Әлеумет

Балабақша базары енді қызады

— Өкінішке орай, Қазақстанда балалардың мектепке дейінгі мекемелері олардың 36,5 пайызын ғана қамтиды. Балалар бақшаларына сұраныстың болуы қуанышты. Демек, елімізде бала туу өсіп келеді. Менің шақыруым құп алынған ғой, бірінші бала, екінші, үшінші және төртіншілері туғанда көрсетілетін мемлекеттік көмек те — сондай арнада. Кеңестік кезеңде барлық балалар бақшасы  мемлекеттік меншікте болды, ал біздің алғашқы «жекешелендірушілер», сол кездегі үкімет оларды таратып берген немесе сатқан, біз енді бүгін  бәрін қайтадан құруға мәжбүрміз.

Айта кетейік, дамыған елдерде ата-аналар мемлекеттің алдына балалар бақшалары туралы мәселе қоймайды. Бұл — бизнес жұмысының тақырыбы. Біздің бизнес мынадай сұраныс жағдайында  бұған неге назар аудармайды?

…Мен Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып, осы проблеманы шешу үшін біздің міндеттерімізді нақты айқындауды тапсырамын.

Осы жылдың 13 қарашасында тікелей тележеліде  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың балабақшаға қатысты сұраққа берген жауабынан:

Елбасы көтерген балбақша  мәселесі бойынша  облыстық деңгейде  нендей істер қолға алынып жатқанын білу ниетімен облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Әкімгерей Көшербаевқа бірнеше сауалды көлденең тартқан едік.

— Елбасының елмен тікелей желіде  болған әңгімесінде балабақша мәселесі сөз болды. Осыған байланысты облыс көлемінде  атқарылар шаруаның жобасы жасалды ма?

— Елбасының сөзінен кейін бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналып отырған мектепке дейінгі мекемелерге байланысты мәселені шешуге деген құлшыныс күшейе түсті. Үкімет те, Білім және ғылым министрлігі де, облыс әкімшілігі де осы  мәселеге қатты назар аударып отыр. Облыстық деңгейде  көп шаруалар қолға алынуда. Балабақшаға деген сұраныс өте жоғары, мұны бүгінгі күннің толғағы жеткен мәселесі деп қарауға болады. Сондықтан бұл әңгіменің жөні бөлек.

Жалпы 1991 жылы Ақтөбе облысында 438  балабақша болған. Қазір  376 мектепке дейінгі ұйым бар, оның 182-сі — балабақша, қалғаны — шағын орталықтар, Балабақша санын одан әрі көбейту жағын қарастырудамыз. Биыл 22 балабақша 18 шағын орталық, барлығы 40 мектепке дейінгі мекеме іске қосылды, сөйтіп 1755 балдырғанның жолы ашылды. Жыл аяғына дейін 4 балабақша және  мектеп жанынан 9 шағын орталық ашылады.  2009 жылдың аяғына дейін балалардың  64,7 пайызын қамтиды. Қазақстан Республикасы бойынша орташа көрсеткіш  36,5 пайызды қамтитын болса, біздің облысымыз бұл мәселеде алдыңғы қатардағылардың бірі. Облыс бойынша 10400 бала бақшаға кезекте тұр.

1991-97 жылдары  балабақшалардың жабылуына байланысты бөтен қолға өтіп кеткен 300-дің үстінде балабақша ғимараты  бар, облыс бойынша 28-і кері қайтарылды. Ақтөбеде балабақшаны көптеп салуды ойластырып отырмыз. Өйткені қала тұрғындарының саны көшіп келушілер есебінен көбейіп келеді. республикалық бюджет есебінен 2010 жылы — 4, 2011 жылы —  5, 2012 жылы — 5 балабақша салу жоспарланып отыр. Республикалық жоспарда бұл қаралған.

— Елбасы  «Бұл — бизнес жұмысының тақырыбы» деді.  Бизнес — қоғамдастық өкілдерімен кездесіп, бұл мәселені талқылап жатқан боларсыздар?

— Әрине, Елбасымыз айтқандай, бизнес  өкілдерінің ішінде де елім дейтін азаматтар баршылық. Кейбіреулері жақсылық жасай білсе де, атын дабырайтып жарнамалағанды сүймейді.   Олар бұл іске құлшына атсалысады деп ойлаймын. Жыл аяғына дейін екі бизнес мекемесі  «Ақтөбе-центр» және «Емшан» әрқайсысы 60 орындық  2 балабақшаны пайдалануға береді. Жалпы балабақша ашуға ұсыныс білдіріп жүрген бизнесқұрылымдар жоқ емес.  Америкаға барған сапарымызда  үйлердің  бірінші қабатында орналасқан, ауласы бөлек балбақшаларды көріп таң қалғанымыз бар. Несі бар, бізде ауласы , барлық жағдайы бар бос тұрған коттедждерде де балабақшалар ашуға болады. Басқа мүмкіндіктер де қарастырылады.

— Болашақта 25 не 200, одан да көп орындық балабақшалар жапатармағай ашыла қалған күнде оның қызмет сапасын, санитарлық жағдайын қадағалау қиынға түспей ме?

— Балбақшалар көптеп ашылып жатса, қуанарлық, құптарлық жағдай деп ойлаймын. Бақылаудан шығып кететіндей ештеңесі жоқ сияқты. Бәрі алдын ала тексеріледі, құжаттары дайындалады. Бұрын жаңадан салынып жатқан үйлердің бірінші қатарынан балабақша ашқымыз келгенмен,  «Санитарлық нормаға сәйкес келмейді» деген себеппен бұл іс шешімін таппай жүр еді. Жақында облыстағы әлеуметтік салалардың орынбасарлары қатысқан үлкен жиналыс өтті, сол жолғы ұйғарым  бойынша Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Ақтөбе облыстық департаменті Денсаулық сақтау министрлігіне хат жолдады, жуық арада жаңа ережелер қолға тиетін болар.

—  «Тәрбиешілер жоқ» деді Президент өз сөзінде. Ақтөбеде мектепке  дейінгі  мекемелер үшін мамандарды даярлайтын оқу орындары жеткілікті тәрізді, олардың түлектері  әлде аздық ете ме? Тәрбиешілерді оқытып алуды жоспарға енгіздіңіздер ме?

— Шынында педагог мамандарға зәру емеспіз, бірақ мамандар жетіспейді  деп ақпар беруге  мәжбүрміз.  Өйткені балабақшаларда жұмыс істейтін  тәрбиешілердің  көбі педагог болғанымен, мектепке дейінгі мекеме маманы емес.  Әрине, олардың білімін жетілдіріп, арнайы курстардан өткізіп отырмыз. Ақтөбеде педагог мамандарға тапшылық сезілмейді,  қазірдің өзінде мектепке дейінгі мекемелерге  қанша маман қажеттігі есепке алынып отыр. Республикадағы 5 пеадгогикалық институттың бірі — бізде, Әлия Молдағұлова атындағы гуманитарлық колледж, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті бар, мамандарды үзбей даярлауды қолға аламыз. Жеке оқу орындары педагог мамандардан гөрі заңгер, экономист, т.б. мамандарды дайындауға көбірек көңіл бөліп кетіп еді, қазір бетбұрыс бар. Сондықтан бізге тәрбиешілер табу жағы қиындық туғыза қоймайды деп ойлаймын.

«Қалада 7 мың бала кезекте тұр»

Халық көп шоғырланған қаладағы ахуал бәрінен де күрделірек. Дағдарыс жағдайында үйде қол қусырып отыратын уақыт емес, бөпесін балбақшаға беріп, жұмысына шығып кеткісі келетін  жас аналарға балабақшада орынның жоқтығы қолбайлау болып отыр. Оның үстіне бір топта 30 баланың болуы да ата-аналарды қынжылтады, тәрбиешінің әр балаға уақыт бөлуге мүмкіндігі жоқ әрі балалардың емін-еркін ойнауына бөлмелер тарлық етеді деп есептейді. Осы мәселе туралы қалалық білім бөлімінің бас маманы Клара Талаева былай деп жауап берді:

— Қалада 43 мектепке дейінгі ұйымдар бар. Оның 39-ы — балабақша. Бесеуі —  мектеп-балабақша.  «Рауан», «Дарын», «Сымбат», «Аманат»  сияқты  жекеменшік  балабақшалар бар . Осы мекемелерде  11775 бала тәрбиеленуде.

Жеті мектеп жанындағы  жарты күн жұмыс жасайтын шағын орталықтарға 209 бала барады.

Балабақшалардың екеуінен басқасы типтік үлгідегі ғимараттарда отыр. Оның бірі — №13 «Бөбек» балабақшасы , бірақ биыл ол да «Жол картасы» бойынша күрделі жөндеуден өткізілді. Ауласы кеңейтілді. Екіншісі — Кірпішті ауданындағы № 23  балабақша.

№40 мектептің ғимараты босады, жоспар бойынша күрделі жөндеуден өткізілгеннен кейін , балабақша ретінде бүлдіршіндерге есігін қайта ашады.

№ 5 шағын аудандағы «Жылжымайтын мүлік орталығы» отырған балабақша ғимараты қайтарылды, ол  да бұрынғыша бүлдіршіндерге қызмет ететін болады.

Облыстық білім жетілдіру институты отырған ғимарат та босайды. 11-шағын аудандағы «Кәусар бұлақ» балабақшасы орналасқан ғимараттың бір жақ бөлігінде  емхана қоныс тепкен, ол мекеме де келешекте  көшіріледі.  №18 «Гауһар» балабақшасы ғимаратының бір қанатында «Ақтөбе су шаруашылығы» мекемесі отыр, ол да басқа жерге қоныс аударады. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық» мекемесі көшіп кетті, ол бұрын №22 « Балдырған» деген мектепке дейінгі ұйымның үйінде болатын, мұндағы үш топтың үстіне тағы үш топ қосылады. Ал №31 «Күншуақ» балабақшасында қазір 2 топ жұмыс істейді, жыл аяғына дейін 7 топ қосылады.

Қала бойынша кезекте тұрған 7 мың бала бар. Балабақшаға деген сұраныстың жоғары екенін осыдан-ақ көруге болады. Кезекке тұрғысы келетін ата-аналарға мынаны айта кетсем деймін: Балабақшаға кезекке тіркеу аптасына бір күн  (жұма күні) жүргізіледі. Алтынсарин көшесі, №2 үйде, сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін

Қарапайым халық үшін  мемлекеттік балабақшалар бар, күніне 330 теңге төлейді, бұрын 300 теңге еді. Тек баланың бақшаға барған күніне ғана төлейді. Тіпті аз қамтылған отбасылар, жағдайы қиындау ата-аналар үшін де  ақысыз топтар ашылған балабақшалар бар. Олар: №6 «Орман ертегісі» және №24 «Аққу». Ондағы «Үміт» топтары ақысыз, тегін,  жетім немесе аз қамтылған, жағдайы ауыр отбасылары кішкене тұрмысын түзеп кеткенше, балаларына қамқор болады. 3-6 ай көлемінде қызмет көрсетеді. Кейін кәдімгі балабақшаларға ауыстырылады.

Ал жеке балабақшалардың ішінде «Рауанда» экономтоптар — 15 мың теңге.

Балбақша топтарында баланың көп болу себебін ел түсінеді деп ойлаймыз, бәріне де орын керек, бұл мәселе тек балбақшалар көптеп ашылса ғана шешімін табады. Елбасы қозғап отырған мәселеден қорытынды шығары сөзсіз.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button