ЖаңалықтарЭкономика

Ақтөбенің өсімдік майы мен бұқтырылған етіне сұраныс бар

 

Алматылық кәсіпкерлердің бір тобы Ақтөбе қаласының №41 разъезі аумағында орналасқан екі кәсіпорынның жұмысымен танысты. Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев оларға ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, өткізу жұмыстарына қатысты қысқаша мәлімет берді.

Жоғары сапалы өсімдік майын шығаратын «Ақтөбе Фудс» компаниясының негізі 2002 жылы қаланды. Содан бергі он төрт жылдай уақыт ішінде бұл кәсіпорын басшылығы үш рет ауысты. Алғашқыда шаруаны қолға алған түрік ағайындардың ісін кейін арабтар басқарды. Қазір Ресей компаниясы тізгінді қолға алды.

— Біз облыс әкімдігімен меморандумға отырып, жұмыс істеп жатырмыз. Бағаны тұрақтандыруға байланысты келісіміміз бар, сонда көрсетілген талаптарды орындаймыз. Біз шикізатты негізінен Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында өсірілетін күнбағыстан аламыз, бұл жағынан қандай да бір проблема жоқ деуге болады, —  деді кәсіпорын директоры Дмитрий Гуттевич.

Кәсіпорындағы жұмыс технологиясымен бас инженер Валерий Сербулов таныстырды. Осы кезге дейін Алматы қаласымен ынтымақтастық байланыс орнатылған болып шықты. Компанияның өнімдеріне сұраныс болғандықтан алматылықтар келісім-шарт жасап, өсімдік майын тұрақты ала бастапты. Бүгін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов бастаған топ өнім шығару процестерін көздерімен көріп, кәсіпорынның мүмкіндіктерімен танысты.

Алматылықтар  мал шаруашылығымен шұғылданатын «Рейімқұл» шаруа қожалығының және онымен бірге жұмыс істейтін «Айбек» ет өнімдерін өндіретін кәсіпорынның жұмысымен танысты.

Қазіргі уақытта қалыптасу кезеңін артқа тастап, тірлігін тіктеп алған «Рейімқұл» шаруа қожалығы 900-дей ірі қара өсіреді. Күн сайын 30 мал сойылады. Қожалық басшысының айтуынша, ет өнімдеріне сұраныс жоғары. Сондықтан да өткен ақпан айында Қостанай өңірінен жеткізілген қоңды малды сойысқа шығарған.

Мұндағы соңғы уақыттағы бір жаңалық — қалбырдағы бұқтырылған ет өнімдерін шығаруға көшті. Малды өздері бағып, бордақылайтын бұл құрылымда өндірістің толық тізбегі өздерінде атқарылады.

Қожалық басшысы Самат Қалдығұлов алматылық кәсіпкерлерге өздерінің жұмыстары туралы айта келіп, жоспарға сәйкес мұнда тәуілігіне 15 тонна ет өңделуі тиістілігін айтты. Сонда бес мыңдай қалбырдағы етті әзірлеуге болады. Бұқтырылған етке сиыр, қой және жылқы өнімдері пайдаланылады.

— Қазірдің өзінде бұқтырылған еттің 13 түрі құрылымдалды, оларда ет таза күйінде де, сондай-ақ жармалар қоспасымен де болады, — дейді Самат Қалдығұлов, — ең алдымен жергілікті тұтынушыларды қамтамасыз еткіміз келеді. Сонымен бірге осы өнімге сұранысы мол еліміздің қорғаныс және мұнай өнеркәсібі салалары бойынша жұмыс істемекшіміз.

Алматылық кәсіпкерлер «Айбектің» өнімдеріне қызығушылық танытты. Олар бұқтырылған етке тапсырыстар беретіндігін айтып, өздеріне керекті деректерді сұрастырып білді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button