Әлеумет

Бұқара

  • Игілік

Көпжасаровтарға көше берілді

Қазақ тарихында есімдері ерекше орын алатын Иса Көпжасаров пен оның ұлы Ескендір Көпжасаровтың құрметіне Қобданың орталығынан көше атауы берілді. Бұрынғы Желтоқсан көшесі енді Көпжасаровтар көшесі деп аталатын болды.

Көшеге жаңа атау беру рәсіміне аудан тұрғындары, мекеме басшылары, ақсақалдар жиналды. Қобда гимназиясы ғимаратының көше жақ жақтауына «Қазақ елінің зиялы азаматтары, Алаш үкіметінің белсенді мүшелері Иса мен Ескендір Көпжасаровтардың құрметіне арналған көше» деп жазылған мемориалдық тақта орнатылды.

Иса Көпжасаров өз заманының айтулы, беделді тұлғасы болған. Алаш Орда өкіметінің еліміздің батыс бөлігінде құрылуына айрықша үлес қосып, қазақ балаларын оқытуға көңіл бөлген. Қобда бойында он екі бөлмелі мектеп салдырған, Жиренқопа болысынан бір кластық орыс-қазақ болыстық мектебін ашқызған. Халықты отырықшылыққа көшіруге ат салысып, өзенге бөгет, диірмен салғызған. Бірінші қазақ атты әскерлер юнкерлік мектебін жасақтайды. Әскери құрамды дивизияға дейін жеткізу үшін ел арасында үгіт жұмыстарын жүргізген ол 1919 жылы Колчакпен кездесіп, Алаш Орда өкіметін мойындау жөнінде келіссөздер жүргізген. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақтың көрнекті саяси қайраткерлерінің бірі болған Иса Көпжасаров шамамен 1920 жылдардың аяғында қайтыс болады. Оның мәйіті Қобдадан қашық емес, Иса базы деген жерге жерленген.

Қазақтың ірі тұлғаларының бірі болып табылатын Исаның ұлы Ескендір Көпжасаров та белгілі Алаш Орда қайраткері. Ол да әкесінің ізін қуып, қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен. Түркістан үкіметінің төрағасы, барша түрік-мұсылман дүниесіне белгілі ірі саяси тұлға Мұстафа Шоқайдың көмекшісі, әрі хатшысы болып қызмет істеген Ескендір Петербург университетінде білім алған. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Батыс Алаш Орда үкіметі әскери-далалық сотының төрағасы, Ойылдағы юнкерлер мектебінің командирі болған. Ол елде Алаш, Түркістан үкіметтері құлап, біржолата кеңестер үкіметі орнағаннан кейін шетелге эмиграцияға кеткен Мұстафамен астыртын хат алысып, елдегі маңызды оқиғаларды, өзгерістерді хабарлап отырған. М. Шоқай Кавказда, кейін Парижде жүргенде Ескендір оған құпия түрде хат жіберудің амалын тапқан. 1932-1933 жылдары оның туған жері Қобдаға оралғандығы туралы мұрағат мәліметтері одан әрі «халық жауы» деген желеумен қуғынға ұшырап сотталғанын баяндайды. Елдегі зиялы қауым отбасылары қудаланып жатқан 1937 жылдары Көпжасаровтар әулетінен аман қалған ұрпақтары Арал арқылы Қарақалпақстанға барып бас сауғалап, үлкендерінің аманатын орындау мақсатымен 1961 жылы туған жерлері Қобдаға оралған. Ескендір Көпжасаров — Алаш тарихындағы тағдыры туралы деректер әлі аз, ең қастерлі тұлға.

Қобда топырағында дүниеге келіп, қазақ халқының бостандығы, елдігі үшін өмірін қиған, белгілі тарихи тұлғалармен бас біріктіріп құрбан болған Иса мен оның ұлы Ескендір Көпжасаровтарға Қобдадан көше атауын беру керектігі туралы ұсыныс көптен бері айтылып жүрді. Осы бастаманы көтергендердің бірі ұзақ жылдар ауыл мектебінің мұғалімі, директор болған, қазір құрметті демалыстағы ақсақал Қабдірахман Сатаев салтанатты рәсімде Көпжасаровтар тарихын жиналғандарға баяндап берді. Аудан әкімі Любовь Исмағамбетова көше тұрғындарын құттықтады.

— Өз заманында қазақ халқының тәуелсіздігі үшін қызмет қылған аса көрнекті тұлғалардың құрметіне аталған Көпжасаровтар көшесінің тұрғындары көшені атына заты сай болатындай қастерлеп, таза ұстайды деп сенеміз. Кеңес өкіметінің 70 жыл билеген тарихында ұрпақтар әлі күнге елі үшін құрбан болған тұлғалар туралы деректерді толық зерттеп білген жоқ. Баһадүр батырлар туған Қобда өңірі үшін Көпжасаровтарды таныту — тарихымызды біле түсу. Мектептерде оқушыларға Көпжасаровтар туралы мәлімет беріліп, оны патриоттық тәрбиемен ұштастыруға болады, — деді аудан әкімі Л. Исмағмабетова.

Айгүл БАЙМЕНОВА.

Қобда ауданы.

  • Тірлік

Шаруасы түзелген Ақтоғай

Өткенге көз жіберсек, «Ақтоғай» кеңшары кезінде ұжымшарларды біріктіру негізінде құрылған. Кеңшардың негізгі бағыты — қой шаруашылығы болыпты. Сондай-ақ Шахта поселкесі де осында болған.

1930 жылдардан бастап аудан территориясында геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ауданның солтүстік-батыс өңірінен көмір қоры табылған. Ал 8 жылдан соң онда алғашқы өнім өндіріле бастайды. Бір кездері поселкеде 10-11 мың тұрғын болған. Кезінде тәулігіне үш шахта 500-600 тонна көмірді өндіріп тұрған бұл өңірдің бүгінгі тіршілігі де бір қалыпты.

— Осы ауылдың әкімі болып тағайындалғаныма, міне, екі жылдан астам уақыт болыпты. Бұл, әрине, көп уақыт емес. Осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстар да баршылық…

Оның бәрін тізбелеп айтып жатудың қажеті жоқ шығар деп ойлаймын. Ауылдың қазіргі  хал-ахуалы жақсы. Округке Қауылжыр, Қорғанжар елді мекендері қарайды. Орталығы — осы Қотыртас. Мыңнан астам тұрғын, 200-ге жуық үй бар,  — деп бастады әңгімесін Қотыртас аулының әкімі Ерік Құрмаш. — Округте орналасқан барлық мекемелер қалыпты жұмыс істеп тұр. Тұрғындар коммуналдық қызмет түрлерін үздіксіз пайдаланады. Бір айта кетерлігі, ауылдықтар «Kcell», «Beeline» ұялы байланыс телефондарының игілігін көріп отыр.

Биыл ауылдың төрт жерінде тұрғындардың малдары бағылды. Мал бақташылары сиыр малының әрқайсысын 450 теңгеден бақты. Бұл — аудан бойынша ең төменгі баға. Ал екі қожалық далалыққа шығып, бау-бақша екті.

Ауылда 2 дүкен, 1 монша тұрақты жұмыс жасайды. Сонымен қатар, 1 шайхана, 1 шаштараз ашылмақ. Оның тиісті құжаттары дайындалуда. «Байжан», «Қонысбай», «Береке» шаруа қожалықтары жеңілдетілген несие алуға талаптануда.

Биылғы қысқа шаруа қожалықтарының ыждағаттылығымен жем-шөп жеткілікті дайындалды. Елдегі әлемдік қаржы дағдарысын ескерген шаруашылық басшылары шөптің бағасын халыққа қолайлы бағамен сатуда. Әлеуметтік жұмыс орындары бойынша алты қожалық уақытша жұмыс істейтін адамдар алды.

Ауылдан көрші Бершүгір, Алабас елді мекендеріндегі зауыттарға вахталық әдіспен қатынап жұмыс істейтін азаматтар да бар.

Ауыл әкімінің сөзіне қарағанда, Қотыртас дәрігерлік амбулаториясына көлік керек. Себебі, Қауылжыр, Қорғанжар елді мекендеріндегі тұрғындарға дәрігерлік көмек көрсетуге бару үшін көлік қатынасы жағынан қиындық туады екен. Ерік Жұмаұлы атқарылып жатқан жұмыстарды  айта келе, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Ақтоғай орта мектебінде бүгінде 30 мұғалім, 122 оқушы бар. Жалпы, Ақтоғай селолық округінде заман талабына сай жасалып жатқан игі шаралар жетерлік. Жергілікті халық та қанағаттан қарекетке көше бастаған. Ауыл тұрғындары келешекте округ орталығынан темір жол кассасы ашылса деген тілегін айтады. Өйткені пойызға билет алу үшін Шалқарға келіп кетуге тура келеді екен.

С.МҰХАМБЕТСАДЫҚҰЛЫ.

Шалқар ауданы

  • Реніш

Қашан тәртіп  орнайды?

Бұдан бұрын да «Ақтөбе» газетінен «Шалқар-Ақтөбе» пойызы жайлы жағымсыз жайтты оқығанбыз. Сол кезде де «Сұмдық-ай» дегенбіз. Үстіміздегі жылдың 11 қарашасы күні мен осы пойыздың тағы бір келеңсіздігіне куә болдым. Басынан бастайын…

Сол күні Ақтөбе темір жол вокзалына жұмыспен барып қалғанмын. Мен барғанда пойыз орнынан қозғалып жатыр екен. Бәрімізге «Тоқылдақ» атымен белгілі «Шалқар— Ақтөбе» пойызында бар жоғы 4-ақ вагон бар. Оның да бір ғана есігі ашылыпты. Қалғандары тарс жабық. Ашық есіктен арпалысқан адамдармен жағаласып міне алсаң, міндің, міне алмасаң, қалдың деген сөз.

Бұл пойыз нағыз алаяқтарға ақша тауып беріп отырған «жомарт» пойыз сияқты. Ұр да жық жігіттер мінушілерді баса көктеп, итеріп, вагонға бірінші мініп алып, орындарды соңынан кірушілерге сататын көрінеді. Бұл не деген сұмдық? Тәртіп қайда?

Негізгі айтпағым — мынау. Сол ызғын-шуғын болып жатқан тұста 5 жасар бала шыңғырып, безілдеп жылап тұр екен. Қасына жақындап, жөн сұрап едім, мамасының вагонға мініп кеткенін, өзі сыртта екі сөмкемен қалып кеткенін зорға түсіндірді. Демек, мұның анасы да сапырылысқан халықпен вагонға билет алуға, орын алуға кірген болып тұр ғой. Сөйтіп жүргенде пойыз орнынан қозғалып кетті. Жайлап қозғалып бара жатқан пойызды тоқтататын, баланың жағдайын сұраған бір полиция қызметкерін, иә жолсерікті кездестірмедім. Баланы, оның екі сөмкесін сүйреп, кімге барарымды, қалай көмектесерімді білмей дал боп жатқанда, пойыздың ішіндегі баланың анасы «тоқтату нүктесін» басып, пойызды тоқтатты, әйтеуір. «Ұлы айғаймен» бала анасының қасына мінді. Бұл «жабайылықты» көріп тұрып, үндемей қалуды жөн көрмедім.

Аталмыш пойыздың проблемасы қашан таусылар екен? Бұл — менің бір күн вокзалға шығып, көріп келген «сұмдығым».  Ал күнде көріп жүрген вокзал қызметкерлері, полицейлер мен жолсеріктерге қырғынды көру қызық шығар, бәлкім.

Ақдәулет КӘРІБАЙҰЛЫ,

зейнеткер,

Ақтөбе қаласы.

  • Ұшқын

Еріктілердің еңбегі ерен

5 желтоқсан Халықаралық волонтерлер күніне орай, осы мақаланы жазуды құп көрдім. Еріктілер қозғалысы туралы оқырман қауым қаламыздың бас басылымынан оқып білсін деген ниетпен…

Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасып, нығаю кезеңінде, оның ұлттық-рухани тұғырнамасын жасап, ой-санамызды оятуда халқымыздың сан ғасырлар белесінен осы күнге дейін келіп жеткен мейірімге толы жылу, асар, белкөтерер, үме секілді салт-дәстүрлердің маңызы зор. Сол себептен, жас ұрпақ өкілдері алдында атадан балаға мұра болып келе жатқан салтымызды  заман көшінен қалдырмай,  жалғасын жасап, жандандыру міндеті тұр.

Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарындағы дағдарыс салдарынан ертеңгі күніміз «бұлыңғыр» болып көрінгендей болды. Әркім өзінің шама-шарқынша өзін және өзінің отбасының «болашағын» жасауға тырысып бақты. Сол кезде қоғамда белең алған тастанды балалар мен қараусыз қалған қарттар, әлеуметтік қорғалмаған мүмкіндігі шектеулі азаматтар сияқты өзекті мәселелер өзінің шарықтау шегіне жетті. Мемлекетіміз кездескен кедергілерден абыройлы өтіп, халқымыз айналамыздағы шиеленіскен мәселелердің шешімін таба бастады. Еліміздің әрбір азаматы мұқтаж жандарға, жетім-жесірлерге жәрдем бере алатын деңгейге жетті.

«Адам тағдырына, оның мұң-мұқтажын түсініп, қайғы-қасіретіне ортақтаса алатын бірден-бір жан — еріктілер болып табылады. Олар кез келген жағдайда, өздерінің көмектерін аямайтын жомарт жандар десем, асыра сипаттауым болмас. Еріктілер (волонтерлер) — қазақстандықтардың қолданысына жаңадан енген түсінік болғанымен, олардың бастауымен біршама іс-шаралар атқарылып жатыр. Еріктілер қозғалысын тек ұйымдастыру құралы ретінде пайдаланып, қазақи мәнерді сақтай отыра, қайырымдылық іс-шараларды жаңғырту үшін қолдануға болады.

Мен Ақтөбе қаласында екі жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғаудың Ақтөбе қалалық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жанындағы «Д.А.Р.» еріктілер клубының мүшесімін. «Достық. Адалдық. Рақымшылық.» ұранымен біріккен қала жастарының қатысуымен әр түрлі жобалар мен мерекелік шаралар өткізілді. Тағдырдың жазуымен мүгедектік арба көмегімен қозғалатын құрдастарымыз арасында тығыз достық қарым-қатынас орнап, сенімді әрі қайырымды жолдас болуға тырысамыз. Болашаққа жарқын көзқараспен қарайтын жастардың басын біріктіруде Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау қоғамының директоры Құралай Байменова және ұйым қызметкерлерінің үлесі зор. Бұл азаматтардың мейірімге толы алтын жүрегінен шыққан жылы лебіздері, құнды ақыл-кеңестері  біз үшін «Өмір мектебінен» алатын баға жетпес дәріс болып табылады және ақырын жүріп, болашаққа анық қадам басуымызға үлкен көмегін тигізеді. Ұжым қызметкерінің ұйымдастыратын тренингтері ұжымда жұмыс жасау, шығармашылық, интеллектуалды ойлау қабілеттерін арттырады. Еріктілер қозғалысына бағыт-бағдар беруде М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің оқытушысы Сәулет Нұртаеваны атап өткен орынды. Ол болашақ дәрігерлердің басын біріктіріп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды медициналық тексеру тұрғысында әңгіме қозғады. Студенттер қоғам мүшелерінің үй жағдайында тексеру жүргізіп, диеталық нұсқаулар таратты.

«Д.А.Р.» еріктілер клубының қатысуымен «Алтын жүрек – 1, 2, 3», «Көктемгі балл», «Қала мен бала» жобалары өтті. Клуб мүшелерінің аталған жобаларға белсенді түрде қатысуымен қатар, өздерінің жеке ізденістерімен түрлі жобалар сайысына қатысуы бізді қуантады. Жоба жеңімпаздары көмегімен реабилитациялық сипаттағы қызықты іс-шаралар өткізілді. Бұлардың барлығы еріктілер еңбегінің ерен екенін аңғартады.

Елтай РАХМАНОВ,

«Д.А.Р.» волонтерлер клубының мүшесі.

  • Тағзым

Солдат дәптері

Ол қазақ жауынгері болатын. Қолында қаруы және қаламы болды.

Майдан даласында қолынан қаруы түспеген ер, жау қамауында қалғанында қаламын серік етті.

Жуырда бізге қазақ жауынгері Құрман Дастановтың қызы келді. Ол әкесінің сарғыш тартқан қойын дәптерін қоса алып келіпті. Латын һәріптері тізілген бұл қойын дәптерден біз өлең емес, мұң оқығандай болдық. Ердің елге деген сағынышы.

Құрман Убайдуллаұлы 1914 жылы Жем бойында (бұрынғы Темір ауданы) қазіргі Мұғалжар ауданының Қожасай аулында дүниеге келген. Соғыстың алдында Темір қаласындағы банкіде күзетші қызметін атқарған. Ол кезде мекеме НКВД-ға қарайтын. 1941 жылы 22 маусымда Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың қатарында Жұрын станциясынан елді қорғауға аттанады. Сол жылы тамыз айында Калинин майданында атты әскер құрамында соғысқа қатысады. Қан майданда ерлікпен шайқасқан Құрман 3 рет ауыр жарақат алады.  Денесіндегі 18 оқтың  6-уы ғана алынған, қалғандары бойында қалған. 1943 жылы 5 октябрьде ауылдағы туыстары соңғы жазған хатын алады. Содан хабарсыз кеткен Құрманның  басынан өткен ауыр жағдайды 1945 жылы фашист тұтқынының латын әрпімен жазылған мына өлең жолдарынан білеміз.

«Қолыма қиялданып алдым қалам,

Дат етіп, бір Алланы көңілге алам.

Шамалы көргенімді баяндайын,

Естісін қатар құрбы құлақ салған.

Ақырын бір жаратқан оңғармаса,

Болып тұр қиыншылық мына заман.

Күніге бір көрмесе шыдамайтын,

Қашықта қалды қайран ата-анам.

Ел жұртты еске алып ойлағанда,

Көңілім дараланып болады алаң.

Жүретін ойнап-күліп жас кезімде,

Құдайым ажыраттың тамашадан…»

Өлең осылай жалғаса береді. Өлең жолдарынан оның жау қолына тұтқынға түсіп қалғанын, ондағы қиналысын айқын аңғаруға болады.

Жауынгер Құрман елге оралды. Ол өзімен бірге жау тұтқынында серік еткен қаламы мен қойын дәптерін де ала келіпті. Және бейбіт өмірде де жанының желеуі болған жазуын тастамай, сақтап келіпті. Ол соғыстан кейін үш жыл Әзірбайжанның астанасы Баку қаласында мұнай шығаратын мекемеде жұмыс жасайды.

1948 жылы күзде  Қандыағаш стансасындағы темір жол депосына жұмысқа орналасады. Сол жылы Апеш Күмісқалиқызымен отау құрып, 9 ұл-қыз тәрбиелеп өсіреді.

— Әкем еңбекқор, жомарт жан еді, — деп еске алады қызы Нұрсұлу. — Көктемде егін салып, картоп, сәбіз, пияз егетін еді. Күзде ат арбасымен жинаған дақылдарын тасып, тұқымға іріктеп алғаннан қалғанын «Біздің үйдің дақылынан ауыз тисін», — деп ағайындарға екі қаптан бөліп беретін.

Ол кезде қалада газ жоқ, үйлерді көмірмен жылытатын. Жұмыстан кейін ат шанасын жегіп, үйлерге көмір тасып беретін. Әкем жылқыны жақсы көретін еді. Әлі есімде, арбаға, шанаға жегетін көк биесі болды. Жұмыстан шаршап  келсе де, қораға барып жылқысының жалын тарап, жемдеп, үйге содан соң кіретін. Сол көк биені әкем өзі ауырғаннан кейін сатып жіберді. Бір күні бие шідерін сүйретіп, кісінеп, үйдің ауласына шауып келді. Біз жылқының кісінегенін естіп, «Әке, көк бие келіп тұр» деп едік, әкем «Мені төсектен тұрғызыңдар», — деді. Шешем екеуміз сүйеп далаға шығарғанда,  аттың мойнынан құшақтады. Әкемді көргенде жылқының кісінеп, көзінен жас тамшылап тұрғанын көрдік. Осы жағдайды көріп бәріміз де жыладық. Осы жолы біз жылқы малының асылдығын, адамға сондай жақындығын көріп, таңдандық. Көк бие шідерін үзіп, әкеммен қоштасуға келген екен. Артынша, әкеміз 1976 жылы ауыр науқастан 62 жасында қайтыс болды.

Бүгінгі күні Құрман ата мен Апеш әжеміз арамызда жоқ. Дейтұрғанмен, «Орнында бар оңалар» дегендей, балалары еліміздің әр түрлі өндіріс орындарында құрылысшы, есепші, мектепте мұғалім, т.б. салаларда еңбек етуде. Қара шаңырақты кенже баласы Елубай мен келіні Венера ұстап отыр.

Қ.БАЙСҰЛТАНҰЛЫ ,

Мұғалжар ауданы.

·        Естелік

Тұлға жайлы толғаныс

22 қараша — әкемнің туған күні. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Есет Құдайбергенұлы Жұбановты көзі көргендер «ағай» деп қана қарайды. Жалған дүниемен қош айтысқанына 2 жылдан асқан әкеміздің өмірдің қандай жолдарынан өткендігін әріптестері, шәкірт-студенттері біле бермейді. «Өзі жүрмесе де,  көргені сабақ болсын» деп, қазіргі кейбір жас ұрпақтың сәл қиындыққа төзбейтін, морт сынғыш жан-дүниесіне дем беру мақсатында Мүслима апамыздың естелігінен үзінді беруді жөн көрдік.

Ардақ Есетқызы Жұбанова,

«Жұбановтану» зертханасының меңгерушісі

Есет жайлы естелік

Ақтөбе өңірінде аты әйгілі екі Есет болыпты. Бірі ақылгөй, әулие Есет, ал екіншісі – шекті, батыр Есет. Екеуінің де елге еңбегі сіңген, бейітінің қасынан өткен орыс, қазақ тағзым етпей өтпейді.

Аты Есет болғандықтан ба, біздің Есет еркелеп өсті. Оның үстіне Ленинградтың ауасы жақпай, аурушаң болды. Кішкентай кезінде жабысқан сырқат оның мінезіне кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Ол үстіне киім кигісі келмей, тамақ ішпей, әке-шешесін әуреге салатын. Әлі есімде, папам нанды кесіп, ат, түйе, қоян жасап: «Мына түйенің басын жеп қойшы, енді аяғын жеп көрші», — деп алдап жегізетін еді. Күйгелек мінезіне қарамай, Есет ақылды болды. Бала күнінде-ақ үлкен адамша тауып сөйлейтін. Сегіз жасынан бастап өлең шығаратын болды. Күлдіргі, қу тілді еді.

Соғыс жылдары Бәтима апамыздың қызы Қалиаш атты жиеніміз қаладан шешесінің пенсиясын алу үшін Есеттен доверенность сұрапты. Есет ол кезде ауыл советінің хатшысы болатын. Есет бір шумақ өлең жазып, оны доверенності түріне келтіріп, штамп пен мөр басады да, қолын қойып, Қалиашқа береді. Қалиаш оқып қарамай, қалтасына салып, қалаға кетеді. Қаламыз, Жұрын, ауылдан жиырма шақырым. Қалиаш қалаға жаяу келіп, почтаға доверенносін көрсетсе, ақша беретін әйел оқып қарап, күліпті. Әрине, Қалиашқа ақша да бермейді. Қалиаш ыза болып, ауылға тағы жаяу қайтады. «Сенің інің мені мазақ қылды» деп, өшін Бәтима апамыздан алса керек. Сондағы Есеттің Қалиашқа «доверенность» деп берген өлеңі мынау еді:

Бұ доверніс берілді Қалиаш деген балаға,

Тұрғысы келмей ауылда, қаша берді қалаға.

Екі ортада қасқыр көп, жойылып кетер бір күн деп,

Доверності беремін, қалмайын деп жалаға.

Есет осындай, ойыншыл, қайдағыны ойлап табатын қуақы бала болды.

Институтты бітіргеннен кейін Есет аспирантураға түспек болып, академияға арыз береді. Академия  Есетті аспирантураға қабылдамайды. Өйткені 1951 жылдар қазақ интеллигенттері Кенесарыға байланысты қуғынға ұшыраған кез болатын. Жүрегінің оты бар, білімі, талабы бар жас адам үшін бұл аз соққы болған жоқ. Дегенмен, Есет 1954 жылы Алматыға келіп, өз бетімен «Қазақстан мұғалімі» газетіне қызметке тұрады, бір бөлмелі үй алып, мамамды қолына алады.

Есет газетте жақсы тілші болып көзге түседі, әрі ол аудармамен айналысады. Бір күні Есеттің орыс тілінен қазақ тіліне аударған жұмысы Академияның вице-президенті Сақтаған Бәйішевтің көзіне түсіп, оған қатты ұнайды. Бәйішев Есетті шақырып алып, Академияға қызметке алады. Аспирантураға ол тек әкеміз ақталғаннан кейін ғана түседі. Академияға барған Есет әкеміздің еңбегін жинастырып, жарыққа шығару ісімен шұғылданады, кандидаттық диссертация қорғайды.

Ақыры, ол доктор, профессор болады. Ақтөбеге барып, Құдайберген Жұбанов атындағы университетте кафедра меңгереді. «Жұбанов тағылымы» атты зертхананы басқарады, тіл тағылымынан бірнеше кандидат, докторлар дайындайды.

Есет 2007 жылы сәуір айының 4-жұлдызында науқастанып қайтыс болды. Қазір ол Ақжардағы үлкен аталарының қасында, кенже ұлы Айбегін қойнына алып, мәңгі ұйқыда жатыр. Есет әке алдындағы борышын абыроймен ақтай білді. Қазақ тілі ғылымына да өз үлесін қосты. Қала берді, Ақтөбе өңіріне де еңбек сіңірді. Бұрынғы өткен Есет бабалары тәрізді ғалым Есетті де келер ұрпақ ұмытпай, есте сақтап, ардақтар деп сенеміз.

Мүслима ЖҰБАНОВА.

  • Көңіл

Ауыр күндер артта қалсын

Ақмарал, Айбек! Мамаларың көз жұмған күні үйлеріңе кіріп, көңіл айтып шыққаным есте шығар. Қайсар мінезді папаларыңның қатты жан күйзелісін сезініп, қасында болғым-ақ келген, уақыт мүмкіндігі болмай, үйден шақ шықтым! «Мықты бол, хабарласамын» дегенмін. Құдірет қайтып хабарласуға пұрсат бермеді. Жайсыз хабар үй-ішімізді жасын түскендей есеңгіретті! Ортайып қалдық, ойсырап қалдық! Құдіреттің ісіне не шара!

Папаларыңмен жастық шағымыздың ең қызық кезін бірге өткізіп, оқуға да қатар аттанып ек. Жолымыз болды. Қызметке араластық. Қайда жүрсек те бір-біріміздің амандық-саулығымызды тілеп, қол жеткен азды-көпті табысымызға қуанып, телефон, хат арқылы үн қатып жүруші ек. Папаларыңның хаттары сақтаулы. Айтпақшы, бір хатында «сағындым!» деген екен. Сол сөзі бір кітабымда бар. «ІЗ» деп аталатын кітапта да суреті бар. Ол кітап Ұмытқан апаң арқылы қолдарыңа тиеді. Алдағы уақытта өмірден өткен достар: Әбдіқани, Батырхан, Марат, Әбендермен қатар папаларың жайында естелік жазбақ ойым бар. Хабарласып тұрыңдар.

Өмірде ата-анадан, баладан, бауырдан, құдай қосқан қосақтан айырылу және үмітсіздік — қасіреттің қасіреті. Қалғаны: өкініш, қапа атаулының бәрі сәтсіздіктер. Өмір бойы, екібастан, сәтсіздік жоқ. Үміттерің үзілмесін. Папа-мамаларыңды іздемей де, жоқтамай да болмайды, жұбанбай да болмайды. Халық «Бүгін күрсінсең, ертең күлесің» дейді ғой, қуанышты күндерің тезірек күліп келсін, айналайындарым.

Иә-ә: Жақсылықтар есімдеріңді тапсын.

Жақсылықтар есіктеріңді қақсын. Әумин!

Үмбетбай аға, Мәриям апа.

5.11.2009 жыл.

  • Ошақ

Лицейдің алпысыншы түлегі

Ақтөбе қаласындағы 60 жылдық тарихы бар №3 кәсіптік лицей — кәсіптік білім берудің қара шаңырағы болып табылады.  Аталған білім ошағы табалдырығынан елімізге танымал талай азаматтарымыз түлеп ұшты.

Лицей түлектерінің ішінде  осы қара шаңырақта қалып, елеулі еңбек жасап жүрген ұстаздар, шеберлер баршылық . Мысалы, Татьяна Матвеева аталмыш білім ордасында 35 жыл үздіксіз жұмыс жасаса,  Татьяна Божка 30 жылға жуық шәкірттеріне кәсіптік білім беруде аянбай терін төгіп келеді.  Наталья Конончук, Дания Трегулова, Ирина Бондаренко, Мөлдір Назарқызы сынды шәкірттер алғысына бөленіп жүрген шеберлер — мыңдаған оқушыны табалдырықтан нағыз маман етіп даярлап, түлетіп ұшырып отырған жандар. Сонымен қоса, лицей қызметкерлері  осыдан үш жыл бұрын ғана осы білім ошағын тамамдаған бір топ жас мамандармен толықты.

Ал лицейдің 60-шы түлегі, яғни 2009-2010 оқу жылында лицейді бітіргелі отырған Мадина Ибжанипова лицей өміріндегі түрлі іс шараларға, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын оқушылардың бірі. Осы жылы ұйымдастырылған «Лицей аруы —2009» байқауында құрбыларынан басып озып, бас жүлдені алды. Ол өзі таңдаған кәсібін жанындай сүйетінін сол сайыстарда байқата білді. Оның таңдаған мамандығы — аспазшы. «Қолынан дәмді ас жасай білетін қыздың қашан да жолы болады», — дейді ол. Өнердің үлкені болып саналатын аспазшы-кондитер мамандығы да шығармашылық шабытты керек ететінін алға тартады.

Кәсіптің нашары болмайды. Тек сол сүйікті кәсіпті ерен еңбекпен  ұштастыра білген адам ғана жетістікке жетері анық.

Шолпан БЕЙСЕМБИНА,

№3 кәсіптік лицейдің өндірістік оқыту шебері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button