Біз — жаралған мәңгілік сағынуға Аспандықтармыз…

* * *
Құмсай. Ембі. Қараша айы.
Қаздар алыс кеткен ұшып.
Оралуға — Көктем үшін.
Қаудырлаған жапырақтар,
оларға — ажал жеткені шын.
Ауа суық. Топырақ та.
Гүл өспейді. Ай туады.
Келетінім — айтылады.
Әжем. Әкем. Апам. Бәрі.
Ақ құманға шәй тұнады.
Күтті ме олар? Күтпеді ме…
Қараша мәз — біткеніне
қара суық. Қар жауады!..
Сан сұраққа — Сан жауабы.
Қар жауады… Қар жауады.
Жұмбақтарды Жерде мүлдем —
жоқ болғасын көрген, білген.
Қарашада. Кешкі алтыда.
Жан боп ұшып келгенмін мен…
* * *
Қамағандай торға киік лағын…
Торғай түсті — құрып қойған қақпанға.
— Жазамыз да жібереміз тұрағын,—
деді ағам босатып ап жатқанда.
«Ұшсам!» — деуші ем. Айналсам ғой бар елді!
Жүрсем зырлап төбесінде гүлдердің!
…менің Құс та болғым келмей қалды енді,
Ол түсетін қақпан барын білгенде…
1984 жыл.
* * *
Сыртта — жаңбыр. Үйде — мен.
Әйнек бөліп тұр бізді.
Сәл мұңдылау күйге енем.
Күз — Күздігін білгізді…
Сыртта жаңбыр жылайды.
Жел-құшаққа тұншығып.
Жылайды да құлайды —
кеудеде көп Үн сынып…
Сыртта — жаңбыр өксігін
баса алмайды… Қинайды.
Шылқытып Жер көпшігін
жас төгеді, тыймайды…
Сыртта — жаңбыр.Үйде — мен…
* * *
Ақшамда барлығы басқа күй кешеді:
аула да — кішкентай боп қалған.
бірдеңе айтуға оқталған
бір сәтте басымнан көп ойлар өшеді —
ағам жасырып тартатын темекідегі шоқтардай.
Біреуден қашқандай қапылып,
Күн де үйдің артына тығылып —
біресе кішіріп, біресе шардай үріліп,
қарап ап маған бір, ақыры
құлайды біздегі құмдарға жығылып.
Түн келсе, қып-қысқа сызықтар
жыпырлап, біріне-бірі кеп құлайды.
Олар да құмар-ақ көруге тірі Айды.
Біп-бірдей барлығы бірігіп —
Жұлдыздар дегенді құрайды.
Іңірде — жоқ іздеп қол шамдар.
Көшеде :
— Ал бізден сендерге кім керек?
Көзімді жұмам да мен сонда —
Көктен бір шығам Дөңгелеп.
Дөңгелеп…
1985 жыл.
ххх
Жүрегім жадау.
Ақ арман —
күңгірт тартты. Көңіл — сыз.
Өтіп жатыр өзіңсіз.
Күндер мынау көңілсіз.
Жылтырай ма Таң алдан?..
Кейде бәсең,
Кейде асқақ —
Өмірде мың күйге еніп,
жазықсыз да кірленіп,
көкірегімде жүр ме — Елік,
жанарына мұң жастап…
Алыстау қалды Арқа жақ.
Айға да сенім ортайып…
Ашуы бөлек бол Қайып,
Ғайыптан өзге жол тауып,
Әкетер ме екен қалқалап…
Әкетер ме екен…
* * *
Тәңір бар екен! Жүргендей мен бір жат елде…
Жаныма қолын созды ғой бүгін Әкемдей!
Бірге кірейінші — есіктен сендер кіретін.
Бірге жүрейінші — қуанышта да, қатерде.
Сендер де менсіз өзгеше азап шеккендей.
Қарсы алыңдаршы — сүймей де мені, жек көрмей!
Есіктен шыққам — елі үшін еңірер Ердей боп.
Көшеден қайттым — оқ тиген жалғыз кептердей…
1987 жыл.
* * *
…жаңбырдан кейінгі Сәтті — ұнатам,
Терезе жақтауына тамшылар тізіліп қалатын.
Ақ көйлек киетін Шақты — ұнатам,
Алыстан көрген жан қызығып қалатын…
Аспанның сәл Түнеріңкі қабағын — ұнатам,
Сені сағынғанымды еске салатын…
Әппақ қаланың қап-қара жанарын ұнатам.
Түбінде — мен болып бір Жарық жанатын…
Біреуге — Күндеймін, Түндеймін.
Ал сен нені ұнатасың?
Білмеймін…
* * *
…ақ қағазда — Өлең қалды көкпеңбек.
Қоңыр үстел — Жер боп мұңын көтерді.
— Сенен бұрын Құрбан болып кеткем… деп,
бір қарындаш тұқылы ұзақ жөтелді.
Шүберек гүл — неткен аяр! Сол күндеп…
Құты ішінде өз ойынан — күл талқан.
— Осы сені қайдан өзі көрдім?.. деп,
маған қарап, мазасы жоқ Түн де аң-таң…
Саған ғана сыр айтушы ем жасырмай.
— Сәлем!.. деші керуеннен… Кіреден.
Жарым түнде — жалғыз Ғарыш тасындай!
Жаным болып барады ағып бір Өлең…
* * *
Жақын маған бәрінен — Жаңбырлы түн.
Айта алмайды бұл түні — тағдыр да үкім!
Қашып, қашып тығылған жұрт — үйіне.
Су, су болып тұрамын —
Жалғыз. Бүтін.
Мүмкін, мөлдір болмасам сүймес едім…
Тамшысымен Тамшыдай үйлесемін!
Мен, әйтеуір, сол түні бар мұңымнан
арылғандай Алапат күй кешемін!..
Күйдіре алмай күн тағы жалаңдады.
Менің жаным Қырларға алаңдады:
құрғақшылық жетсе, егер, бір мекенге —
қатыгездеу болғаны-ау адамдары…
* * *
Жауың көп пе — жүрегіңе өшіккен?
Досың көп пе — жылан кірер тесіктен?
Тәңіріңді көргендей — сағынған.
Тағдырыңды көргендей — кешіккен…
Жалт қарадың жаныңа шоқ басқандай!
Мен — жәй ғана кіріп келген едім ғой…
Есіктен.
Сосын өртпен — көне алмаған, көнбеген!
Сосын дертпен — жеңілмеген, жеңбеген:
жалғыз адам — мен секілді Жердегі,
жалғыз ақын — мен секілді өлмеген,
жанұшыра тағы неге қарадың?..
Мен — жәй ғана шығып кеткен едім ғой…
Бөлмеден.
* * *
Ертең — тағы көрмейді енді қала Күн.
Ол да — Есімдей өзің жаққа ауатын.
Мен — бір шөкім Бұлтқа айналып барамын.
Мұңдарымды жинап алып жауатын…
Бүгінгі Түн — бетін тосып Жаңбырға.
Шешіп қойып, ұмытқандай сағатын.
…Сен айналып кеттің бе екен Тағдырға —
бұлтты күні Көрінбестен қалатын…
Мен де бір қыз — өңі қаяу, көзі мұң.
Сені жұтқан көше күлді:
— Тууу!.. десіп.
Қолшатыры үйде қалған Сезімім —
бара жатыр жалаңаяқ су кешіп…
1990 жыл.
* * *
…мына Күн — қызық: тек Сені
сағынтып барып — батады.
Сағынтып барып — шығады.
Түн де өзі жынды секілді:
мұңайтып барып — түседі.
Ойлантып барып — кетеді.
Таңның да есі ауған ба?
Жылатып барып — атады.
Жұлдыздардың да қатары —
Жүдетіп барып молаяр.
Барлығы — Сені түсініп!
Ал мені — бірі жоқ аяр…
* * *
Кім білген…
Ай шығармын — Жерге түскен?
Аспани бір мұңым бар. Өртеді — іштен.
Шаршаған да шығармын — адамдардан,
ақынынан келетін пендесі үстем…
Бәлкім, бәрі іздеген Арман да — өзім?
Бәйтерек те, емен де салған көзін.
Бұл — Сенің шындықтарға Шындық кезің.
Бұл — Менің жалғандарға Жалған кезім…
Жанымды малдым бүгін тағы да уға!
Бұл удан болмайды енді арылуға…
Бірін-бірі күтетін басқа әлемде
Біз — мәңгілік жаралған сағынуға
Аспандықтармыз…
* * *
Ұлылықты жөн — сүйгенің. Ұсақтығыңды жеңе аласың.
Тыңдаймын да ылғи ойға батамын —
Брамстың Венгр билерін. Шуберттің — Серенадасын.
— Отаным!.. деймін тұншығып. Жердің бетінде болғаны үшін де.
Жылап жіберем мен неге, бірақ?!
Огинскийдің Полонезі мен Свиридовтың Бораны ішінде…
Жастығым, сенен баз кешіп. Мұңайсам — тағы түңіліп.
Ай сонатасын тыңдайды — адамдар.
Мен — Түнге әрең тұрғанда аяусыз жаным ілініп…
* * *
Мен — өзімдей сағынған Күз. Мені өзіндей сағынған — Күз.
Сары моншақ тағынғанбыз. Сағынғанбыз, сағынғанбыз…
Мені өзіндей көретін — Күз. Мен — өзімдей көретін Күз.
Мұңды жүрек. Мұңды жаным. Екеуміз де — Суретіңбіз…
Ақын болып елжірейміз. «Амал бар ма енді»… дейміз.
Бізге адамдар ренжи берсін, біз — адамға ренжімейміз…
Мен — өзімдей қимайтын Күз. Мені өзіндей қимайтын — Күз…
Сен — тағдыры бөлек Мезгіл. Мен — тағдырға сыймайтын Қыз…
…күлкіден бе, күрсіністен — Жасымызды тыймай тұрмыз…
* * *
Бөтеннің өртесе де жүз қарасы —
белгілі жүрегімнің сыздамасы:
мен — Күздің қызымын ғой.
Маған жақын —
жанымен, жүрегімен Күз баласы…
Мен — Түздің қызымын ғой.
Маған жақын —
Жанымен, жүрегімен Түз баласы…
Жеп-жеңіл жүре салар жолға көнбей.
Ап-ауыр өмір дейтін торға көнбей.
Ол да мендей сүйеді — Өз мекенін.
Өзге екенін біледі ол да — мендей…
Күз болар ма ем — күллі мұң ішімде өлсе?
Күл етеді ол — шүбәңнің ұшын көрсе.
Сен де мені өзіңдей түсінерсің —
мен Жоқ болып кетпесем түсінгенше…
* * *
…Жалғыздықтан — жалықпайды.
Өледі.
Жұлдыз боп, көз қарытпайды. Сөнеді:
мың жұлдызға болмаған соң — керегі.
Мың жұлдыздан болғаннан соң — Көп өзі…
Адам көрсем — өтіріктеу, өртшілдеу,
ақын көрсем — көпіріктеу, көпшілдеу,
Ей, Жалғыздық!
Сені ғана Сүйіп өткім келеді…
* * *
Қызғалдақтың — даласы бар.
Гүлзар бақтың — қаласы бар.
Өз ортасын таба алмаған —
менің Жаным аласұрар…
Адамдардың — ауылы бар.
Алаңдардың — қауымы бар.
Қайда менің өз Отаным?
Жүрегімді тауып, ұғар…
Дос біледі. Ол — ғапылдан.
Жау күледі — жақыннан.
Ақын:
— Қоғам! Ортам!.. дейді.
Мен шошыдым ақыннан…
Айдалаға қашқан шынар —
талдар шымшып, тастар сынар.
Аспан шығар — менің Елім?
Менің елім — Аспан шығар…
…көп қарайды маған Көпсіп.
көк қарайды маған Көксіп.
— Өлесің ғой… дегендерге,
— Өлеңмін!.. деп барам —
Өксіп…
* * *
…ішсем бе бүкіл тауысып Шықты?
Өзгертер ме екен қалпын Мұң…
Көктемім Күзге ауысып.
Бітті…
Ақтөбе — сенсіз. Салқын — күн…
Жаңбыр да мынау. Кешігіп мендей.
Жоқтығыңды айтып — жылайды.
Жанымды сенен көшіріп келмей,
өткізем қайтіп бұл айды?..
Бір торғай көктен шошынбай қонса.
Сүйер ем құшып бетінен!..
Көктемнің бәрі осындай болса —
Келмесінші енді…
Өтінем…
* * *
Жер де емес — жететін жәй аттап.
Кітап та емес — жазылған шет тілде.
Жүрегім ғой жаураған…
Ай әппақ
көрінері сол адамға — тек түнде.
мұңның түсі қара емесін кім білген:
сәулелі әлем — оған лайық. Қоғамға — ар.
Кеудесінде шамы сөнген бір-бірден
Қараңғыдан қорықпайды адамдар…
— Мұңсыз етем!.. деп күледі бір жынды.
Біз түгілі, бұлтқа кірді кәрі Күн.
Жерге азаттық сыйлайық та мыңжылдық,
Айға көшіп кетейікші, жарығым…
* * *
Бір жапырақ — сағыныштан сарғайды.
Бір жапырақ — қызарады Күнді ішіп.
Сені де Күз бір күні алдайды —
Мұңнан сыйлап құнды ішік…
Тереземді соққылап жылайды —
Бір жапырақ өлетінін білмеген.
Сені де Күз бір күні сынайды —
Ішіңдегі мұңменен…
Көктем едім.
Жүректі ойға жеңгіздім.
Жанымды аяп еңірейді — Жер сорлы.
Қалай ғана түсінбегем!
Мен — Күздің
жапырағы екенмін ғой ең Соңғы…




