Тарих

Биліктің бір тұлғасы — Сарышоңай би

Газетіміздің биылғы жылғы 28 тамыздағы санында филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сабыржан Мұхтаровтың «Сарышоңай би және оның  ұрпақтары» атты мақаласы жарық көрген болатын. Автор мақаласы «Мақсат — аталмыш  тұлғаларға көпшіліктің, әсіресе, тарихшы ғалымдардың назарын  аудару» деп аяқталған-ды. Міне, редакциямызға Орал қаласынан Сарышоңай Алыбайұлы туралы көлемді мақала келіп түсті. Материалды сәл қысқартумен жариялауды жөн көрдік.

Сарышоңай Алыбайұлы ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырдың бірінші ширегі аралығында өмір сүріп, елінің алдына жарқырай көрінген қазақтың белгілі биі. Оның қоғамдық-саяси қызметі Сырым бастаған ұлт-азаттық қозғалыс кезеңіндегі тарихи оқиғалармен байланыста дамыды. Сол кездегі беделді Сырым, Сегізбай, Мұратбек, Қаратау т.б. билердің оған ықпалы айтарлықтай тиді. Олардың жанында жүріп, Ресей, Хиуа, Бұхара бағытындағы саяси-экономикалық мәселелерді шешуді үйренді. Қазақ қоғамындағы қарым-қатынасты ата жолы — би заңдарымен үйлестірді. Оның алғырлығы, шешендігі, билігі оған ата-бабаларынан дарыса керек.

Сарышоңай Кіші жүздегі Әлімұлы шектінің Қабақ руынан. Қабақтың Пұсырманынан Қалыбек, Қарабас, Өмір, Жарас, Сексен атты ұлдар дүниеге келген. Кейін олардан атақты Сегізбай би, Сарышоңай би, Көтібар, Арыстан, Есет, Бекет, Әзберген батырлар, т.б. өрбіді.

Біз әңгіме еткелі отырған Сарышоңай Пұсырман — Қалыбек — Алыбайдан тарайды. Сарышоңайдың атасы Қалыбек туралы ел арасында сақталған ауызекі әңгімеде «Қалыбекке жүкті кезінде анасы биенің жаңа сауған сүтінің көбігіне жерік болыпты. Содан сол кездегі ақсақалдар осыған қарап «бұл бала сөз қадірін білетін тілді болар-ау» деп болжам жасағандығы айтылады. Ал, Қалыбек бойындағы қабілеті оның  ұлдарына дарыған.

Оның ұлы Сегізбай Сырым заманында Әлімұлдарының бас биі, бас старшыны болған. Кейін 1787 жылы орыс үкіметі құрған расправаның Әлімұлдары бойынша төрағасы болып, тархан атағын иеленіп, жоғары деңгейдегі қазақ-орыс келіссөздеріне қатысып, Сырыммен бірге мемлекеттік мәселелерді шешкен. 1787 жылы 20 қазанда белгілі қазақ би, батырларымен бірге Орынборға барып, ел басқарудағы Ресей саясатының өзегіне көз жеткізеді. Әкесі Алыбайдың, ағасы Сегізбайдың қайраткерлігі, сөз жоқ, Сарышоңайға әсер етсе керек.

Сегізбай би мұрағат деректерінде алғаш рет 1785 жылғы шілдедегі Кіші жүздегі би, батырлардың жиналысында аталады. Жиналысқа қатысқан Ордадағы Байұлы, Әлімұлы, Жетірудың 25 руының 21 өкілі Еділ-Жайық жайылымын қазақ пайдасына шешу, казак-орыс әскерилерінің шабуылын тоқтату, халық талабын шеше алмаған Нұралыны хандық биліктен айыру мәселелерін талқыға салған болатын. Кеңесте байбақты Сырым, беріш Саржала, Қара, шеркеш Тұрмамбет, адай Атақозы, масқар Дөнен, алаша Сыпыра, ысық Қаратау, төртқара Қаракөбек және т.б. бірауыздан Нұралы хан саясатына қарсылық танытып, тақтан тайдыруға шешім қабылдайды.

Міне осыдан бастап, Сегізбай би – өмірінің аяғына дейін Сырым батырдың үзеңгілес жолдасы болып өткен жан. Ақсақал жасына келгеніне қарамастан, Сегізбай би 1792 жылы қыркүйекте Сырымның Ресейге қарсы соғыс жариялау жоспарын қуаттап, өзі бара алмаса да, бауыры Алмұстафаны Сырымға қосады.1795 жылы шекті билері Сегізбай мен Мұратбек қайтыс болғаннан кейін саяси аренаға Сарышоңай шығады.

Орыс үкіметінің қолына Сарышоңай би туралы алғашқы мәліметтер 1797 жылдың басында тиеді. Мәліметте оның Сырыммен жақтас екендігі, оның Есім ханды өлтіруге қатысы барлығы анық жазылған. Хабарды жеткізген Қаратай сұлтан олардың қатарына кердері Тілеп Қойбашевті де қосады. Сонымен қатар, Сарышоңайдың шекті-қабақ Сегізбай бидің деңгейіндегі беделді би, батырлармен тығыз араласқандығынан хабардар болған О.А.Игельстром оны болашақ хан Айшуақпен бағыттас қылудың жоспарын жасай бастайды. Осы мақсатта Орынбор шенеуніктері биді 1797 жылы 6 маусымда Кіші жүздегі билікті басқаруды қолға алған Хан Кеңесіне енгізеді. Кеңеске төраға ретінде Айшуақ сұлтан, төртқара Боранбай, ысық Сұлтанбек, алаша Шақшақ, табын Күшік, кердері Битік, Қабалдар мүшелікке тағайындалады. Мүфти М.Хусайынов көп ұзамай-ақ басқарудың қиыншылықтарын тізбелей бастайды. Оның анықтауынша, қазақтардың көшіп-қонуы, бір орталықтың болмауы, материалдық жетіспеушіліктер жұмысқа кедергі болған еді. Жұмысын 1797 жылы 8 тамызда бастаған Хан  Кеңесіне кеңес мүшелерінен басқа 300-ге жуық би, батыр, старшындар арнайы келіп қатысты.

Көп ұзамай 13 тамыздан бастап, Кіші жүзде Қаратай сұлтанның хан болып сайлағандығы туралы мәліметтер Орынборға жетеді. Оны қолдаушылар қатарында шекті руының 14 белгілі азаматы болды. Кезінде Қаратай Сарышоңайды кінәлағанымен, кейін бұл кінәнің негізсіз екендігі дәлелденеді. Қаратай Сырым батырдың шектілермен қоян-қолтық араласуын жақсы түсінгенімен, хан сайлау кезінде өзінің жоспарын іс жүзіне асыру мақсатында беделді би, батырлармен байланысын реттей бастайды. Нұралы хан ұрпақтары ішіндегі беделді Қаратаймен келісімге Сарышоңай да мүдделі болды. Бірақ, хандық басқаруды шайқалтуға әбден машықтанған О.А.Игельстром 74 жастағы Айшуақты 1797 жылы 16 қазанда Орынборда таққа көтереді. Әскери губернатор жоспары бойынша хан мен Хан Кеңесі бір жерде тұрақтауы тиіс болды.

Сарышоңай би Хан Кеңесіндегі жұмыстарымен шұғылдана жүріп, ел тыныштығы үшін билермен бірлесіп, патшаға да хат жолдаған. Мәселен, 1798 жылдың күзінде Сырым, Қаракөбек, Мұсылман, Сарышоңай, т.б. Қазан көпесі М.Шехмұратов арқылы құпия түрде хат жолдайды. Хат арқылы Ресей Коммерциялық министрі Н.П.Румянцев башқұрттар мен казак-орыстардың қазаққа күш көрсетіп, үнемі тонау себебін анықтап, хан мен жаңа губернатор Н.Н.Бахметевтің дәрменсіздігін сезінеді.

Сарышоңай би 1797 жылы қазан айында Хан Кеңесі төрағасы болып тағайындалған Бөкей Нұралыұлымен де тіл табысты. Осы кезеңде ол Қобда өзені бойын жайлап, тұтқындарды босату, қашқындарды іздестіру, қазақ-орыс арасындағы даулы мәселелерді анықтау, т.б. шұғылданады. Бөкей, Сарышоңай, т.б. Хан Кеңесі арқылы қазақтардың талаптарын Орынборға хабарлап, оны шешудің жолдарын ұсынды. Көп жағдайда керуен, сауда-саттықтың қалыпты жүруіне септігін тигізді.

ХІХ ғасыр басында Сарышоңай мен Мұсылман билер шекті руларының Орынбор мен Бұхара, Хиуа арасындағы керуен жолдарын бақылауда ұстады. 1803 жылы Бұхараға барып қайтқан поручик Я.П.Гавердовский Сарышоңай мен Мұсылман билерге Әлімұлы-шектінің — тілеу, қабақ, назар және шүрен бөлімдерінен 8 000 түтін бағынады деп хабарлайды. Олардың қыста Жем бойында, Борсық құмында, Арал теңізінің батысындағы Қоңырат қаласына дейін, жазда Жем өзенінің сол жағалауын, Темір өзені бойын, Сағыз өзенінің жоғары жағын, Ойыл, Қобда, Елек бойларын жайлайтыны белгілі болды. Орыс поручигі сауда-саттықтың көпшілік жағдайда Хиуада жүзеге асатынын жеткізді. Орыс деректерінде Сарышоңай, Мұсылман билермен қатар кішкене-шекті билері Жанназар, Жанұзақ, Қожаберген, Өтегендер аталады. Олардың арқа сүйер ханы Сыр бойын билеген Әбілғазы Қайыпұлы еді. Әбілғазы хан негізінен Сыр бойында тұрақтап, Кіші жүздің оңтүстігін қорғап, Әлімұлдарымен бірлесіп, аталған билерге арқа сүйеді. Ал билер өз кезегінде тұтастай ел ішіндегі қоғамдық-саяси өмірге тығыз араласты. Олай болса, Сарышоңай  Әбілқайыр, Қайып хандар ұрпақтарымен үнемі байланыста болған.

Кіші жүзді Айшуақ хан басқарған 1797-1805 жылдар әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайдың шиеленіскен кезеңі ретінде сипатталады. Шекаралық комиссияның төрағасы генерал-майор Г.Ф.Генс Айшуақтың ел басқаруының соңғы жылдарын «революциялық кезең», «хан ешқандай билікке ие бола алмады, рулар арасындағы тартыс күшейіп, түсінбестік жағдай қалыптасты. Бұхара мен Хиуаға баратын керуендер тоналып, із-түссіз кетті» деп бағалады. Мұндай күрделі тұста 1804 жылы 26 қазанда Сарышоңай Хан Кеңесі төрағасы Бөкей сұлтанмен бірге Байұлдары, Жетіру би-батыр, сұлтандарымен кездесті. Кездесуге Айшуақ хан орнына үміткер Қаратай сұлтан да қатысты.

1805 жылы 17 ақпанда өз билігінің дәрменсіздігін сезінген Айшуақ біржолата хандық биліктен бас тартып, орнына баласы Жантөрені ұсынды. 1805 жылы 29 тамызда 5000-ға жуық жиналған қазақтар Жантөрені Орынборда патша үкіметінің шешімімен хан тағына отырғызды. Ал хан Кеңесі төрағасы болып Орман Нұралыұлы тағайындалды. Сарышоңай би бұрынғысынша Кеңес заседателі болып қала берді. Орыс үкіметі ханға 300 руб., ал 6 кеңесшіге 250 руб. жалақы тағайындады. Бір ерекшелігі, Хан Кеңесі ережесінде кеңесшілер 3 жылда қайта сайланып отыруы тиіс делінгенімен, Сарышоңай 1797 жылдан бері Кеңеске мүше болатын. Мұның өзі бидің ел ішінде ғана емес, сонымен бірге Ресейде де үлкен беделге ие болғандығын дәлелдейді. Жантөре хан да Сарышоңай бидің халқы алдындағы беделін өз мүддесіне пайдалануды көздеді.

Сырым бастаған ұлт-азаттық қозғалыс кезінде патша үкіметіне қарсылықтарымен көзге түскен Жантөре хан тағына отырған кезеңінде толықтай орыс шекарасына орнығып, ел ортасына бармайтын басшыға айналды. Оны жақсы білетін Қаратай сұлтан генерал-губернатор Г.С.Волконскиймен болған кездесуде-ақ «Жаңа хан қазақ даласына емес, керісінше сандықта ғана жайлы» деп бағалады. Жантөре хан ел ішіне бара алмағанымен, Сарышоңай билерде елдің толық мәліметтері болды. Жантөре мен Қаратай арасындағы шиеленіске Сарышоңай би бейжай қарай алмады. 1806 жылы  арнайы хат жолдап, «Қаратай мен Жантөреге Қобда өзенінің жоғары жағындағы халық Кеңесіне келуді міндеттеуді» өтінді.

Кейін 5 тамызда Хан Кеңесі мүшелері, 35-ке жуық би, батырлар, сұлтандар Кеңес өткізу үшін Жантөре ханға ұсыныс білдіреді. 1806 жылы 10 тамызда өткен кеңеске Байұлы, Әлімұлы, Жетірудан белді азаматтар қатысқанымен, Жантөре хан «ауруын сылтауратып» келе алмады. Хан Кеңесі, Сарышоңай, Мұсылман билер содан Г.С.Волконскийге «Жантөре Қобдаға келемін дегенімен, уәдеге тұрмады. Мұны көзімен көрген халық Қаратайды хан атай бастады» деп хабарлайды. Билердің хабарын кейін жазылған хаттар да анықтай түседі. Хатта «Біз сауда жасаудан қалдық. Үмітіміз Қаратай сұлтанда» делінген.

1807 жылы да Кіші жүздегі Кеңеске Жантөре хан қатыспады. Бар кінәні Қаратай сұлтанға жапқан хан оны шекаралық шепте ұстап алуға шақырды. Мұндай ұсынысты Орынбор да қолдады. Г.С.Волконский сондықтан да Сарышоңайдың Қаратай туралы жақсы пікірлерін тізбектеп, сұлтанды мадақтап жеке кездесуге шақырды. Генерал губернатор сұлтанды «Байұлдары мен Әлімұлдары қолдап хан көтергенімен, әзірше патша бекітпейінше хан атауға келіспейтіндігін» жеткізді. Орыс саясатының астарын түсінген Қаратай шекарадағы түрмелердегі жатқан қазақтарды босатуды талап етіп, Ресей керуендерін тоқтата бастады. Қазақтар еш қорықпастан, 100 Орынбор казагы қорғаған 300 түйеден тұратын керуенді қоршауға алып, өз талаптарын қойды. Бұл туралы хабар алған Г.С.Волконский уақыт созбай генерал-майор Д.И.Герценбергке әскери жорыққа дайындалуды бұйырды. 1350 адамнан, 3 артиллериядан тұратын әскери команда 1807 жылы 13 тамыз күні Ойыл өзеніне аттанды. Сарышоңай мен Мұсылман билердің ескертуімен Қаратай қолдары сақадай қаруланған әскерлермен бетпе-бет келмей, шегініп үлгерген. 28 тамызда тапсырған рапортында Д.И.Герценберг «Ойыл бойындағы Сарышоңай, Мұсылман билер, ахун Мұхамеджандар Сары Қобдадан Тамды көлге көшті дегенін естіп, артына барлаушылар жібердім. Кейін билер талабы бойынша Қаратай шектілер алған 8 түйені босатты. Керуенді Асау батыр мен Сарышоңай баласы бастап келеді. Жанында Қаратайдың 400 адамы бар» деп жазыпты. Жорыққа қатысқан полковник Струков те Орынборға тапсырған есебінде Қаратайдың Сарышоңай мен ахун Мұхамеджанға сенетіндігін дәлелдеді. 1808-1809 жылдары Қаратайды Сарышоңайдың немере бауырлары Көтібар Бәсенұлы (Пұсырман – Қарабас – Жапақ – Бәсен – Ә.М.) ,Арыстан Тінәліұлы  (Пұсырман – Қарабас – Тінәлі – Ә.М.) батырлар ашық қолдап, орыс шептеріне шабуылдап, мал-жандарын қуып алды. Мұның арты орыстардың қазақтарға қарсы барымтасына ұласты. Онымен қазақты тоқтата алмаған Г.С.Волконский тұтқындағы Қаратай інісі Өзбекқали сұлтанды босатып, жанынан хорунжи Искаковты ертіп, шектілерге жіберді. 1808 жылы 3 ай жүріп, 18 қазанда Орынборға оралған Искаков шекараға жақын қазақтар хан ретінде Қаратайды мойындайды, өйткені, ол ел ортасында тұрады деген қорытындыға келді. Дегенмен хорунжи Сарышоңай, Мұсылман би, Мұса батыр (арғын шақшақ Жәнібек немересі – Ә.М.) және ахун Мұхамеджандар Қаратайдың хан деп аталуына келісім бермеген деп өзгеше ой түйіндейді. Бұл арада билер мен ахун Ресейдің өзіндік пікірі, батыл шешімі бар Қаратайды ешқашан хан сайламайтындығын түсінген сияқты.

Өз жоспары жүзеге аспағандықтан генерал-губернатор казак-орыс әскерилеріне қазақ ауылдарына жорық жасауға рұқсат етті. 1809 жылы шілде айында Верхнеозерск қорғаны коменданты, майор Климов Мендияр Әбілғазин сұлтанның  көрсетуімен Сарышоңай, Мұсылман билер ауылына келіп, 406 жылқысын тартып әкетті. Кейін, билердің талап етуі бойынша әскерилердің жорықта асыра күш қолданғаны дәлелденді.

Казак-орыс арасындағы шиеленістің арты Ресей үкіметінің қолдан жасаған Жантөре ханның өліміне алып келді. 1809 жылы 2 қарашада Сахарный қамалынан қашық емес орналасқан ауылында Жантөре Айшуақұлы Қаратай сұлтанның бағыттауымен, 200 астам шектілердің, бірнеше сұлтандардың қатысуымен өлтірілді. 1809-1811 жылдар аралығында болған тергеу бойынша Хан Кеңесі төрағасы Орман Нұралыұлы, Есім хан ұлдары Қара, Шожық, т.б. кінәлі деп табылып, Санкт-Петербургке жер аударылды. Қаратай сұлтан күресін әрі жалғастыра берді.

1809 жылдан бастап 1812 жылдың қыркүйегіне дейін мұрағат қорларында Сарышоңай туралы деректер кездеспеді. Бірақ 1812 жылы қайтадан Хан Кеңесі құрылып, төрағалыққа сұлтан Медетқали Тұрдалиев (Әбілқайыр хан бауыры Бұлқайырдың шөбересі – Ә.М.) бекітілген тұста, би соңғы рет Кеңес мүшелігіне ұсынылған екен. Өкінішке орай осы жылы Сарышоңай би қайтыс болған.

Сөйтіп, атақты билер әулетінде дүниеге келіп, тұтастай қазақтың азаматына айналған, 15 жылға жуық Кіші жүз хан Кеңесінің белді мүшесі болып, өзінің ерекше қабілетімен, әділдігімен Ресейді де мойындатқан Сарышоңай Алыбайұлы тарих сахнасынан кеткенімен, оның ісі мен қызметін ұрпақтары жалғастырды. Мұрағат деректерінде Сарышоңайдың Меңдіғұл, Қасым, Отаралы атты ұлдары аталады.

Меңдіғұл әке орнына үрім-бұтақты бастаған би болған. Оның есімі 1819 жылы шілде-тамыз айларындағы Кіші, Орта жүз игілерінің Орынбор әскери губернаторы П.К.Эссенге Арынғазы Әбілғазыұлын хан сайлау туралы жазған ұсыныс хатында аталады. Хатқа қол қойған 380 би, батыр, старшын, сұлтандар арасында Кіші жүздегі 25 рудың 19-ының, Орта жүзден қыпшақ, арғын, Ұлы жүзден үйсін руларының өкілдері бар. Сол замандағы беделді байбақты Жүсіп Сырымұлы, табын Жоламан Тіленшіұлы, шекті-тілеу Қаражігіт Бектауұлы, шекті қабақ Арыстан Тінәліұлы, т.б. Меңдіғұлмен тығыз араласқан .

Қасым Сарышоңайұлы туралы деректер Арынғазы сұлтанның 1821 жылғы Санкт-Петербургке сапары кезінде кездеседі. Алдымен Арынғазы жоғары дәрежелі кездесуге қатысатын адамдары туралы мәліметті Орынборға жолдап, өз тізіміне шекті-қабақ руынан Қасым биді енгізген. Бірақ Ресей астанасына барып, қайтқандар арасында Қасым би аталмайды. Соған қарағанда Қасым дәлелді себептермен қалып қойған, ал орнына Қ.Мұсылманұлы енгізілген. Делегация құрамындағы шекті-жақайым Қ.Мұсылманұлы, шекті-қабақ Санасап Сатұлы 1822 жылы 30 наурызда, шекті-тілеу Қаражігіт Бектауұлы 1822 жылы қазан айында елге жіберілді. Ең соңынан елге 1829 жылы Жүсіп Сырымұлы оралды.

Ал Арынғазы мәңгілікке Калуга жерінде қалды . Осы деректегі Қоспақ Мұсылманұлы Сарышоңайдың заманындағы шекті-жақайым Мұсылман Шағатайұлының баласы. Санк-Петербургке барған кезінде Қоспақ би 40 жаста болатын.

Ал Отаралы Сарышоңайұлы да өз заманында елі сыйлаған би ретінде мойындалды. Ол турасында 1839 жылы Кіші жүзде болып, Махамбет Өтемісовпен кездескен орыстың белгілі жазушысы және жиһанкезі Е.П.Ковалевский «Құрылықта және теңіздерде саяхат жасаушы» еңбегінде жазып, оны 75 жас шамасында деп көрсетеді. Отаралы 1841 жылы тамыз айында Хиуа ханы Аллақұл өткізген кеңеске қатысты. Кеңес В.А.Перовский жіберген орыс елшілерінің Хиуаға келуіне байланысты ұйымдастырылды. Кеңеске Отаралымен бірге байбақты Жүсіп Сырымұлы, табын Жоламан Тіленшіұлы, Нияз би және Жанғазы Қайыпұлы, Қайыпқали сұлтандар қатысты. Ресей қазақтарды өзіміздің отарымыз деп дәлелдеуге тырысқанымен, оны Кеңеске қатысушылар мойындамады. Кейін әкесінің ізін қуған Нияз тұтастай қабақ бөлімінің биіне айналды. 1852 жылғы мұрағат дерегінде «Нияз Отаралыұлы, 39 жаста, қабақ бөлімінің басқарушысы, би. Ол орта бойлы, қара қасты, қою кірпікті, қара көзді, толық қара торы, дөңгелек жүзді, қыр мұрынды азамат. Бір әйелі, 4 ұл, 2 қызы бар. Ол шекті руының қабақ бөлімінің Қалыбек бөлімшесінен. Жазда Ор өзенінің жоғары жағын, қыста Ұлы Борсықты жайлайды» – деп жазылған. Міне, осы Нияздың Сүлейменінен белгілі тарихшы  Бек Сүлейменов тарады.

Қорыта келгенде,Сарышоңай би тарихы арқылы жүріп-өткен жолымыздағы ел игілерінің халқымыздың бүгінгі тәуелсіздігі үшін күресін, ізденісін, жанқиярлық ерлік істерін сезінеміз. Мұның бүгінгі ұрпақты отансүйгіштікке, өткен тарих арқылы аға буынға ерекше құрметпен қарауға тәрбиелері сөзсіз.

Әбілсейіт МҰҚТАР,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік

университетінің проректоры, тарих

ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Кабак руынан.
    Кангелди.
    Пусырман.
    Сексен.
    Байдана.
    Шынбай(Шанай)
    Мынбай.
    Абдрахман.
    Сагынай.
    Серикбай.
    Мен Шынбай(Шанай) атамнан тара улдары болса хабарласындар. Мынбай атам репрессияга ушыраган болса кужаттарды калай тапсам болады.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button