Тарих

Сырлы бәйтеректің сынбайтын бұтағы

Мерей

 Ол саналы өмірін ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне арнады. Жастайынан тағдыр тауқыметін көп көрді, бірақ мойымады, қиындықты көрген сайын жігерленді, жүрегіндегі намыс оты оны алға жетеледі.

Бүгін біз ұлттық тіл білімінің теориялық негізін қалаушы, профессор, қоғам қайраткері, ғұлама ғалым Құдайберген Жұбановтың үлкен қызы, асылдың көзі Мүслима Құдайбергенқызы туралы айтпақпыз. Мүслима Құдайбергенқызы — педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының аға ғылыми қызметкері, бастауыш мектептерге арналған эксперимент жолымен жасалған «Әліппе» оқулығының авторы және жоғары оқу орындарында ұзақ жылдар қызмет атқарған парасатты ұстаз.

Мүслима Жұбанова 1926 жылдың 22 желтоқсанында Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданының Жаңатұрмыс елді мекенінде дүниеге келген. Ол білімге жүйрік, ақылды, сезімтал бала болды. Мүслима Құдайбергенқызының естеліктеріне көз жүгіртсек: «1931 жылы папам мені өзімен бірге Ленинградқа алып кетіп, сол жақтағы  балабақшаға орналастырып, өзі Шығыс тілдері  акдемиясында оқыды. Кейде папамның академияда кешкі жиналыстары болады. Ондайда ол мені бақшадан алып, академияға ертіп келіп, қолыма қағаз, бояу қарындаштар ұстатып, бұрыштағы терезенің алдына отырғызып, пердесімен тасалап қоятын. Мен суреттерімді салып отыра беремін. Сәби шағым болса да, менің Ленинградтан көргенім мен білгенім, алған сабағым аз емес. Демалыс күндері қолы сабақтан босағанда, папам маған қаланы аралататын. Сондағы әкемнің сәби баланы қорықпай ертіп жүргеніне ұстаздары таң қалатын. Әттең өмірі қысқа болып, маған сіңірген еңбегін басқа балаларына жасап үлгерген жоқ қайран әкешім»…

Құдайберген Жұбанов Ленинградтан аспирантура бітіріп келгеннен кейін, 1932 жылдың күзінде Алматыдағы алғашқы оқу орындарының бірі ҚазПИ-де сабақ беретін болып, отбасымен көшіп келеді. Мүслима 4-ші класқа дейін қаладағы №27 орыс мектебінде білім алады. Шіркін, бұл бір шаңырақтары шаттыққа толы жылдар болатын! Сол кездегі атақты әншілер, күйшілер, белгілі әртістер әкесі Құдайберген және ағасы Ахметті іздеп келіп, үй іші үнемі әзіл-күлкіге толушы еді. Әнші Күләш Бәйсейітова бастаған музыка театрының әртістері спектакль біткеннен кейін, осы шаңыраққа келіп, шай ішпей тарқамайтын. Бұл кезде Мүслиманың Ақырап, Есет атты інілері болса, кейіннен Қызғалдақ, Қырмызы атты сіңлілері мен Асқар атты інісі дүниеге келді. «Балалы үй базар дегендей», ол жылдары от басынан бала күлкісі де үзілмейтін.

Сол бақытты балалық шақтың шырқын 1937 жылдың қарашасы бұзды. Қарашаның он үшінде кенже інісі Асқар дүниеге келді. «Үйде той болады» деп қуанып жүрген бала жүректер кенеттен мұңға толды.

«Қарашаның 19-ы күні біз сабақтан келсек, мамам перзентханадан шыққан, ал папам ҚазПИ-ге кешкі лекциясына кетіпті. Дәл сол күні бізді бақытсыздық күтіп тұрғанын қайдан білейік, папам келісімен үйімізге толатын шаттықты, тойды ойлап, қанатымды қомдап, қуанышым кеудеме сыймай, ұшып кете жаздап жүрмін. Бір кезде есік қағылды. Үйге бейтаныс  екі адам келді де, үнсіз есік алдында тұрып қалды. Бір кезде тағы да есік қағылды, папам екенін аяқ басқанынан танып, кілтті бұрай бергенімде, келген екеуі білегіме шап беріп жабысып, мені кейін серпіп тастады. Сол кезде папам келді. Әлгі адамдар папам шақырмаса да, соңынан еріп қабинетке кірді. Бізде ес жоқ, қорқыныштан қалшылдап тұрмыз. Ішімізде Есет қана: «Папа, мыналар саған не деп тұр?» — деп, даусын шығарып жылап жіберді. Папам Есетке: «Бұлар мені жау деп тұр, кімнің жау екенін көрерміз! – деп, ызғарлана орыс тілінде жауап қатты. «Жау» деген сөздің папама қандай қатысы барын түсінбесем де, дүрсілдеп  соққан жүрегім мен қалшылдаған денеме ие болар емеспін. Әлгі адамдар үйді тіміскілеп тінтіп болып, папамды алып кетті. Папамның қолжазбаларын алашаға түйіп,  оны  да өздерімен ала кетті. Жылап еңіреп қала бердік. Амалсыз көндік» — дейді Мүслима Жұбанова естелігінде.

Баланың үлкені болған соң бұл соққы Мүслиманы ерте есейтті, жүрегі мұңға толды. Абақтыда әкесін ең соңғы рет көргенінде, еңіреп жылап жіберіпті. Сонда әкесінің: «Баланың үлкені — сен, шешеңе серік болудың орнына жылай берсең, қалай адам боласыңдар?» — деген сөзі, кішкентай Мүслиманы қайрағандай болды. Осы сөз оның жұдырықтай жүрегіне тасқа басқан таңбадай болып жазылып қалды. Қаршадай Мүслима әке көтерген шаңырақтың құламауы, ана жаққан оттың сөнбеуі үшін күресуі, өзінен кейінгі бауырларына қамқор болуы керектігін түсінді. «Алты бала, алды он екі жас, арты алты күндік» — деп, анасы күбірлеп қайталай беретін… «Осы сөзді неге қайталай береді?» — деп ойлаушы еді кейде Мүслима. Сөйтсе, өзі арқалайтын жүктің салмағын білдіргені екен ғой ананың. Әкесінің ат қойып үлгермеген алты күндік сәбиінің атын да аға-әпкелері ақылдасып: «Ініміз қол жетпес биік, асқар таудай болсын» — деп, Асқар атады. Бүгінде Асқар Құдайбергенұлы — филология ғылымдарының докторы, профессор.

Асқарға бес ай шамасы болғанда, анасы Раушан балаларын алып, Жаңатұрмыс ауылына көшіп келеді. Өзінің және балаларының аман қалуы үшін, тездетіп ауылға көшуге кеңес берген қайнысы Ахмет Жұбанов еді. Екіншіден, бұрын бір аулада қатар тұрған Сара апай бір күні Манаев деген жазықсыз ұсталған көршісінің бала-шағасының халін білуге барса, Манаевтың әйелі Шарипаны да ұстап, ал балаларын «детдомға» алып кеткен екен. Жанашыр көршісі Раушанның үйіне келіп, көргенін баяндап, ол да тез көшуге кеңес береді. Жағдайдың қиын болатынын түсінген ана тез жиналып, сол түні пойызға отырып, Ақтөбеге қарай жүріп кетеді. «Пана болған туған жер» атты естелігінде Мүслима апамыз былай деп сыр шертеді: «Ауылға келгеннен кейін бізді колхозға алмады. «Жаудың отбасы» деп анамызға жұмыс бермеді. Ауыл советке қолымызда құжат болмағандықтан, тіркеле алмай, біраз жүрдік. Көптеген қиындықтардан кейін, сол кездегі аудандық атқару комитетінің төрағасы Қалниязовтың рұқсатымен колхозға зорға дегенде алындық. Сөйтіп жүргенде, Ұлы Отан соғысы басталды. Елдегі ер азаматтың бәрі соғысқа жіберілді. Бұрынғы қиындық қиындық па, соғыс кезіндегі шешеміздің басына түскен қиындық екі-үш есе ауырлап кетті. Өгіз жегіп жер жыртты, жерге тұқым септі, шөп шапты. Жұмысқа таң қараңғысында кетіп, түнде оралатын. Мен нағашы әжеммен бірге үй тірлігімен айналысамын. Анам еңбегінің арқасында алты баласын қиын кезде асырап, аман алып шықты. Бізді де оқудан да қалдырған жоқ».

Мүслима алты кластық сауатының арқасында колхоздың жыртылған, тұқым себілген, егін жиналған жерлерін өлшеп гектер есебін шығаратын есепшілік қызметке алынып, ауыл советінің кітапшасына тіркеліп, еңбекке ерте араласып, қызметкердің отбасы ретінде колхоз жеріне малдарын жаюға мүмкіндік алды. Кішкентай Мүслима әке алдындағы қарызын өтегендей болып, сол кезде қатты қуанған еді. Тағдыр Мүслимаға тағы да бір сыйлық жасады. Соғыс жылдары мұғалімдер жетіспегендіктен,  оқу бөлімі орыс тілі мен неміс тіліне жүйрік Мүслиманы Темір қаласына үш айлық орыс тілінің курсына жіберіп, совхоз жұмысынан босатып, енді ауылға мұғалімдік жұмысқа алады. Жеті кластық білім алып, үй-ішін асырауға тағы да мүмкіндік алғанына қатты қуанып, сағаты көбейген сайын, еңбек ақысы да өсіп, жұмысқа құлшына түседі. Өзінен кіші бауырларының алдында беделі өсіп, олар да апаларын мақтан етті. Бұрын «Мұғалім болам» деген ойы болмаса да, сол кездегі бұл жұмыс оған ауадай қажет еді.

Темір қаласына оқуға жіберген сол кездегі Жұрын аудандық оқу бөлімінің бастығы Кацц кезінде Ленинградта Құдайберген Жұбановпен таныс-біліс болған екен. Ұлы Отан соғысы басталғанда, Кацц шалғай жатқан Жұрын ауданына жұмысқа жіберілген. Ол Мүслиманы «білімді әкенің қызы» — деп біліп, қамқорлық көрсетеді. Әкесі  болмағанымен, әкесінің есімі де Мүслимаға үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Жүрегі адал, ниеті ізгі басшы кейіннен Мүслимаға Ақтөбе педучилищесіне түсуге де жолдама берді. Бұл кезде бауыры Ақырап еңбекке араласып, ал Есет Ақтөбедегі мұғалімдік институттың дайындық бөлімінде оқитын еді. Мүслима Ақтөбе педучилищесін тәмамдап, 1946 жылы Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық институтына оқуға түсті. Институтты жақсы бітірген соң, 1950 жылы Петропавл қаласына жолдамамен жіберіледі. Мұнда ол облыстық білім бөлімінде инспекторлық, сондай-ақ педучилищеде мұғалімдік қызмет атқарады. 1959 жылы Алматы қаласына келіп, «Қазақстан мұғалімі» газетіне қызметке орналасқан.1961 жылы аспирантураға түседі.  Кейіннен Ы.Алтынсарин атындағы ғылыми-зерттеу институтына ауысып, бастауыш мектепте оқыту мәселелеріне қатысты оннан астам еңбек, көптеген мақалалар жазды. 1965 жылы педогогика ғылымдарының кандидаты атанды.

Әкеге деген сағынышы Мүслима Құдайбергенқызын жыр жазуға жетелеп, отыра қалып өлең де жазатын:

… Қайран әке, «ақ» екенсің, қуандық,

Қайғыңменен жазыла алмай, суалдық.

Адал жанды дәл осындай қорлаған

Қайдан келді елге мұндай қуаңдық?

Қайдан табам, әке, сендей жанды енді,

Дәл осындай неден ауыр  хал келді?!

Қайран әкем нардың жүгін көтерген,

Қай жендеттің қолынан сен жан бердің?

Қайда жатыр сенің асыл сүйегің,

Топырағыңды қайдан тауып сүйемін?

Сай-саланы түгел шарлап шығар ем,

Естілсе егер құлағыма киелі үн!.

Мұң-шерін осылайша қағазға төгетін…

«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, туған жеріндегі басты білім ордасы — үлкен университетке әкесінің аты берілді. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Жұбанов тағылымы» атты  халықаралық ғылыми конференция өткізу дәстүрге айналған. Жұрын ауылындағы орта мектепке де Құдайберген Жұбановтың аты берілген. Ал Ембі қаласында ағайынды Жұбановтар атындағы мемориалдық музей жұмыс істеп тұр. Сөйтсе де, бала жүрегіндегі әкеге деген сағыныштың жөні бөлек-ау!

Тамырын тереңге жайған Жұбановтар әулеті сынды алып бәйтеректің бір бұтағы Мүслима Құдайбергенқызы — өзі де ұл-қыз өсіріп, бала тәрбиелеген жан. Жолдасы Әмір Мағауин — ғалым. Олар Қайрат, Қарлығаш, Ермек атты ұл-қыздар тәрбиелеп-өсірген.

Мүслима апай 2012 жылдың 3 маусымында дүниеден  өтті. Биылғы қараша айында ғалым Мүслима Жұбанованың туғанына 90 жыл толуына орай «Қазіргі бастауыш білім беруде оқушылардың  функционалды сауаттылығын дамытудың  өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылмақ. Конференция өзі ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған білім ордасы — Алматы қаласындағы Қыздар педогогикалық университетінде өткізілмек.

Өмірі өнегеге толы Мүслима Құдайбергенқызы — туған елінің құрметіне лайық тұлға.

 Ұлболсын МҰХАМБЕТОВА,

ағайынды Жұбановтар атындағы

мемориалдық мұражайдың директоры.

Ембі қаласы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button