Әлеумет

Ізгілікті із

Ғибрат

Әдетте адамның өмірлік белсенділігі, өзін қандай ортада да іскерлік, жауаптылықты сезіну қабілетімен танытуы екінің бірінің пешенесіне жазыла бермесе керек. Бүгінде жетпістің қалың ортасына енген Әнуар аға Бекмұхамбетов бұл тұрғыдан өзінің сергектігіне селкеу түсірмеген жан. Ол қазір «Ақтөбе халықаралық әуежайы» акционерлік қоғамында авиациялық қауіпсіздік қызметі бастығының орынбасары ретінде де өзінің іскерлік, ұйымдастырушылық үлгісін кейінгі буынға дарытып жүр.

Елбасының күні кешегі халықпен тікелей жүздесуі көпті көрген, көңіліне түйгені одан да мол абзал ағаның ойына ой түсірді. Сондағы бір бағамдағаны — бүгінде алдыңғы буынға шыққан өз тұстастарының қоғамдағы орны, ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілік жүгі бұрынғыдан да салмақтана түскендігі.

Біздің бүгінгі әңгімеміздің желісі де ғибраты мол аға өнегесін оның өмір жолдарымен сабақтастыра отырып өрбімекші.

Ойылдағы оңды істер

Әнуар ағаның өмір жолдарындағы ең бір ерекше есте қалатын және қынулы еңбек еткен тұстары Ойыл ауданымен тығыз байланысты. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан, темір жол торабынан тым жырақ өңірдің негізгі тіршілігі мал шаруашылығымен өзектес болатын.

Ол осы ауданды 1978 жылдан 1991 жылға дейін, үзбестен он үш жыл бойы басқарды. Бұған дейін Қарабұтақ, Қобда аудандарында өз мамандығы бойынша бас зоотехник болып еңбек еткені, сегіз жылдай уақыт облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында бастықтың орынбасары — мал шаруашылығы және малды асылдандыру ісі бөлімінің бастығы, басқарма бастығының бірінші орынбасары болғаны, сол тұстардағы жинақталған мол тәжірибе Ойылда көп пайдасын тигізді. Осы жылдар ішінде ауданда жылма-жыл мал басын өсіруде, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, мемлекетке тапсыруда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді. Кеңшарларда мал шаруашылығы мен егіншілік саласында озық технологиялар жүйелі түрде, жергілікті жағдайлар ескеріліп енгізіле бастады. Сондай ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде аудан 1981-1990 жылдар аралығында Бүкілодақтық және республикалық деңгейде сегіз рет Құрмет грамотасына марапатталуға лайық деп табылды. Ал 1990 жылдың қорытындысына аудан Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы атанып, сол кездегі мәртебесі жоғары органдар — КОКП Орталық Комитетінің, КСРО Министрлер Кеңесінің, Кәсіподақтары және Жастар ұйымы Орталық комитетінің Құрмет грамотасын иеленді. Сол кездің өлшемімен бұл кез келген ауданның қолы жете бермейтін жетістік болатын.

Әнекең осы өңірге басшылық жасаған тұсты қазір жергілікті ақсақалдар «Ойылдың шарықтаған шағы» деп атап жүр. Әрине, қандай да баға берудің көбінесе салыстырмалық сипатта болуы мүмкін, дегенмен атқарылған еңбек, басшының іскерлігі, сондай-ақ ұйымдастырушылық, кадрларды тәрбиелеу, көпшілікті ортақ шаруаға жұмылдыра білу қасиеттері жұртшылық санасында сақталып-ақ қалады. Бекіш Ғалымов, Қуаныш Ержанов сынды Еңбек Ерлері баққан отарлардағы әр қойдың егіздетіп қозылауы сол кездегі озық тәжірибелердің өндіріске батыл енгізілуі екендігіне ешкім де күмән келтіре алмайды. Сондай-ақ ауданда қойды қырқу мен тоғыттан өткізуді жаңаша жүйеге көшіру, ірі қара малдарын азықтандыру, суару, тазалау жұмыстарының толығымен механикаландырылуы сол кездің өлшемімен атқарылуы ойға соншалықты сыя бермейтін шаруалар. Ақшатау елді мекенінде мал азығын дайындаудың оңтайландырылған әдісі жүзеге асырылып, бұл тың жаңалық деп есептелді, сөйтіп осында облыстық семинар өткізілгені бар.

Әнуар Керейұлының облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында біраз жыл басшылық қызметте болып, ұйымдастыру шараларымен тікелей шұғылданғаны мұнда да біраз игі істің себепшісі болды. Осы жылдары облыста цигай қойының жаңа тұқымы 1 млн. 200 мыңға жетті. Ал бұл жаңа тұқымның авторларының бірі Әнекең екендігін КССР Мемлекеттік өнертапқыштар комитеті берген №2574 куәлік дәлелдейді. Сондай-ақ Құрманов атындағы кеңшарды мал тұқымын асылдандыру шаруашылығына айналдырып, жоғары класты еділбай қойын облыстың колхоз-совхоздарына сатуды жолға қою осындай шаралардың бірі еді.

Осы кезеңде аудан шаруашылықтарында әлеуметтік салаға да қатты көңіл бөлініп, көптеген мәдени-әлеуметтік объектілер пайдалануға берілді.

Еңбектің бағалануы — адамның мерейін өсіреді. Әнуар ағаның екі Еңбек Қызыл ту, сондай-ақ «Құрмет белгісі» ордені, әр жылдарда алған алты медалі, Ойыл ауданында бірінші басшы болып тұрған тұста республика Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайлануы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болуы сондай ізгі нышандар көрінісі емес пе?!

Өмірде не болмайды? Кейбір ел басқарған азаматтардың сол мекенге кейін қайта айналып соғуы қиынға айналатын жайлар да сезіліп қалады кейде. Ал Әнуар аға Ойыл өңіріне ылғи да өзімсініп барады, ол дегенде ел құшағы да әманда ашық.

Әнуар ағаның тағы бір ерекшелігі, күнделікті тіршілік, шаруа ауқымымен тұйықталып қалмайды. Ел ісі, көпшілік мүддесіне қатысты шаралардың бел ортасында жүргені ылғи да. Мәселен, былтыр Қобыланды батыр тойында ешкімнің сұрауынсыз-ақ өзі ынта білдіріп, сырттан келген бір топ қонақтарды алып жүрді, оларға ерекше құрмет үлгісін жасады. Артынан Орталық стадионға Қобыланды батыр атын беруде де ынталы топтың  басында көрініп, игі істің ұйытқысы болды.

Әуежайдағы қауіпсіздік

Өмір бойы дерлік партиялық басшылық жұмысында болған адамның кейінгі он төрт жылдай уақыт бойы әуежайдың қауіпсіздік қызметінде жемісті еңбек етіп келе жатқаны сырт естіген адамның таңданысын тудырмай қоймайтыны анық. Қалай дегенмен де өз тірлігінде белгілі бір деңгейдегі тәртіпті ту етіп ұстанып, жауапкершілік, бірсөзділік, мұқияттылық сияқты қасиеттерді бойына әбден қалыптастырғандықтан болар, бұл салада да оның өрнекті іздері қалып жатыр.

Басқасын айтпағанда, былтырғы жылы Қазақстан мен Ресей Президенттері кездескен Ақтөбедегі саммит кезінде әуежайдағы қарбалас тірлікті көзімен көрмеген адамның сезінуі қиын болар.

Бір күнде Ақтөбе алыс-жақын шетелдерден алпыс сегіз ұшақты қабылдапты. Сол кезде әуежайдағы қауіпсіздік қызметі қапысыз жұмыс істегендігі айтылды. Әңгіме барысында Әнекеңнің өзі үш күн бойы ұйқы көрмегендігін айтқанда сенер-сенбесімізді білмегеніміз рас. Үлкен жиын аяқталысымен кідірместен елдеріне қарай бет түземек бәленбай ұшақтың әрқайсысы үшін ондаған тоннамен есептелетін жанар майы құйылып тұруы, келіп-кетіп жатқан қадірменді қонақтардың көлігінің қонуында да, ұшып кетуінде де кедергі болмауы, міне, осындай шаруалардың бәрінің бел ортасында Әнекең жүрді.

Алыстан келген мәртебелі қонақтар Ақтөбе әуежайының шын мәнінде халықаралық дәрежені иеленіп отырғанын көздерімен көрді. Ал мұның бәрі осы осындағы қызметкерлердің қалыптасқан іс-қимылының нәтижесі болатын.

Бір кездегі шағын әуежай бұл күнде халықаралық қақпаға айналды. Мұнда батыстан шығысқа, шығыстан батысқа бет алған алып лайнерлер аялдап кетіп жатады. Қанша қозғалыс болса, қауіпсіздік қатері соншалықты мүмкін деп есептеген жөн. Қауіпсіздік демекші, әне бір жылдары Ақтөбедегі әуежайда террористер сойқаны орын алған кезде олармен келіссөзге ұлы, Ақтөбе халықаралық әуежайының президенті Айболдың жеке-дара шыққаны ойына түсіп кетсе, әлі күнге дейін көңілі қобалжып қалатыны бар.

Шынында да, қауіпсіздік мәселесіне бейқам қарауға болмайды. Ал мұндай жерде әр ісіне мұқият, болар істің келер жағын күн ілгері бағамдап отыратын Әнуар аға сынды елгезек те ұқыпты жандар керек-ақ.

Әулет жалғастығы

Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонады. Адам ең алдымен әулет қызығымен өркендейді.

Әнуар аға марқұм Шәрбану апамен бірге төрт баланы дүниеге әкелді. Асыл ана сол перзенттерінің азамат болып атқа мінгенін, адал еңбектерімен абыройға бөленгендерін көре алмай, дүниеден ертерек озды.

Шәрбану Мырзакелдіқызы Алматыда дүниеге келген. Қыздар педагогикалық институтын бітіргеннен кейін Қарабұтақ ауданындағы Бөгетсай орта мектебінде математика және физика пәнінің оқытушысы болып еңбек жолын бастайды. Одан кейін Қобда ауданының орталығы — Новоалексеевка орыс орта мектебінде ұстаздық қызметін жалғастырады. Ал 1965 жылдан бастап басшылық қызметтерге тартылады. Әуелгіде Қобда аудандық атқару комитетінде, сосын жаңадан ашылған Ақтөбе аудандық атқару комитетінде төрағаның орынбасары қызметтерін атқарды.

Ал Ойылдағы орыс орта мектебінің директоры болып еңбек еткен бес жылы Шәрбану апаны ел алдында ұмытылмас құрметке бөледі. Сондықтан да ойылдықтар ол кісінің еңбегін ескеріп, өзі басшылық жасаған білім ордасына есімін беруді қалады. Бұған да, міне, сегіз жылдың жүзі болыпты.

Көзі тірісінде әулеттің ұйытқысы, асыл жар, абзал ана болған, ұрпақ өрбіткен сол аяулы жанды Бекмұхамбетовтер әлі де сағынышпен іздейді. Сондықтан да оған қатысты қандай да бір жай әңгіме бола қалса, олардың елең етпейтіні жоқ.

Ойылдағы оқу ордасының  Шәрбану мектебі аталуы оларды ерекше тебірентті. Қазіргі уақытта бұл білім ұясына бүйректері ерекше бұрып тұратындықтары да содан.

Алғашқы кезеңде Бекмұхамбетовтер мектепке екі миллион теңгенің жиһаздары мен керек-жарақтарын жеткізіп берді.

Биылғы жылы жаңа «УАЗ» автокөлігін сыйға тартты. Бір кезде Шәрбану ұстаздан дәріс алған шәкірт Елена Браташева бүгінде осы ұжымның басшысы.

Әнуар аға тірлігінде жанының жартысындай болған сүйікті зайыбының асыл бейнесін балаларымен бірге әрдайым еске алып, басына барып дұға етіп отырады.

«Жақында белгілі публицист Генрих Боровиктің бір басылымға берге сұхбатын оқыдым, — дейді Әнекең, — сонда онымен өз тағдырыма ұқсас біраз жайттар бар екеніне көз жеткіздім. Ұлы, белгілі журналист Артемнің қазасына байланысты ол «уақыт — емші» деген сөзді жоққа шығарады. Мен де соған қосылар едім. Шәрбануды отбасымызда еске алмайтын, жадымызда ұстамайтын кезіміз болған емес».

— Бір қызығы, үлкеніміз Құралай маған, ал ұлым Айбол анасына көбірек ұқсаған сияқты, — дейді әңгімесін жалғастырған аға тебіреніп.

Қазір осы шаңырақтан түлеп ұшқан төрт перзент егемен еліміздің маңызды буындарында еңбек етуде. Мәселен, Құралай Мәскеудің Сеченов атындағы медицина институтын бітірді, қазір облыстық санитарлық-эпидемиологиялық басқарма бастығы. Күләш та дәрігерлік мамандықты қалады, бұл күнде «ЕурАзияЭйр» компаниясы Ақтөбе филиалында дәрігерлік санитарлық бөлімді басқарады. Ал Айбол республикамызға белгілі ұшқыш, техника ғылымдарының кандидаты, Астана халықаралық әуежайының президенті, «Құрмет», ІІ дәрежелі «Достық» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген авиаторы. Кенжесі Айжанна «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамында бас менеджер, экономика ғылымдарының кандидаты.

Әнекең — немерелер мен шөберелердің қызығын көріп отырған ата. Айбек, Әсел, Дана, Нұрбек, Дамир, Айбике және Арлан, бұлардың алды отау тігіп, үлкен тірліктің тізгініне ие бола бастады. Әсел мен Дана Қытай мұнай-газ университетінің түлегі, қазір екеуі де Алматыда қызмет жасайды. Ал Нұрбек Лондоннан жоғары білім алып, қазір «Қазмұнайгазда» менеджер болып қызмет етеді.

Үш жасар Медина Әнекеңді бабалыққа жеткізіп отыр.

Әнуар аға қазір немерелерінің әр ілгері қадамына қуанып, аталық сын көзбен қиядан қарап отырады. Осыдан үш жылдай уақыт бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Қытайда болып, қазақстандық студент жастармен кездескенде Әселінің «Абай жолы» кітабына Президентке қолтаңба жаздырып алғанын жақсылықтың нышанындай көреді.

Санкт-Петербург инженерлік-экономикалық университетін бітірген Айбектің қазір «ЕурАзияЭйр» акционерлік қоғамында вице-президент болып абыройлы еңбек етіп жүргені де атасына мақтаныш.

… Өмірдің қуанышы мен қызығы, бары мен жоғы, базары мен көлеңкелі тұстары болатынын бір кісідей бастан өткерген Әнуар аға өзінен тараған ұрпақтың әулетте  қалыптасқан ұлағат жолымен жүріп келе жатқанына қуанады. Адам үшін артта қалар ізгілікті іздің өзі осы емес пе?!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button