Қарсы пікір
Біздің «Екі пікір» деген айдар ашқандағы мақсатымыз — таласты мәселелер жөніндегі екі түрлі көзқарасты ұсыну арқылы қоғамның «демін» шығару болатын.
Хиджаб киюге байланысты облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Бауыржан Есмахан мен белгілі ғалым Алтай Тайжановтың көзқарастары газет бетіне жарияланысымен, бір топ дін өкілдерінің аманатын арқалап жеткен Ақзипа қажының хатын оқырман талқысына ұсындық. Қазір ол кісіге қарсы пікір айтқан хаттар ағылып жатыр. Біз соның бірсыпырасын жариялап отырмыз.
Осымен пікірталасты тоқтатамыз.
Артық айтсақ, ар алдына жүгінейік
Адам кейде айтайын деп айтпайды, ашынғасын айтады, жазайын деп жазбайды, зәбірге шыдамайды.
«Ақтөбеден» «Алтай Тайжановқа сәлем хатты» оқып, (көріп емес) қажы Ақзипаға «қайран қалған жоқпыз», «аяушылық білдірмедік те», бірақ қатты қиналдық, қаламға ерік бердік. Неге?
Автор «мінбей жатып «шу» дегенде, шалыс басып оңбай сүрінген. Қалай? Алтай ағаға «Партбилетінің ызғары жүрегінде мұз болып қатып қалған ғой, қайтсін?..» деп аяушылық білдірген. Бірақ хат жазушы ол кісінің еш уақытта Коммунистік партияға мүше болмағанын аңғармаған.
Көп оқығаны қарап отырғызбаған Ақзипа ғалым Алтайға «Қасиетті кітап кез келген адамға қол жетімді болмайды», — депсіз. «Қол жетімді» деген біз оқымаған жерден келді», — деп шүйлігеді де, «Құран — мұсылмандардың… қасиетті оқулығы» деп шегелеп тастайды. Ақзипа — ұстаз «қол жетімді болмайды» деген тіркес ауызекі сөйлеу тілі стиліне тән ерекшелік екендігін зерделемей, сөйлеу мәдениетін жетік меңгерген, қазіргі дәуірдің орақ тілді, от ауызды шешені, азуы алты қарыс Алтайды мұқатқысы келеді. Көпті көрген, алпысты алқымдаған, жоғарғы оқу орындарында ұзақ жылдар қызмет жасаған ғалым, республика, облыс мұғалімдерінің алдында орамды ой, терең мағыналы лекциялар оқып жүрген тұрақты лектор Алтай Тайжанов — қазіргі қоғамдағы дінге қатысты шаруаны жіті қадағалаушының бірі. Ол кісі «Құранда былай деген» деп талай жанның жаза басып жүргенін аңғарған. Құран көрінгеннің қолында жүретін «Сөзжұмбақ» емес. Құранды оқыдым, түсіндім, соны орындаймын деушілер қатты қателеседі. Құранды түсіну үшін алдымен пайғамбарлар мен сахабалардың еңбектерін зерделеу керек. Құрандағыны сол күйінде өмірге енгізушілер елдің берекетін алып, талай отбасының басынан бағын тайдыруда. Салиқалы ойдың иесі Алтай Тайжанов осыны айтып отыр.
Одан әрі табаны қызған жүйрік көсіліп шабады. Көсіліп келе жатып, «жалғызілікті аналар», «тастанды балалар», «жасанды түсік» мәселесін көктей өтеді. Қызды-қыздымен кімге хат жазып отырғанын ұмытып кете жаздайды. Кешірерсіз! Ұмытпапты. Экранда шала жалаңаштанған, жағажай киімімен шыға келетін қыз-келіншектерді, жасампазданып шешіне бастаған сарқарын бәйбішелерді, тар шалбар кигендерді зейнеткер-ұстаз қажы Ақзипаның айтуынша, Алтай аға өлердей жақсы көреді екен. (Автор «Сізге өте сүйкімдісі» деп қыстырып кеткен). Әттеген-ай! Өмір бойы этнопедагогиканы зерттеген, оны білім ордаларының оқу үрдісіне дендеп енгізуге жанын салып жүрген, ұлттық құндылықтарды қызғыштай қорушы, әсіресе, қыз балалардың қазіргі киім үлгісіндегі ұлттық үрдіске жат көріністі күйіне айтып жүрген (оның ішінде әйел адамдардың шалбар киюі де бар) жанкешті жанның, ұлт жанашыры Алтай — азаматтың еңбегінің еленбеуін қарашы.
Алдыңғы айтқандары аз болғандай, сәлемдеме жолдаушының сезімге балқығаны сондай, «Ал ақылды қыздар… мешіттерге бет алды… Олар ойынқұмар ағайындардың анекдоттарын тыңдамас, пикниктерге ере қоймас, мейрамханаға қызықпас», — деп салған. Иә, Ақзипа Төремұратқызы көпшіліктің және «Нұрдәулет» мешітінің жанындағы медресе шәкірттерінің атынан сәлем хатты Алтай Тайжановқа жазып отыр. Олай болса, осындағы әңгіменің негізгі кейіпкері де — Алтай. Аңғардыңыз ба? Тоқтаңыз! Ақзипа қажы замандасын жақсы біледі екен деп қалдық. Білмесе анекдоттан аузы кетпейтіндікті, ойынқұмаршылықты, жас бойжеткендерді пикниктерге жетелейтін желөкпелікті, мейрамхана жағалайтын сауықшылдықты хат жазған адамына неге тақады?
Мен Алтай Тайжановты соңғы жиырма жыл көлемінде жақсы білемін. Философ, әуезовтанушы, бірнеше кітаптардың, ғылыми еңбектердің авторы, ғалым, қазақ елінің руханият әлеміне өз үнімен еніп, ерен еңбек сіңірген, соған мемлекет тарапынан марапат алған қайраткер. Бірақ оның анекдот айтқанын, ойынқұмарлыққа салынғанын, көрінгенмен пикниктерде сайраңдағанын, қызық қуып мейрамхана жағалағанын көрген де, естіген де жоқпын. Сонда қалай? Бұл не? Қарсы пікір ме, әлде күйе жағу ма? Әлде «Тисе — терекке, тимесе — бұтаққа» ма? Мүмкін сәлем жолдаушы оны айтқан жоқпын дер. Онда «ойынқұмар ағайлар» дегенің кімдер? Әлде Тайжанов Алтай ағай емес пе? Көрдіңіз бе? Шегінетін жол жоқ.
Манадан бергіміз түк емес, әңгіменің көкесі сәлем хаттың соңғы жағынан екен. Сіз: «Дінді ұстаймыз ба, ұстамаймыз ба, өз еркіміз», — дейсіз. Парасат көзі болмаса, жүрекке нұр қонбаса, не шара?» — деп шалқаңыздан түсесіз. Не болды сонша?! «Дінде зорлық жоқ» деген қағида өз алдына, діни еріктілікті Ата Заңымыз айтқан жоқ па? Ол — ол ма, «Елбасы сөзін құлаққа ілгіңіз келмейді», — деп тіпті сәлем хатты саясаттандырып жіберіпсіз.
Жылжи берейік. Жоғарыда біресе «маркстік-лениндік философиясының нанын жеген адам», біресе «араб сөзін білмейтін қазақ тілінің оқытушысы», біресе «парасат көзі көрмейтін, жүрегі нұрсыз жан» деген адамыңыздың профессор екенін ақыры ескеріп, ашып атапсыз. Мә-ә-ә! Аңғармаппын. Алдында «адаспаңыз» тұр екен ғой. Бүйтіп атағын ауызға алғаныңыз бар болсын.
Түсінесіз бе, алтыннан ардақты, күмістен салмақты, Ақзипа қажы! Адасып тұрған профессор емес, сәлем хат жазып, шала бүлініп, шатасып тұрған өзіңіз сияқты.
Мен сізді танымаймын, білмеймін. Бірақ жазғаныңызға қарап баға беруге тура келіп тұр. Енді соған келейік. Әп дегеннен «алпысты алқалаған» деген тіркеске сүріндік. Жасты адам алқаламайды, алқымдайды. Бір деп қойыңыз.
Бәріміз де қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болған соң, әр сөзге жіті көз салып көңіл аударамыз. Ол — кәсіби дағды. Сіздің қолданысыңыздағы «Маркстік-лениндік философиясының нанын жеген адам», «партбилеттің ызғары жүрегінде мұз болып қалған», «Құран — мұсылмандардың… қасиетті оқулығы», «Бірақ бұл — сіз оқымаған пән», «пенденің міндеті» секілді дүниелеріңіз өзіңіз туралы көп нәрсені паш етеді. Сөйлемдеріңіздің құрылымы — қисық, сөздеріңіздің түсінігі ауыр, айтар ойыңыз — тұман. Тіпті «араб сөзін қазақ тілінің оқытушысы қайдан білсін?» дегеніңізді оқыған кезде, намыстан өртене жаздадым. Сіздің пайымдауыңызша, Қазақстандағы бар мұғалім — сауатсыз, оқытушы — ойсыз, профессор адасып жүр, әке — маскүнем, ата — құдайсыз боқсақал, әже — немерелеріне айтар түгі жоқ шашын кескен бұйра бас, ана — жалаңаш, елді аузына қаратқан отандық теледидар — зорлық пен зомбылықтың жаршысы. Сізді тыңдасақ — қазақ жері жын-шайтанның мекеніне айналған.
Сонымен не болды? «Айтылған сөз — атылған оқ». Осындайда ұлы Әуезовтің бір айтқаны еске еріксіз түседі. Ол: «Ар жазасы — бар жазадан ауыр жаза», — деген еді. Ендеше, құрметті Ақзипа қажы, Алланы қоя тұрып, ар алдына жүгінейік.
«Арыстан айға шауып, мерт болыпты» деген бар. Сіздің арыстандай айбатыңыз болмауы мүмкін, бірақ Алтайдың Ай сипаты бар екені ақиқат.
Темірхан ӘДІЛХАНҰЛЫ,
Темір ауданы.
***
…Айташағым кетпесін
«Алажағың кетсе де, айташағың кетпесін» деген қазақтың мақалы бар. «Ақтөбе» газетінің 2009 жылғы 26 қарашадағы санынан Ақзипа Төремұратованың «Алтай Тайжановқа сәлем хат» деген мақаласын оқып, қайран қалдым. Мен Тайжанов деген азаматты көрген емеспін. Бірақ таныстығым жоқ болса да, ел танитын азаматқа ара түскенді жөн көрдім.
Осы күні кім-кімді көрсең де, алдымен өткен Кеңес өкіметін жамандап алады. Бар пәлені сол өкіметке үйіп-төгіп, соның кесірінен болды деп жамандауға шеберленіп алған.
Кеңес өкіметі тұсында 70 жыл өмір сүрдік. Бұл өкіметтің жақсылығы да шаш етектен болды. Бәрін жоққа шығаруға болмайды.
Халықты жаппай сауаттандырды. Ол кезде мектепте бір бала оқымай қалса, үлкен оқиға еді. Жалпыға бірдей орта білім беру міндеті қойылды. Онан жоғары институт, аспирантура, докторантура ақысыз, тегін болды.
Академик Мұрат Жұрынов Білім министрі болып тұрған кезде Американың Білім министрімен кездесіпті. Сонда Американың Білім министрі: «Еліңде қанша пайыз сауатсыз?» — деп сұрапты. Біздің Министр: «Бізде сауатсыздық жоқ», — депті. Американдық қайран қалыпты. АҚШ-та 16 миллион адам қол қойғанда бармағын басады екен. Құдайға шүкір, бізде бармағын басып қол қоятын адам жоқ. Бұл — Кеңес өкіметінің еңбегі.
Медицина жағын алсақ, жұқпалы аурулардың бәрін құртты. Мысалы, мерез, оба, шешек, таз, қарамық, сүзек, қызылша, құрт ауру, тип, тырыспай (холера), т.с.с. Кейбір аурудың жоқтығынан атын да ұмытып қалыппыз.
Әрине, әрбір қоғамның өзіндік жетістіктері мен қайшылықтары болады. Кеңес өкіметі дінге тыйым салды. Оның да өз себебі бар шығар. І Петр шіркеудің қоңырауларын бытыра қылып құйып, поптардың шаштарын қырқып, дінге қарсы шықты. Бірақ Ресейді І Петрдей гүлдендірген ешбір патша болған жоқ.
Францияның Эйфель мұнарасын салғанда поптар қарсы болып, патша сол мұнараны салған адамды жазалап, өлтіріп, өлігін итке тастаған, өліктің орнын өртеген. Ондағы себеп, сонша биік мұнара салып, құдайға жақындағысы келеді деген айып тағылған. Қазір сол Эйфель мұнарасы арқылы Францияны жер жүзі біледі.
Тақырыпқа оралсақ, бірінішіден, сіздің дін адамы екеніңізге күмәнім бар. Себебі, діннің өкілі болсаңыз, әйел басыңызбен ер адамға шабуыл жасамас едіңіз. Екіншіден, аузыңыздан анадай лас сөздер шықпаған болар еді. Бұйра бас әжелер, боқсақал аталар деп тілдепсіз.
Құранды Абай дәрежесіне көтерілген адам ғана оқиды дейсіз, сіз өзіңіз Абай деңгейіне көтерілгендіктен оқып отыр екенсіз ғой. Абайдың деңгейіне біздің Қазақстанда көтерілдім дегенді ешкімнен естіген жоқпын…
Сіздің сөз екпініңіздің өзі тым мысқылшыл, Құранды оқыған дін адамының түрі емес. Күншіл, кекшіл, ешкім алдыңызға шықпайтын, шыға қалса, түтіп жеуге дайын адам сияқтысыз. Тайжановтың теледидардағы сұхбатын көрдім. Сіздің уысыңызға сыятын азамат емес.
Қыздардың үстіне қара киіп, басына қара жамылып, бет-аузын бүркеп жүргенін көргенде, «мына байғұстың адамы қайтыс болған екен» деп ойлайсың. Бұрын ата-бабаларымыз «басыңа қара салып, не көрініп отыр, қара жамылғыр» деп қарғайды екен. Осы күні қара жамылған қыздарды көргенде «мына байғұсты кім қарғады екен?» дейсің.
Сіз Құранды оқымаған адамда парасат көзі болмайды деп ұғасыз. Парасаттылық та адам баласымен бірге туатын мінез ғой.
Тайжанов туралы айтқанда, жастар «біздің философиядан дәріс берген жақсы ағайымыз» деп шу ете қалды. Философия пәні бүкіл жер бетіндегі тіршілік атаулыға ортақ заңды қарастырады. Сондай қиын мамандықты игеріп, талай шәкірттің қадір-құрметіне бөленіп жүрген азаматты соншалықты кемсітіп сөйлеуге қалай дәтіңіз барды?
Дін елімізге келді деп қуанып жатырмыз. Бірақ осы діннен талай жастар адасып, қорлықты көріп жатыр. Әрбір адамның кеудесінде бір Алласы бар. Аллаға сыйынбайтын адам жоқ. Кеңес өкіметі тыйым салған кезде де құран шығарылмай қойылған өлік болған жоқ.
Қыздардың ұзын қара көйлек киіп, бет-аузын бүркеп, төмен қарап, ойын-сауыққа бармай, тұнжырап үйде отырғанына үзілді-кесілді қарсымын. Қамшының сабындай қысқа өмірде, оның ішінде әкесінің үйіндегі қыз дәуірін шектен шықпай, әдемі, сәнді, адам қызыққандай өткізуіне тілектеспін. Бұрынғы ата-бабаларымыз ұстаған әдет-ғұрып, мұсылмандықтай үлгі ұстасақ, жарап жатыр.
Біздің аналарымыз шалбар киген, орамалды түріп тартқан. Бүкіл шығыс халқының ішінде біздің қазақ әйелдері бетін бүркемеген. Көшкенде, атқа мінгенде ыңғайлы деп шалбар киген. Кимешекті үлкен адамдар және молдалардың елтілері киген.
Сіз өзіңізден басқа, құран оқымаған, намаз оқымаған адамдардың бәрі надан, дінсіз деп қарайтын шығарсыз. Сонда біздің бұрынғы өткен аналарымыз дінсіз болып өткен бе?
Дүниеде үш жомарт бар дегенді есіңізге алмайсыз ғой.
Бірінші жомарт — Алла тағаланың өзі дейді, кеңшілігімен, мырзалығымен жарылқайды дейді.
Екінші жомарт — Пайғамбарым дейді, өзінің кең пейілділігімен кеңшілік жасап, шапағатымен нұрландырады дейді.
Үшінші жомарт — ұстаздар дейді. Барлық білгенін шәкірттеріне үйретіп, елдің көзін, көңілін ашып, надандықтан арылтқан.
Менің білуімше, үшінші жомарттың бірі — Алтай Тайжанов қой деймін.
Ақзипа шырағым, сіз алпыстың айналасындасыз ғой. Мен сексенге келген адаммын. Осы мақала сізге ой салар деп жазып отырмын. «Бас білген өгізге «өк» деген өлім» дейді қазақ. Түсінеді деп жазып отырмын.
Сырым Датұлынан «Сөзден жеңілген кезіңіз болды ма?» деп сұрапты. Сонда Сырым: «Сөз түсінбейтін адамнан күнде жеңілемін», — деген екен.
Дінсіздігімізден жазып отырған жоқпын. Кейбір адамдардың түсінбей, фанатик болып кеткені туралы еді ойым.
Енді дінді мектептің бағдарламасына ендіру керек деп жатыр. Сонда әлгі қара жамылған қыздар да мектепте қара жамылып, ұзын киіп, бетін бүркеп отыру керек пе? Жақсы, мұсылман қыздар қара жамылып, бетін бүркеп бара қойсын. Ал басқа ұлттардың да балалары оқиды. Олар да өз діндерінің үлгісін кием дейді. Сонда мектеп неге айналатынын біле беріңдер.
Менің ойымша, мектепте жалпыға бірдей ережелер, жалпыға бірдей киім болу керек. Мектепке хиджап киюді, орамал тартуды рұқсат етпеу керек деп санаймын.
Ақбике ТҮЙЕШОВА,
зейнеткер,
халыққа білім беру ісінің озық қызметкері,
Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасының иегері.
***
Құптай алмаймыз!
«ақтөбе» газетінің 5.ХІ.2009 ж. шыққан «Екі пікір» айдарының «Хиджаб тартқан дұрыс па?» мақаласын оқып және сол мақалаға «қарсы пікір» ретінде жазылған «Ақтөбе» газетінің 26.ХІ.2009 ж. «алтай тайжановқа сәлем хат» деген өз жерлестерінің, апа-қарындастарының және «Нұрдәулет» мешітінің жанындағы медресе шәкірттерінің атынан жазған зейнеткер қажы апамыз Ақзипа Төремұратқызының мақаласын оқып, өз ойымды оқырман қауыммен бөлісу мақсатында жолдап отырмын.
Бұл пікірлер дін турасында болғандықтан, қоғам өмірінде әр түрлі сұрақтар тудырады. Соның ішінде «Ислам» діні жөнінде. Ислам – бас ию немесе, тағзым ету, сонымен қатар бейбітшілік дегенді білдіреді. Кімге бас ию, әрине, Алла тағалаға, ал кіммен бейбітшілікте болу, әрине, адамдармен. Жалпы, әйел адамдардың ашық, денесінің көп бөлігін көрсетіп жүруін ешкім де мақұлдамайды. Алайда бұны жұрттың бәрі хиджаб киіп жүруі парыз деп түсінбеу керек. Хиджаб пен орамал екі бөлек. Орамалды бәйгеге шапқанда ер адамдар да тағады. Ал хиджабты әйел адамдар киеді делік. Сонда ол ұлттық киім бе, әлде тек мұсылман әйелдерінің киімі ме? Біз хиджаб пен біздің бұрынғы әжелеріміздің жас ерекшеліктеріне байланысты киімдерін, соның ішінде бас киімдерін, орамалдарын шатастырмауымыз керек. Ал ұлттық киім десек, неге «Хиджаб» дейміз? Бұл араб сөзі ғой, мұсылмандық киім десек, онда сыртқы формаларында жас ерекшеліктеріне байланысты арнайы немесе ерекше белгілері бар ма, халық аңғаратындай? Себебі, қалың халық түсіне бермейтіні белгілі. «Хиджаб» арабша — жабылу, қандай мақсатпен киіну, әлде бір себептерге байланысты орану ма? Мәні не, оның діни немесе қазіргі заманғы түсінігі бар ма? Бұл киімді сеніміне байланысты кие ме, кисе қандай сенім? Оны киюшілер қатарының бәрін Ислам дінін ұстайтын мұсылман арулар деп айту күдік туғызады. Оны сән үлгісі ретінде кисе, қандай эстетикалық талаптан өтіп мойындатқан?
Бұл сұрақтарды қойғандағы айтайын дегенім – ұлттық киім үлгісі мен діни киім үлгісін шатастырмау керек. Себебі, Ислам тек қазақ ұлтына ғана тән дін емес қой. Қазақтың қыз-келіншектерінің, әйелдерінің (оқу орны болсын, жұмыс орны болсын) қандай киім кисе де өз еркі, дегенмен де, әр нәрсені өз орнымен, қызметіне, жасына сай талғаммен кие білу керек. Мен киім үлгісін жасайтын модельер де, әр мекемеге киетін киім түрін анықтайтын, таңдайтын бұл салаға жауапты да адам емеспін, ол дәрежеге жеткенде де жоқпын. Оны таңдайтын халық, қалың ел және қазақ жерінде өмір сүріп жатқан қазақ ұлты. Ал қалың халық біртұтас ел болған соң, тек бір өзеннің ағысымен жүре бермеуі керек немесе тек діни түсінікпен, тәртіппен жүріп, қоғамның басқа да салаларымен, атап айтқанда, мораль, ғылым, өнер, т.б. санасуы қажет. Оларды да игеріп, меңгеріп, келешек ұрпаққа жол көрсетуі міндетті. Сондықтан ел болашағы — жастарды анықтылыққа жетелеу зиялы қауымның жүгі. Ал біздер сол зиялы қауымды тыңдамай, тек дін жолымен жүріп, еш қисынға соқпайтын өз пікірімізді тудырып «қалың орманды қара орманға айналдырсақ» ел болашағына не бетімізбен қараймыз? Келер ұрпаққа не береміз? Діни сауаттылық бердік, барлығымыз намаз оқып, мешіт жағалап кеттік делік. Сонда білім, ғылым қайда?!
Жер бетінде қанша адам болса, сонша пікір мен ұстаным бар. Ендеше қажы атанып жүрген апайымыздың облысымыздағы зиялылардың бірі, бұрын да, қазір де халқымыз сөзіне құлақ салатын Алтай Тайжанов ағайдың жеке басына тиісуін құптай алмаймыз. Ол кісі — өз саласы бойынша республикаға танымал адам. Аты «Элита Казахстана», «Кто есть кто в Казахстанской науке», «Деловые и известные люди Казахстана», тағы басқа аумақтық, облыстық, аудандық, тақырыптық энциклопедияларда жүрген адам. Айтыңыздаршы, көптомдық қазақстан ұлттық энциклопедиясында біздің облыс азаматтарының көзі тірілерінен кім бар? Болар, бірақ бірен-саран шығар. Ал профессор Алтай ағайдың аты сол энциклопедияның 2-ші томында. М.Әуезовке байланысты аталса (14-15 беттер), оның 3-ші томында «Диалектикалық логиканың Қазақстандық мектебінің» өкілдерінің бірі ретінде есімі академиктер Ж.Әбділдин, А.Қасымжанов, Ә.Нысанбаевтармен бірге аталады (223 бет).
Зиялыларымызға тиіскеннен көрген пайдамыз бар ма? Ең болмаса, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарын еске ұстасақ қайтеді? «Алтынның қолда барда қадірі жоқ» деген осы екен ғой. Ұят болды, ағайын!
Бекен Балапашев,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік
университетінің тарих факультетінің түлегі.




Қасиетті Құран Кәрімнің Араф сүресінің 179 аятында Алла )Т.) былай дейді: «Рас тозақ үшін де көптеген жын, адамдар жараттық. Олардың жүректері бар, алайда олар онымен түсінбейді. Көздері бар, онымен көрмейді. Және олардың құлақтары бар, ол арқылы естімейді. Олар хайуан тәрізді, тіпті одан ары адасуда. Міне солар мүлде әперсіздер»
Аллаға емес адасқан профессорға сенген мына адамдарға қанша түсіндіріп айтсаң да құлақтарына кірмейді, жүректерімен түсінбейді. Олар мүмкін тозақ үшін жаралған адамдар болуы керек. Алайда Алланың мейірімнде шек жоқ. Кешірім сұрап ақылға келуіне әлі де кеш емес.
Мектепте жүргізіліп жатқан тәрбие сағатының қандай түрде өтіп жатқаны көпшілікке белгілі жай. Бір жұма күні балам өз қатарымен бірге молдамыздың үйіне барып намазға тұрмақ ойын айтқанда, қуанғаннан не дерімді білмей сасып қалғаным бар. Сол қуанышым әлі күнге есімнен кетпейді. Тек бар болғаны балам сол ұстанымынан айырылмаса деймін. Имандылық, тазалық, рухани байлықтың арқасында өмірге деген көз қарасы өзгеріп, кешкісін сыртқа шығуын да тоқтатып, біріңғай сабағына көңіл бөлуінің арқасында грантқа оқуға түсті. Құдай тағаламыздан бар тілейтінім – баламның түскен ортасы да имандылық жолында жүрген жастар болса деймін.