Жастықтың жетпіс мезеті
Облыстық көркемсурет және сәндік-қолданбалы өнер музейінде жастар арасында Ақтөбе қаласының 140 жылдық мерейтойына арналған көрме өткізілді. Жас талап суретшілердің қаламына жел беріп, қиялын көкке шарықтатқан бұл байқауға 7 арнаулы орта және жоғары оқу орындарынан, қала мектептерінен 14 пен 29 жас аралығындағы буын қатысты. Шараны ұйымдастыруға мұрындық болған — қалалық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша «Ақтөбе облысының студенттер Альянсы» қоғамдық бірлестігі.
Көрмені тамашалауға келгендер жастардың жұмыстарына сүйсіне қарады. Ақтөбенің әсемдігін әспеттей көрсеткен шығармалары олардың отансүйгіштік сезімдерінің жоғарылығын аңғартты. Қорытынды шарада байқауға қатысып, кескіндеме, сызба, сәндік-қолданбалы өнер номинациялары бойынша оза шауып, бәйге алғандар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Әр номинацияға үш орыннан белгіленіпті.
Сәндік-қолданбалы өнерден гуманитарлық колледж студенті Кәмила Айтуғанованың шытыра-моншақпен жасаған «Дастархан», ал кескіндемеден көркемсурет лицейінің оқушысы он төрттегі жас дарын Аят Байқазақовтың «Гүлдене бер, Ақтөбе», сызбадан гуманитарлық колледж студенті Нұрбану Мусинаның «Түрлі-түсті сызба» жұмыстары өз номинациялары бойынша бірінші орындарды жеңіп алды.
Байқауда қазылар алқасының құрамында болған Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, суретші Әділғали Баяндин жас таланттардың суреттері туралы өз ойын жеткізді:
— Байқауға 70-ке тарта жұмыс қатысты, бұл жастардың белсенділігін, өнерге құштарлығын көрсетеді. Жалпы өнерге ешкімді күштеп келтіре алмайсың, өзінің жүрек қалауымен болатын шаруа. Мені, әсіресе, көркемсурет лицейінде оқитын балалардың талаптары қатты қуантты, оқу орындарында кәсіби білім алып жатқан студенттердің де ішінде дарындылары көп. Жалпы мұндай байқаулар керек-ақ, жас талаптардың қарым-қабілетін арттырады, қызығушылығын оятады. Болашақ Әбілхан Қастеевтер жас дарындардың ішінен шығады ғой. Осы саланың маманы ретінде жастарға көңілім толды, олардан үмітім зор.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.




