Тұлға

Ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы біреу-ақ!

Әбіш Кекілбаев… XX ғасырдағы қазақ қауымының, түркі әлемінің заңғар жазушысы, кешегі Мұхтар, Сәбит, Ғабит сияқты алдыңғы толқын ағаларымыздың мұрагерлерінің бірі, бұл күнгі қазақ әдебиетінің туын ұстаушылардың бірі, бірі болса бірегейі.

 Манаш ҚОЗЫБАЕВ.

*   *   *

ХХ ғасырдың екінші жартысынан басталған ұлттық әдебиеттегі жаңа дәуірді еске алсақ, «Әбіш шыңы» осылардың дәп ортасында, биікке самғап, қол жетпейтін өрде тұрғанын бүгін әрқайсысымыз-ақ мойындаймыз.

 Серік ҚИРАБАЕВ.

*   *   *

Тарихқа арналған шығармаларды жазудың тек композициялық құрылысы, сюжеттік мазмұны, тарихи реалийлердің көрінісі жағынан ғана емес, тілдік-стильдік сипаты жағынан да әр алуан болып келетіндігін және бұндай жоғары сатыға қазақ көркем әдебиетінің де жеткендігін Ә.Кекілбаевтың шығармашылығы анық көрсетеді.

 Рабиға СЫЗДЫҚОВА.

*   *   *

 Кекілбаев дарыны мейлінше ғибратты дарын. Оның кеңістігінің өзінен ұғымтал көкірек пен жіті көз адуын өнердің мінезін көреді.

 Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ.

*   *   *

Ә.Кекiлбаевтың көркемдiк палитрасының қуаты мен қасиетi де осында — ол ежелгi аңыз-әңгiмелердi бүгiнгi күннiң елегiнен өткiзiп, тарихи-философиялық тұрғыдан екшеп отырады, сол аңыз-әңгiмелерден күллi адам баласына ортақ адамшылық тамырларды тауып отырады. Өткен күндер шындығына бүгiнгi күннiң жарық сәулесiн түсiредi. Кекiлбаевтың суреткер ретiндегi ерекшелiгiнiң бiр парасын осы төңiректен iздеуiмiз керек.

 Герольд БЕЛЬГЕР.

*   *   *

Жазушының тiлiнде де, дiлiнде де мiн жоқ. Қашанда сергек, қашанда сезiмтал, бәйгенiң алдынан ғана келетiн тұлпарларға ұқсатам мен Әбiштi. Ал, аспанға қарасам оның жұлдызын оңай танимын. Оның жұлдызы сол Әуезов, сол Шолохов, сол Айтматов, сол Нұрпейiсов жұлдыздарымен қатар тұр. Ол да жарық жұлдыз, мәңгi жанатын жұлдыз.

 Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ.

*   *   *

Әбіш — қыры мол ірі дарын. Ол сыншы, жазушы, публицист, тарихшы, саясаткер, мемлекет және қоғам қайраткері, сонымен қатар орыс, қазақ тілінде көсіле сөйлейтін өзгеше шешен адам. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке бір-бір азаматтың абыройын асырар қасиеттер ғой. Ал, бір Әбіштің бойында тоқайласуы арқылы оны жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысындағы қазақ топырағындағы ірі тұлғаға айналдырды.

 Марал ЫСҚАҚБАЕВ.

*   *   *

 Қазіргі қазақ әдебиетінде ұлы суреткер Әбіш Кекілбаев біреу-ақ! Мұны оның қаламдас ағалары мен замандастары ерекше атап айтады. Шындығында да солай! Бүгінгі тәуелсіз қазақ әдебиетінде ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы біреу-ақ! Мұны оның қаламдас інілері ерекше меншіктеп, ерекше теліп айтады. Ақиқатында осылай! Ежелден біртұтас қазақ әдебиетінің арғы-бергі немесе келешектегі тарихын алсақ та, ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы бәрібір біреу-ақ! Мұны өздерінен бұрынғылардың бәрінен асып туған болашақтағы қаламдастары айтатын болады. Тарих тағылымы әрқашан осылайша ғой. Сонымен, ұлы суреткер Әбіш Кекілбайұлы біреу-ақ!

 Сайлаубек ЖҰМАБЕК.

 

Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ

 «ЖАЛҒЫЗ ЖЕЛКЕН ЖАЛТЫЛДАП…»

  Әбіш Кекілбаевқа

Жапан түздің желін аңсап жан қызды, ал,

арман, үміт — бізді айдында алғызған.

Біз — флотпыз жекелерден құралған,

желкендерден:

Жалғыз,

жалғыз,

Жалғыздан.

Желкен — жалғыз,

аспан — жалғыз,

сен — жалғыз,

Жалғыз болсақ — туа сала болғанбыз!

Небір тұман,

Небір дауыл, не түнде

Меңіреуліктер мұхитының бетінде

қыр көрсетіп өтейік бұл жалғанға!

Жылт еткендер, ұқсаңдаршы жанғанға!

Желкен бе, деп таңдансын жұрт, жалау ма,

жалау болып алаулашы, алаула!

Естіледі алыс мұхит тынысы,

теңіз иісі келді, міне, танауға.

Ей, тұзды жел, бет, ерінді жалап бақ,

шаңқылдап бақ, шағалалар қанат қақ.

Толқын сынды бауыры сұр жалы аппақ

бұлттар безіп барады, әне, далақтап.

Бұдан өзге көңіл қояр жоқ түк те

Мынау жел мен көбікке ұқсас көптік те,

Көп қолқалар: өзгерші деп, өзгерші,

Өтірік те болса уәде-сөз берші.

Көк теңізде ақтығы емес түсіңнің,

Жалғыздығың — көрінеді көзге ерсі.

Желкен болып жарқылдашы, ағайын,

Шағала боп толқын жалын қағайын;

Сен — арман қу,

Мен — мұңымды шағайын.

Аспан алыс: жұлдызы көп,

жоқ Айы,

алыс жаға — тоғышарлар тоғайы…

 1984 жыл.

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button