Мәдениет

«Менің тақырыбым — туған жердің бұлағы, табиғаты, қазақтың даласы»

 Бәкір Тәжібаев 90

Уақыт жылдам, қазақ поэзиясындағы Бәкір Тәжібаевтың жырлары әнмен әрленіп, алаш аспанында шырқалғанына да көп жылдың жүзі болыпты

Мұхит әндерінің саздылығы, философиялық ерекшелігі мен халық әндерінің қасиетін бойына сіңіріп, туған елдің қадіріне жеткен ақын әрі сазгер Бәкірдің өмірден жинақтаған ой-толғамдарын өнерге бағыттағаны — оның жан тазалығы болса керек.

Ақынның туған жер, өскен ел, дос-жаран дегенде ойының мөлдірін, сағынышының ыстық ықыласын арнап, төгілте жыр жазар кездері де көп болған ғой.

Көзі тірісінде өз шығармашылығы жайлы Бәкең: «Бірінші, «Жас дәурен» деген ән шығардым. Оның өлеңін Қасым Аманжолов жазды. «Аппағым-ау», «Дала жолдары», «Ақбұлақ» әндерін жаздым. Туған жердің бұлағы, табиғаты, қазақтың кең сахара даласы мен үшін үлкен тақырып болды да, Болат Сыбанов, Қапаш Құлышевалар домбырамен орындады. Әншілерден ерекше атап кететін әншім — Роза Рымбаева. Ол менің біраз әндерімді шебер орындап, тыңдаушысына жеткізе білді. Сол үшін ризашылығым шексіз», — деп еді.

Жетпісінші жылдары әуе толқынынан жиі насихатталған  Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлақ» әні ауыздан-ауызға тарап, көпшілік жүрегіне жол тапты. Ал бұл әнді алғаш орындаған семейлік әнші Болат Сыбанов әннің бағын ашып, өзі де ән арқылы танымал болды.

Бәкір Төлеуұлы 1926 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданына қарасты Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. Елін сүйген ердің тамаша әні туған жеріне арналған екен. Бәкір 1941 жылдан бастап Темірдің педучилищесінде оқып, кейін аудандық газетте хатшы болып қызмет етеді.

1950 жылы Ақтөбе облысына арнайы сапармен барған жазушы Тахауи Ахтанов Бәкір Тәжібаевты кезіктіріп, оның бойындағы өнерге деген құштарлықты байқап, Алматыға алдырады. Бәкір оқуға түседі. Осы жайлы Бәкір Төлеуұлы көзі тірісінде айтқан екен: «Мен өзі жастайымнан өнермен, әдебиетпен шұғылдандым. Мен туған халық әндерін домбыраға қосылып айтып жүрдім. Жиырма бір жасымда театр училищесін бітірген соң, мені Мәдениет министрлігі Жамбыл облысына жіберді. Екі-үш жылдан кейін Шымкенттің облыстық театрына шақырды. Онда бұрын жұмыс істеп  кеткен жағдайым бар еді. Көп жыл жұмыс істедім. Әнмен қоса драматургиялық шығармаларды дүниеге әкелдім. Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар Сұлу» операсының либереттосын Нығымет Баймұхамбетовпен бірігіп жаздық. Ол опера театры сахнасында күні бүгінге дейін жүреді. Сосын көптеген таза драматургиялық пьесалар жаздым. Оларды айтсам, «Қаракөз қарындасым», «Ана жүрегі», екеуі де  Ұлы Отан соғысына арналған. «Батақтың Сарысы» деген композиция, сол кісінің өмірінен «Түрмеден қашқан»  деген  музыкалық драма жаздым. Бұл шығармам да көптеген театрда жүрді. Семей, Шымкент, Жамбыл, Қызылорда театры, Алматыдағы Мемлекеттік Жасөспірімдер театры біраз шығармаларымды сахнаға шығарды».

Бәкір Тәжібаев облыстық театрларда еңбек етіп, 1958-1974 жылдары Қазақтың Абай атындағы  опера және балет театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, кейін Алматы облыстық халық шығармашылығы үйінде, Қазақстан театр қоғамында кеңесші-әдіскер болып қызмет етті.

Бәкір Тәжібаев 1974 жылдан бастап шығармашылыққа біржолата бет бұрды.

«Көптеген әндердің дүниеге келуіне Еркеғали Рахмадиев, Ескендір Хасанғалиев, Әсет Бейсеуов,  Сейдолла Бәйтереков, Төлеген Мұхамеджановтардың әсері болды. Ал енді Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова сынды әншілер шығарған әндерімді жариялады» — деп, ағынан жарылған.

Ақынды қанаттандыра білген, бар жағдайын жасаған құдай қосқан қосағы Сапаркүл апай сол бір қимас шақты әр кез ерекше сезіммен еске алады: «1959 жылы Жамбыл қаласындағы нағашы ағамның қолында тұратынмын. Мен мектепте оқимын, он бес жастамын. Келсем, үйде бір жігіт отыр домбыра тартып. Келіп жүрген әртістердің біреуі шығар дедім де қойдым. Күнде келеді әлгі кісі, сосын бір күні:

— Сен менің жиен қарындасым боласың, — деді,

— Жарайды, ағай! — дедім. Бір күні айтты:

— Мен сені өз қолымнан күйеуге берем, — деді, тағы да:

— Жарайды, — дедім.  Сөйтіп жүргенде екеуміз қосылдық. Мен мектеп қабырғасында оқимын, «жасы толмаған қызды алды» деп, Бәкірді соттамақшы да болды. Анам, әжем, нағашы ағам мен жеңгем бар, бәріміз бірге тұратынбыз. Содан Нұрдәулет Күзембаев деген ағамыз Шымкентте басшылық қызметте болатын. Бәкір соған кетті. Содан кейін сол ағамызға: «Қарындасыңызды алып едім, қудалап жатыр» десе, «бәрін көшіріп алып кел!» деген екен. Содан ағамыз мені училищеге түсірді. Бәкір Шымкент театрына кірді, сөйтіп, тұрып жаттық. Әртістердің әрқайсысы келіп «Бұл кім?» деген сұрақты көп қоя берді. «Әйелім» деп айта алмайды, «қарындасым» деп әрең құтылатын…».

Сүйгеніне қосылған Бәкір жұбын жазбай, бақытты  өмір сүрді. Ал ақын әрі сазгер, драматург Бәкір Тәжібаевтың туындылары өз кезегімен жарық көріп жатты.

Иә, автордың «Қараторғай» атты новеллалар жинағы, одан кейін «Біздің Роза» очерктер жинағы мен «Сахна жұлдыздары» атты портреттер  топтамасы, «Балбұлақ», «Ән дәурен», «Жүріп келем», «Дала жолдары», «Жыр жолаушы» атты жинақтары көзі тірісінде жарық көрді. Ал біздің алтын қорымызда сақталған екі жүзден аса әндерінің ішінде шоқтығы биігі — Сейдолла Бәйтерековтың «Әлия» әні. Бұл әнді алғаш орындаған Роза Рымбаева Сопотта өткен Халықаралық ән фестивалінде Гран-при сыйлығын жеңіп алды. Ән әншіні, әнші әнді дүниежүзіне паш етті. Ал әннің авторлары Сейдолла мен Бәкір сол қуаныштың куәсі болып, мерейлері өсті. Осы жайлы Сапаркүл апамыз: «Әлия Молдағұлованың маған анам жағынан туыстығы бар. Бәкір анам екеуі отырып шай ішеді ғой, сонда жазған өлеңдерін екеуі талдайды. Сосын Әлия туралы әңгіме болып қалғанда: «Апа, айтып берші» деп жалынып, көп нәрсеге қанық болады. Осында Әлия Молдағұлованың нағашы ағасы да болды. Әубәкір Молдағұлов дейтін кісі, соғысқа қатысқан.

Бір күні үйге жас композитор Сейдолла Бәйтереков келді. «Ой, аға, өлеңіңіз әнге сұранып тұр екен, мен бір ән жазайын» — деп, кешке дейін екеуі осы әнді жазып шықты» — деп еске алды.

Бәкір мен Сапаркүлдің Алладан сұрап алған ұл-қызы ата-анасының қуанышы еді, қыздары Айжан ерте дүние салды. Ендігі үміт Жасұландай ұлда еді…

Жасұлан әкесі жайлы былай деп сыр ақтарған еді: «Әкемнің дүниеден өткеніне де біраз жылдың жүзі болды. Мінезі қызық адам болатын. Кішкентай бала секілді, бір адамның айтқанына сеніп, шын көңілмен «рас» деп санайтын. Қолынан келсе, елдің бәріне көмек көрсететін. Өзі әдебиетке жақын болғаннан кейін, мені де әдебиетке баулыды.

Жалғыз болып өстім, кішкентай кезімнен оқуыма қатты қарайтын. «Сабақтарың қалай, кейін ұят болып қалмасын» деп, ылғи айтып отыратын.

Әкем негізінен түнде жазатын, таңғы бестерге дейін жазу жазады, содан түске дейін ұйықтайтын. Әжеммен шай  ішіп, шығармашылығын талдайтын. Мінезі тік болатын. Айналасындағылардың қатесін бетіне айтатын, бірақ зілі болмайтын. Жас композиторларға ақыл-кеңес айтып, қолынан келген көмегін аямайтын. Кішкентай кезімізден бастап, әншілер мен ақын-жазушылардың ортасында өстім. Олар біздің үйде ән айтып, күй тартып,  думандатып отыратын».

Ал ақын Сейфолла Оспанның мына естелігі ерекше есте қаларлық: «Өзбекстанның Жизақ қаласынан ел аралап келе жатқанда, жолда бір малшы мәшинеге мінді.  Кенет жүргізушіміз радионы қосып еді, біз «бәсеңдет» дедік. Сонда малшы:

— Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлағын» айтса ғой, шіркін, онда радионы қатты қояр едік! — деп армандады. Сонда:

— Егер сол Бәкірмен бірге келе жатсаң не істер едің? — дегенімде, әлгі кісі бізге жалтақтай қарай берді. Анық-қанығын білгеннен кейін қуанып,   «Түйе соям, үйге жүріңдер», — деп, жабыса кетті».

Ел арасында Бәкір Тәжібаевқа қатысты осындай әңгімелер айтылады. Өнерді сүйген халық Бәкір ағамызды ерекше құрметтеген.

Ақын әрі сазгер, драматург Бәкір Тәжібаев — мың бұрала аққан Сағыз бен Жем өзендерінің бойын мекен еткен әнші-күйшілердің өнерімен сусындаған дала дарыны. Атасы Қоныс жырау да өнерлі жан еді, ал әкесі  Төлеу мен анасы Тәжен ойын-сауықтың  көркі болған ауыл өнерпаздары болатын. Туған топырақтың қасиетін бойына дарытқан Бәкір Төлеуұлы Ескендір Хасанғалиевтың «Әдемі-ау», «Алматының алмасы», «Елігім-еркем», «Есіңе ал», «Ауылым-әнім», Нұрғиса Тілендиевтің «Аққұсым», Кеңес Дүйсекеевтің «Қаракөз», Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» әндеріне өлең жазса, өз әндерін де біздің алтын қорымызға жазып қалдырды. Әлі күнге маңызын жоғалтпаған  екі жүзден аса ән жас орындаушылардың әрлеп орындауында қайта жаңғыруда.

Бәкірдің ұлы Жасұлан мен келіні Гауһардың батыр есімін иемденген Әлия атты қызы өнерге әуес. Ол Нұрсұлтан Назарбаев зияткерлік мектебінің сегізінші сыныбында оқиды, фортепиано аспабын үйреніп, білімін жетілдіріп жүр.

Біз тамылжыған әсем әндері мен сырға толы  жыр-маржандарын халқына рухани азық етіп қалдырған  біртуар дарын иесі, арқалы ақын, сырбаз сазгер Бәкір Тәжібаевтың   шығармаларының  дәуір үнімен үндесіп, талай ғасырға жететініне сенімдіміз.

Мәңгілік тақырып махаббат дейтін болсақ, тыңдаушының жан дүниесіндегі құпия сырды нәзік сезіммен тербеп, теңіздей толқытар әнімен, жырымен туған халқымен бірге  жасайтын тамаша суреткердің еңбегі әлі де талай әңгімеге  арқау болары сөзсіз.

 Алтын ИМАНБАЕВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің меңгерушісі.

 

 

  «Тәжен мен Төлеу қарттан бірге туған»

 Бәкір ағамыз бауырларына арнаған жырында: «Тәжен мен Төлеу қарттан бірге туған», — деп жазған еді. Сол бірге туған бауырларынан бүгінде көзі тірісі — қарындасы Қибат.

Қибат апай туған өңірі — Байғанин ауданының Жарқамыс ауылында тұрып жатыр. «Бүгінде ауылда ағамның құрдастары да қалмады. Ағаммен бірге өскен жандарды көріп жүрудің өзі де бақыт еді. Соңғы құрдасы былтыр дүниеден өтті», — деп мұңайды апай бізге. Ол кісімен телефон арқылы хабарластық.

— Бәкір ағамен бірге туғанмен, бір шаңырақ астында, бірге өспедік. Ол — әке-шешеміздің үлкені болса, мен — кішісімін. Ортамызда Мырзағали, Төреғали деген ағаларым бар, яғни бір әке, бір шешеден туған төрт бала едік. Әкем 75 жасқа жетіп, беріде қайтыс болды, ал анам өмірден тым ерте кетті. Анамыз Тәжен қайтыс болғанда, мен бір жастан ғана асқан сәби екенмін. Әкем мен әжемнің қолында қала беріппін. Отбасымыздың тұңғышы — Бәкір ағаның менен 11 жас үлкендігі бар ғой, оқу қамымен ол көбіне әкемнің бауыры Селбай ағамыздың үйінде болатын. Сондықтан оны сирек көрдім. Білетінім — ағам жастайынан өнерге құштар болды. Әкем де домбыра тартатын, өнерлі адам еді. Бірақ тіршілік қамымен, біресе қолына кетпенін алып, біресе малын қарап дегендей, күні бойы шаруа соңында жүріп, өнер жолына түсер шамасы болмады. Ал ағам өнерге ерте ден қойып, ешкім арнайылап үйретіп, баулымаса да, естігенін қағып алып, қолынан домбырасын тастамай, ән мен жырға әуес болды. Екінші ағам Мырзағали да өнерге жақын еді. Ол ұзақ жылдар бойы Байғанин өңірінде музыка мектебінің директоры болып қызмет атқарды, ауданда Қазанғап атындағы ұлт аспаптар оркестрін құрды. Ал кіші ағам Төреғали жұмыс бабымен Қарағанды жақта тұрды. Қазір үш ағам да дүниеден озған. Олармен дәмдес болған, қатар жүрген жандарды көрудің өзі мен үшін — бір бақыт, — дейді Қибат апай.

Ескендір Хасанғалиевтің «Қарындасым — қарылғашым» әнінің сөзін жазған Бәкір Тәжібаев екенін оқырмандарымыз біледі.

«Жастық күнін тойлап,

Қос бұрымы ойнап,

Бұлғақтаған еркем.

Шоқ жұлдыздан дара,

Жүрген кеше бала,

Сыр сақтаған еркем» — деп басталатын бұл әдемі өлеңді Бәкір ағамыз өзінің жалғыз қарындасы — Қибатқа арнап жазған.

— 1957 жылы 20 жасымда тұрмыс құрдым. Он жылдан кейін жолдасым қайтыс болды. Мен бес бірдей баламен қала бердім. Балаларымның ең кішісі бес-ақ айлық еді. О баста қайнағам мен абысынымның қолына келін боп түскенмін. Сол кісілермен кейін де бірге тұрдық. Олардың да бес баласы бар, он бала бір үйде өсті. Елге келген кездерінде ағам біздің шаңыраққа арнайы соғатын. Ол кісінің әнін тыңдаймыз деп, ауыл адамдары жиналып, мал сойылып, нақ бір той жасап жатқандай, мәре-сәре болушы едік, — дейді Қибат апай.

«Қарындасым — қарылғашым» әнінің:

«Балапандар — серік,

Қанаттары берік

Қатайды ма құсым?

Туыстықпен ізгі,

Тым болмаса бізді

Атайды ма, құсым?

Өміріңнің жазын

Сәлем хатқа жазып,

Айтпайсың ба, еркем?

Құстарыңмен келіп,

Өз төріңді көріп

Қайтпайсың ба, еркем?» — деген жолдарында бір жағынан — сағыныш, екінші жағынан, қарындасының тағдырына деген алаңдаушылық та бар.

— Әрине, жап-жас боп, шиеттей баламен жалғыз қалу оңай емес қой. Бірақ балаларымды аман-есен өсірдім, бәрі де білім алды, қатарға қосылды. Екі балам — ауылда, екеуі — Ақтөбеде, ал ең кіші қызым Алматыда тұрады. Немерелерім де бар. Өзім бүкіл ғұмырым өткен Жарқамыстан алысқа кеткім келмейді. Осында үлкен баламның қолында тұрып жатырмын. Осында болсам, ағамның Ақбұлағына да жақын боламын. Ағамның бауырмалдығы ерекше еді ғой. «Ән айтшы» — дегендердің ешқайсысының өтінішін жерге қалдырмай, күн-түн демей, ән салып отырушы еді. Оның ешкімді жатырқамайтын мінезін сағындым. Қазіргі балалар қолданып жүрген дыбыс жазатын түрлі құралдардың сол кезде болмағанына өкінемін. Ағамның әндерін өз аузынан жазып алатын едік-ау, — дейді Қибат апай…

 Индира ӨТЕМІС.

 

 

                                                                                  Бәкір ТӘЖІБАЕВ

 ЖЫРЫМ — ПЫРАҒЫМ

Сезімім толқып тасынған,

Бақытқа жаным бөленді.

Қызықтай қуғам жасымнан

Құс болып ұшқан өлеңді.

 

Көңілден күйді қозғадым,

Оның мол сырын түйді кім.

Әркім-ақ сынап өз бағын,

Бәйгеге қосқан жүйрігін.

 

Жібердім баптап алысқа,

Топқа да қосып сені енді.

Пырағым-жырым, шабыста

Қаратпа жерге иеңді.

 

Күшіңді сында аңдап қал,

Жазылып өтер жер енді.

Суырылып шығар саңлақтар,

Бетке алып тартар белеңді.

 

Күйге бір бөлеп қыратты,

Бауыры кетсе жазылып,

Топталып түскен тұяқтың

Қалатын орны қазылып.

 

Дуылдап жұртым қалатын

Шығарса жүйрік шын атын.

Жебесіндей-ақ садақтың

Зу етіп өте шығатын.

 

Бармысың, пірім, бабыңда,

Бетке ала тартшы белеңді,

Құйғытып өткен шағыңда

Шарпысын жалын денемді.

 ххх

 Ойласаң мені,

Қаланың таныс жолдарыменен жүргейсің.

Сонда да мені жанымда бар деп білгейсің.

Түнде сен жүрсең,

шамдарға жанған қарарсың,

Шалқып бір жүрген шақтарды еске аларсың.

 

Алдыңнан өтсе ағылып такси жүздеген,

Бірінде соның мен бармын, сәулем,

Мезгілсіз уақыт тыншымай сені іздеген.

Жайнаған гүлім,

Жабырқап көңілің кез болса мені сағынар,

Өзіңе таныс үйдің аш, сәулем, есігін,

Тұтқасында оның алақанымның ыстық табы

бар…

 

Сағынсаң мені,

Сал-домбыраны сазымен шертіп байқарсың.

Сыйлаған саған сүйікті әнімді айтарсың.

Сағынсаң мені,

Өзенге бар да, толқынға қара,

Дүниеге сыймай ұрынған,

Таба алмай тыншу тынымнан,

Жүрегім толқын — жүрегім ғой менің

Алдыңа келіп жығылған!..

 

ххх

Жалыны жоқ жүректен ән ұшпайды,

Жігеріңді жаман дос жаныштайды.

Жүрген сайын жеткізбей қарсы алдымнан,

Асқар тауы арманның алыстайды…

 

Жырларымнан тұтатып шырақ алдым,

Сол бір асу биікті сұрап алдым.

Көз жасымды көрсетпей еш адамға,

Жалғыз жүріп кейде мен жылап алдым.

 

Өмірімнің өткізіп көш тізбегін,

Күн нұрындай көңілге хош іздедім.

Жақын келіп ұғынар жан күйімді,

Ұзақ жолда жалтармас дос іздедім.

 

Менің-дағы биікте шынарым бар,

Сан алуан өнерге құмарым бар.

Қапаланған шақтарда сырласатын

Сал-домбыра сазынан сыңарым бар.

Ауылға барғанда

Ауылым, хош иісті гүл-ау далаң.

Үстінде қыратыңның күн аунаған.

Шалқымай көңіл шіркін қала ала ма,

Түтінің қолын бұлғап тұр-ау маған.

Көгіңе сурет салып бара жатыр,

Тізбекті тырналарың тыраулаған.

Айнымай анадайдан естіледі,

Әнекей, әкем даусы «құраулаған».

«Шәйт, шәйт» келе жатыр ат үстінде

Қаптатқан ақтылы қой дырау балаң.

Өзіме домбырасын сыйға тартқан

Нұрпейіс Байғаниндей жырау бабам…

 

ххх

— Ей, бейтаныс,

Жерімді «қуаң!» — деген,

Жауап тыңда бүтіндей бұған менен:

Қуаң жерге құндыздар келер ме еді,

Қуаң белден киіктер өрер ме еді!

Туған өлкем еркесі — бұлан болған,

Ұлан мінген арғымақ — құлан болған.

Құба жонда шөлдесем — ән салам ба?!

Жарытусыз берсең де маған баға,

Жаннатымды мен туған жамандама!

Сауран

Сөз туса сарық-сағанақ,

Сапарға құштар біз едік.

Қаратау бойын жағалап

Сауранға бетті түзедік.

 

Қиялым көңіл құсындай

Асады жасыл бөктерден.

Жебенің сүйір ұшындай

Қаратау шеті шектелген.

 

Шұбалып жолды басты шаң,

Шығанға ойым бөлінді.

Шаңқиған күннің астынан

Шаңқан боз қорған көрінді.

 

Жазықта жалпақ жатаған

Сайран сап небір ғұлама;

«Сауран» — деп атын атаған

Қаланың орны — бұл ара.

 

Ашылмай асыл сыр қалған

Алаңға жеттік асығып.

Бояумен түрлі сырланған

Бұйымдар жатыр шашылып.

 

Қасиетінен көне мұраның

Кетердей саған күй дарып.

Бойыңды билер бір ағын

Көтерсең жерден сыйды алып.

 

Өткеннің жайын ойландым;

Өзекке ол өртті салғандай.

Опат боп келген ойранның

Белгісі мұнда қалғандай.

 

Сақтаған ерлік, сабыр да

Қоршау тұр, бейне, салқамдай.

Сойдиған әрбір қабырға,

Бабамнан мұнда қалғандай.

 

Аңызын айтса атырап,

Көкейге сыры толмай ма!

Сауранға біткен топырақ

Сары алтын десе болмай ма!

 

Не болмай өткен өмірде;

Қатыгез алыс, жақынға —

Айтулы Ақсақ Темір де

Табынған, — дейді, — ақынға.

 

Қыш құйып Сауран құмынан,

Жүректерін саздырып

Мың сан қол қатар қаз тұрып

Бір-біріне өткізген.

Әмірдің шығып сынынан

Түркістанға жеткізген.

 

Мүмкін, ол жырдың хақында

Парыз да болар бір кезгі.

Қожа Ахметтей ақынға

Көтерген биік күмбезді!

 

Жай түйіп үрдіс қалған ем,

Жазғанша тынши алмадым.

Жеткенше Түркістанға мен

Жырымның жолын жалғадым.

 

ххх

Жасаған жоқпын батырлық,

Көрінген жоқпын керім боп.

Әйгілеу үшін атымды

Айтысқа түскен жерім жоқ.

 

Туған ел, сенің қашанда

Сақтадым асыл салтыңды.

Өзеуреп сөйлер қасаңға

Өзгерткен жоқпын қалпымды.

 

Мардамсып бекер, босқа мен

Мадаққа тәнті болмадым.

Бәсеке үшін басқамен

Мінбедім сұлу «Волганы».

 

Туған ел, сенің сәніңді

Саялап жүрсем болғаны.

Саған деп айтқан әнімді

Аялап жүрсең болғаны.

 

Әнім бар жерде мен де бар.

Мен жоқпын әннен жаңылсам.

Ән — менің ауам дем алар,

Ән — менің дауам ауырсам.

Ақши

Өзгеден оқшау бөлініп,

Өршітіп бойда жалынды,

Балағы балғын төгіліп,

Ақшиім көзге шалынды.

Өзінен ырыс тап болған,

Өлкені мұндай таба алман!

Сезімге сая бақ болған

Мен үшін Ақши — ақ орман.

Ақ қоян ағып өткенде

Жанардан ұшқын шашылды.

Лау ете қалып от кеуде

Лап етіп қайта басылды.

Әсерге алуан тоям ба-ай!

Әйтсе де бойды басты мұң.

Жарқ етіп қашқан қояндай,

Жалт берген мұнда жастығым!..

Меңдекешке

 (Элегия)

Махамбет кеткен мұра ғып —

Сынығы едің асылдың.

Жыр болған жалғыз мұрады,

Сыңары едің жасылдың.

Жалынды құшқан, жыр ием,

Жарқылдап жүріп алдымда,

Опасыз фәни дүниеден

Оқыста кетіп қалдың ба!..

Тірлікті жарық қимадың,

Жамандық жанға жолатпай.

Бес тәулік — азап қинады,

Қарақшы болған «қонақтай».

Басында биік белеңнің,

Өлімді ойға оратпай,

Шаншылып тұрсың — өлеңнің

Отынан шыққан орақтай.

Өмірді ғажап сүйіп сен,

Ақындық асу үстінде,

Баспалап шыққан биіктен

Қапыда тайып түстің бе!..

Саз беріп сұлу сезімге,

Салқындық бойда жоқ мүлде,

Сыр түйген сырбаз кезіңде

Сүрініп, көкем, кеттің бе!..

Соңғы сөз айтпай өттің бе!..

 Жасұланға

Жерорта  жасқа келгенде,

Өмірдің қызық, наласын,

Көңілдің кейбір шерменде

Кездерін де ойға аласың.

 

Жарқылдап жүрген думанда,

Бізде де жастық болған ғой.

Туралық айтып туғанға,

Қияны қиял шолған ғой!..

 

Әділдік — түзу жол дейтін,

Жанымен сүйіп арайды.

Әммені, әсте, бөлмейтін

Әкеңдей болсаң жарайды.

Аңсаймын көктемді

 Вьетнам ақыны Те Ханьнан

 

Көктем жоқ мұнда,

Кешесің суды белшеңнен.

Көпір де, гүл де, мекенжай — бәрі өртенген.

Қызыққа толы өмірді ғажап

Көз алдыңа әкелген

Қан майдандағы қызыл туға серт бергем!

 

Өзегің талып, үзім нан іздеп жүресің,

Ізіңе түскен жаудың да барын білесің.

Сонда да сені бастайды алға бір арман —

Жанарыңда сенің

Ай дидарынан нұр қалған.

Көкірегіңде сенің

Құстар сазынан сыр қалған…

 

Қарт болсын мейлі, жас болсын мейлі —

бауырың,

Аштықта бірге өткерер азап ауырын.

Бір салым тұз бен кәрзеңкедегі жүгерісін саған ұсынып,

Сенімен бірге

Жауына қарсы жұмсайды болат қаруын.

 

Ал, сен маған

Көктемнен де көркем қымбаттым,

Асқардағы биік

Шынарым болған, сымбаттым,

Серт байлау етіп сөзіңді берші;

Сен үшін мен

Ми-батпақты де елемей кешіп кетейін!

 

Сен үшін мен

Күн сәулесіндей бейне түнекті тесіп өтейін!

Сол шақта бізге оралар жастық шағымыз,

Жанымызды орайықшы ғажайып нұрға тағы біз.

Сол шақта мынау ұрыстың қанды майданы —

Көрінсін бізге ерліктің болып айғағы.

Көрінсін бізге

Өмір мен бақыт, көктемнің болып аймағы.

Сапаргүлге

Жүреді менің ойымда,

Думанды жиын гүрлеген.

Жастықтың гүл-гүл тойында,

Ағылған ән-күй жырменен!

 

Аңсап та жүрген, арманым,

Кезіктің сонда тосыннан.

Үмітке үміт жалғадың,

Сый сыйлап көңіл хошыңнан.

 

Жеріме қонған ақша қар —

Жүзіңнен сенің аумаған.

Өзгеге сырын шашпаған,

Сезімің оттай қаулаған.

 

Күлімдеп тұрған көзіңнен,

Көзімді көрдім өзімнің.

Сәтін де сонда сезінгем,

Мереке-думан кезімнің.

 

Қалауыма еркім қамалған,

Кірпігің — жебе қадалған.

Таңдап мен сүйген ғаламнан,

Ақтотым — сенсің таранған.

 

Табиғат — ару ғажайып

Сәулетті жиған не түрлі.

Сен шықсаң нұры азайып,

Солғындай түсер секілді.

 

Жадырай күлсең,

Мен үшін

Жарығын төккен Айым ең.

Жырымды жырлап сен үшін,

Жанымды саған жайып ем!

 

Қол созып сендей шынарға,

Бақытын мендей кім көрді!

Жаным-ау, естен шығарма,

Мереке-думан күндерді!

 

Жүргенде сені сүйіп мен,

Бөлмеші, сірә, бөтенге ой.

Әйтпесе, күйкі күйіктен

Мәжнүн болып кетем ғой!..

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button