Мәдениет

Дәрігерлер әулеті — Біраловтар

Әулет

 «Дәрігер — арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек».

Гиппократ.

Елібай Біралов

 Ақтөбеде дәрігер Біраловтардың әулетін білмейтіндер кемде-кем. Осы әулеттен шыққан тұңғыш дәрігер — Ресейдің Саратов қаласындағы әскери медицина академиясының түлегі Хайрулла Біралов. Одан кейін оның інісі Зинеш (Зейнулла) Біралов облысқа белгілі атақты оташы (хирург) болды. Одан әрі осы әулеттің бірнеше буын ұрпағы медицина мамандығын таңдап, халыққа қызмет көрсетуде. Осы әулеттен шыққан дәрігерлер туралы бізге Әйтеке би аудандық орталық ауруханасының  хирургия бөлімінің меңгерушісі Елібай Біралов айтып берді.

— Біраловтардың дәрігерлік мамандықты таңдауында нендей сыр бар деп ойлайсыз.

— Біздің әулеттің дәрігерлерінің тарихы өткен ғасырдан басталады. Атамыздың аталары мешіт ұстаған ишан  болған, ел ішінде кісі емдеумен айналысқан қолының шипасы бар оташы болған. Ол кезде оқыған дәрігерлер болмаған, болса да сирек. Солардың міндетін аталарымыз атқарғанға ұқсайды. Сондықтан бұл бізге қанмен келген қасиет деп ойлаймын. Өз атамыз Бұрханаддин мен Сақып әжеміздің  төрт ұлы, Мариям атты бір қызы болған.

Үлкен ұлы Хайрулла ағамыз Саратов қаласындағы әскери медицина академиясын бітірген. Ақтөбеде өмір бойы невропатолог дәрігер болып қызмет жасады, сол кездегі Ақтөбедегі мединститутта жүйке аурулары кафедрасында профессор Яковлевпен бірге қызмет жасады, студенттерге сабақ берді. Сый-марапаттан кенде болған жоқ. Қазір Түркістан шаһарындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, сонда медицина факультетінде қызмет жасайды. «Парасат» орденінің иегері.

— Хайрулла Бұрханұлының жолын жалғастырған балалары бар ма?

— Иә. Назия Біралова  қарындасымыз дәрігерлік мамандықты таңдап, әкесінің жолын жалғастырды. Назия Хайруллақызының жоғары санатты дәрігер невропатолог болып қызмет  жасап жүргеніне де 30 жылға жуықтады. Қазір Қазақстанда жұмыс жасап жатқан халықаралық америкалық-канадалық «SOS» компаниясында құтқарушы дәрігер қызметін атқарып жүр.

— Облыстық жедел жәрдем ауруханасында бас оташы, травматология бөлімінің меңгерушісі болып қызмет жасаған, қолы жеңіл, талай науқастың өміріне араша түскен  Зинеш (Зейнулла) Біралов бүгінде ортамызда жоқ. Зинеш Бұрханұлының ұрпақтары туралы айтсаңыз. 

— Зинеш Бұрханұлы Ақтөбе мединститутын бітіріп, Ембі қаласында 5 жыл жұмыс істеді.  Содан соң Алматыға барып аспирантурада оқыды.  Көп жылдар бойы Мұғалжар аудандық орталық ауруханада хирургия бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етті. Жүрекке, асқазанға, тағы да басқа түрлі оталарды сәтті жасайтын, қолы шипалы болды. «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері» атағына ие болды. Ақтөбедегі облыстық жедел жәрдем ауруханасында травматология бөлімін басқарды. Мықты оташы ретінде аты шықты. Ол кісі ауруды дәл анықтайтын. Өз ісіне  берілген білікті дәрігер еді. Зинеш ағаның қандай дәрігер болғанын ел біледі.Талай марапатқа ие болды.

Тек қана оташы дәрігер болған жоқ, оқытушылықпен де айналысты. Қазіргі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінде студенттерге дәріс оқыды. Бүгінде  Ембі қаласында елге еңбегі сіңген дәрігерді есте сақтау мақсатында Зинеш Біраловтың атына берілген көше бар.

Зинеш ағамыздың зайыбы Бақыт Біралова — көз дәрігері, көп жылдардан бері облыстық жедел жәрдем ауруханасында жоғары санатты офтальмолог болып   қызмет істейді. Ал Зинеш Бұрханұлының  үлкен ұлы Абай — тіс технигі. Екінші ұлы  Асхат Біралов — медицина ғылымдарының докторы, Астана қаласындағы №10 амбулаторлық-емханалық кешеннің бас дәрігері.

Бұрхан атамның кенже ұлы Самбай ағамыздың үйіндегі жеңгеміз Қарлығаш Біралова әулетіміздегі дәрігерлердің сапына қосылды. Мамандығы — терапевт дәрігер, теміржол ауруханасында жоғары санатты дәрігер кардиолог болып жасайды. ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі атанды.

— Біраловтардың атын шығарған, Гиппократ антына адал осы дәрігерлердің мықтылығы  неде деп ойлайсыз? 

Алдында айтып өттім, бұл өзі тегінде бар қасиет, арғы аталарымыз  сырқаттарды емдеген, емшілікпен аты шыққан, олар аурудың себебін ішкі түйсікпен сезе алатын болған. Сол сезімталдық бұл кісілерге де дарыған. Екіншіден, кәсіби жоғары білім алған, соны  елдің қажетіне жұмсаған, олар тек хирургтің не жүйке аурулары дәрігерінің ғана аясында жұмыс жасамаған, медицинаның кез келген саласынан хабардар бесаспап  болған. Алдыңғы толқын кәсіби дәрігерлердің  көбі  медицинаның кез келген саласынан хабары бар, жан-жақты болғанын өмірде көріп жүрміз. Және халықтан өздерін биік санамаған. Басы ауырып, балтыры сыздап, көмек сұрап келген кісіні жылы шыраймен қарсы алып, олардың арыз-арманын тыңдап, қолынан келгенше қол ұшын беруге тырысқан. Тіпті  жанкештілікпен жұмыс жасаған. Оташының жұмысы маған белгілі, Зинеш ағамыздың әр науқастың жанын алып қалсам деп талай жан алып, жан беріскені ақиқат. Өйткені дереу шешім қабылдап, шұғыл ота жасау үшін тәуекелмен қоса  қаншама жігер, шыдам, керек. Өзіне-өзі сенген адам ғана, адамның өміріне деген жауапкершілікті  сезінген адам ғана антына адал болып қала алады. Сондықтан да елдің алдында беделдері жоғары болды деп ойлаймын.

— Өзіңіз туралы айта кетсеңіз.

— Мен Бұрхан атамның үшінші ұлы Абдолланың баласымын. Дәрігерлік мамандықты, оның ішінде оташылықты таңдауыма  алдымдағы айтулы дәрігерлер  Хайрулла мен  Зинеш Бұрханұлдарынан алған үлгі-өнегем әсер етті деп ойлаймын. Оның үстіне өзімнің де бұл іске деген  қызығушылығым, талабым зор болды. Дәрігерлік мамандықта оқу оңай емес, егер өзіңде ниет болмаса, ешкім де көмектесе алмайды. Дәрігер болуды оңай-оспақ нәрсе көретіндер бүгінде  бар ғой, бұл мамандық адам өміріне жауапты болғандықтан, оған абайлап келу керек. Қолыңнан келмесе, біреудің обалына қаласың.

Мектеп бітірген 1976 жылы Ақтөбедегі медицина институтына түсіп, 1982 жылы бітіргенмін. Оқуды аяқтағаннан кейін жолдамамен сол кездегі Орал облысының  (қазіргі Батыс Қазақстан) Жаңақала ауданындағы аудандық орталық ауруханасына жіберілдім, сол жерде әуелі оташы дәрігер, кейін   хирургия бөлімінің меңгерушісі болып төрт жыл жұмыс істедім. Одан кейін 11 жылдай уақыт Мұғалжар аудандық ауруханасында қызметімді жасадым. Еңбегім еленіп, бірнеше грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталдым.

Ойыл аудандық орталық ауруханасында 18 жылдай хирургия бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасадым. Қандыағашта жүрекке, Ойылда миға, ішек-қарынға талай операция  жасадым.

— Дәрігерлікті таңдаған балаларыңыз бар ма?

Біраловтардың дәрігерлер әулетінің  үшінші  буынын менің ұлым Ибрагим Біралов жалғастыруда. Ибрагим Елібайұлы — дәрігер хирург, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің жалпы хирургия кафедрасында оқытушы  және  емханада дәрігер болып жұмыс жасайды.

Дәрігерлер әулетінің төртінші буыны болып саналатын  Абдолланың немересі Руслан Нұрланұлы биыл медуниверситетті жалпы тәжірибе дәрігер мамандығы бойынша бітіріп, Орал қаласында жұмыс істеп жатыр.

Екінші ұлым Рүстем  мен Зинеш ағамның немересі Әсет Абайұлы медуниверситеттің интернатурасында оқып жатыр, хирург болып болашақта  Біраловтар әулетінің жолын жалғастырады деген үміттеміз. Зинеш ағамыздың екінші немересі Ермек Абайұлы медуниверситетте стоматология факультетінде оқиды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Хирург Елубай Бралов Ойылда 1999 жылдары хирург болып жұмыс жасады. Мен қасында 6 ай анестезиолог болып бірге жұмыс жасадым. Өте керемет хирург. Берекелі отбасы. Жан-жары Света екеуі балаларына жақсы тəрбие берген үлгілі ата-ана!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button