Денсаулық

Біз таза су ішуді ұмыттық

Сара Алпанова:

Кейінгі кездері біздің «Ақтөбе» газетінің бетінде де дәстүрлі медицина, халықтық ем жайлы жиі әңгіме қозғалып жүр. Оларда қатып қалған кешегі кеңестік қағидаларды бұзып, адам денсаулығын жақсартудың, ғұмырын ұзартудың небір жолдары сөз болды. Тың деректер келтіріліп, пайымды ойлар айтылды. Ал осы жолғы біз сұхбаттасқан жоғары білімді, тәжірибелі, білікті дәрігер Сара Алпанова бұл бағытта көпшіліктің аузына түсе бермейтін мүлде тың мәселелерді өрбітеді. Ең қымбат дәулет адамның денсаулығын жақсартудағы, ғұмырын ұзартудағы дәрігердің түйген ойлары, жаңалықтары газет оқырмандарын бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз.

— Сіз, біздің білуімізде, дәстүрлі медицинаның өкілісіз. Ұзақ жыл қаламызда дәрігер болып істедіңіз. Емхана басқардыңыз. Соңғы жылдары адам денсаулығын жақсартудың түрлі жолдарын зерттеп, сол жолда жұмыс істеп жүрсіз. Жалпы, денсаулық мәселесіне байланысты қазіргі ойларыңыз қандай?

— Бұл әңгіме көпшілік адамдар үшін баға жеткісіз болуы мүмкін. Әзірге мұны еш жерден ести де қоймаған шығар деп ойлаймын. Бұл олардың денсаулық жайлы ақпараттардың тасқынынан жол табуларына, алданбауларына, уақыттарын текке жоғалтып, ақшаларын босқа шашпауларына көмектеседі. Егер қарап отырсақ, бүкіл ғұмырымыздың өн бойында біз түрлі дағдыларды меңгереміз. Айталық, іс тігіп, көлік жүргізуді, басқа да тіршілік күйбеңдерін үйренеміз. Бірақ сол машықтар мен дағдылардың қай-қайсы да ғұмырды ұзартуға мүмкіндік бермейді. Адам денсаулығын жоғалтқан кезде, әлгі дағдылар да құнын жояды. Талай дәулетті адамдар денсаулықтан айырылған соң опынып жатады. Ол жинаған байлық та, шексіз билік те уыстан шығып кеткен денсаулықты қайтара алмайды. Бұл жердегі өкініштісі сол — біз жайшылықта денсаулықтың қадірін біле бермейміз, ол өзімізге мәңгілік берілгендей, оның қоры таусылмайтындай, оған ешқандай кінәрат түспейтіндей көреміз. Кейін түзетуі қиынға соғатын ағаттық та осында. Біз өз ғұмырымызда денсаулығымызға кесел келтіретін толып жатқан әрекеттерге барамыз. Зерттеу орындарының алдын ала деректеріне қарағанда, адам өз ғұмырындағы іс-әрекеттерінің 80 пайызын осылай шалыс басып, денсаулығын кемітеді екен. Бұл — ойландыратын жағдай. Мәселен, саулығымызға зиянды екенін кейде біліп, кейде білмей пепси-коло, коко-кола сусындарын ішеміз. Шет елдік бұл сусындардың адам қанының құрамын бұзатынын ескере бермейміз. «Галина- Бланка» тағамдық текшелері құрамында да денсаулыққа тікелей қауіп төндіретін химиялық қоспалар бары анықталған. Біз осы тағамдарды пайдалану арқылы өзімізбен бірге,  балаларымыздың да денсаулығын құртып жатырмыз.

Сырқат тудыратын 12 фактор бар. Тек соның біреуі бойында болған жағдайда адам сырқатқа шалдықты дей беріңіз. Әрине, бұл онша ұнамды емес, бірақ солай. Біз тек соның бесеуін ғана қарастыралық.

Бірінші фактор — психология. Өмірде өзінің сырқатын санамалап айтып отыратын, содан лаззат алғандай болатын адамдар да кездеседі. Мұндай жағдайды дәрігерлер «Сырқаты басында» екен дейді. Жалпы, көңіл күйдің нашарлығы сәтсіздікке, денсаулықтың кемуіне соқтырады. Өзіңіздің айналаңыздағы адамдарға қараңыз. Егер сіз ұнжырғасы түсіп, мүжілген адам көрсеңіз, сырқат-ау деп күмәндана беріңіз. Себебі, ол табиғаттың үндестігін сақтамай, өзінің ішкі жан дүниесін бұзды. Ішкі тепе-теңдік заңдылықтары сақталмады. Біз көп жағдайда жан дүниемізде болатын өзгерістерді өз қолымызбен бұзамыз. Егер ол адамның басында басқаға бағытталған зиянды ой болмаса, теріс өзгеріс те болмас еді. Сондықтан ең әуелі әр адам өзінің санасын өзгертуі қажет. Біреуге кектену, кіжіну немесе қызғанып көре алмау, өшпенділік пен ызақорлық ниет түбірімен жойылуы керек. Қоршаған ортаға, айналасындағы адамдарға үнемі риза болмау, ұдайы біреумен иттесіп жүру де жақсылыққа апармайды. Осының бәрі адамның ғұмырын ұзартпайтын, қайта тез қартайтып,  қысқартатын-ақ мінездер.

Адам ғұмырын қысқартатын екінші фактор — тамақтанумен байланысты. Адам ағзасына түскеннен кейін қорытылмайтын азықпен қоректенбеу керек. Табиғатта бәрі керемет бола бермейді. Азықтың тәуірі де, нашары да кездеседі. Артықшылыққа ие азық-түлік түрлері жақсы, толық бағалы, құнарлы, кенеулі болады. Олардың құрамында адам ағзасына, жасушасына қажетті 28 аминқышқылы, минералдың 70 түрі, дәруменнің 12 түрі, сіңімді май қышқылдары, тағы басқа да дүниелердің бәрі бар. Адам ағзасының миллиардтаған жасушадан тұратынын біз жақсы білеміз. Жасуша, тән, ағза жиналып жүйе құрайды. Құдайдың құтты күні жүздеген миллиардтаған жасуша өліп, сонша жасуша тіріліп, туып жатады. Яғни күн сайын біздің ағзамызда жаңа өзгерістер болып жатады, жаңа құрылымдар түзіледі. Минералдар, дәрумендер, басқа да заттар соған қажетті құрылыс материалдары. Ал енді біз қоректенетін астың бәрі бірдей пайдалы бола бермейді. Қазір уытталған, сүрленген, қатты тұздалған, керісінше өте тәтті немесе кептірілген, қалайыға түрілген тамақ түрлері өте көп. Қазіргі шет елдік шұжықтардың басым көпшілігінің құрамында адам денсаулығына зиянды қоспалар мол. Мұны біле бермейтін тұтынушылар бұрынғыша оның құрамында ақуыз бар деп алады. Мұндай тамақ түрлерінің сыртқы өңін бермей ұзақ сақталатыны да рас. Және бір қарағанда дәмін де өзгертпейді, түр- түсі де көз тартып тұрады.

— Мұны шет елдік әріптестеріміздің тамақты ұзақ сақтаудағы жетістігі деп қарастыруға болмай ма?

— Егер ақиқатына келсек, қандай тамақты да ұзақ сақтау мүмкін емес. Көп тұрса, бұзылмайтын тамақ жоқ. Солай болуға тиісті, ол — табиғаттың заңы.Ал шет елден тасымалданған көпшілік тамақтардың түрлерінің қанша сақталса да, міні құрымайды. Олардың құрамында не бар екенін әлемдік қауымдастықтың өзі толық зерделей алмай отыр. Тамақтан өткеннің бәрі пайдалы бола бермейтінін әр адам білуге тиіс.

Алайда бізде дұрыс тамақтануға мүмкіндік бар. Қазақстан — базарларынан табиғи азық-түлік алуға болатын әлемдегі санаулы елдердің қатарында. Айталық, біздің халқымыз кез келген уақытта базардан барып табиғи сүт, қаймақ, сары май, ірімшік, ет сатып ала алады. Ал Батыста мұндай мүмкіндік жоқ. Олардың толып жатқан супермаркеттерінен сүт, ет тағамдарын, басқа да табиғи тағам түрлерін ұшырату қиын. Кейінгі кезде Еуропа халқының денсаулық деңгейінің күрт төмендеуі осымен байланысты. Бұлардағы осы заманғы тағамдар, өкінішке орай, химиялық қоспалардан, дәмдеуіштерден, түрлі бояулардан, жасанды дәмдік, иістік күшейткіштерден тұрады. Супермаркеттердегі азық-түліктер, жеміс-жидектер тауар түрін ұзақ сақтау үшін химиялық қоспалармен өңделген. Осылай істегенде ғана жеміс-жидек, көкөніс бұзылып, шірімей ұзақ сақталады. Алайда ол осы күйінде адам денсаулығына аса зиянды, улы. Сауда орындарының сөрелеріндегі азық- түлік түлері мұндай жағдайда ұзақ сақталғанмен, адам ғұмырын қысқартады.

— Сіз «Бүгінгі адамдардың денсаулығының нашар болуының басты себебі — ауыз сумен байланысты, жалпы, біз таза су ішуді ұмыттық» дейсіз. Осының мәнісін түсіндіріңізші?

— Бұл расында солай. Денсаулықтың бұзылуына үшінші себеп — ауыз су мен түрлі сусындардың өз мәнінде болмауы. Тіпті ауыз су мен оны тұтыну бүгінде біздің арамызда күрделі мәселеге айналып отыр. Адамзат баласы тамақтану мен ауыз суды пайдалануда тұйыққа тірелгендей кеп кешуде. Жарық дүниеде тіршілік атаулының 96 мың түрі бар. Соның ішінен бүгінде таза су ішпейтін, тамақты отқа пісіріп жейтін жалғыз адам ғана. Адам бір кездегі су ішу дағдысын бұзған. Қарап отырсаңыз, қалған тіршіліктің бәрі таза су ішеді. Әрине, бұл тақырыпта ұзақ таласқа түсуге болады. Көк шай, қара шай, кофе, какао, басқа да суын түрлерін ішеміз деп ақталуға болар. Бірақ олардың денсаулыққа қаншалықты пайдасы бар? Тіпті біз балаларымызды да шаймен қоректендіреміз. Олардың тәбеті мұны тілей ме? Күмәнді. Өйткені бұл — дәстүр. Бұл жерде балаларға шай ішуді таңып отырған, біз — үлкендер. Мүмкін бала таза су ішуді қалайтын шығар.

Өйткені адам ағзасы 70 пайыз судан тұрады. Оның жетіспеуі аса қауіпті қатерге соқтырады. Медициналық норма бойынша адам (салмағына қарай) тәулігіне 1,5-3 литр су пайдалануға тиіс. Адамда «шөлдеу» деген жақсы дағды бар. Бұл адам ағзасындағы құрғақтықты сезінудің дәрігердің тілімен айтқанда, төртінші, бесінші емес, бірінші белгісі. Егерде адамның таңдайы кебетін болса, ол ағзадағы тереңдеген құрғақтық, оны асқазан асты безінің сезініп белгі беруі деп қабылдау керек. Егер сырқат дәрігерге таңдайының үнемі кебетінін айтса,  дәрігер асқазан асты безінің қабынуы-панкреатит дер еді. Шынында да, бұл асқазан асты безі жасушасының сезінуінен келеді. Барлық сырқаттардың 80 пайыздан астамы тап осылай немесе сумен байланысты. Көздің ауруы катаракт —  қарашықтың құрғауынан болады. Тері, шаш құрғайды, сіңір-буын сықырлайды, қозғалыс нашарлайды, өт жолына тас түзіледі, осының бәрі судың жетіспеушілігінен туады.

Су болғанда, бүгінгі ауыз судың бәрі бірдей ішуге жарамды емес. Сапасы жоғары таза ауыз су ішу қажет. Ондай су бар, әрине. Соның ішіндегі ең бағалысы — қазіргі ұсынылып жүрген Каралл кальцийлы адам ағзасына пайдалы Каралл Маин ауыз суы. Бұл ауыз суды каралл ұнтағын езу арқылы дайындайды. Ал каралл ұнтақтары жапонның Токуносима және Окинова аталатын кішкентай екі аралының жағалауынан өндірілетіні белгілі. Ғалымдар осы каралл ұнтағын суға езген кезде, оның ауыз судың дүние жаратылғандағы бастапқы қалпы мен сапасын беретінін анықтап отыр. Яғни арнайы түрілген ұнтақ кәдімгі суға езгенде оған ерекше қасиет береді. Қазіргі кезде кең тарап тұрған сырқаттың бірі — артрит деп аталатын буын ауруы. Мұнымен бүгінде жер шары халқының тең жарыдан астамы ауырады. Бұл — жан азабын тартқызатын ауыр сырқат. Бүгінгі белгілі дәрі-дәрмектер бұл сырқаттың қабынуы мен жан ауыртуын баса алмайды. Тіпті сырқатты уақытша жеңілдеткеннің өзінде, аурудың беті қайтпай, өрши береді. Әзірге әлемде артритпен күресуге қабілетті жасанды препарат жоқ. Бұл міндетті атқаратын бірден-бір пайдалы дәру — Каралл Маин. Ол артрит сырқатын тудыратын адам ағзасындағы химиялық қозғалыстардың тепе-теңдігін қалпына келтіреді.

Төртінші фактор адам ағзасында бактериялардың, вирустардың, басқа да түрлі құрттардың көбейіп кетуімен байланысты. Бұл да ерекше маңызды мәселе.  Біз бастапқыда елемегенмен, бара-бара бұл адам өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан мұны да біліп, күресу қажет. Оларға ағзаның өзі қарсы тұру үшін жәрдем беру керек болады. Олай жасамайынша, адам ағзасы паразиттермен өздігінен күресіп, жеңіп шыға алмайды.

Мынадай жағдайлар жиі кездесіп жүр. Тісін қайрайды деп адамдар балаларын дәрігерге әкеледі. Дәрігер оған жүйке жүйелерінде кінәрат бар деп қате үкім шығаруы әбден мүмкін. Кейде баланың аузынан сілекейі ағатын болса да, дәрігерлер сырқатты дәл таба алмай жатады. Ал сілекейдің залалсыздандыру қасиеті барлығы белгілі. Демек адамның аузынан сілекей шұбыратын болса,  іште глиста болғаны.Тіпті басқа да құрттар болуы ғажап емес.  Наныңыз, нанбаңыз, адам ағзасында осындай зиянкестердің тіршілік ететіні рас. Сол себептен де ағзаларды ұдайы тазартып отыру қажет болады.

Ағзаны терең тазартуға арналған 14 күнге есептелген арнайы Коло-Вода бағдарламасы бар.

— Денсаулықтың кепілі — қозғалыс деп жүрміз. Көп адамдар жүгіруді  мақұл көреді. Бұған қалай қарайсыз?

— Көп сырқаттың қозғалыстың аздығымен келетінін де ұмытпаған жөн. Жұмсақ кереуетте жатып денсаулықты түзей алмайсың. Қозғалыстың кемдігі түбі кеселге соқтырады. Және бұл күрделі мәселе. Айталық біреулер: «Мен жүгіруді бастасам, бәрі орнына келеді ғой», — дейді. Бұл — мүлде қате пікір. Мәселен, жүректің қысылмасы жағдайында, не іште глиста толып тұрғанда ала келіп жүгірудің реті жоқ. Мұнымен алысқа жүгіріп бара алмайсың.

— Медицинаның өзінен денсаулыққа кінәрат түсуі мүмкін бе?

— Әбден мүмкін. Мұны біз жоққа шығармаймыз. Айталық, әрбір тұмауға ұшыраған сайын парацетомолды ертеңді-кешке іше беретін болсаңыз, зардабын ұрпағыңыз тартатыны даусыз. Егер адамның өз ағзасы жәрдемдеспейтін болса, ешбір дәрінің сауықтыра алмайтынын біз түсінуіміз керек.

— Сырқатты тежеп, денсаулықты қалпына келтіруге бола ма?

— Әрине, болады. Тек ол үшін аса шыдамдылық, табандылық, білім мен зор құлшыныс қажет. Біз айтып отырған сырқат адамды аптаның немесе он күннің ішінде құлантаза сауықтыру деген — алабөтен сенгіш немесе мүлде хабары жоқ адамдарды ғана иландыратын ертегі сынды әңгіме. Біз денсаулығымызды жылдап жоғалтамыз. Жылдар бойы өз қолымызбен соған жағдай жасаймыз. Ал сондай жағдайда жабысқан сырқаттан адам бір сәтте айыға ала ма? Қазақ айтпай ма: «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шығады», — деп. Жылдар бойы адам ағзасы сырқатты жинай береді және сол процеске бейімделеді. Соның нәтижесінде адамның өн бойында өте нәзік биохимиялық, энергетикалық, зат алмасушылық қозғалыстар жүріп, сырқатты өршітеді. Демек, бұдан сауығу  — бірте-бірте, ұзақ уақыт бойы жүргізілуге тиіс. Әр адам өзінің денсаулығы қалыпқа түсуі үшін ағзаның ішкі мүмкіндіктерін қарастыруына жағдай жасауы қажет. Біз бұл жолғы әңгімемізде соның бірсыпырасын ғана қарастырдық.

Әңгімелескен Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button