Мәдениет

Дәстүр жалғастығы: Ақтанның ақындық ортасы

Ақтан Керейұлының туғанына 160 жыл

Ақтан Керейұлы 1850-1912  жылдар аралығында Ақтөбе өңірінде өмір сүрген ақын, шоқтығы биік берен сөз иесі екендігін, қазіргі  Байғанин ауданы территориясында  ғұмыр кешіп, сол өлкеде, Сағыз бойындағы Шибұлақ деген жерде дүние салып, Абдолла Хазірет қорымында жатқандығын бұдан бұрынғы мақаламызда айтқанбыз. Атасы Абдолла, өз әкесі Керей екенін де сөз  қылдық («Ақтөбе» №137-138 ).

Ақтан үш ағайынды, бір ағасы, бір інісі болған дедік. Ал ақынның өз отбасы, нағашы жұрты, қайын жұрты, өзінен тікелей тараған ұрпақтары жөнінде мәлімет әзірге қолда жоқ. Ақындық-жыршылықтан басқа  нені кәсіп қылғаны, қандай қызмет еткені  тағы  беймәлім. Бір анығы  — Ойылда болғаны. «Ақшұнақ» қоян жылы жұтқа ұшырап,  азын-аулақ малынан айырылған ол Ойылға келіп бір татар көпеске тері илеуге жалданады. Мұны көрген біреу былайша қағытыпты: «Мынау Адайдың атақты Ақтаны ма, бұл да ештеңе емес екен ғой, тері жайып жүрген». Сонда ақын:

Мен  Адайдың  Ақтаны,

Шежіре шешен тақтағы.

Алқалы  топта  аршынды,

Тұлпары  едім  баптағы.

Айдынға  үйрек, қаз керек,

Сұлуға құшақ наз керек,

Теріге пұшпақ баз керек.

Тері жаймай  Ақаң не қылсын,

Заманға қарай  саз керек.

Асқандарға тосқан бар —

Ол да анық  кез келед.

Фәнидің  сырын  ұқпаса,

Ол  адамды  ез демек, — деп  төкпелете  жөнеліпті.

Ақтан  аулы  Сағыз  бойын  жайлағаны  белгілі. Сағыз жағасындағы елдің Ойылға, Көкжар жәрмеңкесіне жиі қатынауы түсінікті жайт. Осы жайдан  аңғарғанымыздай, жалпы, ақын өмір бойы кедейшіліктің тақсіретін  тартып өткен. Алайда жарлылығына қарамастан, ол ешқашан бас пайдасы үшін тілін безеп, тіленшіленбеген. Бұл —  Ақтанның  арлы  ақын болғандығын  байқатады.

Ділмар аға мен елге сыйлы, беделді інінің арасында ақын еркін өскенге ұқсайды.

Жайық  деген  жанды  су,

Көзі   қара   қанды   су,

Біздің   жүрген   жеріміз,

Күнде  базар,  күнде  ду, —  деуіне қарап, оның қасиетті қара домбыра мен көкірек кернеген асау жырын нөсерлете, талай жерді аралап, небір думанды той-салтанатты дуылдатқанын аңғару қиын емес. Қазақтың қарапайым жай сөздерімен де өлеңдерін ойнақ салғызып түнде жанған оттай лаулатады. Ескіше хат таныған, әр түрлі тақырыпта толғаған кең тынысты шабыт иесі. От ауызды, орақ тілді ақынның алдында, бұл өңірде батыс аймағындағы  кейінгі буынның бәрі дерлік үлгі қылған Абыл, Нұрым болған. Үзеңгілес жүрген Қашаған, Аралбай, Құлманбет, Қоспақ, Нұрпейістер де осал ақындар емес еді. Ақынның өз сөзімен айтсақ, «тұяғы тайпақ сүргіндер» болатын. Тұтас жатқан бір мектеп. Осылардың бірсыпырасы, мысалы,  Қоспақ, Нұрпейістермен сөз қағыстырған.

Өнерде өзіндік ұстанымы бар жүйрік, талғамының биіктігімен оза шауып, Шалқар, Сыр өңірі, Орынбор, Атырау жерлерін, Ойыл бойын, Маңғыстау елін аралап өнер ұстартады. Ол ескідегі  ақын-жыраулар  дәстүрімен өлеңді табан  астында  шығарған  суырыпсалма ақын. Кезі келген жерде төгіп-төгіп айтып тастап жүре берген. Сондықтан шығармаларының  біразы  ұмытылған.

Ақтан ақпа-төк ақындығымен қатар, таң атырып, күн батырған жалқы жыршылығымен де белгілі тұлға. Бастауын Қазтуған мен Сыпыра жыраудан алып өзегі үзілмей айтулы Абылға ұласқан жыраулық мұра, жыршылық дәстүрдің айдынында жүзіп, «Қырымның қырық батырын» жырлаған. Жырлап қана қоймай  өзгеше өң бере, өзіндік сарын қосып, Абыл, Нұрым сынды сұрапыл  таланттардың  мұрасын дәріптеп, дамытып, кейінге ұластырған. Мысалы, Мұрын жырау «Қырымның қырық батыры» аталатын халқымыздың қымбат қазынасының түп-төркіні Сыпыра жыраудан бастау алатынын, одан Маңғыстаудың марқасқа ақыны Абылға, одан Нұрымға, одан Ақтан, Қашағандарға жеткенін айтады. Белгілі ғалым Қ.Сыдиықов «Ақын-жыраулар» атты кітабында «негізінде Ақтанның ақындық даңқы ерлік толғауларымен шыққанын» жазған  болатын.

Расында, «Қырымның  қырық  батыры» аталатын ерлік дастандарын батыс  аймақтағы  ақындардың  бәрі жырлаған сияқты. «Академиялық  алып  театр»  деп Әбіш (Кекілбаев) ағамыз  айтқандай, осы батырлар  дастанын жырлағандар  үлкен  мектеп  көргенмен тең саналған. Белгілі ақын атану  үшін «Қырық  батыр» жырының  нобайын жатқа білу міндет болған. Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашағандар аталмыш  циклдік  жырдың  негізгі бөлігін  жатқа білген. Тіпті берідегі Сәттіғұл, Сүгір, Нұрпейіс, Ұзақтар да  жыршылық өнерді  ақындықпен  қатар  ұстаған.

Ақтан — тамырын  қалың Адай қонысы Маңғыстау  түбегінен алатын  саңлақ, мырза халқының ырза көңілінен туған «жүйрік» деген атқа лайықты бесеудің бірі. «Адайдың  бес жүйрігі» атанған айбарлы ақын, айтулы жыршылар Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Аралбай: тұстас ғұмыр кешкен сөз алыптары.

«Абыл, Есір, Өришан, Ақтан, Нұрым сияқты ән-күй мен өлең-жырды қардай боратқан әмбебап өнерпаздар бұл өңірдегі қызу қанды, арқалы өнердің ұйытқысы болған», — деп Ақселеу толғанғандай (А.Тарақты. «Күй шежіре». 381-бет) Ақтанның тұстастары тұмсасынан тежеу бермес өңшең өрісті  таланттар еді. Айтулы  жүйрік осы Қашаған, Қоспақ, Құлманбет, Нұрымдармен қатар жүріп,  Түрікменстан, Бесқала жеріне дейін аралап өнер өрбітеді. Сол замандағы сан түрлі өнер иелері, Жем, Сағыз жағасына, Оймауыт даласына табан тірей өнер дамытқан, халқы «Адайдың жеті қайқысы» атандырған Өскенбай, Жылкелді, Досат, Әділ, Шолтаман, Тастемір, Тұрсын сынды өнерпаздармен, ғашықтық дертіне әннен дауа іздеген Қайып   Қорабайұлымен  замандас, тұстас.

Ол Атырау, Маңғыстау, Хорезм елдеріне белгілі Абыл бастаған ақындық ортадан, дәстүрлі жыршылық  мектептен өнеге алып қалыптасқан. Әрідегі  Сыпыра, Шалкиіз, Қазтуғандай жыраулардың, Абыл, Нұрымдардың терме-толғауларын санасына сіңіріп, Еділ-Жайық бойына кең тараған Махамбет, Шернияз жырларынан сусындаған. Заманы бір болғанымен жас шамасы үлкен Абыл, Нұрымдарды  ұстазым  деп  есептеген.

Ол  үлгі қылған Абыл Тілеуұлы (1777-1864) халықтың ерекше қадірлеген терең ойлы  ақберен ақыны.

Арғымақ атта сын болмас,

Қиғаш қамыс құлақсыз.

Азаматта сын болмас,

Арты болса тұяқсыз.

Айдын көлде сын болмас,

Жағасы болса құрақсыз.

Асқар тауда сын болмас,

Бауыры болса бұлақсыз.

Ақ киікте сын болмас,

Арты болса лақсыз.

Жеті арнада сын болмас,

Аяғы болса тұрақсыз, — деп  толғайтын  Абыл —

қазақ түгілі Түрікмен, Қарақалпақ, Хорезм аймағына даңқы кеткен, шаппа-шап сөз майданының хас шебері. Маңғыстау түбегінің түлегі. Руы — Адайдың Мұңалынан. Нұрым, Ақтан, Қашағандар Абылдың өнердегі жалғасы, өмірдегі ізбасары іспеттес. Абылдан соң ұлы көштің тізгінін  ұстаған – Нұрым Шыршығұлұлы (1831-1903):

Хас  жүйріктің  белгісі,

Дуды  көрсе  жұлқынған.

Айтулы  жүйрік  мен едім,

Салдырмай  қамшы  ұмтылған.

Тебіренсе, телегей теңіздей бұрқап, ақ жаңбырдай ақтарылған, «Атыраудың ақиығы» атанған Нұрым жырау, Тайсойған құмын жайлаған Адайдың Сүйіндік (Жаманадай) руынан (Қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданы).

Тарихтың қырық қатпарлы қойнауына терең үңілсек, Ақтан Нұрым, Қашағандармен дәм-тұздас, үзеңгілес жүрген. Қоспақ, Құлманбет, Нұрпейіс сияқты ақын, жыраулармен талай рет кездескен. Бірақ Нұрыммен болмаса Қашағанмен айтысқаны, сөз қағысқаны туралы мәлімет жоқ. Болса да қолға түспей отыр.

Ақтанның Қоспақпен жұмбақтасуы шағын жұмбақ айтысы іспеттес. Ақынның жұмбағы шебер ойға құрылады.

Алты арыстанды үш бөрі сорған:

Жілігін теспей майын сорған,

Терісін  теспей қанын сорған.

Шешуі: Алты арыстан – алты ай жаз, Үш бөрі – үш ай тоқсан.

Немесе:  Он екі қысырағым бар:

Екеуі жуан буаз,

Екеуі күмән буаз,

Екеуі анық буаз,

Екеуі танық буаз,

Екеуі жіңішке қысыр,

Екеуі ат қысыр.

Шешуі: Он екі қысырақ – малдың он екі жілігі,

Екі жуан буаз – екі ортан жілік,

Екі күмән буаз – екі тоқпан жілік,

Екі анық буаз – екі асық жілік,

Екі танық буаз – екі қары жілік,

Екі жіңішке қысыр – екі жамбас,

Екі ат қысыр – екі жауырын (Қ. Сыдиықов. «Ақын, жыраулар». 147-бет)

Қоспақ Шолақұлы (1840-1906) Таз руының Келдібай аталығынан. Жылой даласының перзенті.

Ақтанмен бір жүріп, өнеге алған жанның бірі — Нұрпейіс Байғанин (1860-1945). Нұрпейістің ақындық, жыршылық жолда қалыптасуына үлкен әсер еткен  Ақтан, Қашаған, Қазақбай, Сабыр жыраулар көрінеді (Е.Исмаилов. «Ақындар». 233-бет).

Естуімізше, Нұрпейіс Ақтанмен сөз қағыстыруға дейін барған. Халық арасындағы құйма құлақ қариялардың айтуынша, Адайлардың бір бай адамы той қылып, сол тойда Нұрпейіс той бастауға ыңғайланыпты. Бұны  сезген  Ақтан «тәйт бала» десе  керек. Сонда Нұрпейіс:

Ақтан, тентек адайсың,

Байлығыңа мас болып,

Өктемсініп сабайсың.

Елге тұлға сен емес,

Жұртты қалай қамайсың.

Осынша көптен жоғары,

Өзіңді неге санайсың,  — деп  сөз  бастапты.

Елдің белгілі ақсақалдары  Ақтанды сабырға шақырып, елге сыйлы азаматтар, жасы үлкендер «Бұл Адайдың тойы  —  өзіміздің той ғой, қонақ бала айтсын» деп  басу айтып, Нұрпейіспен сөз таластыруға жібермеген. (Н.Байғанин. «Таңдамалы». Алматы. Жазушы 24-бет. 1991 ж).

Ол  заманда тойбастардың жөн-жоралғысы бөлек болған. Той иесі тойды елге танымал, халыққа сыйлы, айтулы  ақынға бастатқан. Тіпті белгілі ақын-жырауларды тойбастар үшін ат-шапан сый-құрмет көрсетіп арнайы алдырып отырған. Ақтан мен Нұрпейістің сөз қағыстыруына себепші болған «тойбастар» дәстүрі көпшіліктің қалауымен емес, кездейсоқ түсініспеушіліктің зардабы болса керек. Сол  кездегі салт бойынша жасы үлкен, дәрежесі жоғары ақынның жолын кеспей, кішілер әдеп  сақтаған, болмаса үлкеннің  алдынан өтіп, рұқсатын алып барып той бастаған. Бұндай жағдай Құлмамбет пен Бала Ораз арасында да болған («Ақберен». 77-бет). Мұрат пен Жаскелең арасында да ұшырасады  (Х.Сүйіншәлиев. «Қазақ әдебиетінің тарихы». 669-бет).

Ақтан  Керейұлының   шын жүйрік, шынайы  талант екеніне  күмән жоқ. Азулы ақын, айтулы жыршы екеніне дау жоқ. Тебіренсе теңіздей тулап, шамырқанса найзағайдай шатырлап, нөсердей төгілген  ақпа-төк ақынды  замандастары  Қалнияз, Қашаған, Аралбайлар биігіне көтеріп,  қастерлеп өтсе, кейінгі Сәттіғұл, Сүгір, Ұзақбайлар ұстаз тұтып,  атын  жырларына қосып  дәріптеген.

Қолына найза мен домбыраны қатар ұстаған жауынгер жырау Қалнияз Шопықұлы (1816-1902):

Адайда айтқыш кім өтті,

Өгізбай мен Абылдан…

… Аралбай Ақтан термесі,

Күлдіргі сөзді  Қалымнан.

Алқаға түсіп танылған,

Жоқ дейді жері жаңылған, — деп толғаса, Қашаған  Күржіманұлы (1841-1929):

Көзім  көрген  адамда,

Абыл, Нұрым, Ақтаным,

Осылар еді тақтағым.

Осылай деп маған үйреткен,

Тарихтың ескі ақпарын, — деп қадірлейді. Ал өмірдің мәнін өлеңнен тапқан  Аралбай  Оңғарбекұлы (1854-1914):

Ақтан мен Нұрым кеткесін,

Басыма жұмыс жеткесін,

Білмедім тура бағытты-ай.

Аз ақылдан айырылып,

Аралың қайрат тауысты-ай.

Есім кетіп еңіреймін,

Солардай ақын жолдасым,

Жүргесін қиғаш алыста-ай.

Белгілі күлік осылайша  қысылғанда  демеу  болар  жолдасын жоқтап, жалғанға  өкпе  артады.

Арынды ақынның өнегесінен үлгі алып, ұстаз тұтқан кейінгі жүйріктің бірі, Сәттіғұл Жанғабылов (1876-1966):

«Шығып едім соңынан,

Абыл мен Нұрым, Ақтанның, — деген Сәттіғұл, Сүгірге жазған хатында:

… Абыл  мен  Нұрым,  Кенже   Ақтан,

Осы үшеуі болмаса,

Кім бар еді, шырағым,

Ағаңнан артық бүгінде, — дейді, Ақтанның айтқыштығын ерекше бағалап. Бұндай, ақын атын құрметпен жырға қосқандардың шығармаларынан үзінді келтіре берсек,  Сүгір, Ұзақбай, Мұраттардан көптеп кездеседі. Бұндағы «Кенже Ақтан» деп отырғаны — ақынның  руы. Ол  Адайдың Жеменейі, оның Кенже аталығының тумасы.

Ақтанның ақындық мұрасын жинақтап тапсыруда Сәттіғұл көп еңбек еткен. Сәттіғұлдың тапсырған мол жинақтарынан  бірлі-жарым туындылары болмаса, толық шығармалары жарық көрмеген («Жыр-дария». 148 бет). Мысалы, «Төлеп, Қармыс» дастаны, Академияның  ғылыми  кітапхана қорындағы «Қайырлы болсын сапар ұшу жолың» деп басталатын, жетпіс жолдық  бата өлең сияқты ірі шығармалары саяси сүзгіден өтпей қалған. Бата өлеңді «Қашағандікі емес, Ақтандікі» — деп қорға Сәттіғұл тапсырған (190-бума).

Төрт аяғын тең басқан жорға терең зерттеуді қажет етеді. А.В.Затаевич 1921-24 жылдары Орынборда маңғыстаулық әнші Жалау Мыңбаевтан «Ақтан» дейтін ән жазып алған. Реті осы әннің сөзі Ақтан Керейұлынікі болуы керек. («Маңғыстау» энциклопедиясы. 151- бет).

Ақтан жайлы осындай үзік сырлар тарих парағында көптеп кездеседі. Тағы бір көңіл бөлетін жай, Маңғыстау, Хиуа, Хорезм аймағында «Ақтан сазы», «Сүгір сазы», «Қалнияздың жыр күйі», «Өришанның жыр күйі» сынды сазды әуендер жиі  ұшырасады. Бүгінде белгілі төкпе күйші Сержан Шәкіратов аталған  Ақтан  сазы мен Өришанның жыр-күйін (жыр-сазын) шебер орындап жүр. Бұдан Ақтанның  өз  сазы,  жыршылық  мәнері  болғанын  аңғарамыз.

Маңғыстау даласы, Жайық бойы, Атырау аймағы, Ақтөбе өңірінің ақын, жыршыларының  өмір жолын, шығармаларын жинақтауда белгілі ғалым, Қабиболла Сыдиықов ағамыздың еңбегі ұшан теңіз. Әрідегі Қазтуған, Жиембет, Доспанбет жыраулардың, берідегі Абыл, Нұрымдардың, Базар жырау, Әбубәкір Кердері сияқты ақындардың шығармалары осындай саналы азаматтар арқылы бүгінге жеткені анық. Ақтан Керейұлын сөз еткенде де бұл кісілерден аттап кете алмаймыз. Десек те,  Ақтан жайы көп ізденуді, терең қазбалауды қажет  етеді. Жасын  жырымен жанартаудай лаулаған ақын қанша  көмулі  жатса  да  тот  баспайтын, суырып    алсаң жарқ етер наркескен еді. Фәниде кеудесіндегі қалың жырдан басқа дүния жимаған, даладай  дарқан сөзді  қайран  ақынды  қастерлейтін  кез  жетті.

Қарылықтың  белгісі,

Көңілдің  қошы  келмеген.

Жарлылықтың  белгісі,

Жанын  қинап  өлмеген.

Жалғыздықтың  белгісі,

Өзіне-өзі  сенбеген.

Палуандықтың  белгісі,

Өнермен  өрге  өрлеген.

Сақилықтың  белгісі,

Халықтың  қамын  көздеген.

Әкімдіктің  белгісі,

Тентекті  жиып  жөндеген.

Қаттылықтың  белгісі,

Халықтың  көңілін  көрмеген.

Жамандықтың  белгісі,

Қаумаға  басы  енбеген.

Төреліктің  белгісі,

Аяғын  басып  жүрмеген.

Сұлулықтың  белгісі,

Көргендер аңсап  шөлдеген.

Осылайша толғаған  ұшқыр  ойлы,  алқымды сөз зергері, өзінің отты да бейнелі, өткір де өміршең толғауларымен ел санасынан өшпесі анық. Заманында шұрайлы сөзімен, шынайы өнері, шалқар шабытымен елге танылып, даңқы жайылған әйгілі жүйріктің соңына қалдырған мұралары қазақ әдебиеті тарихы үшін бағалы  дүниелер  екендігіне еш талас жоқ.

Есентүгел АЗИ,

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық

институтының ғылыми қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button