Ерте сынған емен

Сағыныш
1968 жыл. Шілде айы. Алға жүгірген ақ бұлақтай кезіміз. Он сегіз жас. Албырт шақ. Аузымызды ашсақ аржағынан жүрегіміз көрінеді. Арман қуып Алматыға келдік. Қарашаңырақ КазГУ-дің журналистика факультетіне құжат тапсырдық. Түсеміз бе, түспейміз бе? Бір үміт, бір қиял. Кілең кілегей көз абитуриенттер. Киров көшесіндегі 176-мекенжай жатақханасының 212-бөлмесіне бес жігіт жайғастық. Таныстық. Әрқайсысы әр тараптан. Қасында әкесі бар боталы түйе секілді жас жігіт жайраң қағып тұр. Аты Қонай екен. Ақтөбенің Шалқар ауданының Жылтыр деген жерінен келіпті. Әкесінің аты — Нойыш. «Ойпырмай, осындай да ат болады екен-ау? Нойыш! Мағынасы не? Әлде біз білмейтін жергілікті жерге ғана мәлім диалекті ме?» деп ойладым. Е, мейлі, не болса о болсын, әкесінің де қолы ашық, баласының жолы ашық, бәрімізді асханаға апарды. Аузымыз аққа тиіп жарып қалдық. Тісімізді шұқып былай шыққасын:
— Әй, балам, — деді әкесі, — кішкене кідіре тұршы. Топтан озбай
тоқтадым.
— Мына Қонай екеуің түйдей құрдас екенсіңдер. Дос боп бір-біріңе
қарасып жүріңдер! — деді.
Жібектей есілген жігіт. Биязы. Қабағыңа қарап сөйлейді. Жұғымды. Бірақ басынан сөз асырмайтын сияқты. Әп дегеннен тай құлындай тебісіп өскен бір
ауылдың балалары секілді тез тіл табысып кеттік. Сабағымыз бір, тамағымыз бір. Білмейтін нәрсемізді бір-бірімізден сұраймыз. Күндер өтіп жатты… Емтиханның бәрін тапсырып біттік, 23 тамыз күні қалпағымызды аспанға аттық. Міне, қуаныш! 212-бөлмедегі бес жігіттің төртеуі оқуға түсті. Қызылорданың Тереңөзегінен келген Қайырбек Асанов, Торғайдан Ғалымбек Сабыров, Ақтөбеден Қонай Әлжанов, мен Шымкенттің Шәуілдірінен. Сол күні ауылдағы әке-шешемізге сүйінші сұрағандай телеграмма жолдадық.
Бірінші қыркүйек күні оқуға түскен елу баланы Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы «Қазақстан» кеңшарына жүзім теруге апарды. Бір ай бойы «Мускат», «Киш-миш», «Дамский пальчик» секілді жүзімнің неше түрін тоқыма себетпен жинап өткіземіз. Әйгілі әзілкеш Оспанхан Әубәкіровтың сөзіне жазылған композитор Әсет Бейсеуовтің «Мұңайма» атты жаңа әні біздің курстың әнұранына айналды. Алғашқы шумақтарын Асқанбай, Мырзан секілді секіріп тұрған сері жігіттер орындайды да, қайырмасына келгенде бәріміз қосыламыз.
Жаралғандай сағыныштан,
Қайда сенің жақсы әнің.
Ча-ча-ча!
Жүрегімді алып ұшқан,
Дауысыңды аңсадым.
Өзімізше өңдеп айтамыз. Соған мәзбіз. Елу студенттің қырық бірі — жігіт, тоғызы қыз. Шетінен әнші, шетінен ақын. Ағып тұр. Кешкілік ақындар мүшәйрасын өткіземіз. Саралаймыз. Сараптаймыз. Кем-кетігіне кешіріммен қарап «Керемет өлең!» деп арқасынан қағамыз. Бұрын-соңды мұндай марапатты естіп көрмегендердің екі танауы шелектей болады. Ақындар мүшәйрасының төрағалығына Сырым Дағмырзаевты тағайындадық. Түбі түркістандық. Алматыдағы №12 мектеп-интернатта оқыған. Бізден гөрі көзі ашықтау. Салмақты. Салиқалы. Екі-үш жас үлкендігі де бар. Қорытынды сөзді сол айтады. Қонай да ақын. Бірақ жұлынып тұрған жоқ. Бірсыдырғы. Ауыздықпен алысқан арғымақ секілді арын байқалмайды. Мінезі жұмсақ. Тақырыбы — табиғат, туған елі мен жері. Бір күні:
— Осы мен жұрттың алдына шығып өлең оқымай-ақ қойсам қайтеді? —
деді тартыншақтап.
— Е, неге?
— Шамамды байқаймын ғой… Күләш Ахметова, Мырзан Кенжебаев,
Қайырбек Асанов, Светлана Буратаева, Мұхамедия Жұмағалиев, Сырым Дағмырзаевтардың қасында шаң қуып қалатын сияқтымын. Марат Қабанбаев пен Кәкен Хамзиндердің әңгімелері қандай ғажап! Талант! Менікі әшейін…
— Ой, сен өйтіп өзіңді-өзің қорлайсың ба? Онда құрисың. Поэзияңды
тірідей көмесің, — деп сенімін сөндірмеуге тырыстым.
— Кеше оқыған өлеңіңдегі «Көл бетінде көк толқын әжімденген» деген
бір сөзің неге тұрады?! Қай ақын көл бетін әжімге теңеген? Сен ғана? Сен! Мұқалма. Жұқарма. Сенің, мысалы, қыс туралы өлеңіңде жанды сурет бар. Абай «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды» деп табиғатқа жан бітірген. Балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиев ше?
Қыстың көзі қыраулы,
Қыстың көзі ызғарлы.
Жігіттердің қойнына
Қуып тықты қыздарды! — деп бүгінгі «советский» қысты суреттеді. Сенің де қыс туралы өлеңіңде жаңа леп бар. Түйіні керемет.
Бірақта қыстың тентек аяз ұлы
Рұқсатсыз ақ жүзімнен кетті сүйіп!
Керемет пе? Керемет! Осындай ойлы өлеңдердің қарасын көбейт. Жалғастырып жаза бер. Тәуір өнерді тәрк етпе!
Қонай досым тәрк еткен жоқ. Жақсы өлеңді жазып жүрді. Бірақ жарияламады. Қойын дәптерлерінде қалып қойды. Жарнаманы ұнатпайтын.
Ғашықпын деп айтар едім өзіңе,
Сол сұлуды көрсем-ақ ұяламын.
Бұл — махаббат туралы өлеңінің бір тармағы. Оның жаны сұлулыққа іңкәр болатын. Сірә, өлеңді де өзінің ғашығындай сезініп, өмір бойы ұялып өтті-ау?!
Екінші курстың күзінде ырғыздық досы һәм жерлесі Серік Жолдыбаев жанары бұлдырап, жақсы көрмейтінін айтты.
— Көзіңе көзілдірік тақ!
— Оны қайдан алам?
— Оптика деген магазин бар. Соған барып көзіңді қаратасың. Минус па,
плюс па, өздері анықтайды. Бітті. Бір очкиді көзіңе тағып қайтасың.
— Ол қай жерде?
— Калинин мен Күләш Байсейітова көшесінің бұрышындағы бес
қабатты үйдің маңдайына «Оптика» деп жазып қойған. Соған кірсең шаруаңды бітіреді! — деп жұмсап жібердік. Таба алмай қайтып келді.
— Ол жерді қанша қарасам да «Оптика» деген жазу жоқ. Тек «птик»
деген жазу бар, — дейді. Бәріміз ішек-сілеміз қатып күлдік.
«Птиктің» ішіне кірдің бе?
Кірген жоқпын.
«Птик» деген сол «Оптика» ғой. Сөз басындағы «О» әрпі мен
соңындағы «а» әрпін көзілдіріктің көзі секілді дөңгелетіп салған да ортасына «птик» деп жазып қойған. «Оптика» деген сол.
— Сенің атың Серік емес, Птик! — деп әзілдеді жігіттер. Бірақ Қонай
қосылмады.
— Жігіттер, — деді ол, — Серіктің аты — Серік, Птик емес. Мысалы,
сенің атыңды өзгертіп «Котик» десек қалай қарайсың? Жақсы көресің бе? Пышақ кескендей сап тиылдық.
Күндердің күнінде сол Серік бізге жұмбақ жасырды. «Студент жігіттің абитуриент әкесі. Ол кім?» деді. Таңырқап таба алмадық. Ол Қонайдың әкесі Нойыш екен. Алматы зооветеринарлық мал дәрігері институтына сырттай оқуға түсу үшін емтихан тапсырып жүр екен. Абырой болғанда түсіп кетті. Жуды. Ресторанға отырғызды. Әңгіме арасында «Сіздің атыңыз Нойыш. Мағынасы не?» деп сұрадым. Сөйтсем ол лақап аты екен. Арғы атасы — Әлжан, Әлжаннан – Дүйсенбі, Дүйсенбіден — Ноятолла, Аятолла, Сағидолла. Үш ағайынды. Нойыш дегеніміз — Ноятолла екен. Нойыштан – Қонай. Оның азан шақырып қойған аты — Қуаныш екен. Бала кезден Қонай аталып кеткен.
Үшінші курстың қоңыр күзінде ауылдан оралған Қонай үріп ауызға салғандай бір сұлу қызды ертіп жатақханаға келді. Жігіттер гу-гу.
— Қонайдың қасындағы қызды көрдің бе?
— Көрдім. Әдемі!
Сөйтсек, Қатирамыз Қонайдың ауылда үйленіп келген келіншегі боп шықты. «Құсың құтты болсын!» дедік.
Сол кездегі оқу жүйесі бойынша елу студент екі топқа бөлінді. «А» және «Б» тобы. «А» тобындағылар өздерін «Айғырмыз» деп масаттанатын. Олай дейтін де жөні бар. Өйткені мектеп бітіргесін екі жыл еңбек етіп келген сақа жігіттер. «Стажы» жоқ «Б» тобындағыларды «Бұзаулар» деп қалжыңдайтын. Біз, Қонай бәріміз «Бұзаулармыз». Алғашқы курстан бастап диплом алғанша «Бұзау» атты қабырға газетінің 100 нөмірін шығардық. Сатиралық газет болатын. Қыз−жігіттердің қылықтарын әрқилы әзілмен әспеттейтінбіз.
Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған заманның өзінде ештеңеден қаймықпадық. Сынадық. Мінедік. Күлдік. Тіпті мұғалімдерден де тайсалмадық. Алғашқы курстың көктемінде «Зарубежная литературадан» сабақ беретін орыс апайымыз лекция үстінде қазақтарды «Бараны» деп күстаналады. Жерге кіріп кете жаздадық. Аралдық Абдул Сермағанбетов деген ересектеу студентіміз орнынан атып тұрды да бәрімізге «Мынадай сөзді естіп отыра береміз бе? Кеттік!» деді. Бәріміз өре түрегеліп аудиторияны тастап шықтық. Жалғыз Әмзе деген жігітіміз ғана орнынан қозғалмады. Оған Қонай ала көзбен атып қарады да «Қаның бар ма? Жаның бар ма? Тұр орныңнан!»деп иегімен есік жақты нұсқады.
Көзсіз ерлігіміздің арты үлкен шуға айналды. Біздің бұл кішігірім көтерілісіміз туралы сол күні-ақ Американың «Би-Би-Си» радиосынан ұлтаралық қозғалыс ретінде арнайы хабар таратылыпты. Жоғары жақтағылардың төбе шаштары тік тұрса керек. Ректордың өзі келіп біздің курспен сөйлесті. Ымыраға шақырды. Көнбедік. «Ол апайдың сабағына қатыспаймыз!» дедік. Айтқанымыздан қайтпай тұрып алдық. Ақырында әлгі апайды жұмыстан шығарып, орнына басқа ұстаз жіберді.
Кешегі Кеңес өкіметінің кезінде газет-журналдардың шекесіне «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деп жазып қоятын жаттанды ұран бар-тын. Біз де «Бұзау» қабырға газетінің төбесіне «Барлық курстың барандары, бірігіңдер!» деп жазғымыз келді. Қонай айтты: «Өз қотырымызды өзіміз қасып, өзімізді өзіміз масқаралап қайтеміз. Одан да «Барлық елдердің сүтқоректілері, бірігіңдер!» дейік. Бұл бір жағынан сыпайылық болса, екінші жағынан біздің «Б» тобының газеті екенін білдіреді», — деді. Құлаққа кіретін сөз. Бірден келістік.
Диплом қолға тигесін әркім әр қиырға аттанды. Қонай өзінің Ақтөбесіне барып, журналистиканың қара қазанын қайнатты. Әсіресе ес кіріп, етек-жеңді жинаған кезінде ол Алматы Жоғары партия мектебінде екі жыл оқыды. Етене араластық.
Қырықтан асқан шағында ауыр науқасқа шалдығып, Мәскеуге барып емделді деп естідім. Одан Алматыға келіп ауруханада айлап жатты. Артынан барып тұрдым. Халі мүшкіл. Оңала қоймады. Сол жылдары халық емшісі Кашпировскийден кейін Алан Чумак деген «тәуіп» шығып, орталық стадионда 30 мың адамға ақы-пұлсыз тегін ем-дом жасайды деген жарнама жүріп жатты. «Кім біледі, Чумактың шарапаты тиіп айығып кетер!» деген үмітпен ауруханаға соқтым. Қонай досым төсекке таңулы. Көзі көрмейтіні өз алдына, бір қол мен бір аяғында жан жоқ. Тұңғыш ұлы Ербол 19 жасында жол апатынан қайғылы қазаға ұшырағалы сал боп қалған. Қасында Қатирасы, жанында Абай інісі. Коляскаға отырғызып орталық стадиондағы Алан Чумактың «сеансына» алып бардық. Бәрібір ем қонбады. Көп ұзамай, көз жұмды. Жанып тұрған жігітті 1994 жылы мәңгілік сапарға шығарып салдық. Ақтөбеге барған бір сапарымда курстасымыз Серік Жолдыбаевпен бірге қарашаңырағында қалған Қатира мен үкілеп өсірген үш қызына көңіл айтып шықтым.
Ауыр қазаны көтере алмады ма, көп ұзамай Қатира да бақилық болды. Жақында тағы да жол түсті. Алматы-Ақтөбе бағытында ұшатын ұшақтың ішінде баяғы Абай інісімен ұшырастым. Хал-жағдай сұрасып, мәре-сәре боп жатырмыз. Артында қалған үш қызы — Жанаргүл, Ақгүл, Назгүл тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болған. Өзінен кейінгі тетелес інісі Қонысбай Шалқарда, одан кейігі бауырлары Аманбай Ақтөбеде, Абай Алматыда тұрып жатыр екен.
Абай інімізді алға салып, Ақтөбенің аэропортынан Қонай досымның қарашаңырағына тарттым. Ноятолла әкеміздің, Қонай мен Қатираның рухына бағыштап Құран оқыдым. Үрім−бұтағына көңіл айттым.
Ескерткіш ретінде Қонайдың қыздары мен інілері һәм немерелерімен фотоға түстік.
Өмір ғой. Тірі адам тіршілігін жасап жатыр. «Орнында бар оңалар» деп атам қазақ бекер айтпаған-ау? Ошағының отын сөндірмей, түтінін түзу шығарып отырған артындағы бауырларына бата беріп, бет сипадым.
…Қыдыр қияласын,
Періште ұяласын.
Күндерің шуақты болсын,
Көлдерің суатты болсын.
Өрендерің өр болсын,
Шыққан жерлері төр болсын.
Қой үстіне
Бозторғай жұмыртқалайтын заман болсын.
Қонай досымның
Үрім-бұтақ, ұрпақтары аман болсын.
Әумин!…
Қайран дос! Емен мінез ер-азамат еді-ау. Ерте сынды. Еменнің тамырларынан көктеп шыққан көшеттерін көргенімде көз алдыма қалың қара орман елестеді.
Ләйім солай болғай!..
Көпен ӘМІРБЕК,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Президент сыйлығының лауреаты.




