МерекеӘлеумет

Теміржолшылар әулеті

Аудандағы үлгілі де үлкен отбасылардың бірі — Көрпебаевтар әулеті. Бұл отбасыны теміржолшылар әулеті деп айтуға әбден негіз бар. Атаның кәсібін жалғастырған ұрпақтар, яғни көпке үлгі Көрпебаевтардың үлкен отбасымен сөйлесудің сәті түскен еді.

Қарашаңыраққа жан-жақтан әулеттің үлкен-кішісі, келіндері мен немере-жиендері жиналған екен.  Әулеттің үлкені Көрпебаев Қабыл ағайды сөзге тарттық.

— Біздер Көрпебаев Биман және Қайпы деген аталардан тараған ұрпақпыз. Әкем Биман 1922 жылы осы өңірде дүниеге келген. Марқұм әкемнің айтқан әңгімесінің есімде қалғанын айтайын. Ол қарапайым отбасында өсіп, жастайынан  еңбекқор болып ержетеді. 1940 жылдарға дейін теміржол саласында еңбек етеді. Сол жылы әскер қатарына алынып, 1943 жылы ауыр жараланып елге қайтып келеді. Туған елге оралған соң 1985 жылға дейін теміржол саласында әртүрлі қызмет жасап, еңбек демалысына шықты. 2005 жылы дүниеден өтті. Әкем Биман Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін екінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Ағайынды  Биман мен Қайпыдан ұрпақ өрбіп, «Әке көрген оқ жонар» демекші, әке кәсібін жалғастырып, әулетіміздің бала- келіндері теміржол саласында қызмет етеді.  Өзім де осы саланың зейнеткерімін.  Шойын жолдың бойында балалық шағымыз да өтті. Тепловоздың гудогі, темір доңғалақтардың гүрсілі бала кезімізден құлаққа таныс, — дейді әулеттің үлкені.

Ауылда тұратын бұл отбасының тірлігі теміржолмен біте қайнасып, құрыш білекпен болат жолдың бойында еңбек ететін ұрпақтар бүгінде ата дәстүрін бұзбай, атакәсіптің құлағынан ұстағандарын мақтан тұтады.

Әңгімеге араласқан әулеттің келіні Әлия да теміржолда тапжылмай еңбек етіп, еңбек демалысына шыққан.

— Мен осы әулеттің екінші келінімін. Біз де осы саланың нанын жедік. Күні-түні салдырлап өткен пойыздарды қарап отырдық. Бүгінде зейнеткермін. Абыл отағасымен отбасын құрып, екі ұл тәрбиелеп өсірдік.  Қазір бір ұлым теміржолда байланыс саласында қызмет етсе, келінім тауарлық кассада жұмыс жасайды. Қайныларым мен қайынсіңлілерім Аманжол, Айжамал, Баймұрат, Ермұрат, келінім Сәлима да осы теміржолда қызмет етеді. Олардың бала-келіндері де теміржол саласында. Теміржолшылар әулеті дегенді мақтан етемін. Ата-енем өте қарапайым кісілер болды. Үлкендеріміз көзі тірісінде үнемі жақсылығымызды асырып, жамандығымызды жасырып отыратын. Бүгін біз де енеміз. Балаларымызға үнемі үлкенді сыйла, кішіге қамқор бол, еңбекте адал бол деп үйретуден жалыққан емеспіз. Сонда ғана отбасыңда береке, бірлік болады дегенді құлаққа құйып келеміз,—  дейді әулеттің келіні Әлия.

Бұл отбасына барғаннан-ақ ұйымшыл екендіктерін байқадық. Әулеттің үлкенін күткен кішілерінен отбасында өзара сыйластықтарын да аңғаруға болады.

Ермұрат Көрпебаев: «Мен де ата жолын қуған ұрпақпын. Өзім де, балам Ерлан да шойын жолда жұмысшы болып еңбек етеміз.  Мұнда босаңсуға болмайды. Себебі адам тағдырынан қымбат жауапкершілік жоқ. Жол бойының майы қалай жұқса, наны да солай сіңімді болады екен. Сондықтан да бала-келіндеріме қай істе де жауапкершілікпен адал еңбек еткенде ғана абыройлы отбасы боласыңдар деп айтып отырамын».

Зейнеткерлікке шыққан әулеттің үлкені Қабыл ағайдың да еңбегі ескерусіз қалмады. Теміржолда тапжылмай еңбек еткені үшін марапаттаулар мен құттықтаулар алған. Екі ағайынды ақсақалдан 9 ұрпақ өрбіп, олардан 26 немере және 10 шөберемен өрісі кеңейген.

— Жастайымыздан жұмысқа ерекше жігермен араласып, жаздың  шыжыған ыстығында, қыстың сақылдаған аязды күндерінде  болат жолдың бойында аса жауапкершілікпен тынбай еңбек еттік. Қазіргі теміржол саласы заман ағымына қарай дамып келеді, тепловоздар ауысып, жұмысшылардың жұмысы шамалы да болса жеңілдеді. Бір кнопканы түртіп қалсаң болғаны. Дегенмен де, қай кәсіптің болмасын жеңілі жоқ. Ендігі жерде балаларымыз болашағы жарқын елде бейбіт өмір сүруге жазсын. Еліміздегі әрбір шаңырақ үлкен де үлгілі отбасы болуына тілектеспіз, — деген  Қабыл ағай батасын беріп, жылы лебізін білдірді.

Көрпебаевтар әулетінің әр мүшесі теміржол саласының бейнеті мен зейнетін көріп отыр. Атакәсібі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан үлкен шаңырақта қазір бесінші буын осы теміржол саласынан нанын тауып жеп жүр.

Майра МАНАРБЕКҚЫЗЫ,

Байғанин ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button