Мәдениет

Астанада ақын Ертай Ашықбаевтың кеші өтті

Астанадағы Ақтөбе күндері аясында қазақтың белгілі ақыны Ертай Ашықбаевтың «Ассалаумағалейкүм, Астана!» атты шығармашылық кеші өтті. Қазақстан Республикасының ұлттық академиялық кітапханасында өткен кешке қаламгерлер, ақынның оқырманы қатысты. Өлеңдер оқылды, сұрақтар қойылды, пікірлер, жылы лебіздер айтылды.

«Ертай ақынның поэзиясында шөп-шалам, қыл-қыбыр жоқ, таза жазады. Оның өлеңдерінің іші-сыртына үңілген адам ешкімге ұқсамайтын, тек Ертайға ғана тән қолтаңбаның бедерін көреді. Ертай өз биігінде тұрған ақын. Ақтөбе десе, менің ойыма кешегі Қуандық, Өтежан, Сағи ағаларымыз түседі, Ертай сол қаламгерлер тігіп кеткен жыр байрағын құлатпай аспандатып келе жатқан ақын», — дейді  Жазушылар одағының Астана филиалының төрағасы Несіпбек Айтұлы.

Тазалық демекші, қаламгер шығармашылығының тазалығы ол туған топырақтан, туған жерден бастау алады. Ақтөбе топырағында туған Ертай Ашықбаевтың жырларында астамшылық, «менмін» деген көкірек керушілік жоқ, Серік Ақсұңқарұлының сөзімен айтсақ, Ертай Ашықбаев поэзиясында «сөзбен ойнау секілді емделуі қиын дерт» жоқ, онда «мәдениетті поэзияның мәрт мінезі» бар. Бұған кеште сөз алған қаламгер Көпен Әмірбектің де пікірін қосуға болады:

— Ақтөбенің Байғанин ауданында Оймауыт деген жер бар. Сол жерде Сағи, Өтежан ақындар туған. Одан беріректе Бәкір Тәжібаевтың ауылы, Жарқамыс тұр. Менің бір таңғалғаным, сол Оймауыттың шұбатына салған қасық батпайды, тік тұрады. Неге? Себебі ол жердің шөбі өте құнарлы. Тағы бір естігенім: ғарышкерлер сол Байғаниннің шұбатын ғарышқа алып кетеді екен, сол Байғаниннің түйелерінің шудасынан скафандр тіктіріп киеді екен. Сондай топырағы қасиетті, құнарлы Ақтөбе жерінде туған Ертайдың поэзиясы  қалайша таза болмайды? «Ертай Ашықбаев — менің ең сүйіп оқитын ақындарымның бірі. Неге? Өлең деген, біріншіден, тазалық. Мен ақын Ертайдан да, азамат Ертайдан да сол тазалықты көремін…» депті Есенғали ақын. Мұхтар Әуезовтің «Әр қаламгер әдебиетке өзінің талантымен ғана емес, мінезімен де сіңісу керек» деген сөзі бар. Сол сөзге Ертайды үлгі етуге болады. Кезінде Мұқағали:

«Ығысыңдар,

Ей, таулар,

Ығысыңдар!

Орын сайла ортаңнан, жұмысым бар.

Ата болып не маған ұрысыңдар,

Адам болып немесе ұғысыңдар.

Ығысыңдар, ей, таулар, ығысыңдар!» деген ғой алдыңғы аға буынға. Ертайдың ерекшелігі сол, ол ешкімге «ығысыңдар» деген жоқ, жаймен келді де, әдебиетке еніп кетті, — дейді ол.

Кеште сондай-ақ Ертай Ашықбаевтың студент кезден бері танитын курстастары, тұстастары Әміржан Қосанов, Сейсенхан Махамбетовтер де сөз сөйлеп, пікірлерін білдірді.

Ертай Ашықбаев өлеңдерін оқып, оқырманы қойған сұрақтарға жауап берді.

«Егер сіз ғарышқа ұшатын болсаңыз және сізге өзіңізбен бірге тек үш кітап алуға рұқсат етілсе, қандай кітаптарды аласыз?», — деген сұраққа Ертай Ашықбаев: «Бес ғасыр жырлайды» және Абайдың өлеңдерін аламын және өз тұстастарымнан да біреу болуы керек қой, сондықтан Есенғалидың бір кітабын ала кететін шығармын», — деп жауап берді. Оқырманның ішінде Ертай ақынның 1988 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Қос мең» атты кітабын алып келгендер де бар. «Кезінде ақын Ертай Ашықбаев өз қолымен қолтаңба жазып беріп еді», — деп еске алады Тыныс Ақболатова. Сол кітапқа атауы берілген «Қос мең» өлеңін кешті жүргізген ақын Бауыржан Бабажанұлы оқып берді.

Кеште Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының өкілі Ләйла Омарова да ақын туралы жылы лебізін білдіріп, арнайы сыйлығын табыс етті. Ал белгілі әнші Жадыра Арыстанова Ертай Ашықбаевтың сөзіне жазылған Марат Жанғазының «Жан ана» әнін, халық әндерін орындады. Кеш соңында оқырманға Ертай Ашықбаевтың «Мешін жылы Бабатайда туғалы…» атты биыл жарық көрген шағын кітабы үлестірілді. Ал кітапхананың фойесінде облыстық С.Бәйішев атындағы облыстық кітапхананың ұйымдастыруымен «Ақтөбе жері —

шайырлар елі» атты ақтөбелік қаламгерлердің кітап көрмесі жасақталды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button