батыр рухына Құран бағыштады.

Тың тұжырымдар

Мерекелік шара Мәртөк ауылында жалғасты. Аудандық Достық үйінің ғимаратында «Едіге — тарихи тұлға» атты конференция өтті.

Жиында сөз алған Жұма-Назар Асанов «Едіге» жыры туралы әңгімеледі.

«Едіге» —  тарихи қаһармандық эпос. Мұндағы бас кейіпкер —  Едіге өмірде болған адам. Бұл жыр мазмұны, көлемі жағынан «Алпамыс батыр», «Қоблыланды батыр» жырларынан кем емес. «Едіге» жырының қарақалпақ тілінде 30 мың жолдық та нұсқасы бар. Ал «Қобыланды батыр» жыры — алты мың жол.  

 «Едіге» жырын кезінде Әлкей Марғұлан мен Қажым Жұмалиев 8-сыныпқа арналған әдебиет оқулығына енгізді. Дегенмен, кейін бұған тыйым салынды. Сөйтіп, Едігені танып, білуге кедергілер болды. Кеңес өкіметі Едігені мектептерде, жоғары оқу орындарында оқу бағдарламасына енгізбегенімен, Едігені мүлде жойып жібере алмады. Қазақ Совет энциклопедиясы, Үлкен совет энциклопедияларында Едіге туралы мәліметтер бар, — деді Ж.Асанов. Оның айтуынша, бұл жырдың бір ерекшелігі — елуге жуық нұсқасы бар. Мұнша көп нұсқасы бар жыр әлем әдебиетінде жоқ.

Бұл Едігенің халықтың сүйіктісі болғанын білдіреді. Өйткені, эпос — халықтың шығармасы.

 «Едіге» жырында «Қарғалы, Елек жерінде» деп көп айтылады. Ғалымдардың пікірінше, бұл жырдың Қияс нұсқасы — өте тамаша туынды. Осы нұсқада Едігенің баласы әкесін іздеп Әмір Темір еліне барғанда хан Нұраддин баладан қайдан келгендігін сұрайды. Сонда Едігенің ұлы:

Жерім жырақ — үш айшылық шөл майдан,

Шыққан жерім — Қарғалы, Елек, Кеңсайдан, — дейтіні бар. Бұл өзендер Ақтөбе жерінде орналасқан. Бұдан Едігенің Ақтөбеге бөтен емес екендігін білуге болады, — деді Ж.Асанов.

Ол өз сөзінде Едігенің қайда жерленгендігін білу мақсатында ұзақ уақыт зерттеу жүргізгендігін айтты. Батырдың қазіргі Мәртөк ауданының аумағында жерленгені жөнінде атақты тарихшы Қадырғали бек Жалайырдың   «Шежірелер жинағы» кітабында нақты көрсетілгенін тілге тиек етті.

Бұл еңбекте Едігенің Елек пен ортаңғы Бөрте өзендерінің аралығында өлгендігі жазылған. «Кейін он бір жыл өткенде Қадірберді хан Қырым әскерімен келіп, Еділ дариясынан кешіп өтіп, Едіге бимен соғыс қылды.  …Едіге би жаралы болды. Қадірберді хан да жарақат алды. Екі жақ әскері бірін-бірі аямай кескіледі. Ичкили ұлы Хасан Едіге бидің ақта атын (ереуіл атын) ұстап тұр еді. (Сол) Қадірберді ханға «Едіге мұнда жатыр» деп хабар берді. Ол жетіп келіп, оны өлтіреді. Қадірберді хан да сол жарақаттан кейін бірнеше күннен соң опат болды» (Қадырғали Жалайыр. Шежірелер жинағы. – Алматы: Қазақстан, 1997. 115б.). Атақты тарихшымыз: «Ол уақытта Қадірберді хан Едіге бимен соғыс қылды. Жайықтан шыққан Елек суы еді. Онан жоғары үш Бөрте шығады. Ол үш Бөртенің орта Бөртесінде Қадірберді ханмен Едіге би қатты соғыс қылды» – деп өлген жері мен кім өлтіргеніне дейін жазып кеткен. Сондай-ақ, кітапта «63 жасында дүниеден озып еді» делінген (118б.).

Елек пен ортаңғы Бөртенің арасы —  қазіргі Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты территория. Егер тарихшы Елек өзені мен Шеткі Бөртенің арасында мерт болды десе, онда Ресейдің территориясы болар еді. Тарихшы ортаңғы Бөрте деп нақты атап көрсетіп тұр. Сол себепті, оның қаза болған жері қазіргі Мәртөк ауданының аумағы, — деді Ж.Асанов.

Ғалым Едігенің сүйегі қайда жерленгені туралы да біраз зерттеу жүргізген.

Ел арасында «Ер Едігенің сүйегі Ұлытауда, себебі басында құлпытасы тұр ғой» деген түсінік бар.

Дегенмен, қан майданда көз жұмған адамды 1500-2000 шақырым қашықтықтағы Ұлытауда жерлеу мүмкін емес, ақылға сыймайды. Сол себепті, біз бұл дерекке күдік келтірдік. 

Сөйтіп, Алматыдағы мықты тарихшылардан Едігенің жерленген жері туралы сұрастырдық. Сөйтсек, батыр осы Ақтөбе жерінде, Сағыз бойында  жерленіпті. 1869 жылғы әскери картадан  «М.Едіге» деген деректі көрдік. Бұл қазіргі Байғанин ауданындағы Баршақұм мен Сағыз стансасының ортасында тұр. Ауыл ақсақалдары «М. Едігенің» Едігенің моласы екендігін айтты.

Тек қана осы 1869 жылғы картада ғана емес, сондай-ақ, 1904, 1909, 1950 жылғы «құпия» карталарда да солай көрсетілген. Картаның ендігі, бойлығы деген бар. Барлық картадан сол ендігі мен бойлығымен іздегенімізде де Едігенің моласы бір жерде болып шықты.

Сөйтіп, Едігенің моласын іздеуге шықтық. Батырдың бейіті Едігенің жалы деген жерде екен. Едігенің Байғанин ауданының территориясында жерленуінің бір себебі, сол аумаққа жақын жерде Атырау облысының Сағыз стансасының маңында оның әке-шешесі жерленген, — деп түйіндеді сөзін Ж.Асанов.

Бұдан соң сөз сөйлеген өлкетанушы Мұздыбай Сәңкібаев «Едіге тану» ынталы  тобы  Ұлытау жеріне зерттеу экспедицияға шыққанын  айтты. Аталған топ  2007 жылы құрылған. Мақсат — Едігенің қаза тапқан, жерленген жерлерін зерттеу.

— Биыл жазда Ұлытаудағы «Едіге шыңына» зиярат етіп бардық.  «Едіге шыңы», «Едіге биігі» атанған бұл биікте Едіге батырмен бірге  Алтын Орданың  атақты ханы Тоқтамыстың да сүйегі жатыр. Неліктен Едіге есімімен

аталған? Тоқтамыс хан есімімен мүлдем аталмауының себебі неде?  Мұның сыры ер Едігенің ел арасындағы  беделінің  үстемдігінде шығар, — деді Мұздыбай Сәңкібаев. 

Жиын барысында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымының кандидаты, доцент Әділгерей Әуелбаев, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Жанғабыл Қабақбаев, , «Ер Едіге» қоғамдық қорының төрағасы Ислам Иманов, еңбек ардагері Оразбай Әділбаевтар сөз сөйледі.

Конференция барысында мәртөктік өнерпаздар, мектеп оқушылары ән мен жырдан шашу шашты.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Едиге биге лайыкты курмет корсететин кез жетти. Ол кисинин жаткан жерин аныктап тексерулен откеннен кейин кайта жерлеп белги койып улыктау керек.Сол кезде биздин тарихымыз тугенделеди.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button