Мәдениет

«Ханша-дария хикаясы» сахналанды

Т.Ахтанов атындағы драма театрда қазақтың классик жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Ханша-дария хикаясы» повесінің негізінде қойылған спектакльдің тұсаукесері өтті.

Оған Ақтөбеде өткен Қазақстанның Халық жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевты еске алуға арналған шараларға шақырылған меймандар түгел қатысты. Спектакльдің  тұсаукесеріне келген Ақтөбенің зиялы қауымы мен көрермендердің қарасы мол болды.

Бұдан бірнеше жыл бұрын Әбіш Кекілбаевтың «Ханша-дария хикаясы» повесінің  сахналық нұсқасын Ж.Құлманбетов жазып, оны Астанадағы Жастар театрында режиссер, сол өнер ордасының көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай   қойған болатын.

Ж.Құлманбетовтің сол инсценировкасын Ахтанов театрында жас режиссер Алмат Шәріпов сахнаға шығарды.

«Ханша-дария хикаясы» — жарты әлемді жаулап алып, талай жұртты қан қақсатқан Шыңғыс ханның өмірінің соңы немен біткені жайлы аңыздардың бірі өзек болған шығарма.

Спектакльде  Шыңғыс хан  таңғұт тайпасы қолбасшысының ұлы Шыдұрғының сүйгені Гүрбелжің сынды айдай аруға есі кетіп, ақырында сол бір текті әйелдің қолынан мерт болады. Повесте бұл жайды Шыңғыс хан түсінде көрсе, спектакльде Көріпкел әйел  ханның өзіне келіп, оның болашағы туралы болжамдарын жеткізеді.

Күллі әлемді моңғол қылышының астында қайқаңдатқан, барша елді  дегеніне жүргізген  ұлы әміршінің өзі — сезім алдында дәрменсіз.  Жазушы кейіпкерінің жан дүниесіндегі астан-кестен әлемді әдемі жеткізе біледі. Адамның ішінде болып жататын неше түрлі ағыстарды шебер бейнелеу арқылы ол  тіпті ұлы тұлғаның да іштей қарапайым пендеге айналатындығына  иландырады.

Т.Ахтанов театрының артистері спектакльді  өз мүмкіндіктерінің шеңберінде алып шықты. Шыңғыс хан рөлінде Т.Ахтанов театрының ақсақалы, республикаға танымал актер Мағзом Бақытжанов, оның  нөкері Қаһарды Есет Оразалин, Көріпкел әйелді ҚР мәдениет саласының үздігі, актриса Майгүл Мұзбаева,  Гүрбелжіңді Әсел Құсайынова, тұтқын рөлін Нұрсұлтан Айтқалиевтар сомдады.  Сахнаға алғаш рет Гүрбелжің сияқты жетекші рөлді  әдемі алып шыққан жас актриса Әсел Құсайынованың аяқалысы көрермендер тарапынан қолдау тапты.

Жалпы жұртшылық қойылымды жылы қабылдады.

Спектакльден соң сахнаға шыққан  облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қанат Айтбаев қойылымды сахналаған қазақ труппасына алғысын білдірді. Ал Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма  төрағасы, ақын, драматург  Нұрлан Оразалин қонақтардың атынан жылы лебізін білдірді:

— Әбіш Кекілбаевтың «Ханша-дария хикаясы» сынды сүбелі, күрделі дүниесін сахнада көрсетіп жатқандарыңызға рақмет, 1970 жылдары Әбекеңнің  отыз жасында жазған философиялық иірімі терең, Шыңғыс ханның өлімі туралы  толғанып жазған классикалық туындысын сахнадан көріп, қуанып, сүйсініп отырмыз. Режиссер мен суретшінің жұмысы ұнады. Сіздерге шығармашылық табыс тілейміз, — деді ол.

 Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button