Құқық

Сот жүйесіндегі жаңашылдықтар – электронды сот ісін жүргізуге көшу

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотын электрондық жазбаны мейлінше кеңінен қолданып келе жатқан мемлекеттік мекемелердің ішіндегі ең үздіктерінің бірі десек, еш артық айтқандық болмас, өйткені бүгінгі күні қарапайым бұқара халық бұрынғыдай сот мекемелерінің табалдырығын тоздырмай, кез келген өзіне қалаулы уақытта электронды интернет жүйесі арқылы өз істерінің қай сатыға келгенін, оларды қарау тәртібімен және сотқа келмей-ақ өз арыз-шағымдарын тіркеуге мүмкіндіктері бар.

Бүгінгі күні сот жүйесіндегі жаңашылықтардың бірі электронды талап-арыз сотқа Электронды Үкімет порталы арқылы (www.egov.kz) беріледі. Ол үшін арнайы берілген үлгіні толтырып, жауапкердің тіркелген немесе тұрғылықты мекенжайы бойынша аудандық (қалалық немесе оларға теңестірілген) сот таңдалып, арыз мазмұнын, істің дәрежесін және мемлекет баж салығының көлемін көрсету қажет.       Үлгіні толтырған соң, талап қоюшы электрондық құжат нысанында талап-арыздың және құжаттардың басқа да көшірмелерін қоса тіркеп, талап-арызға өзінің электронды-сандық қолтаңбасын (енді – «ЭСҚ») қояды, одан соң талап-арыз  сотқа жолданады. Бұл электрондық нұсқада берілген талап-арыз сотқа жіберілген соң, бірер минутта (шамамен 20-30 минут ішінде) ол тиісті сотқа түсіп, тіркеуге алынады. Осы талап-арыз тиесілі сотта тіркелген сәтте, талапкерге (немесе арызданушыға) электрондық бақылау жүргізуге логин мен пароль беріледі, яғни оған жолданады.

Еліміздің Жоғарғы Сотының ресми сайтында осы логин мен парольді енгізіп, іспен ыңғайлы таныса алады. Электрондық талап-арыз көшірмелерін тіркегеннен кейін ол сотпен қаралып, қабылданғаны немесе кейін қайтарылғаны туралы хабарлама арыз иесіне электрондық портал арқылы немесе SMS хабарлама арқылы ескертіледі. Сонымен қатар бәрімізге белгілі еліміздің осы барлық соттарында 2013 жылдың 1 тамызы мен 31 желтоқсаны аралығында аталған іс жүргізу бойынша электрондық бақылауды енгізу бойынша пилоттық жоба қолға алынған болатын. Оның негізгі мақсаты, сот істері мен материалдарға қатысты сот ісіне қатысушыларға ақпарат алуға ыңғайлы бірыңғай және біртектес механизм құру болып табылды.

Электронды бақылау жолымен іс жүргізу бұрын Республика сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпаратты талдау жүйесі (БААТЖ), ал 2015 жылғы қыркүйек айынан бері «Төрелік»  ақпараттық жүйесі тұтас бағдарламаның сот істері бойынша мәліметтерді автоматты түрде ұсынуға халыққа жақсы мүмкіншілік туғызып отыр және оларды қолдану әдісі де аса күрделі емес. Осы электронды интернет-ресурстары арқылы сот істері бойынша құжаттарды көру және алу үшін, сот ісіне қатысушыларға кез келген мәліметті алу үшін рұқсат беретін пароль ұсынылып, ол автоматты түрде алушыны қамтамасыз етеді. Бұдан кейін сот істері мен материалдар бойынша деректерге қол жеткізу осы мүдделі азаматтар тіркеліп, оларға тіркеу-бақылау карточкасы берілген уақыттан кейін басталады, ал  осы жердегі ең басты талап осы жүйені пайдаланушы адамда «ЭСҚ» міндетті түрде болуы керек.

Кез келген Қазақстан Республикасының жеке сәйкестендіру номері бар азаматы осы «ЭСҚ»-ны алуға және қажетті жерінде оны пайдалануға құқылы. Қазақстандағы және әлемдік «ЭСҚ»-ны пайдаланудың тәжірибесі көрсетіп отырғандай, оның жасанды көшірмесін жасау мүмкін емес, себебі «жабық кілт» құпия сақталады және оның мәліметтері тек иесіне ғана белгілі болады. Одан басқа ешкім электрондық қолмен құжатқа қол қоя алмайды.

Сөз соңында біздің айрықша айтқымыз келгені, осындай үдерісті және қарқынды даму жолында еліміздің ары қарай қарыштап дамуы үшін электронды модельге көшу біз үшін де және ел үшін де аса қажеттілік деп есептейміз. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол» атты халыққа арнаған Жолдауында «интеграциялық заман талабына сай Қазақстан елін құруымыз керек және сол жолда елдің бүкіл азаматтары жақсы атсалысып, оған өз үлестерін әрдайым тигізуі қажет» делінген болатын.

  Ш.ҚАДЫРОВ,

 Ақтөбе гарнизоны әскери

сотының төрағасы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button