«Мәңгілік ел» идеясы — жастардың көзімен

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық тойына арналған түрлі шаралар жыл басынан жер-жерде өткізіліп келеді. Соның бірі — кеше Ақтөбеде ұйымдастырылған Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясын қуаттаған және оны талқылауға бағытталған «Мәңгілік Ел — болашағы біртұтас ұлт» атты аймақаралық патриоттық форумы. Ауқымды шараға республиканың әр түкпірінен 300-ге жуық қатысушы жиналды.
Тағзым ету арқылы тәрбиелейді
Облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы мен «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің жергілікті биліктің қолдауымен өткізген аймақаралық шарасы мемлекетіміздің мерейлі мерекесі қарсаңында арнайы қолға алынған. Көршілес Ресей Федерациясының Орынбор облысынан бөлек, Атырау және Қызылорда өңірінен делегаттар шақырылған форумға Ақтөбенің барлық аудандарынан да өкілдер келді. Мұндағы мақсат — өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды кеңінен сіңіре отырып, оларды ата-баба ерлігін мақтан тұтуға, ешқашан ұмытпауға шақыру. Ұйымдастырушылар сол арқылы Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясын насихаттап, жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруды және мақсат еткенін айтады.
«Мәңгілік ел — ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді. Ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу шыққан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыға түсіп жүргенін естіп жүрмін, біліп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар етіп ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол — Мәңгілік Ел идеясы».
Н.НАЗАРБАЕВ.
Форумның шымылдығы Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Әлия Молдағұлова ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен ашылды. Онда алғаш боп сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Айбек Көпенов жиналғандарды келе жатқан атаулы мерекемен құттықтап, артынша форумға қатысты лебізін білдірді:
— Осы жыл барша қазақстандықтар үшін ерекше жыл. Өйткені Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтіп жатырмыз. Қаңтар айынан бастап көптеген шаралар соған арналып отыр. Бүгінгі шара — «Мәңгілік Ел — болашағы біртұтас ұлт» атты аймақаралық патриоттық форумы сол кешенді жұмыстардың жалғасы деп білемін. Тәуелсіз еліміздің құндылықтарын жастарға дәріптеу, осы 25 жылдағы жетістіктерді кеңінен айшықтау үшін өткізіліп отырған форумның қатысушыларға берері көп болады деп ойлаймын. Еліміздің абыройын асқақтататын шараларда осылай кездесе беруге жазсын, — деді ол.
Сондай-ақ, салтанатты шарада «Қос Шынар» — Әлия-Мәншүк» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес те пікірін білдіріп, облыс басшылығының ел егемендігінің 25 жылдығына айрықша көңіл бөліп отырғанын, бүгінгі басқосу соның айқын көрінісі екенін баса айтты. Оның сөзінше, Тәуелсіздік — қастерлі һәм теңдессіз құндылық, оны ештеңемен де салыстыруға болмайды. Соны, әсіресе, енді өсіп келе жатқан ұл-қыздар жете түсінуі керек.
Осы форумның өтуіне мұрындық болған ұйымдастыру алқасы қатысушылардың алдымен Әлияның ескерткішінің алдына жиналуы тегіннен-тегін емес екенін тілге тиек етеді. Олар кейінгі буынға көп сөзден гөрі, ерлікпен қаза тапқандарға тағзым ету арқылы ғана үлгі-өнеге беруге болатынын алға тартады.
Форумға келгендер «Мәңгілік алау» мемориалдық кешеніне де барып, гүл шоқтарын қойды.
«Мұны көріп өскен жастар…»
Үш облыстың әрқайсысынан онға тарта қатысушы жиналған топта негізінен патриоттық клубтардың төрағалары, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және белсенді жастар бар. Олар форум аясында «Мәңгілік Ел» идеясы бойынша пікір алмасып, соған қатысты өз өлкесінде өткізіліп жатқан шаралар туралы баяндап, өскелең ұрпақтың бойындағы отансүйгіштік сезімін арттыру жолдарын өзара талқыға салады. Сол мақсатпен Ақтөбеге келгендердің бірі — Қызылорда облыстық «Ерлік» үйлестіру кеңесінің төрағасы Қайраддин Баймаханов. Сыр өңірінің тумасы мұндай шаралардың маңызы туралы айтып берді.
— Бүгінгі таңда кейбіреулер «Жастардың бойында елжандылық жоқ, олар өзімшіл» деген пікір айтады. Бұл — қате пікір. Рас, кейінгі ұрпақ біздің кезіміздегідей емес, олар сәл басқаша. Бұған, бір жағынан, нарық заманы әсерін тигізбей қоймады. Және өзге елдер мәдениетінің, таным-түсінігінің әсері бар. Бірақ, әр заманның өзіндік талабы болатынын да ұмытпайық. Осы тараптан келгенде, жастарымыздан тек жақсылық күткеніміз дұрыс сияқты. Оған сіз, біз, қоғам болып жұмылып, олардың жақсы азамат атануына себепші болуымыз тиіс.
Ең бастысы, «Тәрбие — тал бесіктен» демекші, жас кезінен дұрыстап бағыттай білсек, осындай шараларды көптеп ұйымдастырсақ, бұның соңы қашанда сәтті болады.
Меніңше, бүгінгідей шараларды көріп, оған белсене қатысып өскен жастар түбінде жаман болмайды, — дейді Қайраддин Баймаханов.
«Ер бақыт» спорттық-патриоттық клубының төрағасы Марат Қойлыбаевтың да пікірі осы тақылеттес.
— Бұл маңызы зор шаралардың бәрі деп есептеймін. Жастардың бойындағы отансүйгіштік сезімін одан сайын арттыруға бағытталған шараның қай жағынан да сүйсінерлік тұсы көп. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған форумның аймақаралық деңгейде өткізілуі құптарлық деген ойдамын. Және бұл келешекте де жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болатынына сенімім кәміл, — дейді ол.
Облыстық үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының төрайымы Айгүл Дүйсенова жыл соңына дейін осы мазмұндас шаралардың әлі де ұйымдастырылатынын сөз етті. Оның ойынша, бұл аймақаралық әріптестік һәм байланысты да нығайтуда зор рөл атқармақ.
Елбасы бастамасын дәріптейтін басқосу
Гауһар Шерниязова,
облыс әкімі аппараты жанынан құрылған «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы:
— Менің ойымша, Қазақстан халқының біртұтастығын, болашағының жарқын екенін айқындайтын шара, әсіресе, жастарға керек-ақ. Батыр ескерткішінің маңында гүл шоқтарын қою рәсімінің өтуі де біле білген адамға ерекше үлгі.
Елімізде 130-дан астам ұлт өкілі тұрады. Олардың ұлты әртүрлі болса да, бәрі бірауыздан «Біздің ұлтымыз — біреу, ол — қазақстандық» дейді. Осының өзі біздегі тату-тәтті тіршілікті айғақтайды деп ойлаймын. Осындағы әрбір жас сол бейбітшілікті, көпұлтты Қазақстанның саясатын қолдап келіп отыр. Бұл, сөзсіз, Елбасының бірегей идеяларының арқасы.
Медет Ерниязұлы,
Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы:
— Біздің ауданнан аталған форумға арнайы он адам келіп отыр. Олардың жасы, қызмет ететін саласы әртүрлі: жұмысшы қыз-жігіттерден бастап, белсенді оқушыларымызға дейін бар. Барлығының мұраты бір — патриот замандастарымен ой бөлісу, олардың тың бастамаларын өз өлкемізде іске асыру. Айналып келгенде Елбасы бастамасын дәріптейтін бұл басқосу жастардың бойындағы отансүйгіштік қасиетін арттырады деп ойлаймын.
Алмат Тойманов,
Ақтөбе қаласындағы №23 мектептің оқушысы:
— Қазақстанның 25 жылдығына арналған шараға қатысып отырғаныма, өзім секілді ұл-қыздарды көріп, олармен танысқаныма қуаныштымын.
P.S. Алаш елі азаттық алғанына 25 жыл толуы қарсаңында Елбасының «Мәңгілік Ел» идеясын кеңінен түсіндіру үшін ұйымдастырылған форум осылай өтті. Әр жерден келген жастар ел Президентінің Мәңгілік ел құрудағы бастамасы да сәтті жүзеге асатынына сенім білдіріп тарқасты.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.




