Мәдениет

Яго, Ленин, Григорий…

Мағзұм Бақытжанов сомдаған образдар көрермендердің айызын қандырады

Ардақ Қонақбаева,

«Ақтөбе»

Осыдан 15 жыл бұрын Ақтөбедегі  ашылғанына не бары екі-ақ жыл болған жас қазақ драма театрына бас режиссер болып Мағзұм Сәпиұлы Бақытжанов келді. Бүгінде жұрт оны бір көргенде жазбай таниды, білмейтіндер жоқтың қасы. Т.Ахтанов атындағы драма театрдың жұмысын былай қойғанда, Ақтөбеде республикалық, облыстық, қалалық деңгейде өтіп жатқан шаралардың басы-қасында жүреді.  «Келбеті келгеннен кеңес сұра» демекші, табиғат оны  кескін-келбеттен де, келісті өнерден де құралақан қалдырмаған. Бір көрген кісі оның көптің бірі емесін, ерекше жаралған жан екенін аңғара қояды. Ал оның қырандай саңқылдаған жағымды үнін естігендер ешқашан ұмыта алмайды. Тамыз айында өнердің өз адамы Мағзұм Бақытжанов ағамыз алпысқа толды.  Мерейлі жасқа айта қаларлықтай абыроймен жеткен Мағзұм туралы жақ ашпай қалуды күнә санадық.

«МАҒЗҰМНЫҢ ЯГОСЫ»

Орынбор облысы Ақбұлақ ауданында туып-өскен Мағзұм сегізінші сыныптан соң,   Ақтөбедегі педагогикалық училищеге оқуға қабылданады. Сонда оқып жүргенде ел арасындағы таланттарды іздеп жүрген  Маман Байсеркеновтің көзіне түседі. Сөйтіп мұғалім болам деп жүрген Мағзұм өнер жолына бет бұрады. Училищеден соң Алматыдағы М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы екі жылдық студияға оқуға түседі. Сол жерде қазақ театр өнері тарландарынан тәлім-тәрбие алып, актерлік қадамын Жамбыл облыстық  драма театрында бастайды. Бойынан  актерге қажет деген қасиеттің бәрі табылатын Мағзұм елгезек, ізденімпаз болатын. Жамбыл театрында еңбек еткен 25  жылда 50-ге тарта роль сомдаған. Олардың ішінде М.Әуезовтің  «Айман-Шолпанында» Жарасты, Шахмет Құсайыновтың «Ардар Көсесінде» Алдар Көсені, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуындағы» Жантықты келістіріп ойнағаны  жамбылдықтардың есінде. Әрине, актердің ойнаған рольдері санымен емес, сапасымен қымбат. Ел аузында қалған рольдерінің бірі — Шекспирдің «Отеллосындағы» Яго бейнесі. Режиссер Тұрар Дүйсебаев қойған осы спектакльдегі Мағзұмның Ягосы қазақ өнерінің майталмандары Асқар Тоқпановтың, Нұрмұхан Жантөриннің көңілінен шыққан. Театр сыншысы Әшірбек Сығай «Лениншіл жас» газетіне «Мағзұмның Ягосы» деген мақала жазып, «Бізде де Шекспирге өресі жететін жігіттер бар екен» деп, Мағзұмның ойынына жоғары баға береді. Мағзұм бұл рольге үлкен дайындықпен келгенін үнемі айтып жүреді:

«Шекспирдің кейіпкерлерін ойнасам деген ой кез келген актердің ойында бар, бірақ ол үлкен жауапкершілікті, актерлік шеберлікті талап етеді. Ягоны ойнау арқылы мен шеберлігімді шыңдадым, көп іздендім. Шекспир пьесасында  ойнаған актерлердің ішінде шоқтығы биік қазақ актері кім десе, «Асауға-тұсаудағы» Петруччионы сәтті сомдаған Шәкен Аймановты  айтамыз. Оның актерлік құдіретін тек өзіміз ғана емес,  жалпы шекспиртанушылар мойындаған. Ал Ягоның образын жоғары деңгейде шығарған грузин актері — Васадзе. Оның артықшылығы сонда —  Ягоны пьесаның бас кейіпкері Отеллодан  кем түспейтіндей етіп шығарған. Мұның бәрі өзің ойнайтын рольді егжей-тегжейлі зерттеуден, ізденуден туады. Қазақта Ягоны ойнаған алғашқы актерлердің бірі — Қамал Қармысов. Менің Ягом өзгеше болды деп ойлаймын. Отелло ролінде халық артисі Ыдырыс Ноғайбаев ойнады. Серіктестің мықтылығы да намысыңды қайрайды. Бар жан-тәніммен кірісетінім соншалық — сахнада өзімді-өзім ұмытып кетуші едім.  Менің Ягом да өзін Отеллодан бір де кем сезінбейді, өркөкірек. Шекспир пьесасында Отелло сияқты Яго бейнесі терең ашылмаған, оның бейнесін толыққанды шығару үшін актердің де фантазиясы керек. Менің актерлік бағымды ашқан ең сүйікті рольдерімнің бірі деп айтар едім».

«АРМАНЫМ ШЕКПИРДІҢ КОРЛЬ ЛИРІН СОМДАУ ЕДІ»

«Уильям Шекспирдің:«Театр – сымбатты өнер. Сондай өнері бар ел бақытты» деген сөзі бар.  Шынында, театр өнері деген бір таңғажайып өнер ғой. Алланың мені осы өнерге жақын жаратқанына тәубе деймін. Актерге бір ролім сәтті шықты екен деп соны місе тұтуға болмайды, онда өзіңді жоғалтасың. Жамбылда  жүргеннен менің ойымда король Лирді ойнасам деген арман бар еді. Әр нәрсенің сәті бар, Тахауи театрында  биыл осы спектакльді жамбылдық режиссер Қуандық Қасымов сахнаға шығарды. Лир ролі жаныма қанша жақын болғанымен, мен   үшін онша оңайға түспеді.

Баяғыдай бір оқығанда жаттап алып, есте сақтау  жоқ. Өзі оңай-оспақ образ  емес. Сөзі көп. Сахнада көптен бері роль ойнамағаным өзіме қатты сезілді», — дейді Мағзұм.

Расында да, Ахтанов театрында Жамбыл театры сахнасында үзеңгілес болған  кәсіби деңгейі жоғары, өзімен терезесі тең , кәнігі    сахна шеберлері болмағандықтан, Мағзұм актер ретінде сахнаға шықпағалы көп болды. Халық оның даусын облыстың, қаланың ағымдағы шараларында ғана естиді. Актерлік өнер де спорт тәрізді, үнемі дайындықты, жаттығуды қажет етеді.

«ПРОЛЕТАРИАТТЫҢ КӨСЕМІ ДЕ БОЛҒАНБЫЗ»

Шерхан Мұртазаның «Революция сарбаздары» деген пьесасында Тұрар Рысқұловтың Ленинмен кездесетін  жері бар. Актердің бет-әлпетінің Ленинге ұқсастығы оның осы рольді ойнауына себеп болды.  «Үйімізде, төрімізде портретте тұрған кім? Ол — Ленин бабамыз, Ол — Ленин данамыз» деп жырлап өскен кісіге Ленин ролін сомдау бір қарағанда оңай болғанымен, оған қойылатын талап қатаң болатын:

«Ұлы көсем туралы жатқа білетін жұртты күмәнсіз иландыратындай етіп шығару үшін жанымызды салдық. Оның үстіне моральдық тұрғыда мінсіз болуың шарт, ал өмірде олай болу мүмкін бе өзі, тап сол мәселені облыстық партия комитетінің өзі қадағалайды. Біздің кезімізде бір рольді ойнау үшін күні-түні іздену, оқу, ол рольді ойнаған басқалардың ойынын көру сияқты мәселелерге қатты мән берілетін. Ал ол ролің Ленин бейнесі болса, оған бел шешіп кіріспеске амал жоқ. Сондай дайындықпен шыққан образ халық көкейінде қалады екен. «Ленинді тірілтіп жібердің ғой» деп жатқандар болды», — деп  еске алады Мағзұм Сәпиұлы.

Мағзұм Бақытжановтың  сомдаған рольдердің ішінде М.Шолоховтың «Тынық Доны» бойынша қойылған осы аттас спектакльдегі Григорий ролі де оң жамбасына келген образ болды. 2004 жылы жазушының мерейтойына орай шығарылған «М.Шолоховтың 100 жылдығына» медалімен марапатталды.

«АХТАНОВ ПЬЕСАЛАРЫ»

Актер ретінде кемеліне келген шағында Мағзұм режиссураға да қызығушылық  танытты. Ол Мәскеудегі үш жылдық жоғары режиссерлік курста оқып, білімін жетілдірді. Н.М.Новохижиннің шеберханасынан дәріс алды.

Мағзұмның  Жамбыл театрында  режиссер ретіндегі  тырнақалдысы  — Шерхан Мұртазаның «Жалғызүйлік зілзала» («Жетім бұрыш») пьесасы.  Көрермен өте жақсы қабылдады.

Мағзұм Жамбыл театрында «Кімсің — Мағзұм» болып жүре бергенде, бүгінде талай атақ-даңққа жетер ме еді, кім білсін?!  «Ақтөбеде театр ашылыпты» дегеннен ел жаққа елеңдеумен болды.

1994 жылы Ақтөбедегі драма театрға бас режиссер болып қызметке келді. Содан бері 15 жылдың жүзі болыпты. Мағзұм Бақытжанов келгеннен кейін театрға Ахтановтың аты берілді. Қазақтың халық жазушысы, жерлесіміз Тахауи Ахтановтың пьесаларының бәрін сахнаға шығаруды мақсат еткен Мағзұм  оның «Күшік күйеу», «Ант»,  «Күтпеген кездесу», «Арыстанның сыбағасы» сияқты соқталы дүниелерін көрермен назарына ұсынды. Әсіресе, «Ант» сынды күрделі психологиялық  драмасының қойылымы есімізде. Ақтөбе зиялылары, тарихшылары, сондай-ақ театр сыншылары оған жоғары баға берді. Сол спектакльде Барақ сұлтанды сомдаған Мағзұм  шыға келгенде, сахнаға жан біткендей  болатын. Нағыз актердің шағын роль арқылы да өзінің мол  мүмкіндігін көрсете алатынын сонда ұғынғанбыз.

Ақтөбеде өтіп жататын театр фестивальдеріне қазылар алқасы төрағалығына шақырылған Ахмеджан Қадыров, Әшірбек Сығай сынды театр сыншылары «Мағзұмның шебер актер ретінде халыққа берері көп еді» дегенге саятын пікірлерін айтудан жалықпайды.

Мағзұм қазақ драма театрында театр мектебінен өткені бар, өтпегені бар, тәжірибесі аздау, мүлде басқа саладан келген, бірақ өнерге іңкәр қазақ жастарының басын қосып, оларға бағыт-бағдар берді, білгенін аямады. Мұхтар Арынның кезінде ашылған пединститут жанындағы театр  студиясының түлектері Майгүл, Орал, Ерлік, Қазихан, Резида, Гүлшат, Данила, Тойғанымдар Мағзұм қойған спектакльдерге қатысты. Мағзұмнан олар көп нәрсе үйренді, сахнада шыңдалды.

Мағзұм Бақытжанов сахналаған Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегі», «Әйелдер әлемі», Елен Әлімжановтың «Тақталасы», Иран-Ғайыптың «Махамбеті», т.б. қойылымдар өсу үстіндегі Тахауи театры үшін төккен тердің бір көрінісі.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ»дегендей,  Мағзұм сынды шебер актердің ортамызда жүргеніне аса мән бермейміз. Оның асқаралы алпысын елемегендей болдық, керісінше, дүрілдетіп өткізуіміз керек еді. Осындай азаматтың   театр ұжымына бас болып, алға жетелеп жүргенінің өзі бір олжа емес пе?!

«ЖІГІТКЕ ЖЕТПІС ӨНЕР ДЕ АЗ»

«Талантты адам қай жағынан талантты» дегендей, Мағзұм Сәпиұлы актер болмағанда, бәлкім, әнші болып кетер ме еді?!  Зайыбы Шалқия Ауғанбайқызы екеуі қосылып ән шырқағанда тыңдай бергің келеді.

Мағзұм балық аулағанды жақсы көреді, балықшының әңгімесін майын тамызып айта біледі. Ал балықтан түрлі тағам дайындағанда, аспазбын деген кісілердің өзін шаң қаптырып кетеді.

Мінезі жұмсақ, артық-ауыз сөзге жоқ Мағзұм да пенде, оның басынан да жақсылы-жаманды талай нәрсе өтіп жатыр. Бірақ оның не бір ауыз сөз айтып шағынғанын, не әлденеден түңілгенін көрген емеспіз. Шалқия екеуі 5 бала тәрбиелеп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Бұл, әрине, айтар ауызға оңай, Балаларының кенжесі Ажарлым ата-анасының жолын қуып, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында оқып жатыр. Ағамыз сұмдық балажан. Немерелері ата-әжесінің айналасынан үйіріліп шықпайды.

Мағзұм мен Шалқияның құда-құдағиларымен арасындағы сыйластықтың өзі өзгеге өнеге боларлық. Қашан көрсең, құдды бірге туған бауырлардай шұрқырасып жатқаны. «Жақсы болсаң, қасыңнан кім кетеді?» деген осы.

Иә, Мағзұм Бақытжанов алпыс деген мерейлі жасқа абыроймен жетті. Үлкенге де, кішіге де ізетті, ішкі мәдениеті жоғары, театр өнері жүгін қайыспас қара нардай өрге сүйреп келе жатқан Мағзұмның орны бір төбе екені баршаға аян.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button