Тарих

Ақырып теңдік сұраған

Қазан жүрек — Қайдауыл Едігеұлының туғанына 250 жыл

 Биылғы жыл — Қазақстан үшін ерекше жыл. Еліміз тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын зор шабытпен, көтеріңкі көңіл-күймен атап өтуге дайындық үстінде. Республика тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесіне қатысты шаралар 2016 жылдың бас кезінде-ақ қарқын алған болатын. Егер Қазақстан жалпақ әлемге өз тәуелсіздігін жария еткен 1991 жылдың 16 желтоқсанынан бері қарай есептесек, әрбір жылымыз есте қалар тарихи оқиғалармен өріліп отырған екен. Басқасын былай қойғанда, тек өткен жылдың өзінде Қазақ хандығының 550 жылдығын, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақстан Конституциясының 20 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын атап өтіппіз. Бұл — тәуелсіз елге тән тірліктерді алға жылжытумен келе жатқанымыздың айқын көрінісі.

Ширек ғасыр тарихи өлшеммен алғанда көп уақыт емес. Тіпті қас қағым сәт десе де болады. Ал бірақ қамшының сабындай дегенге келетін осындай қысқа мерзім ішінде республиканың қол жеткізген табыстары ұшан-теңіз. Оны саусақ бүгіп санай бастасаң, жасампаз халқымыздың кісі сүйсінерлік істерінің санынан жаңылғандай боласың. Сөйтесің де ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін елімізде тындырылған істерге, тамаша жетістіктерге, өзімізді былай қойғанда, алыс-жақын көрші елдердің тамсана таңдай қағып, бір жағынан, қызыға, екінші жағынан, бәлкім, қызғанышы да бар шығар, бас шайқағандарын көріп, тәубә-тәубә дейсің.

Иә, еліміз дербестікке ие болған жиырма бес жыл бедерінде жас мемлекет жетіге келгенше жерден таяқ жейтін бала сияқты талай қиындықты бастан кешті. Мәселен, егемендік алған алғашқы жылдары зарыға күткен жас сәбидің дүниеге келгеніне жүрегі жарыла қуанғандай күйде болсақ, онан кейінгі жылдары баланың былдырлап тілі шыға бастағанына тәубе келтіргендей едік, енді бір сәтте ай санап, жыл санап емес, ертегілердегідей сағат санап ержеткен шағында тындырған таңғажайып істерімен әлемді таңдандырған берекелі елді көріп отырмыз.

Қысқасы, елдің тізгіні қолға тигеннен кейін біткен жұмыс, сүйсініп те, сүйініп те еске алар тірлік баршылық. Бұл ретте Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіздік жылдарында республикамызда жүз жылға татырлық істердің атқарылғанын атап өтуі тегін емес.

Біз тәуелсіз еліміздің бүгінгі биігінде тұрып осы күнді армандаған бабаларымыздың биік мұраттары алдында, жан алысып, жан беріскен алмағайып замандарда азаттық үшін күрескен аталарымыздың әз аманаты алдында, ел бостандығы жолында құрбан болған есіл ерлеріміздің мәңгі өшпес рухы алдында басымызды иіп, тағзым етеміз.

Қазақтар өзінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолында патша отаршылдары мен кеңестік жүйенің озбырлығына қарсы 200-ден астам ұлт-азаттық көтерілістеріне шыққан екен. Соның ең соңғысы — тоталитарлық жүйенің темір құрсауын талқандауға арналған қазақ жастарының Желтоқсан қозғалысы биыл өзінің 30 жылдығын атап өткелі отыр. Тәуелсіздік жолындағы мұндай ұмтылыстардың бәрі ел тарихының ең қастерлі парақтары ретінде әрқашан жадымызда сақталатын болады.

Ертеден келе жатқан іргелі мемлекеттің төрт құбыласы сай болу үшін төрт діңгегі болу қажет. Мемлекет жүрегін соқтырушы, тұтқасын ұстаушы — ханы, жер судың мызғымас сақшысы — қаһарманы, қара қылды қақ жарған, әділет туын желбіреткен алтын таразысы – билері, ұлтын ақылымен арқандап ұстайтын, алыстан болжайтын, парасаттылыққа баулитын тәрбиеші, аузының дуасы бар, көріпкел, білікті сәуегей абызы болу керек.

Мұсылманшылықтың қаймағы бұзылмаған сол бір дәуірде «хан болсын, ханға лайық заң болсын», «батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын», «абыз болсын, абыз сайлау парыз болсын», «би болсын, би түсетін үй болсын» дейтін өрнегі өшпес өміршең, тағылымды қағидалар туған. Құдайға тәубе дейміз, қазақ елінде осы төрт діңгектің қайсысы болса да табылады. Мұндай тарихи тұлғалар Ақтөбе өңірінде де баршылық. Олардың қатарына Әбілқайыр хан, Тама Есет батыр, Қарабас батыр, Мөңке би, Тілеу Айтұлы батыр, Жолдыаяқ батыр, Бөкенбай батыр, Жоламан батыр, Әжібай би, Қайдауыл батыр, Әзберген Мұңайтпасұлы, Алмат Тобабергенұлы, Төлепберген Ерғалиұлы, Мырзағұл Шыманұлы, Ұзақбай Құлымбетов сияқты және басқа азаттық үшін күрескен қазақтың игі жақсыларын жатқызамыз. Бұлардың әрбірі қазақ халқының бостандығы жолында басын бәйгеге тіккен абзал жандар.

Бір ғана мысал. Әйгілі Шекті Тілеу Айтұлы баласы Жолдыаяқ пен інісі Қалдыбайды жанына серік етіп, 17 мың әскерді бастап, басқа да қазақ қолдарымен бірге ел астанасы Түркістанды басып алуды көздеген жоңғарлардың қалың қолын  Сайрам тұсында қарсы алып, өліспей беріспейтін ұрыс салады. Міне, осы қанды қасап соғыста қазақ әскерлері күші басым жаудан жеңілгенімен, Сайрам түбіндегі қырғын соғыстан әбден титықтаған жоңғарлар Түркістанды жаулап алуға шамалары келмей, о бастағы жоспарлары сол күйі аяқсыз қалады. Ал Шекті Тілеу батыр мен оның ұлы Жолдыаяқ осы азаттық соғысында мерт болып, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленеді. Отан қорғау жолындағы ерен ерліктің бір белгісі, міне, осындай.

Осы арада шалқарлықтардың тарихына мұқият қарайтынын, топ бастаған көсемдерін, сөз бастаған шешендерін, туған жердің тәуелсіздігі үшін күрескен батырларын естен шығармай, ұмытпай, қадірлеп, құрметтеп, қошамет көрсетіп отыратынын ерекше атап көрсеткім келеді. Мысалы, Шалқар өңірінде Қайдауыл батырға көрсетіліп келе жатқан құрмет осы сөздерімнің айқын дәлелі. Кесене тұрғызылды, көшеге, темір жол бекетіне аты берілді, енді, міне, ескерткіші орнатылмақшы.

Әрине, еліміз егемендік алғалы бері жоғарыда өзіміз аттарын атаған, басқа да көптеген батырлар мен бағландар туралы зерттеу жұмыстары жүргізіліп, тың деректер әңгіме арқауына айналып, бұрын есімдері жұртшылыққа там-тұмдап қана мәлім болып келген қазақтың небір тұлғалы азаматтарының белгісіз қырлары ашылып, еліміз өткен замандарда азаттық үшін арпалысқан ардақты ұлдары жөнінде мәліметтерге қанығып, өшкенін жағып, өлгенін түгендеу үстінде.

Сондай аяулы ерлердің бірі – биыл туғанына 250 жылдығы Ақтөбе өңірінде аталып өтіп отырған Қайдауыл Едігеұлы. Батырдың 230, 240 жылдық тойлары кезінде аталып өткен болатын. Дегенмен оның 250 жылдығының Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келуі мерейтойдың мәртебесін көтеріп қана қоймай, батырдың елге сіңірген еңбегін тереңірек зерттеп, бұрын белгісіз болып келген қырларын аша түсуге септігін тигізер деген ойдамыз.

Енді Қайдауыл батыр жөнінде «Википедия» мәліметтерінде айтылған мына бір қысқаша дерекке назар аударайық. Онда былай деп жазылған: «Қайдауыл Едігеұлы (1766, Ақтөбе облысыШалқар ауданы – 1839) – батыр. КөтібарАрыстан батырлар мен Достан бидің замандасы. Руы – шекті ішіндегі қырғыз тармағынан. 1787 жылы түрікпендер шапқыншылығының кезінде Қайдауыл 250-дей жасағымен жауға қарсы аттанып, жекпе-жек шайқаста түрікпендердің жеті батырын жеңген. 1789 жылы шектілердің башқұрттарға қарсы жорығында Назар батырды қолға түсіріп, барымталаған, мал-жандарын қайырған. 1783-97 жылы Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа қатысып, патша үкіметінің жергілікті халықты шұрайлы жерлерден ығыстыруына қарсы күресті. Шектілердің құрамындағы топты басқарып Гурьев (қазіргі Атырау) пен Жайық қалашықтары арасындағы әскери бекіністерге шабуылдар жасады. 1816-1825 жылы Арынғазы хан мен Шерғазы хан арасындағы саяси күресте Арынғазыны қолдаған. 1820-31 жылы Ақбұлақ (Шошқакөл), Жем бекеттеріне, Калмыков әскери бекінісіне бірнеше рет шабуыл жасаған. Қайдауыл 1839 жылы орыс казактары мен башқұрттардан құралған патша әкімшілігінің әскері «қазақ даласында тәртіп орнатамыз» деген желеумен ауылдарды шапқан шайқаста қаза тапқан.

Қайдауылдың кесенесі  ОрынборТашкент тау жотасының бойындағы Соленый станциясына жақын, Қауылжыр өзенінен өтетін «Қайдауыл» көпірі маңында, Шалқар қаласының батысында 35 км жерде орналасқан».

Осы бір қысқа да болса нұсқа материалдан көп нәрсені аңғаруға болады. Атап айтқанда, бұл деректер Қайдауылдың тегін адам емес екенін айқын дәлелдеп тұр. Оның үстіне кеңес үкіметі тұсында аты да, заты да мүлдем ескерусіз қалған тұлғаның өмірін зерттеу Қазақстанның тәуелсіздігі жылдарында қолға алынып, батыр туралы мағлұматтарға жұрт қаныға бастады.

Бұл ретте ер есімін ел есінде қалдыру жолында еңбектеніп жүрген зерттеушілер баршылық. Мысал ретінде Ержан Елубаевтың «Халық батыры Қайдауыл Едігеұлы» деген зерттеу кітабы, Сәбетбай Елубаевтың Қайдауыл батыр жөнінде сыр шертетін «Өнеге» атты педагогикалық еңбегі, Зиядин Әбдуәлиевтің «Дүлей дауыл — Қайдауыл» деген тарихи дастаны, батырға арналған қаламгерлердің тағы басқа да еңбектері жарық көрді. Әсіресе ақтөбелік белгілі ғалым Зәкірадин Байдосовтың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Аталған зерттеушінің және бір ерекшелігі, ғалым Қайдауыл батыр жөнінде ел арасында айтылатын аңыз-әңгімелерден гөрі, мұрағат деректеріне көбірек ден қойып, батырдың ерлігі мен көрегендігін, ақылдылығын, ел үшін жаралған тұлғалығын нақты фактілерге сүйене отырып әңгімелейді.

Сонымен Қайдауыл батыр туралы айтқанда жұртшылық оны заманының мықтысы, дүлдүл батыры, ақыл иесі, дұшпаны мен жауларын күшпен де, ақылмен де жеңе білген тарихи тұлға ретінде еске алады. Бұл кісі есімінің ел аузында сақталып, ерлік істерінің ұрпақтан ұрпаққа беріліп, бүгінгі күнге дейін жетуінде біле білген адамға үлкен мән жатыр. Әдетте жазу-сызуы қалыптасқанға дейінгі бүкіл тарихы ауызекі айтылып, ердің де, ездің де қам-қарекеті жүздеген жылдар бойы халық санасында өшпестей болып сақталатындықтан, батыр бабамыздың ел бостандығы жолында халқына сіңірген еңбегінің ұмтылмауы табиғи жағдай деп түсінеміз. Оның үстіне Қайдауылдың ерлік істері жаугершілікпен, Отан қорғаумен астасып жатқандықтан, халықтың оған деген сүйіспеншілігі еселене түседі емес пе.

Сондықтан да халқымыз Қайдауыл батырын әспеттей көкке көтеріп, оның елін жаудан қорғаудағы әрбір ерлігін жырға қосып, көтермелеп, атын, жасаған ерліктерін аңызға бергісіз етіп әңгімелегенді жақсы көреді. Тіпті оның іңгәләп өмірге келген кезінің өзінен әлдеқандай өр рухты көргендей болады. Мысалы, ел арасындағы әңгімеде Қайдауылдың дүние есігін ашқандағы дауысының өзі сәбидің уілінен гөрі жуан гуілге көбірек ұқсайтыны айтылады. Батырдың аталарының да елге белгілі тұлғалар болғаны әңгімеленеді. Айталық, Қайдауылдың арғы атасы Кіші жүз Шектінің ішінде Қырғыз руының көсемі іспеттес көшелі адам болған. Сұлу деген қызын, жоғарыда айтқанымыздай, азаттық жолында қол бастаған Тілеу батырға ұзатқан. Ақкісідей ел тізгінін ұстаған кісіден туған Сұлу қыз да тегін адам болмаса керек. Тілеу батыр Сайрам соғысына аттанып бара жатқанда «Батыр, беліңде қазақ халқының тұтқасы болар ұл кетіп барады. Райыңнан қайт» деген екен.

Міне, Ақкісі сияқты қасиетті адамның ұрпақтарынан Қайдауыл тәрізді ел қорғаны тарайды. Келе-келе Қайдауыл дүлей батыр атанып ел билігіндегі тарихи тұлғаға айналады. Қайдауыл заманында Шекті, Табын, Тама жұрттары, бір жағынан, Қоқан, Бұқар, Хиуа хандықтарынан, екінші жағынан, түрікмендерден, үшінші жағынан, Жайық бойындағы орыс-казактарынан және  башқұрттардың дүркін-дүркін шапқыншылықтарынан теперіш көрген. Мұндай шапқыншылықтарға, әрине, батырлар бас болған ел қарсы шығады. Есет Көтібарұлы батыр мен  Қайдауыл батырдың тізе қосып, жауға қарсы қылыш сілтейтін кездері осы тұс.

Бірде мынадай оқиға болады. Көтібар батыр Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысына жәрдем беруге 800 жауынгерден тұратын қолды бастап майданға аттанғанда Қайдауыл батыр елге бас-көз болуды ойластырып, біраз жасақтарымен ел ішінде қала береді. Осындай ұрымтал сәтті пайдаланған түрікмендер Шекті, Жетірудың Табын, Тама, Адай ауылдарына шапқыншылық жасайды. Шайқас басталады. Қайдауыл батыр дұшпанның батырларын жекпе-жекке шақырып, жан алып, жан беріскен айқаста түрікменнің жеті батырын жеңеді. Жекпе-жектегі жеңістен мерейлері тасыған қазақ шебі түрікмендерді талқандап, қалдықтарын Үстірттен әрі қуып тастаған екен. Осы оқиғаны Шектінің Қырғыз руынан шыққан Толыбай жыршы былай деп жырға қосқан: «Аруағы асып күркіреп, Айдынға шықты Қайдауыл, Жекпе-жекті айқаста, Қанын судай ағызып, Түсірді жеті батырын, Қаһарлы теке-жәуміттің». Бұдан Қайдауыл батырдың жүрек жұтқан теңдессіз ерлігі айқын көрініп тұр.

Тағы бірде Ресейдің қолпаштауына сүйенген, іргелес жатқан башқұрттар Шекті, оның ішінде Қабақ-Тілеу, Қырғыз ауылдарына тосыннан шабуыл жасап, алты жылқышыны ауыр жарадар етіп, бір жылқышыны өлтіріп, 2000-нан аса жылқы мен түйені алып кетеді. Қазақтар қарап отырсын ба, қарымта қайтару амалын қарастырады. Башқұрттар да шеп құрып соғысқа дайындалады. Екі жақтан мың қаралы қол жиналып, соғыс сәтін күтеді. Мұның себебі сол кездегі үрдіс бойынша майдан басталмас бұрын қазақтардан Қайдауыл батыр, башқұрттар жағынан атақты Назар батыр жекпе-жекке шығады. Алып денелі Қайдауыл батыр менмін деп жүрген Назарды найзамен түйреп, анадай жерге лақтырып жібереді. Жалғыз баласының қан майдандағы жекпе-жекте көз жұмғанына шыдай алмай кек алуға ұмтылған, башқұрт, қазақ, татар, орыс-казактарына батырлығымен аты шыққан әйгілі Күтірді Қайдауыл сақалынан ұстап шалып жіберуге қылышын оңтайлай бергенде Көтібар араға түсіп, Күтірдің жанын сауғаға сұраған екен. Қаратаудан келген Тасыран жыраудың:

Шектіден шыққан екен екі үлек,

Дүмпіген жаратылысы туған бөлек.

Көтібар — алмас қылыш ел тірегі,

Қайдауыл сағы сынбас, қазан жүрек, —

деп жырға қосуы осындай тарихи оқиғалардан туындаса керек.

Қайдауыл халық қамы үшін кезі келгенде жауына қабыландай шүйліккен батыр ғана емес, бостандық жолында соңына ерген елді жігерлендіріп, қайратқа құлшындыратын шешендігімен де көзге түскен. Бұған қазақ даласының апшысын барған сайын қуырып, небір айла-шарғылармен халық тынысын тарылтып, оны меншігіне біржола айналдырудың қамына мықтап кіріскен патша үкіметінің мемлекеттің айбатын көрсетіп, айбынын асыру үшін бекіністер салумен қатар, мұнымен ғана шектелмейтінін көрсетуді мақсат тұтып, қазақ жерінде, атап айтқанда, Кіші жүз қоныстанған аумақта әскер шоғырландырып, жасақты жауынгерлерін ары-бері ойқастатып, жұрттың мысын басуды ойластырған саясаты жергілікті халықтың ашу-ызасын туғызды.

Міне, осындай кезде қазақтың Қайдауыл сияқты текті ұлдары атын тебініп алға шығып, халқының қайратын жаныған сөз де сөйлей білді. «Уа, халайық, — деді ол, — Құрып қалғыр кіріптарлық деген адам мойнына салынған бұғау, қол-аяққа салынған кісен емес пе? Не қалды бізде? Хиуа-Түрікмен-Жәуміттен соққан аптап бетіңді шарпыса, арқаңды орыстан келер ызғырық қарпыса, кеудеңдегі шыбын жаннан не қалар, Көтібар! Әлім-Шөмен тегіс жиылып жерге қарап отыра береміз бе? Ел емеспіз бе?! Ар мен намыс қаныңды қайнатса аждаһамен алысатын батырларды бастап неге шықпайсың». Сонда Көтібар батыр: «Қайдауыл, сені қара күштің ғана құдыреті деп жүрсем, ақылды арнадан шығып тасқындайтын сөзің де бар, әрі батыр, әрі ақыл иесі екенсің. Уәжді күшпен тұрғызған Қайдауыл, енді ақылға жүгінтер Қайдауылға айналдың. Ырзамын, жарқыным. Ардана ақылың бар. Баста..! Аруақ қолдасын!» — деген екен.

Осыдан кейін Әлім-Шөмен руы қатты қайрат көрсетіп, 7000 қолмен генерал-губернатор граф Волконскийге қарсы шығып, Орскінің оңтүстік-шығыс жағы биік жотаға жиналып «Бақтыбай!», «Дөйт!», «Ақкісі!» — деп ұрандатады. Осы айбатты көріністен сескенген граф орыс патшасы Екатерина ІІ-нің баласы Павел І-ге «Қырғыз-қайсақ жерінде жеңістік маршпен шеру тарту жолы жабық. Аса қауіпті халық. Бұнда зеңбірек пен мылтық қана сөйлеу керек» — деп хабарлапты.

Қайдауыл батыр орыс-казактардың қазақ даласында тым еркінсуін тоқтату, оларға топтаса соққы беру керектігін қажет деп білген. Жайық бойындағы орыс-казактар мен башқұрттар Ресей патшалығына арқа сүйеп қазақ ауылдарына үнемі барымташылық жорықтарын жасаған. Есесіне барымтаның қарымтасын қазақтар да қайтарып отырған. Оның бір мысалын жоғарыда келтірдік. Осыған байланысты Елек қорғанысындағы гарнизонның коменданты Теплов былай деп жазады: «Әлімұлы руларының 300-ден аса қарулы қарақшылары жықпылды жерлерге жасырынып, шекара бекіністеріне шабуыл жасауға дайындалып жатыр. Олар бекіністерді жаныштап, мүліктерді тонап, малдарды, әсіресе жылқыларды айдап кетпекші. Бұндай жабайы бүлікшілердің басында Шекті руының қырғыздар бөлімінен – Қайдауыл батыр, Ақкете руынан – Боққара батыр, Шекті – Назар руынан Бишті батыр бар. Әлгілердің қастандық ісіне табын руын бастаған Тоқпан Исқақов барып қосылыпты. Бұны тез тоқтатпаса Ресей мемлекетінің Жайық шебіне үлкен зиян келіп, ондағы шекаралық гарнизондар әлсірейді».

Сонымен қатар 1802 жылы 20 қыркүйекте Кіші жүз қазақтары Ресей империясының коммерциялық министрі граф Н.П.Румянцевке хат жазып, онда Жайық бойындағы казактардың барған сайын шектен шығып отырғандығына, олардың шекараға жақын көшіп-қонып жүрген көшпелі қазақтардан 65 мың әр түрлі малды тартып алып, оның үстіне 100 адамды өлтіргеніне, мұндай жағдай 1797 жылы да болғандығына, сол жылы Байұлы, Жетіру елдерінен 12272 жылқы, Әлімұлы руларынан 12000 жылқы айдалып кеткендігіне шағымданды. Бұл шағымға басқалармен бірге Қайдауыл да қол қойған. Бұдан Қайдауылдың Ресейдің отарлық саясатына қарсы жан-тәнімен күрескені айқын аңғарылады.

Қайдауыл батыр қазақ халқының жер қысымына ұшырап, халықтың Елек, Темір, Жайық сияқты шұрайлы жерлерге қоныстануына тыйым салынуы Орынбор әкімшілігінің, соның қарауындағы Жайық, Орынбор атты казактарының істері деп топшылады. Сондықтан ол басшылық жасаған Әлім тайпалық бірлестігі күштері Жайық қалашығына, Усть-кут, Орск бекіністеріне шабуылдар жасау арқылы патшалық әкімшіліктің қазақ жеріне отарлық ындынын тоқтатамыз деген түсінікте болды. Мәселен, Қайдауыл батыр өзінің 300-дей жасағымен Троицк бекінісін тұтқиылдан шауып, атты казактардың 150-дей жылқысын айдап кеткен және бірнеше казактарды тұтқындаған. Бұл арада мәселе көтерілістің ірілі-ұсақтығында емес, Қайдауыл батыр бастаған халықтың тәуелсіздікке деген құлшынысында болса керек.

Халқының қамы үшін басын бәйгеге тіккен батырға тісін қайраушылар да аз болған жоқ. Патша үкіметінің хабарламаларында ел арасына бүлік салатын «бұзақы» атағына әлдеқашан іліккен Қайдауылды қолға түсіруге аға-сұлтандар Баймағамбет Айшуақұлы мен Жүсіп Нұралыұлы да әрекеттеніп бақты. Бірақ қанша әрекет жасағанымен айласы асқан Қайдауылды қолға түсіре алмайды. Оны орыс-казактар «Черный дьявол» деп атаса, патша әкімшілігінің айналасына топтасқан сұлтандар мен ірі шонжар топтар «Қара Серек» деп айдар таққан дейді. Өйткені Қайдауыл ұзын бойлы, жуантық, екі иығына екі адам мінгендей иықты, шомбал, қаһарлы адам болған. Қайдауыл батыр ел ішіне жолаушылап шыққанда «омыраулы шұбар» деген төзімді ат мініп, ауыл арасында жүргенде жүрдек қара атын қанағат тұтады екен.

XIX ғасырдың 30-шы жылдарының аяғында генерал-губернатор В.А.Перовский Хиуа жорығын ұйымдастыруға кіріседі. Бұл үшін 1832 жылы Шошқакөл маңында, Ақбұлақ, Жем бойында Ембі бекінісін салды. 1839 жылдың қыркүйегінде 7000 әскермен Орынбордан аттанбақшы болады. Міне, осы әскери бекіністерді Қайдауыл батыр 1832 және 1835 жылдары екі рет талқандаған.

«Хиуа жорығы» деп аталған жорықтың ауыртпалығын қазақ елінің көтеруіне тура келді. Барлық әскери құрал-жабдықтарды Хиуаға жеткізу үшін 20 мыңдай түйе жинау керек-ті. Осы түйелерді күту, жүктерді арту, түсіру үшін 8000 қазақ  жігіттері қажет еді. Орынбордағы патша әкімшілігі лауға алған түйе, жылқылардың я құнын, я жалдау бағасын бермейтін де, олардың көбі зорығудан өлетін. Бұл халыққа келген нәубет еді.

Түйе, адам жинау Кіші Жүздің Батыс бөлігі мен Орта бөлігінің аға-сұлтандары Баймағамбет Айшуақұлына, Арыстан Жантөреұлына тапсырылды. Осы істі шектіліктер мен Табын, Тама ішінде іске асыру Баймағамбет үлесіне тиді. Олар «шаш ал десе, бас алатын», патша үкіметінің саясатын «қан ағыза» жүргізуге машықтанған қатыгез жандар болатын.

1839 жылдың көктемінде Баймағамбет сұлтан патша үкіметінің өзіне берілген тапсырмасын орындау үшін ставкасын Жем өзенінің жоғарғы бағытына әкеліп қоныстандырады. Сұлтанның түйе, адам күшін жинау сияқты жарлықтарына Қайдауыл бастаған шектіліктер бағынбайды, түйе беруден үзілді-кесілді бас тартады.

Исатай Тайманұлының  көтерілісін қанжоса қылып басқан  Баймағамбетке халықтың тісі қайраулы еді. Осы мақсатпен Қайдауыл батыр 1839 жылдың 22 маусымында сұлтан ордасына арнайы барлаушы жіберіп, Баймағамбеттің қарауында 128 салтаттылардың бар екенін білді. 23 маусымда таң ата Қайдауыл жасағын бастап сұлтан ордасына лап қояды. Алайда, Баймағамбет сұлтанға сол күні түнде келген қосымша күштен Қайдауыл батыр бейхабар еді. Шайқас барысында қалың жаудың ортасында қалған Қайдауылды бір топ башқұрттар мен казактар ортаға алды. Сөйтіп есіл ер 73 жасында қапыда қаза тапты. Бүкіл Шекті, Табын, Тама рулары жиналып, Қайдауылды ақ жуып арулап жер қойнына берді, 1840 жылы асын өткізді.

Қайдауыл өмірі батырлыққа толы өмір. Ол ел намысын қорғап бес қаруын шешпей жорық үстінде өмір кешкен тарихи тұлға. Сөз соңында ойымызды:

Қазан жүрек Қайдауыл,

Көзсіз батыр кешегі,

Тәуелсіздік алғалы,

Бағы жанып ақыры,

Атағы көкке самғады, —

деген халық жырымен аяқтағымыз келеді.

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

«Ардагерлер ұйымы»

республикалық қоғамдық бірлестігі

Орталық кеңесі төрағасының

бірінші орынбасары, тарих

ғылымының докторы, профессор.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button