Мәдениет

«Музей ісі дегдарлықты сүйеді »

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына 80 жыл

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА,

«Ақтөбе»

Ақтөбе өлкесінің тамыры тереңде жатқан тарихына,  мәдениетіне қатысты асыл мұраларды  көздің қарашығындай сақтап, рухани қазынамызды халыққа ұсынып отырған, бүгінде үлкен мәдени-зерттеу орталығына айналған облыстық тарихи-өлкетану музейіне биыл 80 жыл толды.

Мерейтой қарсаңында  музей директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Еркін Құрманбекпен оның әрі-берісінен әңгіме қозғап едік.

—  Музейдің мерейтойында оның  өткенін шолып өтудің артығы болмас. Ақтөбеде музей құру ісі неден басталған, басы-қасында кімдер болды?

— Бұл іске1920 жылдары құрылған Қазақстанды зерттеу қоғамының мүшелері көп үлес қосқан. Оған Ахмет Байтұрсынов сияқты зиялы қауым өкілдері мүше болған. Осы қоғамның Ақтөбедегі бөлімшесіне  мүшелікке өтуге қазақ тіл білімінің негізін салушылардың бірі Құдайберген Жұбанов та тілек білдірген. Ол кездегі зиялылар еш нәрсеге бейжай қарамаған, қай салаға болмасын қолынан келгенше атсалысуды азаматтық парызы санаған. Сол кездегі Ақтөбе губерниялық халық ағарту бөлімінің инспекторы Құдайберген Жұбановтың  қоғамға мүшелікке өтуге берген өтінішінің көшірмесі бізде бар,  Орынбор мұрағатынан алынған.

Сол қоғамның негізгі міндеттерінің бірі жергілікті жерлерде музейлер ұйымдастыру болған. Алдымен мектепішілік музей ретінде ұйымдастырылған бұл музей 1929 жылы  желтоқсанда   жеке отау болып бөлек шыққан. Негізі, Қазақстандағы ең  алғашқысы Оралдағы музей болып есептеледі. Ақтөбедегі музейдің басыбайлы баспанасы болмаған, біресе миссионерлік шіркеу мектебінің жанында болса, біресе «Торгсинаның» бұрынғы кеңсесіне көшірілген. Музей басында «жергілікті өлкетану музейі», «округтік өлкетану музейі» деп, кейін Ақтөбе облыс болып құрылғаннан кейін облыстық өлкетану музейі  деп аталған. 1930-40 жылдарда  музейге  жиі-жиі орын ауыстыруға тура келген. Музейдің алғашқы директоры Давид Темушко түрлі қиыншылықтарға қарамастан, музейдің негізін қалап, жұмысын жолға қойған. Музей қызметкерлері де санаулы болған. Тірнектеп музейге жәдігерлер жинай берген, солардың арқасында музейде бірнеше бөлімдер жұмыс жасаған, оған  келушілер саны жылдан-жылға артып отырған. Темушко музейде15 жыл директор болған. Ол  Ұлы Отан соғысы кезінде музей жұмысын тоқтатпаған. Осындай жанкештілікпен музей жасаған Темушконың еңбегі құрметке лайық. Ол уақта  музей ағарту орны  қызметін атқарған, оған сол саланың мамандары, ұстаздар қауымы белсене атсалысқан. Кім-кім де өз заманының сойылын соғады ғой,  кеңес өкіметі кезіндегі музейлер де солай жасақталды, онда алғашқы қауымдық құрылыс, төңкеріс, Ленин, Сталин, бесжылдық деген мәселелерге қатысты бөлімдер болған.

— Қазіргі күні музей қорында қанша дүние бар?  Оның жинақталуына тағы кімдер үлес қосты?

— Негізі қазақ халқы музей дегенді білмеген, коллекция жинамаған, бірақ

«Мына жүзік анамның көзі еді», «Мынау бабамнан қалған асатаяқ еді» деген сияқты өзіне қымбат дүниелерді сандық түбінде көзінің қарашығындай сақтап, өзінен кейнгілерге мирас етіп қалдырып отырған. Кеңес үкіметі тұсында қудаланған Арынғазы ханның ұрпақтарының бірі  музейде қызмет жасаған, өз аталары тұтынған тостағанды музейге тапсырыпты. Ол кезде бұл әңгімені ашық айту мүмкін емес еді. Былтыр Арынғазы хан тұқымының келіні болып келетін бір әже сол тостағанды танып, жылап көрісті. «Бұл  хан атамыздың ерні тиген тостағанды кие тұтушы едік, одан ем болады деп су ішетінбіз» деді. Жалпы музейге қажетті затты базардан сатып ала алмайсыз. Ол осындай жолдармен жиналады. Ел ішіндегі көненің көзіндей жәдігерлерді музей қызметкерлері табанынан таусылып іздеп жүріп, біреуден естіп, енді біреуден аттай қалап сұрап алып, сатып алып  дегендей үлкен еңбекпен қол жеткізеді. Музей қызметкері бойына тектілік қасиеті бар,  жаны таза, пайда табу ниетінен ада болғаны жөн. Сонда  ғана кәсібінен береке табады. Өз ықтиярымен қимас  бұйымының музейде тұрғанын жөн көріп сыйға тартатындар да бар. Бұл дәстүр әлі де жалғасын тауып келеді. Соның арқасында қазір музейде 97 000 жәдігер бар. Біз жыл бойы  «Болашаққа мұра болар сыйлықтар»деген акция өткізуді дәстүрге айналдырғалы біршама уақыт өтті. Бұл — музей қорын толықтырудың бірден-бір тиімді жолы. Оның қорытындысын  жыл сайын 18 мамыр халықаралық музейлер күнінде шығарып отырамыз. Музейге  талай дүниені сыйға тартқан Ибрагим Қалпеновті, Әбілқайырдың ұрпағы Бақытжан Қаратаевтың фотосуреттерін, пайдаланған заттарын, киімдерін, шайтабағын тапсырған Бибіажар апайды, Арынғазы хан тұқымдарына қатысты құнды құжаттарды, суреттерді берген Роза Арынғазиеваны атап айтуға болады. Жалпы, музейді бір адам жасай алмайды. Ол — елдік шаруа. Бұл іске үлес қосқан жандарды тізіп шығу мүмкін де емес.

— Ақтөбеде түрлі лауазымды қызметтер атқарған, «Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі»  Рахила Сәрсенова басқарған жылдарда музей өз атына сай мекемеге айналды деседі, сол рас па?

— Рас. Музейде талай директор болған ғой. Көбісі елеусіз келіп кеткен. Солардың ішінде үш адамды ерекше атағым келеді. Біріншісі — жоғарыда айтқанТемушко, екіншісі — Рахила Сәрсенқызы.  Ол кісі музейді зейнеткерлікке шыққаннан кейін,

1965-1974 жылдарда басқарды. 1965 жылы бұрынғы екі қатарлы қонақүй ғимараты музейге беріледі. Сол кісінің тұсында Мәскеуден экспедиция келіп, Елек-Қарғалы бойынан алғашқы қауымдық   құрылыс кезіндегі адамдардың, аңдардың сүйегін тапқан, біздің музейде тұрған мамонт сүйегі сол кездің куәсі. Музей экпозицияларын Орынбордан, Свердловскіден суретшілер келіп жасаған. Ғимараттың күрделі жөндеуден өткізіліп, музейге лайықты етіп  қайта жасалуына Рахила апайдың сіңірген еңбегі зор.  Сол тұста музейді ел сыйлайтын, айтулы азаматтар ат басын бұратын жағдайға жеткізген Роза Сәрсенқызы оның материалдық-техникалық базасын жақсартты. Өйткені ол бұрын ылғи лауазымды қызметтер атқарған, ел-жұртқа танымал, сөзі өтімді, сыйлы адам болатын. Әрі ыждағатты, жігерлі, істің көзін таба білетін сауатты жан еді. Рахила Сәрсенқызы қазір Алматыда тұрады, жасы жүзге жетіп қалды. Ұлы Саяттың қолында. Келіні Шолпан енесін алақанына салып бағып отыр. Музей қызметкерлері әрдайым ол кісімен хабарласып, халін біліп тұрады. Музей ғимараты ерекше бап тілейді. Ондағы қорды сақтай білудің өзі бір өнер.

Осы музейге үлкен еңбек сіңірген басшылардың бірі — Қазақстанның мәдениетіне еңбегі сіңген қызметкер Рысжан Ілиясқызы. Ол кісі музейді ұзақ жылдар бойы басқарды, осы іске жанын салып кірісті.  Рысжан Ілиясқызы осы саланың білгірі ретінде музейді ғылыми жағынан жетілдіріп,  атына заты  лайық ғылыми-зерттеу орталығы болуына атсалысты. Қазақстанда музейтану ғылымының дамуына үлес қосты, музей ісінің кәсіби жүйеге түсуіне ықпал етті.  Ел Тәуелсіздік алған тұста кеңес заманындағы музейді түбегейлі өзгерту керек болды, сол кезде де ерекше қайрат көрсетіп, елден бұрын жаңа экспозициялар құруға кірісті. «Дулығалы дала перзенттері»  атты экспозиция тәуелсіздік жолында күресіп өткен батырларымызды әйгіледі. Бұрын жақ ашпай келген тақырыптарға  қатысты, мысалы, Алаш қозғалысы, Ресей империясының отарлау саясаты, репрессия туралы материалдар музей экзпозицияларынан орын алды.

Рысжан Ілиясқызы Ақтөбе өлкесі тарихына қатысты бірнеше кітаптар шығарды.

— Облыстық, республикалық шараларға келген еліміздің зиялылары, қоғам және өнер қайраткерлері зәуімен сәті түскенде осы бір киелі шаңыраққа бас сұқпай кетпейді.  Музей жанашырлары да аз емес. Осыған сәл тоқталып өтсеңіз.

— 1967 жылы музей экспозициясының ашылу салтанатына  Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Қонаев пен облыстың бірінші хатшысы Журиндер келген.  Әбіш Кекілбаев, Олжас Сүлейменов, Мәмбет Қойгелдиев, Юрий Лончаков, Мурад Аджи, Фариза Оңғарсынова, Ілия Жақанов, Алтыншаш Жағановалар сияқты қонақтар келіп, қолтаңбаларын қалдырды. Құдайберген мен Ахмет Жұбановтың ұрпақтары түгел келді деуге болады. Ал музейіміздің ісінің алға жылжуына себін тигізген, көмегін аямаған  жазушы марқұм Ғалым Ахмедов, тарих ғылымдарының докторы, профессор марқұм Әбу Тәкенов, сияқты  адамдар болды.  Музей ісіндегі кемшін тұстарды толтыруға, дамытуға өз үлестерін қосты.

Қазір музейге келген шетелдіктерді не қызықтырады?

— Бүгінде музейге елшілер, шетелдік азаматтар бас сұғып тұрады. Олар айналасы бір сағат ішінде Ақтөбе жайында жан-жақты мағлұмат алып шығады. Әсіресе, шетелдіктерді біздің мұнайымыз, қазба байлықтарымыз қатты қызықтырады. Менделеев кестесіндегі барлық элементтер бар ғой біздің жерімізде, соның бәрін білгісі келіп ынтығады, сұрақтары көбіне экономика төңірегінде болып келеді.

Араб елінен келгендер «Неге Құран кітабы аз?» деген сауал беріп жатады.

— 80 жылдық қалыптасу тарихы бар музейдің қазіргі жасап отырған негізгі жұмыстарын айтсаңыз.

— Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап экспозиция жасадық.  Онда Ақтөбедегі бизнес саласы, білім саласы, ұлттық мәдени орталықтар, дін мәселесі, Ақтөбе мұсылмандарының қажылық сапары, т.б. толық қамтылды. Меккеден музейге арнап әкелінген бұйымдар да қойылды.

Жылына  біздің музей  70 мың  қызмет көрсетеді, 730 экскурсия жасалады. Музей қызметкерлері  тархи-мәдени көпшілік 90 шара өткізеді, жастарға танымдық-тағылымдық мәні бар 200 лекция оқылады. «Музей және тарихи тұлға» деген жоба бойынша Әл Фарабиден бастап, Жалаңтөс баһадүр, Махмұд Қашқари, Абай. Шоқан, Ыбырайлар туралы дәрістердің жас ұрпаққа берері көп. «Тарих пен тағдыр» атты конференциялар ұйымдастырылады. Тізе берсек, көп қой. Бүгінде ғылыми-зерттеу  және үгіт-насихат орталығына айналған музейдің халыққа адал қызмет ете берері сөзсіз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button