Құқық

Абайла, пойыз келеді!

Темір жол бойында болатын түрлі қайғылы жағдайларға жол бермеу көліктегі прокуратура, басқа да құқық қорғау, өкілетті органдар үшін маңызды жұмыс болып табылады. Өкінішке орай, жүргізіліп отырған профилактикалық шараларға, қадағалауға қарамастан, темір жол бойындағы ауыр оқиғалар, оның ішінде адам өлімі жыл сайын артып отыр.

Мұндай ауыр жағдайларға жол бермеу үшін прокуратура тарапынан қадағалау өкілеттігінің барлық мүмкіндігі пайдаланылуда. Еңбек ұжымдарында, оқу орындарында кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаймыз. Көліктік бақылау және көліктегі ішкі істер органдарымен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның құрылымдық бөлімшелерімен байланыс күшейтілді.

Өкінішке орай, темір жол бойындағы бақытсыздық жағдайы кемитін емес. Биылғы жылы болған оқиғаларға талдау жасау нәтижесінде жарақат алу, адам өлімі көп тіркелгені белгілі болды. Әсіресе, темір жолды мас күйінде кесіп өту кезінде пойыздың астына түсу жағдайы орын алуда. Сондай-ақ жолаушылар арасында жүріп келе жатқан пойызда вагоннан вагонға өту, перрондар мен вокзалдарда абайсыз жүгіру, пойызға секіріп мініп, секіріп түсу секілді өмірге қауіпті жағдайлар ескерілмейді.

Мәселен, биылғы жылы тіркелген 27 оқиғаның 12-сінде темір жол локомотиві адам қаққан. Қайғылы жағдайға душар болған адамдардың бірқатары абайсыздықтан, ал көпшілігі мас күйінде пойыздың астына түсіп қалған. Темір жолды кесіп өткен адамдарға темір жолдағы желілілік көлік бөлімі, көліктік бақылау инспекциясы қаншама әкімшіліктік жауапкершілікке тартса да, бұл шара нәтижесін бермеуде. Өткен жылы осындай әрекеттері үшін 388 адам әкімшіліктік жауапкершілікке тартылған. Алайда өкілетті органдар мен темір жол кәсіпорындары тарапынан жүргізіліп отырған профилактикалық шаралар жеткілікті деңгейде емес. Айталық, облыстық көліктік бақылау инспекциясы 2007 жылы ешқандай бақылау жұмыстарын жүргізбеген. Өткен жылы ұйымдастырған бірқатар шаралардың нәтижесі болмады. Тіпті, бақытсыздық жағдайының себебін анықтамаған, талдау жасамаған. Биыл да көңіл көншітетіндей жұмыстар жүргізілмей отыр. Жарақат алу жиі кездесетін қауіпті учаскелерді анықтамаған.

Темір жол бойындағы бақытсыздық жағдайларының себептері көп. Темір жол бойларында адам өтетін өткелдер жоқ. Адам көп өтетін тұстарға арнаулы белгілер қойылмаған. Сонымен қатар, түсіндіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмейді. Міне, осындай факторлар адамдардың жолдан бей-берекет өтіп, бақытсыздыққа тап болуына апарып соқтырады. Бұған қоса азаматтардың темір жолдағы өте қауіпті аумақтарында жүру ережелерін сақтамайтыны да үлкен себеп болып табылады. Кейбір адамдар өзінің жеке басының қауіпсіздігін ойламай, асығыстық жасап, жолды кесіп өтуге тырысады. Ал ереже бойынша адамдар тек көпірлер, тоннелдер, өткелдер арқылы өте алады. Бұ жерде жолға жақын орналасқан үйлердің тұрғындары рұқсаттың жоқтығына қарамастан, қолдан жасалған өткел төсеніштерін тастайтынын да айта кету керек.

Мамыр айында жолдан өтіп кетеміз деп ойлаған 14 жастағы екі жасөспірімді Алға және Тамды стансаларының арасында жүк пойызы қағып кетті. Бірі сол жерде қаза болса, екіншісі ауыр жарақат алды. Ал Жіңішке-Ақтөбе темір жолы бойында моторлы велосипедпен өтпек болған азамат та жүк пойызына соғылып, ауыр жарақаттан көз жұмды.

Стансалар аумақтарын бақылайтын әскерилендірілген күзет отрядтары да ойдағыдай жұмыс жүргізе алмай отыр. «Әскерилендірілген күзет» АҚ филиалы басшылығы стансаларда күзет бекеттерінің бар екендігін айтады. Бірақ, соған қарамастан, темір жол бойындағы қайғылы жағдайлар азаймай отыр.

Стансаларда жолаушылар пойызының жолсеріктерімен қауіпсіздік ережелері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілмейді.

Міне, осындай кемшіліктердің ақыры орны толмас өкініштерге әкелуде.

Ж.ҚОЖЫҚОВ,

Ақтөбе көлік прокурорының көмекшісі.

Облыстық сот: «Есігіміз ашық»

Облыстық соттың төрағасы Бектас Бекназаров әрбір айдың соңғы бейсенбісін «Ашық есік» күні деп жариялап, БАҚ өкілдері үшін баспасөз мәслихатын өткізуді дәстүрге айналдырды. Сот төрағасының айтуынша, бұл күні БАҚ өкілдерінен басқа да азаматтар келіп қатысып, тыңдай алады.

Өткен бейсенбіде Бектас Бекназаров кезекті баспасөз конференциясын өткізді. Алдымен қарашаның 18-де Астана қаласында өткен Қазақстан Республикасы судьяларының V съезінің жұмысына тоқталды. Съезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесіндегі алты проблеманы баса айтқан-ды. Олар: сот органдарына ары таза емес адамдардың кіріп кетуі; кәсіби шеберліктің жетіспеуі; әділ сот жүргізудің сапасы; сот өндірісіндегі заң процестерінің жеткіліксіз аяқталуы; сот шешімдерінің орындалу деңгейі мен сапасы; заңнамалардың жағдайы.

Сот төрағасы осы проблемалар бойынша облыстық сотқа қатыстыларына тоқталып өтті. Және Президент аса назар аударған, ең алдымен, халықтың сенімін көтеру үшін жұмысты одан әрі жалғастыра беретінін айтты. Әрине, сот беделі және азаматтардың оларға деген сенімі барлық жерде бірдей емес. Бірақ ақтөбеліктердің сенімі жоғары екен.

Съезде сот жүйесін дамыту жөнінде көптеген мәселелер көтерілген. Адам құқығы мен еркін қорғауға, қоғамды әлеуметтік шиеленістерден сақтауға ықпал ете алатын тұрақтандырушы факторлар анықталған. Сот жүйесін одан әрі дамытудың негізгі бағыттары 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат Тұжырымдамасында баяндалғаны белгілі. Бұл форумға қатысушылар судья этикасының жаңартылған Кодексінің жобасын талқылап, судьялар Одағы қызметінің Жарғысына бірқатар өзгертулер енгізген.

Қазақстан ТМД және Азия елдері арасында бірінші болып Астана және Алматы қалаларында кәмелетке толмағандар үшін арнаулы сот органдарын ашты. Алдағы уақытта мамандандырылған салық және қылмыстық соттар енгізілетін болады. Ал бүгінгі күні облыстық соттарда электронды бақылау өндірісі орнатылды. Яғни Процеске қатысушы сотқа келмей-ақ интернет арқылы өз құжаттарының қандай деңгейде екенін біле алады. Сот процестері кезінде процесті көрсететін бейнебақылау орнатылғалы бізде судьяларға қатысты арыз-шағым бірен-саран ғана түскен.

Тұтастай алғанда, Ақтөбе облысында сот жұмысын, оның сапасын арттыруда көп ілгерілеу бар. Биылғы жылдың 10 айында 19 мыңдай азаматтық іс, 20 қылмыстық іс, оның ішінде Алқа билердің қатысуымен 4 іс қаралды. Азаматтық істердің басым көпшілігі Ақтөбе қаласы сотының үлесінде. Мұнда барлығы 11 043 іс қаралған, бұл облыс бойынша қаралған азаматтық істердің 58,2 пайызы. Қалалық соттан кейін Хромтау, Мұғалжар, Алға аудандық соттарының еншісіне көп күш түскен.

Облыс бойынша қаралған қылмыстық істердің 2354-і аяқталған, оның ішінде 1210 іс бойынша үкім шығарылған. 1423 адам бас бостандығынан айырылған. Әкімшіліктік істер бойынша облыстың соттары барлығы 10820 іс қарады.

Журналистер облыстық сот төрағасына жұртты елең еткізген оқиғалар төңірегінде сұрақтар қойған еді. Бұл істердің қалай аяқталғаны туралы мәліметтер жария етілді.

ххх

Өзбекстан шекарашыларына ұсталып, қамауда болған жерлестеріміздің оқиғасы облыстың ғана емес, мемлекетіміздің жоғары шенді басшыларының да басын қатырған еді. Жақында № 2 Ақтөбе қалалық сотының үкімімен осы қылмыстық істі ұйымдастырған екі азамат 7 және 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Ал 8 жүргізушіге 2 жылдан шартты жаза белгіленді. Сот процесінде ұйымдастырушы екі азаматтың Өзбекстанның «Узтрансгаз» АҚ иелігіндегі ірі көлемдегі тұрбаларды контробандалық жолмен алып өтпек болғаны анықталды.

ххх

«Күзет» қызметкері Жандос Сәтбаевтың өлімі бойынша да қылмыстық іс облыстық соттың бірінші деңгейінде қаралды. Жандос бейтаныс адамдарды Қарғалы селосына машинамен апарып тастамақ болған. Жолақы төлемеген жолаушылар мен Жандос арасындағы кикілжіңнің соңы адам өлімімен аяқталады. Қылмыскерлер Ж.Сәтбаевтың денесіне 41 рет пышақ тығып, далаға лақтырып кетеді. Қаныпезерлер мұнымен қоймай, тағылықпен бауыздап кетеді.

Жас жігіт көп қан жоғалтып, қайтыс болады. Екі айдан кейін қала маңынан тағы бір адамның өлі денесі табылады. Мұнда да қылмыс түрі дәл әлгіндей: пышақтап өлтіріп, тамақтағы қан тамырын кескен. Ақыры ұсталған екі қылмыскердің біріне 23 жыл бас бостандығынан айыру, екіншісіне 1 жыл мерзімге жаза кесілді.

ххх

Хромтау қаласында да жан түршігерлік оқиға болды. Тепсе темір үзетін екі жас жігіт кешкілік өздері тұратын көп қабатты үйдің ауласында мас күйінде сыра ішіп отырады. Мұны көрген учаскелік полиция инспекторы К.Оразалин қоғамдық орында спіртті ішімдік ішуге болмайтынын айтып, ескерту жасайды. Ескертуге көнбеген қылмыскердің бірінің қолында пышақ болады. Тірек бекетіне жүруді талап еткен полиция майорына екеудің бірі қол жұмсап, сабап тастайды да, машинамен қашып кетеді. Тірек бекетіне барған Оразалин учаскелік полиция инспекторын көмекке шақырады. Өзі машинаға отырып, қылмыскерлерді қуып жетеді. Осы жерде қылмыскер полиция қызметкерін көкірегінен бірнеше жерден пышақтайды. Ал екіншісі көмекке ұмтылған учаскелік инспектор Қайрашевті жібермей, бөгет жасайды. Ауыр жарақаттан К.Оразалин қайтыс болады.

Қылмыскерлердің бірі 18 жылға, екіншісі 3 жылға сотталды.

Тек жүрсең —  тоқ жүресің

Прокуратура — өзінің қызметі мен міндеті жағынан ел өмірінің бар саласындағы мәселелерге қатысты бірден-бір қадағалаушы орган. Бұған қоса мемлекет мүддесін қорғайтын, барлық қазақстандықтардың ұлттық қауіпсіздігін, ішкі тұрақтылығын сақтайтын, сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысқа тосқауыл болатын орган.

Қоғам дамуының күнгейімен қатар, көлеңкелі тұстары да қоса жүреді. Алға басқан қадамды кейін тартып, дамуымызға тежеу болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту — әрқайсымыздың азаматтық борышымыз.

Сыбайлас жемқорлық мемлекетке іштен қауіп төндіретін қылмыстың бірі болып табылады. Мұндай қылмыстың елімізде тамыр жаюы тәуелсіздік тұғырына енді табан тіреген жас мемлекетіміздің дамуына кері әсерін тигізеді.

Өкінішке орай, кейбір лауазымды тұлғалардың сыбайластыққа жол беру деректері біздің шағын ауданымызда да көрініс табуда. Мысалы, 2009 жылдың ақпан айында Ойыл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері А.Жабағиев басқа адамдар және ұйымдар үшін пайда табу, артықшылықтар беру және басқа ұйымдарға зиян келтіру мақсатында өзінің қызметтік өкілеттігін қызмет мүдделеріне кереғар пайдаланған. Аудандық  аурухананың ГАЗ-66-11 маркалы көлігінің есептен толық шықпағандығын біле тұра, пайдалануға жарамды  топтар бойынша кіріске алмай, пайдалануға жарақсыз бөлшектерін қара металл қабылдайтын мекемеге өткізбей, азамат А.Хасановқа 300 мың теңгеге сатып жіберген. Одан түскен 300 мың теңгені мекеме есебіне кірістірмей, өзіне пайда еткен.

Сөйтіп А.Жабағиев ҚР ҚК-нің 307-бабының 2-бөлімімен айыпталды. Қазіргі кезде ол басшылық қызметтен аластатылды. Ойыл аудандық сотының үкімімен А.Жабағиевтің кінәсі толығымен дәлелденіп, ҚР ҚК-нің 307-бабының 1-бөлімімен кінәлі деп танылып, заңға сәйкес әділ жазасын алды.

Әрине, біздің күнделікті тұрмысымызға, қоғамдық дамуға сыналап кіріп, желімдей жабысып алған сыбайлас жемқорлықпен күрестің бір түрі — мемлекеттік қызметшілерге арналған Ар-намыс кодексін тәрбиелік құралға айналдыра білу. Ар-намыс кодексін мемлекеттік қызметтегі әрбір адамның өз ісіне адалдығын, жан-жағындағы адамдарға ізеттілігін, қоғамдағы ізгілікті қалыптастырудағы басты құжат деп ұғынуымыз керек. Оның жалпы заңнамалардан тәрбиелік, өнегелік тұрғыдағы ерекшелігін әрбір жас маманның ой-санасына жеткізе білу қажет.

Әлеуметтік-экономикалық дамудың жоғары деңгейіне жету, дамыған елдердің қатарынан көріну үшін сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу — парызымыз.

С.ОРАЗАЛИН,

Ойыл ауданы прокурорының көмекшісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button