Мәдениет

Белестер

Барлық саналы ғұмырын прокуратура органдарындағы  қызметке арнаған Қалу Жарылқасынов— Батыс аймақтық көлік прокуратурасынан зейнеткерлікке  шыққан  еңбек ардагері. Сексеннің  сеңгіріне шыққан ақсақалдың өмірі, еңбек жолы үлгі-өнеге тұтарлықтай. Қалу Дәрібайұлы өмір иірімдерін өрнектеп айта алатын, жаза алатын өнерден де құр емес.

Алмасқан мамандық

Арал қаласындағы Т.Шевченко атындағы қазақ орта мектебін 1946 жылы  бітіріп, 1947  жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистер даярлайтын факультетіне оқуға түстім. Тілге жүйрік, жазуға икемім байқалғанымен, жүре-бара бұл мамандықты өзіме қолайлы көрмедім. Оның үстіне жолдастарымның азғыруымен Алматының Мемлекеттік заң институтына ауысып, 1951 жылы бітіріп шықтым. Жоғары оқу орнында дәрістің барлығы орыс тілінде, тапсырмаларды көбіне жаттауыма тура келді.

Бір айта кететін нәрсе, біз, жастар, сол кездері  қазақтың дарқан мінезді, кең пейілді азаматтарының шарапатына ілігіп жүруші едік. Солардың бірі — одақтық байланыс мекемесі бастығының орынбасары Орынбасар Шынғалиев. Әкесі Мысырда 8 жыл оқып, Орал облысында мешіт ашып, бала оқытқан зиялы адам екен. Осы кісі мені туған баласындай көріп, бауырына тартып, әкелік қамқорлық танытты. Әйелінің аты —  Балжан, фамилиясы Жарылқасынова, менің фамилияммен бірдей екен. Соны естігенде күліп:

— Киімшең бала деген осы. Енді бізден қашсаң да құтыла алмайсың, — деп әзілдеп, кәдімгідей аналық мейірімін төкті. Ол кезде өз әкемнің де жағдайы жаман емес болатын. Ауылдың атқамінерлерінің бірі. Оған үш балық аулайтын, бір егін егетін ұжымшар, Арал ауданындағы ең ірі Бөген балық зауыты, Бөген МТС-і қарап тұрды. Осылай ауылда туған әке-шешем, қалада екінші әке-шешемдей болған отбасы қамқорлыққа  алған соң, жағдайым жаман болмады.

Бірақ жадыраған жаздың артынан қытымыр қыс келеді дегендей, маған дайындаған өмірдің сыбағасы алда екен…

Студенттік жылдары қазақтың бұлбұл әншісі Күләш Байсейітова апамыздың  баласы Алданмен дос болу бақытына ие болдым. Ол біздің институтта сырттай оқыды. Менімен бірге емтиханға дайындалып жүрді, кейде оның үйінде қонып қаламын. Әлі есімде, алты бөлмелі үйлері бар-тұғын. Күләш апайдың әке-шешесі қолында тұрды. Екеуі де азанда оянып, балконға шығып намаз оқитын. Алдан — Қаныбектің бірінші әйелінен туған бала. Бірақ Күләшпен сыйластығы туған баласындай десем, артық айтқандық болмас. Алдан  оның қызметке баратын жеңіл машинасының жүргізушісі болып, содан айлық алып жүрді. Біз опера-балет театрының ішінде, Күләш апайдың кабинетінде сабаққа дайындалатынбыз. Жұрттың қолы жетпейтін опера қойылымдарын емін-еркін тамашалап жүрдік. Жалпы менің өмірімнің ең қызықты бел-белестері — сол әсем қала Алматыда өткен бес жылғы студенттік дәурен.

Біз «белгілі бесеу» атандық. Бірі — Әбжа Асқаров. Бірі — Тәлекен Сырымов кейін Арал ауданының  белгілі азаматы атанды. Кеңестік кезеңде үлкен кеңшардың директоры  болып, Мәскеудегі съездерге қатысып, бірнеше дүркін орден-медальдармен марапатталды, қазір зейнеткер. Имамадин Раматуллаев та Батыс-Қазақстан, Қызылорда облыстарында кеңшар директоры лауазымын атқарды. Заңгер Бисембай Мусин Ақтөбенің аудандық, облыстық соттарында, облыстық прокуратурада жауапты қызметтер жасады. Осындай жолдастарымның бірсыпырасы бұл күнде арада жоқ. Бірақ менің  көкірегімде осындай жаны жайсаң жандармен бірге жүріп, бірге өткізген күндерім сайрап тұр.

Отбасылық баспалдақ

Жоғары оқу орнын тамамдап, заңгер мамандығын алып келген соң өз ісін жетік білетін, тәжірибелі заңгерлердің қасында  жұмыс істедім. Ол кезде басшылар әрбір жастың алғашқы қадамының аңсын аңдайтын. Мен сондай жақсы прокурорлардың назарына ілігіп, бірден білгір атандым. Сол себепті  қалалық прокуратурада халық тергеушісі болып қызмет жасаған азғантай уақыттан соң, маған аса маңызды қылмыстарды тергеу жүктеле бастады. Талай тәжірибелі тергеушілер менімен тең дәрежеде сөйлесіп, пікіріммен келісіп жүрді. Арада бір жыл өтпей облыстық прокуратураға ауыстым.

Тергеу деген өте қызық та, қиын іс. Мен білетін тергеушілердің арасында Шындәулет Алдияров, Нұрлан Әлмұрзаев, Генадий Быков «адам жанының инженері» дәрежесіне жеткендер еді.

Мен қалалық прокуратурада тергеуші болып жүргенімде, ауылдан әкем іздеп келді. Менің мұндағы жай-жапсарымды білген соң, өздері де осында қоныс аударғысы келіп, елге барған соң, аудандық партия комитетіне жұмыстан босату жайлы арыз берген болса керек. Осы мәселені  қарай келіп, ондағылар «баласын оқытып алып, енді өзі кетпекші» деп әкемнің мәселесін партбилетке тіркеп қойыпты. Сөйтіп жүргенде, анам ауыр науқасқа шалдығып, мен ол кісіні Алматыға емдеуге апардым. Бірақ о жақтан  пәлендей көмек болмады. Анамның сырқатының бет алысын байқаған әкемнің сөзінен  көмейінде «ең болмаса сен үйленіп, сол қызығыңды да көре алмады-ау» дегенді сездім. Бірақ қайран ата-анама менің үйлі-баранды болу қызығын көру жазбапты.   Шешемді ойлап шерменде болып жүргенде, әкем Қызылордадағы партия конференциясына қатысып келе жатып, поездың үстінде өкпесіне суық тигізіп, шешемнен 33 күн бұрын  қайтыс болды.

Қабырғам қатып, бұғанам бекімей тұрып, ата-анамнан айырылған мен сол бойы есейіп кеткендей болдым. Енді өзімнен басқа сүйенері жоқ үш қарындасымды алып, Ақтөбеге көштім.

Мен өз басымнан кешкен өмірдің ащы-тұщысын таразылай отырып, сол кездегі аға буын өкілдерінің адамгершілігінің алдында қайта-қайта бас иемін. Үш қарындасын соңына ерткен мендей жетімнің қамын сырттай ойластырып, маған қалыңдық іздей бастауы соның бір көрінісіндей болатын. Бір күні сол кездегі  облыстық соттағы ағаларының отбасы мені болашақ жарым Сағиламен таныстырды.

— Қалу, қарағым, жас та болсаң үлкен отбасының басшысы болып қалдың. Саған енді осы қиындығыңды бөлісетін, тыл жағыңды тастай етіп, қарындастарыңа ана болатындай ақылды жар керек. Осы қызға үйлен, — деді олар  мені оңашалап. Үлкен кісілердің мейрімі мен ақылы мені қатты толқытты. Жастық-мастықты артта қалдырып, сол қызға үйлендім. Құдайға шүкір, алған адамым жаман болмады. Отбасының шаруасына мығым, адам жатсынбайтын жақсы адам болып шықты.

Қызмет пен құрмет

Қатардағы тергеушіліктен бастап, бөлім бастығы болып бірталай тәжірибе жинақтаған соң, сол кездегі  облыс прокуроры И.Кацайдан ауданға жіберуді өтіндім. Ол да менің  ұсынысымды бірден қабыл алып, 1958 жылы Қобда ауданына прокурор етіп тағайындады. Әйелім Сағила мәдени-ағарту училищесінде тарих пәнінен сабақ беретін еді, ол да өз мамандығы бойынша аудан орталығындағы қазақ орта мектебіне орналасты. Сөйтіп орда бұзар отыз жасымды Қобда ауданында өткіздім. Мерейтойымды аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Бердекеш Биқашев басқарды.

1965 жылы  Қобдадан Ойыл ауданына  ауыстым. Бұл аудандағы  еңбегім жемісті болды деп айтуға болады. Аудандық бюро мүшесі болдым. Бұл деген бүкіл аудан өміріне араласып, белсенділік танытуға себеп болды. Сол ауданда Қуандық деген кенже ұлым дүниеге келді. Сәттілікке сәттілік ұласқандай  болды. 1970 жылы 8 мамырда Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президумының Жарлығымен облыста бірінші болып, «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген заңгер» құрметті атағына ие болдым.

Ол кезде ауданды Байсалбай Жолмырзаев басқарды. Шындығында ол өзі де тыным таппайтын, өзгеге де тыныштық бермейтін іскер адам еді. Бірбеткейлігімен жоғарыдағыларға жақпай да қалып жүрді. Қыруар шаруашылықпен айналысса да, ғылымнан қол үзбеді. Бірде  диссертация қорғауға баруға жиналғанда, облыс басшысы В.А.Ливенцов: «Маған ғалымның керегі жоқ. Ауданның жұмысын істейтін хатшы керек. Сол оқуыңды оқып кете бер», — десе керек. Осыдан соң көп ұзамай, хатшылықты  тастап, экономика ғылымдарының кандидаттығын қорғады. Сол мамандығы бойынша қызмет атқарды.

1972 жылы Ойылдан Алға ауданына прокурор болып келдім. Арада екі жыл өткенде  облыстық партия комитетінің  әкімшілік бөлім меңгерушісі И.Чилиняк шақырып алып, облыстық әділет басқармасын басқаруым керектігін айтты. Мен бірден ат-тонымды ала қаштым. Бірақ В.Ливенцов «егер көнбесең, сенімен әңгіме басқаша болады» дегендей емеурін танытты. Сөйтіп 1974 жылы қыркүйек айында облыстық әділет басқармасын басқаруға бұйрық алдым. Басқармаға аудандық, қалалық соттар , нотариустар, жанамалау адвокаттар қарайтын еді. Жұмыс реттерін  үйренуге тура келді.

Екінші туған күн

1978 жылы наурыз айында бір топ  адамды басқарып, Мұғалжар жылқы  зауытына барып, тексеру жүргізуге тура келді. Сегіз адам болып жүріп кеттік. Біз Ембі (қазіргі Жем) стансасына келгенде күн суық, боран болды. Басқа көлікпен жүруге болмайтын болған соң, Бұхара-Орал газ айдайтын компрессор станциясынан тікұшақ шақырып, ертеңіне жылқыларды үйір-үйірімен санап, есебін шығардық. Жылқылар қатал қыстан шығынға ұшырап, тай-құлындар тебінге түсе алмай, көп өлімге ұшыраған екен. Оларға мамандардың қатысуымен акті жасалған. Осындай жағдайларды анықтаған соң, өзімізді алып жүрген тікұшаққа қайта отырып, аспанға көтерілдік. Бірақ қалың тұман болып, адасып, алған бетімізден ауытқып кетіппіз. Біраз аспанды шарлаған тікұшақ бір тұсқа келгенде төмен қарай құлдырай жөнелді. Жанымыз көзімізге көрініп, өмірдің тәттілігін сонда сезіндік. Абырой болғанда, тікұшақ жерге тұмсығымен соғып, біз отырған құйрық жағы айырылып түсті. Есімді жиып, жан-дәрмен көзімді ашсам, жігіттер далаға өрмелеп шығып жатыр екен. Мен де далбасалап  солай ұмтылдым. Ал ұшқыш өліп жатыр. Әркім әр түрлі жарақат алған, әйтуір шыбын жанның аман қалғанына шүкіршілік етіп, есімізді жидық. Жақын жерде елді мекен көрінбейді. Кейін білдік, адасып Ырғыз ауданының Кіші Талдық деген жерінде құлаппыз. Содан бері  отбасым 18 наурызды екінші туған күнім есебінде тойлайды.

1978 жылы  облыстық мемлекеттік арбитраж мекемесінің бастығы қызметіне ауыстым. Бұл бір тыныш, өзімен-өзі мекеме сияқты болғанымен, онда келмейтін адам жоқ екен. Арбитраж ауқымында заңдар да көп екен. Оның ретін тауып пайдалану бұрын бұл салада жұмыс жасамаған адамға оңайға соқпады. Бірақ бұл арада да милиция органының зейнеткері Құрманғали Игісінов ағамыздың көп көмегі тиді.

Оралу

1981 жылдың басында  Батыс Қазақстан көлік прокуратурасы құрылды. Оған бұрын облыстық прокуратурада бірге қызмет атқарған Адғам Сафиуллин бастық болып тағайындалды. Ол кісінің көзі бірден маған түсіп, күнде қолқа салды.

Көмектесуге өтініш еткен соң, орынбасар болуға келісімімді бердім.

Ол кезде орынбасар біреу болатын. Жұмыс оңай болмады. Әр облыста орналасқан құрылымдардың — Ақтөбе, Қызылорда, Гурьев, Орал , Маңғыстау — жұмысын бақылауға алу, олардағы темір жол, әуе кемелері, су жолдары қатынасының қауіпсіздік заңдарының орындалуын тексеру айтар ауызға ғана оңай. Су жолдары қатынасында болатын  тергеу амалдарын үйрену үшін Одесса қаласына 40 күнге оқуға барып келдім. Ол уақытта поезд көп, жүк те жетерлік. Біздің темір жол телімдерімен тәулігіне 250-260 поезд өтетіндіктен, көптеген жерлерде екі қатар жол салынды.

Жолаушылар мен жүк тасымалы толастамайтын пойызды тонау, әсіресе, кешегі 1991-дің өтпелі  шағында бой бермеген қылмысқа айналды. Қылмысқа қарсы тізе қосып, белсенділік көрсетудің арқасында ғана бұл қарақшылыққа тосқауыл қойылды.

Сол тұста іздестіру мен қылмысты ашуда шапшаңдықпен, ақыл-айламен әрекет ете білген темір жол милициясының қызметкерлері Үркінбай Әділшінов, Жұмаш Ақшолақов үлесін ерекше атап өту керек. Осы жұмыстарға басшылық жасаған менің де жетекшілік рөлім ескеріліп, 1991 жылы одақ көлеміндегі «Құрметті теміржолшы атағы берілді».

Сөйтіп заңдылықты орнықтыру буындарында қырық жылға жуық қызмет жасап, 1992 жылы зейнеткерлікке шықтым.

Ардагерлік абырой

Соңғы салынған үйлердің екінші қатарынан  екі бөлмелі пәтер алған ардагер қолына өзі  жазған естеліктерінің жалғасындай шежіре суреттері мен қолжазбаларын ұстап қарсы алды. Сексеннің сеңгіріне шыққанмен ажарының нұры таймаған, түр тұлғасы аса бір зиялылықты танытқан ардагердің  қартаюы да өз әңгімесінің желісіндей әдемі, келісті  болып көрінді.

— Көп жыл отасқан әйелім қайтыс болғаннан кейін қосылған қазіргі Райса атты  қосағыммен бірге ұлымызды ұяға, қызымызды қияға қондырып, өзіміз солардың амандығын тілеп, тату-тәтті тұрмыс құрып отырған жайымыз бар, — дейді атай. —  Ендігі қызметім — осы ардагер деген атқа сай болып, кейінгі жастарға үлгі-өнеге көрсету.

Түрлі шараларға қатысуыма әдейі қолқа салып, шақырып жатады. Ал мереке күндері төрлерінде отырып, сый-сыяпатына  бөленемін. Сол құрметтері үшін қазіргі көлік прокуроры Е.Балғабаевтан бастап, баршасына алғысым мол. Облыстық прокуратура да шақырады. Шама-шарқым келгенше, шақырған ортаға баруға тырысамын. Не айтамын, осындай жасқа жеткізген тағдырыма дән ризамын.

Жазып алған

Зияш ТЕЛЕУОВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button