Тұлға

Фариза

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

Өлең

Дара күндерімнің,

нала түндерімнің

серігі болғаның үшін,

сенімі болғаның үшін

мен сені аялаймын.

Біреудің пасықтығынан,

біреудің жасып мұңынан

жүрегім сыздаған кезде,

жаным мұздаған кезде

мен сені саялаймын.

Біреудің күлкісін көріп,

бақыттының түр-түсін көріп,

шаттанып қалған шағымда,

жеткендей арман-сағымға,

қуаныштан дірілдеп денем,

алдыңа күлімдеп келем.

Ажалмен айқасқан сәтте

қыршын жас көз ілгенін көріп,

өткінші сезімдерді көріп,

кешегі «доспын» дегеннің,

минутта жерінгенін көріп,

кімнен өшімді аларымды білмей,

кімдерге кінә тағарымды білмей,

алдыңа лапылдап келем,

жарылуға жақындап келем.

Өмірдің өткелдерінен

қиындық көп көргеніммен,

өртеніп от басқаныммен,

өзіңмен қоштаспадым мен.

Күлкімді, жайлы күнімді,

азапты, қайғы-мұңымды

өзіммен бөліскенің үшін,

қатем мен жеңістерім үшін,

менің мынау қиындау тағдырым болып

о баста көріскенің үшін,

Өлең, мен сені аялап өтем!

1974 ж.

***

Мұқағали МАҚАТАЕВ

Фаризаға

Фариза!

Фаризажан, Фариза қыз!

Өмірде ақындардың бәрі жалғыз.

Шыдай-шыдай ақыры жалығармыз,

Бірімізден-біріміз арылармыз.

Біздерді де іздейтін жан болса егер,

Шаң басқан архивтерден табылармыз.

Сен мені білесің бе, білесің бе?

Жаралмаған жан екем күресуге.

Жылай жүріп, өтірік күлесің де.

Жүресің де қоясың, жүресің де.

Бірі итеріп кеудемнен, бірі шалып

Тастағысы келеді күресінге,

Фаризажан, сен соны білесің бе?..

Жанарымды тұманмен тұмшаладым,

Серіппесі үзіліп, тұр садағым.

Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

Қыз да болсаң, мен саған мұң шағамын.

Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім…

Ақын болып несіне жаратылдым,

Арасында қап қоймай қара түннің.

Қасиетін сезем деп Ана тілдің,

Қауырсыны қалмады қанатымның.

Қу тірлікке құл болып, аяқ басып,

Құлашымды жая алмай баратырмын.

…Момын едім, жақсы едім, ұяң едім,

Аттап өттім олардың қия белін.

Енді, міне, қауқарсыз құр ашуды,

Жия бергім келеді, жия бергім.

Мандайымнан сипаған бір жан болса,

Енді қалған өмірімді қияр едім.

Білмеймін, бұзықпын ба, жындымын ба?

Кеп тұрады телігім мұңды-мұңға.

Енді қалған өмірдің құрдымында,

Өлтірсе де көмбеймін жырды құмға!

Нөл болады деп айтам, жалтармаймын,

Көбейтсеңде қаншама мыңды-мыңға.

Айналаға қарайық анық барлап,

(Түн кеткесін, күн шығып, жарық болмақ).

Не туралы жазсақ та, Фариза ақын,

Бағыштайық бәрін де халыққа арнап…

Фариза!

Фариза ақын, Фариза қыз!

Бірімізден-біріміз арылармыз.

Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,

Подвалдағы архивтен табылармыз…

Емхана. Түн. Алматы 15.XII. 1974 жыл.

***

Ғабит МҮСІРЕПОВ

Екі ауыз сөз

Көркем сөз майданында ақынға, жазушыға, еркекке, әйелге, кәріге, жасқа деп шектеліп қойылған саржайлау да жоқ, құлазыған қу дала да жоқ. Ащы көл де ортақ, тұщы көл де ортақ. Ғарышқа дейінгі биіктік те ортақ. Жер-ананың отты жүрегіне дейінгі тереңдік те ортақ. Ерлік, батылдық, адалдық, ұяттылық, арлылық, намысқойлық сияқты адамгершілік-азаматтық қасиеттердің бәрі де ортақ. Мен қазақтың ақын қызы Фаризаны осындай асқарлардың биігінде көремін.

Сол биіктерге көтеріле беру, сол тереңдікке бойлай беру, сол адамгершілік қасиеттерді толықтыра беру — ақын-жазушының бәріне ортақ арман. Мұның екінші аты, ең дұрыс аты — адам жанындағы, адам рухындағы тереңдік.

Тегінде биік көтерілу мен тереңге бойлау деген бірі жоғары, бірі төмен тартқандай көрінгенімен ақын-жазушылар үшін оның мағынасы екеу емес, біреу: екеуі де ой мен көркемдіктің өресі әрі биік, әрі терең болуын талап етеді. Идеялық және көркемдік тұтастығы дейтініміз сол биікте, сол тереңдікте ғана тоғысады. Мен Фариза қызымызды осыны іздену жолында көремін.

Қай халықтың әдебиетін, қай кездегі әдебиетін алып қарасаңыз да, өз ішінде байқалатын қарайластары болады. Өмір ортақ, тақырыптар ортақ, күнделікті таласы да, таразысы да ортақ, арманына қарай ұмтылысы да ортақ болған соң әр дәрежедегі қарайластықтар да табиғи жайға жатады. Мен ақын Фаризаны бүгінгі поэзиямыздың ең жоғары сатысында тұрған замандастарымен қарайлас биікте көремін.

Бұдан недәуір ертерек жылдарда, жас та болса қалам ұстасының беріктігіне өзі әбден сенген кезінде Фариза атақты «Өлеңін» жариялаған еді. Ақынымыздың бұл шығармасын мен өмірлік программасы екен деп түсініп едім. Ол өлеңінде тайсалмай берілген батыл сенім оқушылардың ойында қалған болу керек. Әлденеден мұңайған кезінде, біреудің пасықтығынан жүрегі мұздаған кезде, кешегі досының бүгін жерінгенін көргенде, шын ақынның жарылып кетердей болған кезінде Фаризаның досы, сенері, мұңдасы, сырласы, атар оғы, берер дәрі-дауасы — поэзиясы болмақ-ты.

Көңілді, жайлы күнімді,

азапты қайғы-мұңымды

өзіммен бөліскенің үшін,

қатем мен жеңістерім үшін,

менің мынау қиындау тағдырым болып

о баста көріскенің үшін,

Өлең, мен сені аялап өтем! —

деген-ді.

1982 ж.

***

Әбділда ТӘЖІБАЕВ

Фаризаны оқысам, қанаттанып қаламын

Өнердің басқа салалары сияқты поэзияда да талантты ақындар сирек туады. Біздің қазақтың үлкен поэзиясының тарихы да осындай ірі ақындардан жаралған. Сондықтан да біз Абайдан басталатын халқымызға мәлім ақындарды атағанда, олардың еңбектерін әңгімелегенде, соңғы жүз жыл бойындағы қазақ тарихының белестерін, қазақ поэзиясының асарларын көреміз. Мен жасы елуге қадам басқан Фа­риза Оңғарсынованы осы тарихи тізімдегілердің қатарына қосамын.

Біздің ақындық бойымыздағы кемшіліктерімізге қарамастан, ол кемшіліктерімізді көре-біле тұра, өзімізді олқысынбаймыз ғой. Біз халқымыздың жан сырын, үміт-арманын, қуаныш-күлкісін, ызалығын, махаббатын түгел жеткізетін поэзия жасадық дейміз. Сол поэзияның соңғы жиырма жыл бойындағы ауыр жүгін аса қиын күндерде қорықпай, тартынбай көтеріскен ақындарымыздың бірі — осы Фариза.

Толқын соңынан толқын жалғасып келеді. Қазақ тілін, қазақ поэзиясын кемелдендіре беретін, оның философиялық және эстетикалық ой-сезімдерін әлемдік деңгейге теңестіре түсетін үміт-сеніміміз жастар десек, олардың алдында тұрған бастаушы жүйріктеріміздің бірі —  осы Фариза.

«Қарашы өз бойыңда түгел ме екен,

Ыстық жүрек, оң шырай, қуат пен күш» дегенді Абай кілең құлағымызға құяды да тұрады ғой. Осындай ұстаздық сөзді ол тұрғысынан — өз мінбесінен Фариза құлағымызға көп құяды. Мен оның монологтарынан адам өзіне-өзі үңілмей, өзіне-өзі төрелік айтатын болмай тұрып, адам емес екен дегенді көбірек жаттаймын.

Ұят-ұят дегеніміз — әрқайсымызды іштен тежейтін күш. Абай бізді өзімізді-өзіміз тежей білуге шақырған.

Фариза да бүгінгі қазаққа осы сабақты өзінше оқытады.

Фаризада халықтық рух бар, ол — елімен бірге, қазағынан бөлінбейтін ақын. Оның тілі жүйрік, өткірлігі мен тапқырлығы, қанағаттығы бәрімізді де қызықтыратын, қуантатын ақын.

Абай бастаған ұлы ақындары бар елде қыздан шыққан Фаризасы болу да қазақ елі үшін керемет жарасым. Мен осы жарасымды көргеніме бақыттымын.

Желтоқсан 1988 жыл.

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

Жанарым талды-ау менің

заңғар шыңдардың басына қарауменен

(көңілім, шырқап қалдың ба — жадаулау ең?!)

Сол биіктіктің көз жетпес ұшар басынан

лапылдап тұрған мен ылғи алау көрем.

Мен даланың қызы едім,

жазықтығында жатпайтын көз ілер қара

(жазира менің жанымның өзі де дала).

Асқар көрмеген мен шіркін биік дегенді

өлшеуші ем сонау аспанның өзімен ғана.

Биіктіктегі дауылдар

елестететін шығар-ау майдан сындарын

(мен де бір самғап көрсем бе — қайралсын жаным!)

Қайта келмейтін тұлғадай мынау жалғанға

қасқайып қалай тұрсыңдар, қайран шыңдарым!?

Ей, менің шырқау аспаным,

сұңғыла шыңнан өзің де бұлтармадың ба —

сүйгізіп жатсың шымылдық-бұлт ар жағында!

Мен білсем, сонау шыңдарға көзім жетпейтін

демігіп әрең жетеді-ау сұңқарларың да!

Мен төменде тұрсам да,

қияларға тігер жанарда мұң тұна қалмай

астан-кестен боп кеттім жыр құрағандай!

Тентектеу көңілім тынатын емес-ау енді

сонау заңғардың басынан бір құлап алмай!..

1970 ж.

***

Сен үшін сонау алыстардағы елес ем,

осынша мені арман қып келдің неге сен.

«Сыртыңнан сүйіп жүретінімді сезуші едің ғой»

демесең,

мен саған ғашық емес ем.

Бас иген көп-көп бозбалаларға паңдана

асқақтау басып, бақытты болдым. «Сонда да

жан-жүрегіңді толтырар бір жан жетпей жүрді ғой»

демесең,

мен саған ғашық емес ем.

Бір дауыл сәттің соғарын сезіп жүргенмен,

сен екеніңді білген бе ем…

Әйтеуір, жаным, «бұл күнде менсіз жүре алмайсың ғой»

демесең,

мен саған ғашық емес ем.

1968 ж.

***

Қаншама жыл…

Кеудеме

жыр қанжары сұғылып,

дауылдарға, жауындарға ұрынып,

кейде өртенген адамдардай шығынып

келем әлі — жеткізбейді жыр елі,

жаным не еткен сірі еді!

Қансыраймын, таламын,

паналаймын жайма желін жағаның,

ұмыт болған ұйқы менен күлкіні

місе тұтпай жанарым,

дұшпан көріп қарадым;

төккен жасым, азабым —

сол қалпында жыр етемін, жазамын

сыйлау үшін бұл өмірдің зәрі, не

кермек дәмін татқандардың бәріне.

Кей адамның сөзінде де тұрлау жоқ,

өзінде де тұрлау жоқ,

жүрегі де түтіндейді жалынсыз,

жалынсыздар жан бере алмас құрбан боп,

көңілімді шырқататын бір жан жоқ,

көкірегімде мұңдар көп.

Соның бәрін сезіну мен сезулер

жүрегімді жандырған,

жалындауды әм дәрусіз жыр дертін

жалбарынып алғаным жоқ тағдырдан,

арылмай мұң-балдырдан,

үмітімді талдырғам.

Қамшылатып жанымды,

тамшылатып қанымды,

өртеп келе жатыр мені жыр-алау.

Азап — Жердің бар қайғысын қақпайлап,

жүрегіңе сыналау.

Ешбір сәби анасының кеудесін

мұнша қинап сормаған да шығар-ау…

1983 ж.

****

Шерхан МҰРТАЗА

Поэзияның дүлділі, прозаның шебері

Шын ақынға проза жазу жат емес. Ақын жазған проза ақ өлең сияқты, қара сөзден балқыған күміс тамшылап тұрғандай әсер етеді.

Мысалы, орыс поэзиясының пірі Пушкин жазған прозаны алайық. «Капитан қызы». Оны қайта-қайта оқи бергің келеді. Пугачев көтерілісіне байланысты жазылған бұл хикая адам жанын тебірентіп, геройларының тағдыры өз тағдырыңдай көрініп, сол оқиғалардың ішінде өзің жүргендей боласың.

Поэзия мен проза жұптасқан мұндай мысалдар көркем әдебиетте аз кездеспейді. Әріге бармай-ақ, күні кеше арамызда жарқылдап жүрген ақиық ақын Ғафуды алыңыз. Оның «Елтінжалы» поэзия мен прозаның аймаласуы екен деп қаласыз.

Ал енді заманымыздың заңғар ақыны Фариза Оңғарсынованы алар болсақ… Поэзиясы — шың. Прозасы — сол шыңды тіреп тұрған шоқылар.

Айталық, Арқаның ат құлағы көрінбес ақ бораны. Айдала. Адастың. Бір тал шырпы табылып, қарағанның бұтағын сындырып, тасада от жағасың. Жылынасың. Фариза өлеңдері сондай.

Айталық, айналаңның бәрі ақ шағыл құм. Арқалағаның алтын. Күн ыстық. Шөлден өліп бара жатсың. Алдыңнан мөлдіреп бұлақ кездеседі. Шөлің қанып, тірі қалдың. Фари­за ақын шығармалары сондай. Сонда алтын қымбат па? Нағыз поэзия қымбат па?

Сірә, Фаризаның проза жазуына оның әу баста журна­лист болуының әсері деп ойлаймын. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің Батыс облыстарындағы меншікті тілшісі болды.

«Шашы ағарған қыз» повесі сол жылдары туса керек. «Келіншек» те. Алғашқысы сонау азамат соғысы кезіндегі алқын-жұлқын алапат күндерді еске салады. Сөз басында «Капитан қызын» еске алғаным тегін емес. Анда да соғыс, мұнда да соғыс. Соғыс — адам тағдырларын сапырылыстыратын сұрапыл дауыл ғой. «Махаббат пен ғадауат майдандасқан аламан дүние».

Фариза прозасындағы эссе — қара сөз дегені болмаса, баяғы сол есіліп тұрған поэзия.

Және шырылдап тұрған шындық. Ол ақындар Әбділда Тәжібаев туралы болса да, Мұқағали Мақатаев туралы болса да — кәнігі кәсіпқой сыншылар айта алмаған сырды айтады. Бұл — сын да емес, сыр. Және шын сыр.

Осындайда бір әпсана еске түседі: Орман. Әзәзілдер. Және бір бүкір. Күн жұма. Әзәзілдер: «Сейсенбі! Сейсенбі!» деп айқай салады. Бүкір де күн жұма екенін біле тұра «Сейсенбі! Сейсенбі!» деп әзәзілдерді қостайды. Бүкірі жазылып кетеді.

Тағы да орман. Әзәзілдер. Басқа бір бүкір. Күн жұма. Әзәзілдер: «Сейсенбі! Сейсенбі!» деп айқайлайды. Бүкір: «Жоқ! Жұма! Жұма!» деп қасарысады. Арқасына екінші бүкір пайда болып шыға келеді.

Шындықтың «сыйы» осындай. Шындықты тек шын дарын иелері ғана айта алады.

Фариза Оңғарсынова — поэзияда да, прозада да тұяғы мұқалмаған хас дүлдүл.

***

Әбіш КЕКІЛБАЙҰЛЫ

Рух жанартауы

Фариза Оңғарсынова — азамат боп ашынуды, пенде болып мұңдануды, перзент болып тебіреніп, періште болып қуануды қаз-қалпында жеткізе алған аса сирек лирик. Лириктердің көбінде соның бірі жетсе, бірі жетпейді. Ал бұл ақынға адамдық кескіндемеге жататын барлық сезім гаммасын ұрымтал ұстап, ұтымды бейнелеу соншалықты оңай, соншалықты жеңіл. Әйел кешер жан азабы мен тән азабын, сезім сергелдеңін Фаризадай дәл, Фаризадай нәзік, тиген жерін ойып түсер, шоқтай отты да уытты жеткізген ақын арғы-бергіде кем де кем. Бұл саладағы оның драматизмі, нақтылығы, суреттілігі ең ірі психолог романистердің тандаулы беттерімен тайталаса алады. Мұндағыдай сезім полифониясы, рух симфониясы әдетте лирика ауқымына сия бермейді. Оңғарсынованың махаббат лирикасы — әлемдік интимдік поэзияның өзінде не бір тізгін үзген саңлақтардың өздерінде де ұшыраса қоймаған сирек құбылыс. Сондай шынайылыққа болмыстың ұңғыл-шұңғылына тереңдей бойлаған философиялық зерде мен халық тағдырына қабырғасы қайысқан азаматтық серпінді қосыңыз. Мұндай диапозон мен мұндай палитра тек бір ғана ұрпақтың емес, бүкіл ғасырдың сипатын ашып, бір ғана ұлттың емес, күллі адами болмыстың шер-шеменін жан-жақты жайып салар шын мәніндегі заманалық суреткерлерге ғана тән болса керек.

Сондықтан да болар, өз басым Оңғарсынованы замандастарымен қатар қойып оқымай, арғы-бергідегі ең ұлы лириктермен салғастырып оқимын. Сонда оның жұлдызының әлемдік поэзия пантеонындағы өзге самалалардың қасында нұрсызданып кетпегенін көріп, қатты қуанам.

Менің оны алғаш көргенім әлі есімде. Мөлт қара шашты, мойыл көзді, тұйық мінез тәкаббар бойжеткен. Кімнің жырына қалай қарайтынын байқатпай, бір бұрышта жұрттың бәріне бір қырындау көз тастап бейтараптау отырған…

Енді, міне, күні кеше бір-бір ұшып ғайып болған боз селеулі даланың күміс қылауы біздің де самайымызға көшіп қоныпты…

Оның есесіне, Байрон мен Пушкинді, Рильке мен Axматованы, Матерлинк пен Гумилевты, Абай мен Мағжанды оқитын талғампаз оқушы Фаризаның да әр кітабын қолына шырақ алып жүріп іздеп оқиды.

Өйткені шытырманы мен шырғалаңы әлі де жеткілікті мына заманда ойы он тарапқа, санасы сан салаға шашырайтындай шытырман ахуалдар кешіп жатқан бүгінгі жас ұрпақ та көкіректерін көлегейсіз жайып салар сырлас іздегенде, айналып өте алмас аз тұлғаларының бірі — Оңғарсынова.

Бұдан кейін де талай ұрпақ келер. Олар да талай гәпті бастан кешер. Оларға да сырлас, мұңдас керек болар. Сонда олар да Фариза Оңғарсынова жырын аттап өте алмас. Өйткені тылсым дүниенің ащы-тұщысын бірдей татып, одан алған әсерлерін Оңғарсыновадай қалтқысыз жеткізе алған ақындар арғы-бергіде онша көп емес.

Ендеше, жер бетінде жұмыр басты жан барда, олардың көкірегінде мынау жарық дүниенің сан-сапат қыр-сырын ойлап тыпыршитын жүрек барда Оңғарсынова шабытының жұлдызы барған сайын биіктеп, барған сайын маздай түсер.

Суреткерге жарадар жанға шипа, сергелдең сезімге басу, мазасыз ойға көш басшы бола білгеннен артық бақыттың керегі не!

1989 ж.

Мейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ

«Дауыл күнгі дарияның күшіндей бір…»

Ақындар туралы ең беделді пікір: «Күлүбү-ш шуәрә һазә-инуллаһ».

Аш-Шарид есімді бір сахаба жазған: «Бір күні мені Хазірет пайғамбар шақырып алып, «Білетін болсаң, маған Умайя бин Әбу-с-салттың бір жақсы жырын оқып берші» деді. Мақұл дедім де оқыдым. «Оһ, не деген ғажап, тағы оқышы!» деді. Мен де оқи бердім, сөйте-сөйте жүз бәйітті айтып шықтым. Расулалләһ (С. Г. А) «Адамдардың арасында мұсылманға ең жақыны ақындар шығар» деді. Кейін ол «Ақындардың жүрегі Алланың қазинесі — дүр» деген байлам жасады». Әрине, «Күріштің арқасында күрмек те су ішеді». Кез келген кісінің қолынан қатты намыстанғанда, қатты қуанып не налығанда немесе қатты қорыққанда екі ауыз жайсаң өлең шығару келе беретін қазақ «кеме келсе, қайықты судан шығаруды» кешеге дейін ұмытып көрмеген. Себебі «күрішті күрмектен айыра білген»…

Қазір жалғыз өлеңде емес, басқа салаларда да әлгі «айы­ра білуді» сәл-пәл ұмыта бастағандаймыз.

Айтудың жөні осы екен деп, небір қасиетті ұғым, небір салмағы ауыр сөздің барлығын айта-айта, арзандатып, ақжем етіп алдық.

Саудайы мен саппастың аузынан шығып, атқамінері мен «арқа сүйеріне» қарай бағыштала беретін есепсіз қолпашты естіп, жауыр болатын құлақ сорлы миға мынадай сауал қояды: «Соры қалың бола ма пайғамбары көп елдің?!». Ресми, ресми емес тұрғыда қазақы пайғамбарлық дәрежеге өзіміз, мына біз көтеріп қойғандардың аз еместігі белгілі. Ендеше, «пайғамбарлар халқы» болсақ, әлемге үлгі-өнеге үйретпей неғып жүрміз? Ең болмаса, әлем әдебиетіне…

Фариза апамды, оның жаңа кітабын мақтағым келмейді.

Оны бопса мадақ, бос сөз, жортақы жоралғыға қиғың келмейді… Әсіресе, қазір құлқын мен құрсақтың, өрісі тар оймақтай «мені» бар, көзі жоқ қуыс кеуденің қажеті мен азығы адам айтқысыз қымбаттап, адамды аңнан ажыратып тұратын асқақ дүние — рухани дүниенің қадіріне жетіп, қасиеттеуші азайған, сол себепті де жалған пайғамбар мен жасанды пұт көбейіп, «ол кісілер де мықтаса біздей-ақ шығар» дейтін мысықтың жолбарыссынғаны секілді, кім көрінген төлесіп, қазыбексіп, әйтекесіп… абайсып, бұхарсып, махамбетсіп… ахметсіп, гиль-гамешсіп… – болғансып — жатқанда.

Дәл соны Ол қажетсініп те отырған жоқ.

Біз білетінде мұсылманшылықты Алла адамдарға таңбаған, пайғамбарына «Оларға айт!».. — деген: дініне ұйыса — өзінің бақыты мен адами асқақтығы, ұйымаса — сорлы болып өтуге келіскені. Құрандағы «Көздерің бар — көрмейсіңдер, құлақтарың бар — естімейсіңдер!..» деген Аллаһулық налыс, кейіс адамзатқа жаны ашып, соған күйінген, бірақ, «…мүмкін, көшін түзер…» деген үмітті алаңдаушылықтан туса керек. Шынайы поэзияның миссиясы да солай. Фариза сол шынайылар тобына баяғыша енген.

Фаризаның үздіксіз биіктеген Өлең әлеміне әр қайта оралған сайын, өнердің, поэзияның «пайғамбардан сәл төмен, патшалардан көп жоғары» екеніне тағы бір көз жеткізгендей боласың.

Оның поэзиясы — мына қысқа жалғаннан бірдеме дәмететін, қолына бірдеме ырымдап ұстатсаң, рахатқа бөленіп, манаурап, көзін жұматын, сол көз жұму арқылы адамға ке­рек арзан алданыш емес, күрделі бақыт пен асқақтықты көруден, соған ұмтылудан қалатын бөкене, қортық сананың қуанышындай тәттілік, дәмділік, айтқыштық, «айыз қандырғыштық» емес. Фариза поэзиясы — «ит тірлікпен» қосылып, ит боп үруге дейін төмендей алатын қауіпті мүмкіндігі бар пенделіктің есіне адамдық асқақтықты салатын, тәннің емес, жанның туберкулезін емдейтін поэзия. Бағзыда Асанқайғы:

Мұнан соң қилы-қилы

заман болар,

Заман азып, заң тозып,

жаман болар,

…Ол күндер қарағайдан

шайыр кетер,

Ханнан күш,

Қарындастан қайыр кетер… —

деп уайым айтқанға ұқсас мына заманның ақырында нан да, дүние де түбі жетісіп кетер, бірақ бәріміз ішімізден білгенмен, сыртымызға шығаруға тәуекел ете бермейтін ұлы қауіп — туберкулездің симптомдарын сездіре бастаған сана мен жан кеселі.

Мүмкін, маған қалам ұстатып отырған мақсат та сол кеселдің анық емінің бірі — Фариза поэзиясын оны қадірлейтін халықтың есіне және бір салып қойсам деген үмітті алаңдаушылық шығар.

Салтты құрметті Фаризаға үкімет те, халық та көрсетіп жатыр. Дегенмен, Ақтамберді де, Аяз Бетбаев та баспасөз бен басқа сөз арқылы қазаққа бірдей дәрежеде насихатталып жатқандықтан, халықтың басым көпшілігінің шынайы, құдіретті поэзия туралы, ақын туралы түсінігі арзандаңқырап кетті — ол үшін ұйқасқан сөзді бас-көзсіз төпей беретіннің… немесе әртістік қасиеті басым өлеңшінің бәрі — ақын, маңдайына «Қазағым — халқым!» деген ұран желімдеп алғанның бәрі — пайғамбар. Құдайдың өзі берген талантты сауда-саясатқа жалдап, әкесі жоқ қазаққа «әкеңмін!»… деп, содан пенделік игілік көріп жүргендер де, шүкір, табылады…

Соны ойланғанда ғана, бір қарағанға өзіміз секілді адам болғандықтан онша таңданып, табына қоймайтын, бірақ ақын, жалпы жазушы деген түсінікті асқақ ұстап келе жатқан санаулы топтың барына тоба айтып, қадірін сезінесің. Ес тұтасың. Естұтарларыңның да кейбірінің қонған аруақты ұстауға мықтылығы жетпей, саудаға саламын деп наласына қалып, жазасын аларын біле бермейтін кейбір аруақ қонғандар сияқты оңа бастағанын тағы ойлайсың… Мына заман езгеден бұрын мықты деп пір тұтып жүргендеріміз үшін үлкен сын болды — көбісі «заманға күйлеп», болмысынан танып, бояуын оңдырып алды. Сол оңғақ шіркіннің «әдебиеттің құны кетті» деп елден бұрын зар илейтінін қайтерсің…

Осыған, осы қатал талапқа сайсаң да баяғы құдіретінен танып, биігінен түспейтін аз тұлғаның айқын біреуі — Фариза.

Газет жазып, радио айтып, атын әйгілемесе, пайғамбарды да танымайтын, құлағына ғана, «жұрт айтса…» (Абай) ғана сенетін қазақы оқырман кімді әулие тұтпай жатыр: «әдеби үкіметтің» адамдары қолдаған, қасына бастық ертіп жүргеннің бәрін қошеметтейді.

Ал Фариза өлеңдері халық жүрегіне о бастан-ақ кедергісіз, қосымша көмексіз еніп, елдің ортақ еншісіне айналып кеткен. Мұның сыры да құпия емес — Фариза әдебиет дейтін ұлық әлемге келгелі оның туа дегдар, туа асқақ, жарты түйір жасанды бояуы жоқ, биік рух пен өршіл намысқа толы өлеңдері дүниеден сәуле, ізгілік, рухани биіктік пен жасан­ды бояусыз сұлулық іздейтін қазақ санасына берік ұялап, халық кеудесінің төрінен орын тапты.

Бұл туралы жазылып та, айтылып та жүр. Бірақ, әлі толық қалыптаспаған, «орыстар осылай дейді, бізде солай айтып көрейіктен» әрі аса қоймаған сын кінәлі ме, кешегі тірі өлеңді өлі рамаға қамап, теория жасаған, өз дегенінен әріні көре алмайтын әдебиеттану кінәлі ме, әйтеуір, қазақы мақтау құр таңдай қағу мен ақынға «отты… жалынды… құлагер… тарлан…тарпаң…» т.т. сияқты анықтамалар тіркеуден ары аспайды да, ауызға ілінген ақынның барлығы бірдей деген қате, тар түсінік қалыптастырды. Бәріміз шулағанымызбен, дарындының әрқайсысы несімен мықты екенін аса бай қазақ поэзиясының контексінде алып қарап, анықтай қойған жоқпыз. Сосын да ақындарды футболшыдай нөмірлеп, кімнің көбірек гол соққанын санаймыз… Бұл, енді, әдебиеттанушылардың жұмысы — ол жақтың да күріші мен күрмегі әлі ажыраған жоқ, сондықтан әйтеуір әдебиетті әңгіме еткеннің бәрі — кандидат, кейде тіпті…

Контекст демекші, Фариза қазақ поэзиясына келген кез — қазақ өлеңінің жаңа сапаға ауысып, бір-бірін еш қайталамайтын, бір-бірін еш төмендете де алмайтын ақындар шоғырының әдебиеттегі өз есімін алаңсыз таныта бастаған кезеңі. Мұқағали, Жұмекен, Төлеген, Қадыр, Тұманбай, Мұхтар (Шаханов), Сағи, Өтежан, Төлеужан, Зейнолла (Шүкіров), Бекен… Бұған Әбділда, Әбу, Ғафу, Сырбай… басқа да ағалар ұрпағын қосыңыз. Фаризаның өзі «асау толқын» атаған қанжығалас іні-сіңлілері Ақұштап, Күләш, Иранбек, Жарасқан, Исраил, Жұматай… Бұған оның бізбен — Ұлықбек, Есенғали, Серік (Ақсұңқарұлы), Байбота, Тыныштықбек, Әбубәкір, Гүлнәр (Салықбаева), Ертай, Шәмшия, Светқалилармен, біздің інілерімізбен замандас екенін қосыңыз. «Өзі болған қыз төркінін танымайды» дегенге сайып кетпесек, «біз қойнынан шыққан ұжымдық шекпеннің» құндыз жағасы осы Фариза. Бірақ, бұл өзге әңгіменің еншісі.

Фаризаның мықтылығы неде?

Бұл сауалға жауаптың ең дұрысы — оның өлеңдерін оқу да, былайғы әлеммен салыстыру. Сонда оның қазақ поэзиясында ғана емес, әлем поэзиясында тұлғалық дәрежеге көтерілгенін, оның творчествосының ұлттық мұраға — ұлт, мемлекет мақтан ететін мұраға айналғанын сезінуге болады. Әрине, тәкаппар әлем бізден дүниетанымы, көзінің қиығы өзге әлем Бахыт Кенжеевті төбесіне көтеріп мәз. Ол енді, біздің шаруа емес…

Ұлы Өнер де Алла табиғаттас — әркім оны әлі, рухани бойы жеткенше көреді. Ақын болам немесе болдым деуші көп те, Ақын аз болатыны сондықтан. Қортық сана-түйсік үшін қолы жетпеген биік — Құдай. Ал Құдай дегеніміз шексіз түсінік, ой-санаңызға, сезім-түйсігіңізге лайық асқақтай береді.

Фариза өлеңге о бастан ешкімге ұқсамайтын күрделі де құдіретті болмыспен, тұлғаға тән тұтастықпен келді. Өмірге тек өзіне ғана тән көзбен — сезім, жүрек көзімен қарау, биіктікті өзіне тән, ерекше болмыспен сезінуден туындайтын поэзияның осындай бірегей құбылысы оның творчествосына үңіле білген кісіге ғана сезілмек.

Жетпісінші жылдардың басында қалың елге үні естіле бастаған Фариза поэзиясы сыртқы пішін, ішкі-сыртқы ырғақ, үйлесім, өлеңді оқи бастағанда жүрекке ғана естілетін ішкі әуез-әуен сияқты басқалар ұзақ игеретін, бірақ поэзияның әліппесі саналатын алғышарттарының ерекшелігін былай қойғанда, өлеңде бейнеленетін объектінің бұрындары ешкім көрмеген қырынан көрініс беруімен, эмоциялық асаулық пен жігерге, ішкі сезім найзағайына толы әсіре қызылсыз, табиғи өмір бояуынан тұратын, семсердің жарқылы мен қиялдағы ғажайып бақтың сұлулығын қосып көрсеткендей тосын сымбат сомдауымен таңдандыратын жаңа бір әлемнің бар екендігін паш етті. Көзіқарақты ғана айыра алатын жаттанды сезім мен үйретінді үйлесім, ең бастысы — «өлең, ақын осындай болуы керек» деген бәкене ұғымнан туындайтын әсіре қиялилықтан, кітабилықтан, жасанды, ғұмыры қысқа айтқыштықтан Фариза өлеңі аулақ, биігірек тұрды.

Тұлғалық болмысқа көтерілер шынайы дарын қашан да осылай —  Поэзия дейтін асқары мен асқағы жеткілікті ұлы әлемді жаңа бір қасиетпен байытып, оның бұрын болмаған жаңа болмысын, ұлы мүмкіндігін ашады. Сол құдіретке Фариза да ие екені даусыз.

«Қызша киінген Махамбет» дейтін ол туралы өзін де, сөзін де арзандатып көрмеген әйгілі мэтр Асқар Сүлейменов. Ол туралы, меніңше, таңданбай, сүйсінбей айтқан қаламгер, ең бастысы, оқырман жоқ-ау деймін.

Фариза өлеңінде қарапайым нәрсенің өзі асқақтап сала береді, ал әсіре қызыл өмірдің өп-өтірік жылағансып, күлгенсуі, түсінгенсуі мен сүйсінгенсуі Ғазіретәлінің қылышын көргендей сүмірейіп қалады. Оның екі себебін ғана байқаймын: біріншісі — терең де асқақ сезіну — түсінуден туатын ақиқат, екіншісі — бейшаралық пен пенделіктен жоғары тұратын рух күштілігі. Әлем поэзиясының ақты-қарасын айқын айырып, адамзатқа ортақ рухани игіліктерді бойына сіңірген Фариза мен қазақтың ең озық рухани асылын бойына сіңірген Томирис тектес қазақ қызы Фариза қосыла келіп, кемшіні жоқ, керемет ақын Фаризаны сомдағанға ұқсайды.

Менде бір толғаныс бар

(кейде өзім де түсінбеймін)

дауыл күнгі дарияның күшіндей бір…

… Өзім сонда тұтас бір ғасырдаймын,

жүргендеймін жарқылдап қасында Айдың,

Марғау, бейжай дүниені сілкіндіріп

бір таң қылмай мен, сірә, басылмаймын… —

деп бір кездері әдебиетке еркін кіріп келген жас дарынның, сол от, сол екпін мен текті тәкәббарлықты сәл де бәсеңсітпей бүгінге жетіп, ертеңге беттеген ұлы жолында бір өзі ғана «бір елдің мұрасы» боларлық өзгеше бір әлем — Фаризаның поэтикалық әлемі дүниеге келіп, мәңгілікке беттеді. О баста-ақ, Жантолы, Жібек, Ақбөбек атынан сөйлеген Фариза кейін қазақ әлеміне ортақ Сара, Майра, тағы басқа идеалдық есімдер ғана емес, Махамбет те, Вийон да, негр қызы да, бір топ қазақ ақындары да, Досат та, ессіз ғашық бозбала да, тәкәббар да, нәзік қыз да, ана да, дала да, жүрек те, батыр да, тіпті… пенде де «болып сөйлеп» берді.

Рухы күшті Өлеңнің құдіретімен сезімдер, ішкі әлемдер энциклопедиясын жасады, идеалдар галереясын орнатты.

Мұның өзі әдебиетте бар әдіс болғанымен, осынша сезімдер әлемін бірінші жақтан сөйлейтін ақындық «менге» әркім өз әлінше сыйғызады, ол — әлгі айтқан Құдай мен сана арасындағы қашықтыққа қатысты шаруа. Ақын құдіретінің қажет тұсы да, мейлінше көрінері де осы. Аңғал оқырман Сара немесе Махамбет осылай деген екен деп түсінсе мейлі, Фариза сомдаған идеалдың бәрі бір ғана соның поэтикалық «мені» болып, Фариза ғана болып асқақтайды, адасуы мен өкініші көп адам — пендені биікке, нағыз адамға тән асқақтыққа, тазалыққа, ар мен намысқа шақырады, көзқарас пен сенім түйіндерін батыл да айқын мінезбен шешіп береді. Әйгілі «Әйелдің монологында»:

… Бірақ өзің айныдың,

ұмыттың да жастықтың жұмақ

күнін,

сен мысқылдап, мен — болсам

жылап тұрдым.

Өмір атты бұрқанған дарияға

бұрымымнан ұстап ап

лақтырдың…

Сенің от құшағыңда

ардан аттап, қалдырдым

пәктігімді,

ләззатқа батырған ақ түнімді.

Айырдым мен аяусыз енді кимес

ақ көйлекті тігілген сәтті күнгі… …

Мен кінәлі емеспін ар алдында

Құдайың да кешеді тап мұнымды!

— деп келетін жолдар алмас қанжардай аяусыз айтылып, ыржаңшыл ақымаққа ес кіргізбей ме! Түрмедегі Ақбөбектің:

Селтиген сары!

… тірілей сенің құшағыңа енбен,

жүн ерін,

Аю мойныңа асыла алмайды

Қайыпты ораған білегім!

Асқақтығым асып, ашуың қысса,

жарып же

жабайы қыздың жүрегін! —

дейтіні немесе қазақ екені мүмкіндік туғанда ғана есіне түсіп, даурығысып жатқандардың ойына да келмеген ұлттық ашу-ызаны бірде негр қызына, енді бірде тағы біреуге жорта таңа отырып, қылышпен шапқандай етіп айтқаны, кешегі заманның кезінде-ақ әділет пен ақиқатты (жеке өмірден саясаттарға дейінгі) батыл жақтап, ерлік пен өрліктің перзенті боп қалғаны Фариза әлемі әлі заманымыздың ірі тұлғаларының бірі еткеніне ешкім күмән келтіре қоймас.

Фариза әлемі — әлі өзіміз сырына тереңдей қоймаған, бірақ айтулылардың бірі болып қазақпен бірге мәңгі жасайтын әлем. Оны айтып ұқтыруды міндет етпедік. Фариза сомдаған Майраның бір монологында:

… тағдыр ғұмыр кештірмей малша маған,

кемтар етпей, кенде етпей ар-санадан

өмір бітті.

Мен кешкен сәттің бірін

Сезіне алмай өтеді қаншама адам?! —

деген жолдар бар. Осы асқақ идеал мен адам қызығарлық тағдыр Фаризаға о бастан өмірлік мұрат болса, енді Фаризаның өзі, өз әлемі, ақындық тағдыры кейінгі саналы ұл-қызға, күні ертеңгі қазақ халқына идеал болып отыр.

Бәңгі бола жаздаған қоғамнан күні кеше шығып, әлі ес жиып, етек жауып үлгермеген сәби мінез халқымызға ұлттық идеология іздеп жатқан мына алмағайып заманда қазіргі жас-кәрінің бәріне қажет мұраның бірі, бірегейі —  Фаризаның поэтикалық әлемі, ол сомдаған ұлттық лирикалық кейіпкердің асқақ, қайсар, намысты, текті бейнесі.

Еркек пен әйелдің жолыға салып, жата кететінін махаббат деп, ақшаға Отан да, адам да, жан да, тән де сатылуы мүмкін екенін — прагматизм деп, бауырына жаны ашымас қайырымсыздықты — индивидуализм деп, ой-санаңды билеп алып, семіз құл етуге жанын салып жатқанның алдарқатқанын жақсылық деп… адаса бастаған жастарға, кешегісін ұмытып, керенау тартқан өз халқына деген сенімі мен үмітінен ажырап, рухани алжуға бұрылған кейбір үлкендерге… сол Фариза әлемі — жан мен рух туберкулезін емдейтін поэзия жазбай табысып, жанында болғай.

1997 ж.

***

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

Шаршадым-ау…

Қайтсем енді тыныштық табар жаным,

жүйке менен жүректі тарамдадым.

Ләззат ап әрнеден басқалардай

өмір кешу — бұл күнде бар арманым.

Күйретердей жанымда жанар жалын,

жүрегіммен жыладым, алаңдадым.

Кең дүние салмағын, салқындығын

жиып-теріп үйгендей маған бәрін.

Тұрақтар ма менде бір киік-тыным?

Не жетпейді — халқыма — сүйіктімін!

Махамбетті, Блокты жылытқан Күн

тұр мінеки маған да құйып нұрын.

Сездірмейтін суық не ыстық жайды

достарым бар ойлатпас жұт, сыз жайлы.

Олар желкен-сезімін жайып салып

мені дауылды айдынға жұтқызбайды.

Не жетпейді — баптаулы ән-пырағым?

Қанағатсыз, тойымсыз қалтырадым.

Дауыл күнгі теңізді шыр айналған

шағаладай тынымсыз шарқ ұрамын.

Өтсе менде дырдумен мұңсыз әр күн,

саялауға жанымды құлшынар кім?

Мен асылы тыныштық күйге түссем,

қайраңдағы балықтай тұншығармын.

1981 ж.

***

Жарқылдап жанарымда бір от менің,

кешуге бел байлатты жыр өткелін.

Осынау бұрқанысты дариядан

білмеймін кімдер батып, кім өткенін,

кімдерді тербеп, кімді жүдеткенін.

Көбемді қақыратып шыр еткен үн,

жүгірдім туғызам деп түнекке күн.

Жабығып жүдегенге бір шапағат

тигізсем деген жалғыз тілекті едім.

Әйтеуір жүрегім мен жанды күйттеп,

күркемде күйбелеңдеп күнелтпедім.

Сонда да сәуле шашып жарытпадым,

атса да қалжыратып талып таңым.

Бәрібір шөлейттегі түйір дәндей —

жан салып жүгіргенім, тарыққаным.

Қол қысқа, жатағанмын — кейде мені

биік қып көрсеткенмен халыққа әнім.

Өрем деп өлмес жырдың от өрнегін

майысып заман жүгін көтергенім,

қайғырып басқа мұңға, жақтырмадым

жүрісін жымысқының, жөтелгенін,

білмеймін бақ па қонған, қасірет пе —

әйтеуір дауыл өті — мекен-жерім.

Өзге мұң, өз жырымның ортасында

өмірім өртенумен өтер менің.

1982 ж.

***

Балалыққа саяхат

Хабарым жоқ қасіретті шаң-күдіктен,

атырушы ем қырымда таңды үмітпен.

Табанымды сүйетін құм қытықтап,

жалғастырып жанымды мәңгілікпен.

Қозы айдасам күндерде құлын қылық,

қоңырлықтан қашатын суыр бұғып.

Көк шалғыным жанымды тазартатын

мені мөлдір шығымен жуындырып.

Қарағайдың иісі-ай тоғайдағы!

Тоғай жаны — көкпеңбек көл айналы.

Көлге жетпей балалар жамырайтын

қой жуаға жабылып жолай бәрі.

Ақ ботаға жарасар зерлі ноқта,

бас қоймайды тұмса інген кергіп отқа.

Қой маңырап, құлыншақ кісінеген

қырмызы кез келмей ме, енді жоқ па?

Көргем (малды келмейді керең дегім)

қос биені боз құлын тел емгенін.

Соның бәрі бұл күнде түсіме еніп,

шулап бірдеңе айтады емендерім.

Суым — ащы, шөп-нәрсіз, затым жеңіл,

сорға айналып көлдерім жатыр не бір.

Ауа да улы. Жердегі бар нәрліні

жеп тауысты біртіндеп Ақыл-жебір.

1990 ж.

Күләш АХМЕТОВА

Ақынсыз бір сәті, бір күні аңыз

Мінезді, тегеурінді, ынтық өлеңдер, құштарлығы бойға сыймайтын іңкәр жырлар жылғаларды толтырған көктем суындай тасынып, тарала жөнелді. Фаризаның сіңлілеріне махаббат пірі жар болғандай, бұрын-соңды айтылмаған тәтті, назды, кейде кейіген, кейде қарғап-сілеп жерлеген, кейде момақан мойындаған жүрек күнделігіндей сүйіспеншілік жырлары қаулап өсіп, олар апасына да, бір-біріне де ұқсап кетіп жатты. Ақын қыздар есімі күннен-күнге қосылып, ақылды ақын Анна Ахматованың:

Я научила женщин говорить…

Но, боже, как их замолчать заставить! —

деген жолдарын еске түсіретін. Бірақ, Фариза таланты оны өзін жақсы көріп еліктеген сіңлілерінен бөлек даралай алатын дәрежеде еді. Сондықтан да ақын бір арнада қалмай, жаңа сала, жарқын бағыт іздеді. Махаббат лирикасында басқалардың батылы жете бермейтін ұғымдарға еркін барып, бүтіндей бір кезеңнің көзқарасын қалыптастырып, ойын өзгертті.

Алыстарға кетейік,

каланың бізді көп жалықтырған күйбеңдерінен жыраққа,

ақ бас тауларға, аймалап жатқан күміс шолпылы бұлақтар.

Сен ғажайып ертегілердің батыры

Астындағы арғымақ атпен айшылық жолды бір аттар.

Өзіңе ғана табынған ессіз мен нәзік ару болайын,

дозақ боп сенсіз көрінсін тіпті жұмақ та!

Өңгеріп мені ап кетші —

көк ормандарға — тылсымын аяқ баспаған,

түнектерімен өр көңілдерді жасқаған.

Толтырсын меңіреу дүниені у-шу дүбірге

сенің екпініңнен қашқан аң!

От махаббатыңнан өртенген маған еркек еместей көрінсін —

жалғыз өзіңнен басқа адам.

Қанша үйреніп, қызыққанмен, бұл — әлі басқа қыздар жаза алмаған бұла тілек, бұрқанған жүрек әмірі. Сүйген жанының алдында шын сырын айтып, жалынып, жылап тұрса да аласармайтын биік, жасымайтын жасын бейне лирикалық кейіпкер — сыпайылық, ибалық шегінен асып кеткен әдепсіз қыз емес, ақынға жарасатын адуын мінез бен халықтың өзінде бар қасиет — пердесіз жас наз көңіл иесі, ел еркесі. Сезімін қанша ашық айтам десе де, ақын қыз табиғатында әлсіздік пен нәзіктік жоқ емес. Жібектен жұқа, пернеден сергек жан болмаса,

Шыр еткендей коңырау — сонда есікке

жүрегім жүгіреді, —

деген дірілді, жолдарды жазар ма?!

Ерлердің даңқы дүрілдеп тұрған ерте заманда туса Фариза ойын, бәлкім, басқаша өрер ме еді, бүгінгі қасаң да, бейжай дүниедегі шектеулі сезім, бұйдалы ұғымдардың құлына айналған кейбір жалтақ жандардың қалпақ киіп жүргеніне ызаланғанда қаттырақ кететіні рас та шығар. Онысын кінәлаудың бір ұшы бүкіл дәуірге тиетін болу керек. Фариза болса, осы заманғы әйел бастан кешетін сезімдерді жасырмай жырлап, жыр сапасын жаңа көркемдік дәрежеге көтере келіп, одан әрі қарай кемелдіктің белгісі — адам, қоғам, ғасыр мәселесіне байсалды бұрылыс жасады. Жыр көшінің әлеуметтік жүгін байытты.

1989 ж.

***

Ертай АШЫҚБАЕВ

«Пионер» журналы. Фариза апайдың бөлмесі

(1980 жылдарғы суреттер)

Мейлі, нөсер, құйыңыз, төкпелеңіз,

Аспақшымыз, беу, әлі қанша жол біз!

… «Пионер» журналына көп келеміз,

Өзіміз комсомолмыз.

Комсомолмыз, сондықтан пәк ұланбыз,

Әрине, ұсақ-түйек мұңымыз бар.

Бай емеспіз, бейкүнә бағланбыз,

Шамамен осындаймыз,

ұғыңыздар.

Апамыздың бөлмесі — бөлек ұя,

Біз — біржола тоқтаған көш-елеспіз.

Шақырмаңыз, бағзы бел, көне қия,

Бос емеспіз.

«Пионер», білесіз бе, ғажап биік —

Қазығұрттай басында кеме қалған.

Құлдыра, студенттік қазақ киік,

Биікте, терек-арман!

Иә, біздер — киіктерміз, еліктерміз,

Әр күніміз — ұлы сыр, ұлан аңыз.

(Апайға көп келеміз неліктен біз?

Сұрамаңыз.)

Келеміз қаншама ұлан, қаншама қыз,

Әйтеуір, шын сүйеміз Апаны біз.

Көк нөсермен қорқытып шаршама, Күз,

«Пионер» —

су өткізбес шапанымыз.

…Өтті заман, сарғайды жасыл алаң,

«Пионерсіз» әлемге кірдік келіп.

Біз —

киікпіз әр жерде шашыраған,

Қазақстан кең байтақ құрлық делік.

Беу, көп еді тоғай-той, тоты-бұлақ,

Біздер кешкен қанша өзен, қанша көл бар?!

… «Пионерді» аңсаймыз отырып ап,

Кешегі комсомолдар.

***

Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ

EpTeгi

Фариза Оңғарсыноваға

Қара Аспанның Өң мен Түсі түйіскен

Шұғыласында

Періштелер сүйіскен.

Тіршілікті жарататын (тыныстан!)

Сана – сондай!..

Жапырағы — алтын, күміс Тал

Со жерде екен баяғыдан!…

Бүгін де

Түндей терең Тұма-Көз бар түбінде.

Әлгі Талдың

Еркек әрі ұрғашы

Тұма-Көзде

Дірілдеген сұлбасы

Ақыл аңқып, көңіл аңқып тұр гүлдеп!…

Оған жетсе, қияңқылдау, күлгіндеу

Қиял ғана жете алады.

Өзгесі

Опат болар, Обалменен кездесіп.

…Күндер де күн санадан тыс көштім де,

Қияңқылау күлгін қиял кескінде

Мен де жеттім Тұма-Көзге!

Үңілдім,

Жұмбақ түрін көрмек болып ғұмырдың…

Тұма беті бір сурет жаратты:

Тарпаң едім… Адам екем қанатты!..

Қасақана сенбейтіндер сөзіме

Хас Ақынның үңілсе еді Көзіне…

Семей.

14 сәуір, 2004 ж.

***

Мұхтар ҚҰРМАНАЛИН

Фариза бұлағы

Сырымды көрінгенге ақтармайын

дегендей,

баяу жылжып аққан дәйім

балбұлақ қайдан білсін

Алматыдан

Ақындар тірейтінін ат маңдайын.

Жүгіріп жалғыз өзі жазықта алғы,

тербеткен бөбектейін нәзік талды.

Сыбырлап құлағына құпиясын,

бұл жайды самал ғана сезіп қалды.

Шыдай ма, шарықтамай, ұнатқасын,

қалайша шабыт құсы тұрақтасын.

Жайсаң жыр жалт қаратып құба жонды,

жаңғыртты келісімен бұлақ басын.

Тамаша толып жатыр, сұрамаңыз,

бұл өзі, айтар болсақ, біраз аңыз.

Торғайдың топырағын тебірентіп,

бір кезде сөйлеп кетті Сыр-ағамыз:

— Аз емес жол әсері бұл аптаның,

мүмкін бе көру бәрін, шырақтарым.

Төскейде келер-ау деп бізді күткен,

білсеңдер болды осындай бұлақ барын.

Мейірімді,

жүректері ылғи жалын,

уа, жұртым,

десең егер ризамын,

ақын қыз есімімен аталатын

болсын да бұлағы бұл Фаризаның!

Ұмтылған альпинистей өрге күнде,

өлеңнің өз перзентін көрмедің бе?!

Өзгеше сый-құрметке лайықты,

жайнаған бір жұлдызың жыр көгінде…

Соңына құлын да ерген, бота да ерген,

асқанда ақын аға атағы елден.

Табиғат аясында тілек тілеп,

Талантқа осылайша бата берген.

Ерлікті,

Елдікті де Торғайдағы,

талайлар тебірене толғайды әлі.

Бұлақтан бастау алған жыр жолына,

байқалды баршасының қол қойғаны.

Сағыныш болып айтар бір-ақ әні,

сандуғаш саясына оралады…

Қыр асып бара жатты қимас көңіл,

желбіреп қол ұшында орамалы.

Ақтөбе. 1978 ж.

***

Светқали НҰРЖАН

Өлекселер патшалығы

Фариза Оңғарсыноваға

Көзіңнің күн тамады шарасынан,

Сөзіңнің қан тамады жарасынан.

Сау шыққан аздың бірі сенсің, апа,

Қаптаған өлекселер арасынан!

Үй тігіп — қарлы тауға өлең ексең,

Қитығып — көзге ұрғасын сен ерекше —

Тұрады көз қайрасып,

Сөз байласып,

Қоспақ боп қатарына көп өлексе.

Сіңірген тұл бойына жат шалығын,

Олардың кесіп қойған ақша құнын.

Хақ сүйген адам ғана аман өтпек,

Қақ жарып Өлекселер Патшалығын!..

Сүреді өлекселер — абат өмір,

Тірегі — бауға оранған жанат — өңір.

Халықты теуіп тыққан тар төлеге,

Жарықты тартып алған — Қара Тобыр.

Содан соң шіренеді үкіметше,

Тағынан таяды олар: шүкір етсе!

Болжалсыз шошымай көр болашақтан,

Табыттар — халықтарға үкім етсе!

Білмеймін, артым — аран,

Алдым көрдей,

Билікті тұр Абызға малғұн бермей.

Ғаршыға қол ұсынам,

Жан ұшырам

Ішінде өліктердің қалғым келмей!

Жалғанда ақын өлсе — арман сөнер,

Салтанат құрар сосын алдамшы өнер.

Ертіп кет, апа, бақи сапарыңа —

Кеудемде шығар-шықпас жан болса егер!..

Маңғыстау. 2003 ж.

Басқа жаңалықтар

3 Comments

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button