МерекеТарих

383 жылдық өтіл

Әке — алашордашы, ана — домбырашы

Менің курстас досым, белгілі жазушы Қуандық Түменбай жақсыға тартып туған жақсы азаматты көргенде, әлде өз сөзі, әлде бабалардан қалған тәмсіл «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады деген осы» деп отыратын. Осы сөз байтақ жатқан Ырғыз өңіріне есімдері де, істері де үлгі боп жайылған Жүсіп әулетіне арнап айтылғандай.

Жүсіп Ақбайұлы — заманында Ырғыздағы екі кластық орыс-қазақ училищесінен, одан кейін Хорезмдегі діни оқу орнынан білім алған, арабша жақсы білген, жаңаша да, ескіше де сауатты жан еді. 1918-1919 жылдары Ырғыздағы Алашорда қозғалысының жетекшілерінің бірі болған, кейін кеңес үкіметінің қудалау-қыспағын көп көрген, сотталған, жер аударылған. Өңір тарихының білгірі, шежіреші, Сейілхан Оразымбетов өзінің «Жармола жаңғырығы» деген еңбегінде Жүсіп атамызды «Міржақып Дулатовтың үзеңгілес жолдасы, Әлім мен Шөменге беделі бар алабөтен әңгімешіл, теңдессіз шешен» деп суреттейді. Ал ол кісінің жамағаты Қатира әже кезінде ғажап күйші болғандығын айтады білетіндер. Жас кезінде бір астағы күй сайысында домбыраны башбайымен тартып қарсыласын жеңіп кеткен екен. Шай ішкенде терлемей, күй тартқанда ақ тер, көк терге түсетіндігіне куә болғандар арамызда бүгінде де бар. Бұл кісілерден үш қыз, екі ұл тарайды. Ұлдың үлкені Ахмедияр соғыстан оралмаған.

Оқытушылар институтын бітіріп, 1946-1948 жылдары Ақтөбедегі педучилищеде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. 1948 жылы әкесінің ақталуына байланысты елге оралып, Ырғыз ауданындағы Калинин жетіжылдық мектебінің оқу ісінің меңгерушісі болады. Ал, екі жылдан кейін Қарасай жетіжылдық мектебінің директоры болып тағайындалғанда, оның өмірінің соңына дейін үзіліссіз жалғасқан директорлық қызметі басталған-ды. Мекеңнің басшылық жолы әр жылдары ауданның Шеңбертал, Қызыл партизан, Коминтерн, Темірастау, Қалыбай сегізжылдық және орта мектептерінде өтті. Қатар замандастары «Мейірхан туғанда маңдайында директор деген жазу болыпты» деп қалжыңдаса, ауданда басшылық қызмет атқарған балдызы Сәлетбай Кәдірбаев «Меке,

директорлықтан жалыққан жоқсың ба, енді балаларыңа бермейсің бе?!» деп әзілдейтін көрінеді.

 Әріптестер пікірлері

Осындай аға туралы ол кісімен бірге қызметтес болған замандастары, әріптес інілері осы әулет туралы «Атадан қалған асыл жол» деген кітапта өз ойларын былай білдіріпті.

Жайылхан Ізтілеуов, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі:

— Мейірхан ағай әр істі ойланып шешетін, ұжымның бірлігін үнемі сақтай білетін. Әр сөзі орынды, әділ сын, пайымды пікір иесі, тәтті тіл, сыпайы, ұстамды, мінезге бай адам еді. Кейбіреулер мектеп басшылығының жұмысына орынсыз сын-пікір айтып жатқанда  сабырлы мінез көрсетіп, дауыс көтермей-ақ өз ойын байсалдылықпен жеткізетін.

Мекең саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне жұмсаған Ырғыз өңірінің үлгі алар азаматы. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырған үлкен отбасының  Мекең — асқар тауы, ал зайыбы — Бибізада бауырындағы бұлағы еді…

Ілияс Тәңірбергенов, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі (марқұм):

— 1970 жылдары партия мен халықтың  арасындағы байланысты нығайту мақсаты алға қойылып, халықтан түскен арыз-шағымға көп мән беріле бастады. Осыны пайдаланып мектептің кейбір мұғалімдері Мейірханның үстінен авторы көрсетілмеген домалақ арыздарды көп жазды. Олар «мектеп директоры шаш қоймайды, аяғына байпақ киеді, молданың баласы» деген сияқтыларды жазып, иесі жоқ арыздарды аудандық, облыстық партия ұйымдарына қарша боратты. Мәкең кімдердің жазып жүргенін сезіп, біле тұрса да өзін бір қалыпты ұстап, ешкіммен дауласып, ұрсып көрген емес. Ол Мейірханның үлкен адамгершілікті адам екенін көрсетеді.

Райса Дербісалина, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі:

— Ағай әр іске барынша жауапкершілікпен, әрі жан-жақты қарайтын, өзі басқарып отырған мектептегі жақсы істердің көпке тарауын орынды мақтан ететін, ал кездескен кемшіліктерді жоюдың дер кезінде шарасын алатын басшы еді. Мейірхан ағайды қатарластары «Туғанда директор болып туған» деп әзілдейтін. Ағайдың зайыбы Бибізада апай қазақтың «бесті биенің сабасындай» дейтін нақылына сай әйел-ана, зайып, ұстаз болатын.

Сондай-ақ, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақтөбе қалалық ұйымының төрағасы Әбдіраш Есмахан «Мейірхан аға білімдар, осы қызметте көп жылдық тәжірибесі бар, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жігерлі басшы болды.  Менің тануымда бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын және бастаған ісінің дұрыстығына көпшіліктің көзін атқарған қызметімен жеткізетін іскер адам еді. Сондықтан да өзі басқарған ұжым алдында беделді болды. Ал ол кісі басқарған Темірастау орта мектебі сол кездерде облыс деңгейінде алдыңғы қатарлы танымал мектептердің бірінен саналды» десе, жақында ғана өмірден өткен абзал ұстаз, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі Еділхан Өтепов өзінен жасы үлкен Мейірхан ағасының адами болмысын, бойындағы ізгі қасиеттерін:

Пәк жүректі, ақ ниетті көрінетін біздерге

Қабақ түйіп, қыр көрсету болмайтын.

Күтіп ылғи жас ұрпақтан нұрлы жеміс өмірде,

Талай жастың армандарын қолдайтын.

Бір қалыптан айнымайтын, өз арынан аспайтын, — деп қарапайым ғана жыр жолдарымен білдіріпті.

Ағайдың зайыбы Бибізада Кәдірбаева да ұстаз еді. Ақтөбе педагогикалық училищесін бітіріп, ұзақ жыл ағай басқарған мектептерде бастауыш кластарға сабақ берді. Олармен қызметтес болған тағы бір ағамыз, қарт ұстаз Кәрім Ешімов жоғарыдағы кітаптағы мақаласын былай түйіндепті: «Ол кісілер өмір жолдарын  бала тәрбиесіне арнаған, өздері де көп бала тәрбиелеген сауатты ұстаздар еді. Өкінішке қарай, өсірген ұл-қыздарының қызығын толық көре алмады. Тағдыр оны көруге жазбаған екен».

Иә, өз ғұмырларын ең қасиетті іс — ұрпақ тәрбиелеу жұмысына арнаған ерлі-зайыпты ұстаздар тым ерте өтті өмірден. Бибізада апай 1980 жылдың көктемінде небәрі 51 жасында, ағай келер жылдың күзінде зайыбынан біржарым жылдан соң 55 жасында бақилық сапарларына аттанып кеткен-ді. Бірақ, «жас ортасы» дейтін шамада дүниеден өткен олар мынау қарбалас өмір мен тынымсыз тіршілікте тірі пендеге жүктелетін міндеттері мен парыздарын атқарып, өздеріне ғана тән сыйы мен дәрежеге, құрмет пен қошеметке, абырой мен атаққа ие болды. «Адам мәңгі тұрмас, мәңгі – ат, ары, жақсы болса қалар мәңгі атағы» деген екен Жүсіп Баласағұн бабамыз. Мейірхан Жүсіпов туралы бүгінде қатарлары селдіреп қалған әріптестері «Мекең ұстаздардың ұстазы еді ғой» дейді. Бәлки, атағы мәңгі қалды деген осы шығар.

Ұстаздардың ұстазы

Барлық адам баласы дүние есігін ашқан шарана кезінде бірдей болады екен. Бірақ, әкенің қаны мен ананың сүті арқылы даритын қасиеттермен, сондай-ақ «ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» дегендей, отбасынан алған тәрбие, айналасынан алған үлгі-өнеге арқылы әртүрлі болып қалыптасатын көрінеді. Халқымыз «жаста берген тәрбиең — тал шыбықты иегендей» деп тегіннен-тегін айтпаса керек. Осы орайда, ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарып, алдарынан мыңдаған шәкірттерді түлеткен Мейірхан аға мен Бибізада апаның ұяда көргенін өмірде ілген өз ұрпақтары туралы бір-екі ауыз әңгіме сұранып тұрғандай. «Атадан қыз қалса із қалғаны, ұл қалса өзі қалғаны» деген ғой. Ағай мен апай бауырларынан 4 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірді.

Тұңғыштары Ерболат облысымыздың мәдениет саласына айшықты қолтаңбасын қалдырған азамат еді. Айықпас науқасқа шалдығып, 50-ден енді асқанда өмірден өтті. Шүкір, қалған ұл-қыздары тамыры тереңге кеткен Жүсіп әулетінің бір-бір мәуелі бұтағындай болып өсіп-өніп жатыр.

Мейірхан ағамыз бала кезінен сол замандағы саясаттың  ызғарына тоңып, одан қалды алашордашы әкені кеңестік  заң жүйесі қудалаудан (атамыз сотталған, жер аударылған, біраз жыл Қазақстанда тұруға рұқсат берілмеген) тірі жетімнің  халін кешіп, қиындықты өзгелерден гөрі көбірек көріп өскен ғой. Содан болса керек, өз балаларын онша еркелетпей, кішкентайларынан ұқыптылыққа, тазалыққа, істеген істеріне жауапты болуға баулып өсіріпті.

— Бала кезімізде үйге келген қонақтың етік, бәтеңкесін шаң, балшықтан тазартып, майлап, жылтыратып қою біздің міндетті жұмысымыз еді, кейбір қонақтар кетерде өз аяқ киімін танымай жататын. Ал шай ішерде  анамыз керек болатын заттарды (шай, сүт, т.б.) көрсетіп, «қазір мен белгі бергенде әкелесің» деп тапсыратын. Анамыздың белгісі бойынша сол заттарды есіктің жақтауында тұрып қонақтарға көрінбей қолына ұстататынбыз. Үйде қонақ барда аяғымыздың ұшымен жүріп, сыбырласып қана сөйлесетінбіз, — деп еске алады ұлдары.

Мейірхан ағай балаларының бәріне жас кезінен шахмат пен домбыра үйреткен. Бертін келе шахматтан отбасылық турнир ұйымдастыратын. Сол бір тәрбиенің нәтижесі ғой — облыстық, аймақтық шахмат жарыстарында Нұрболат, Нұрлыбек, Нұртастардың бірнеше рет жүлдегер атанғандары. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Ерболат аға ұйымдастырған Жүсіповтердің отбасылық ансамблі Шымкентте өткен республикалық байқауда Бас жүлдеге ие болып, Куба елінде өнер көрсетуге жолдама алған-ды.

Осындай тәрбиемен өскен балалардың бәрі мектепті жақсы бітіріп, өздері қалаған мамандықтарын игерді. Медицина саласын таңдаған үлкен екі қыз Нағима мен Айнагүл және Ақтаудағы мұнайшы Нұртас болмаса, қалған балаларының барлығы әке мен шеше үлгісін ұстанып, ұстаздық кәсіптің жолына түсті. Ерболат ағамыздың зайыбы Аққыз осы саладан зейнеткерлікке шықты. Ағай мен апайдың өз балалары Нұрболат, Зәмзагүл, Мейрамгүл, Нұрлыбек, Нұргүл, күйеу бала Орынғали, келіндер Ұлжан, Мөлдір, немерелері мен жиендері Айнұр, Гүлнұр, Айымкүл, Гүлмира, Еркінбек — барлығы да жас ұрпақ тәрбиелеу жолында еңбек етіп келеді. Бұлардың ішінде Нұрболат — Ырғыз аудандық, Нұрлыбек Мұғалжар аудандық білім бөлімдерінің басшылары екендігін ерекшелеп айта кетудің еш әбестігі жоқ деп ойлаймыз. Марқұм Ерболат ағамыздан бастап еңбек жолының басталғанына 6 жыл ғана болған Еркінбекке дейінгі әулеттің үрім-бұтақтарының ұстаздық қызметтегі жалпы өтілдері 383 жылды құрайды екен!

«Бір ұл тәрбиелегенің — бір азамат тәрбиелегенің, бір қыз тәрбиелегенің — бір отбасы тәрбиелегенің» деген нақыл осы әулетке арналып айтылғандай. Расында, «ұстаздардың ұстазы» атанған Мейірхан Жүсіпов пен зайыбы Бибізада Кәдірбаеваның ұрпақтары — балалары мен немерелері әулетте қалыптасқан ізгі тәрбие үлгісін, өрісті өнегені лайықты жалғастырып, ұрпақтар сабақтастығының тамаша дәстүрі алдағы күндерге қарай көш-керуенін түзеп, шеру тартып барады. Осынау жарқын дәстүрдің келешегі көрікті бола түскей!

 

                                                                                          Рахымжан ӨТЕМІС,

                                                                                                  Ырғыз ауданы.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button