Бекес СӘУІРБАЕВ

Жалғыз аққу
Жоғарыға қарап қалдым төменнен —
Жалғыз аққу ұшып өтті төбемнен
Қанатының қағысына қосылып,
Бара жатқан әуенді бір өлеңмен.
Барады ұшып бір қалыппен әндетіп,
Сырт бейнесі көз алдымды сәнді етіп,
Белгісіз тек қандайлығы әнінің,
Анығына тұрғаным жоқ мен жетіп.
Қандай екен көңілді ме, мұңды ма?..
Аз ба зиян табиғатта құндыға.
Бәрін екшеп елестетіп қараймын
Атқыштардың қолындағы ұңғыға.
Керуен боп ұшқандары күздегі,
Көктемдегі қайта оралған тізбегі,
Аспанды әнге бөлейтін сол ғанибет
Көріністі қазір жаным іздеді.
Қапелімде кемдігі жоқ байқалған,
Әнімен бір айтатынын айта алған,
Мынау жалғыз мұңлықтың жанынан
Көңілді ән шығар ма екен, әй, қайдам!..
Қарауылкелді
Аталған, Қарауылкелді, ел-мекенім,
Білдірем көңілімнің сенде екенін.
Темір жол бекеті едің кіп-кішкене
Көрсете алмас басқамен теңбе-теңін.
Болмасам да өзіңнің күш-қалқаның,
Жан жылуы дегенге құштар тәнім.
Балалардың бірі боп өзіңде өскен.
Қарауылкелді атыңа іш тартамын.
Өсіп едік өзіңнен білім алып,
Білімдіге жеткізер ғылым анық
Деп жүргенде, уақыт өткен екен
Кеудемізде сол күннің үні қалып.
Сен де өстің, есейдің қалыптасып,
Сенімді жолға түстің анық басып.
Адамыңды көремін келе жатқан
Көңілдері маңына жарық шашып.
Тұрақтап небір өткен аумалы күн,
Асырып мәртебесін аумағыңның,
Алыстан көрінесің, Қарауылкелдім,
Орталық боп Байғанин ауданының.
Әр уақыт ден қойып алмағыңа,
Уақыт қойған міндеттің салмағына
Қайтсем жауап берем деп, Жем-Сағыздың
Қарап тұрсың байыппен жан-жағына.
Абаттанып жылма-жыл жасарасың,
Мәңгілік бастауынан бас аласың.
Біз үшін Жейделі Байсын… Жем-Сағыздың
Атағын келешекке апарасың.
Демеймін құмалақ сап, бал ашамын,
Көрікті ойларыма жол ашамын.
Жанарынан жалынды ұрпағыңның
Көрініп тұр өзіңнің болашағың!
Немереме сөз
Айтайын, қалқам, мұның енді ретін,
Кісі емес ол біз үшін келді-кетім.
Байғаниннен шыққан ер Жазықовтай
Бұл — қаһарман Ешбаев ел білетін.
Тарихтан бар емес пе мағлұматың
Қан майданды есіңе алдыратын.
Сәрсенғали сияқты аталардың
Ерлік ісін үлгі етіп қалдыратын.
«Отанын сүю — парыз, мұны ұғынам», —
Деп, бәрін өсетін сол біліп ұлан
Сүйсінер ерлігіне Ешбаевтың
Келмеген Днепр, Дунай жұлығынан.
Күйретіп дүниенің күл ғып бәрін,
Жіберетін соғыстың сұмдықтарын.
Бастан кешіп, көрсеткен отан үшін
Отқа түссең, күймейтін шындық барын.
Майданның өмір-өлім нұсқа жолы
Қырандай Жем бойынан ұшқан оны
Алып барып салса да қырғынына,
Хас батырға өтпеген дұшпан оғы.
Келгенде ел шетіне қауіп төніп…
Ата-баба рухынан жарық көріп,
Жасаған ерліктері тізіліп тұр,
Батырдың кеудесінде «Даңқ» болып!
Шилі аша
Жанымсың таусылмайтын ән-ырғағы,
Қанымсың тынбай ағар тамырдағы.
Шилі Ашам, сен жоқ жерде болмас еді,
Көңілімнің шуағы мен шағырмағы.
Сол шуақ түседі де өлеңіме,
Айналар оқырманның қорегіне.
Ұнатса оқырманым көңілімен,
Бақыттың бұдан артық керегі не?
Өнердің болмасам да данасы ұлы,
Көңілдің көк кезеді қарашығы.
Шилі Ашам, ішкен асын жерге қояр
Біреуі сенсің жырдың жанашыры.
Өлеңмен достығыңды толық ұқтым,
Жағаңда шабытыммен жолығыппын.
Сондықтан жырлап өтем, бірақ сонау,
Өзіңдей болмасам да Шолоховтың!
Естірте білмесем де үнімді ондай,
Жүректен жарып шығар шыным сондай —
Шилі Ашам, кіп-кішкене түріңмен-ақ
Сен маған көрінесің Тынық Дондай!
Әлия
Кейде бір көңіл шіркін-дария екен,
Сол күйінде ойымды жария етем.
Деген бар ғой, адамдар сұрасқанша…
Қарағым, сенің де атын Әлия екен.
Әлия — бұл күндегі сүйікті есім,
Қалайша назарыма ілікпесін.
Қатарымда сен қазір отырғанмен
Көңілімнің көгінде — биіктесің.
Жан екенсің ақ жүзі толған Айдай
Айнам көзің ұшқыны ол да, қандай?
«Әйелдің келгені оң көрікті боп»
Деген бір ішкі ойымды қолдағандай.
Өзің жайлы ойларым өріліп бір,
Десе «тағы не айтпақсың, жөнін ұқтыр».
Жасаған жүріс-тұрыс, ізетіңнен
Көргендігің тәрбие көрініп тұр.
Жақсы әуен боп ішке еніп, қуалап бой,
Әлияш, сен сыйлаған тиянақты ой:
Жақсылығын жақсының айтпау деген –
Жақсылыққа жасалған қиянат қой!..
Сонеттер
Көз алдымда кең дүние нұрға бай,
Төрт құбылам бабына кеп тұрғаны-ай.
Аспан-күмбез әнші құсын жиып ап,
Бір өзгеше жыр думанын құрғаны-ай!
Төбемдегі көгім биік, жерім кең —
Түкті кілем түрлі жіптен терілген.
Көк жусанды қырдан келген самалын,
Жұтып, кеудем күмбір қағып керілген.
Көңіліме көрік берген өсіріп,
Көктем күнін алайыншы көшіріп,
Қысты бірақ кете алмаймын жек көріп.
Бiле тұра оның да бiр керегін
Көп алдында қалай баға беремін
Жаман жағын көрумен тек шектеліп…
* * *
Кейбір күнім көрінсе де тұнжырап
Өлең сөзім тұрмасыншы бұлдырап,
Жанға жақын жазғандарым бүгінгі
Болса деймін кешегіден құндырақ.
Сезiмдiлер нәзік жырдан болмай құр,
Демесін деп, құмарымыз қанбай жүр,
Тыным көрмей жыр мұхитын кеземін
Алтын iздеп, құм елеген жандай бiр.
Шарасыздық шегіменен шектелмей
Шаршап, әзер мақсатына жеткендей
Болғанда да ойларыма өң кiрiп.
Сөзге айналып кеудемдегi аялы үн,
Кеткендеймiн жерге тимей аяғым,
Жұлдыздарды иығыма қондырып.
* * *
Даламызға жетті, міне, қыс келіп,
Аязы бар тұрып алар тістеніп.
Жел басылып, күн жылтырап тұрса да
Жатпақ емес шұғыл шаруа, іс келіп.
Көз жетер жер ақ жамылғы бүркеніп,
Ой да, қыр да бәрі соған тіркеліп,
Аспан ғана не ойлағаны белгісіз
Ала-құла бұлттарына тұр төніп.
Жыл ішінде кездессе де түрлі кез,
Шаруаның табиғатпен сыр мінез
Санаулы да уақыты көз ілер.
Қарап тұрсам мал қайырған суаттан,
Дауысы да естілетін жырақтан
Әйтеуір бір жанға жақын сезілер…
* * *
Айтары жоқ… керімсің, сұлу қөктем
Әкелген жанға жайлы жылу көктен.
Қызығына қарық қып, гүл жайнатып
Кеңістігін даламның күлімдеткен.
Белгілі сені кәрі, жас тосары
Келуіңмен тоң жібіп, тас босары.
Әйтеуір өмірдегі бар жақсылық
Кең даламның төрінде бас қосады.
Сымбатыңа қаншама тамсанайын,
Тамызайын тілімнің қанша майын
Оңай емес сөз табу саған лайық.
Көрмесінің көлемін кеңейтіп қыр,
Жаңалыққа жаңғырған кенелтіп бір,
Бөлейді нұр сезімге таңғажайып!
Рубаяттар
Шеше алмай шиеленген жерiн жіптің,
Байлаған өзiңсiң ғой дерiн күттім.
Таңғалам, япырау деп, мұным қалай,
Айналып кеп өзімді ренжіттiм.
* * *
Өмірді теңіз деймін толқып жатар
Жандыға, жансызға да ол тiл қатар,
Сөйлейді екеуіне бірдей қарап,
Жайым жоқ қой аспанға бөркiмдi атар.
* * *
Байқамасаң көпшілік ішінен де,
Тиiп кетер таяқтың ұшы кейде.
Мұндайда келер бір үн деп тұрғандай
Болсаң да кешірімшіл, кiшiрейме.
* * *
Адам және пенде деген — бір ұғым,
Жақсы болсам, мен — адамның ұлымын,
Неге айтпайды ұлы ғой деп пенденің?
Олай болса, мен пенденің құлымын.
* * *
Жаныңнан бұрынғы орным табылмай кеп,
Ей, жастық, тіл тигіздім тәңірге әй… деп.
Қаншама өзің жаққа қарағанмен,
Арамызда.. мәңгілік қабырға — әйнек.
* * *
Адамға тән армандап, басыңа бақыт іздейсің,
Ең қайғылы күніңді, ұмытылмас бұл, дейсің.
Ал, неліктен өмірде басыңнан сол өткерген
Ең бақытты күніңді анық қайта білмейсің?..
* * *
Тағдырынан талқы көріп былай да,
Жүргеніңде үміті өшсе шыдай ма,
Бұл да өмір заңдылығы-күйiнiп
Ашынған жан тiл тигiзсе құдайға.
* * *
Кел демек бар, кет демек жоқ… бұл сөзге,
Қарасаңыз еш нәрсе де жетпейді.
Өмір бірақ мінезімен кілт өзге,
Қонағына болдың, енді кет — дейді.
* * *
Топырағынан жаралып бар адамы,
Белгілі дүниеге тарағаны.
Бірақ демің бітерде көрінеді,
Жердің берген қолының алағаны.
Байғанин ауданы.




