Мәдениет

Жастарға жалындаған жарасады

Өткен жұма күні М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінде «Жастарға жалындаған жарасады!» атты патриоттық әндер байқауы өтті. Шараны облыстық ішкі саясат басқармасы  мен «Қазақстан студенттер альянсы» қоғамдық бірлестігінің  облыстық филиалы ұйымдастырды.

Аталған шараның мақсаты — жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, ұлттық рухта тәрбие беру. Байқауға қаладағы жоғары және орта оқу орындарынан он бір жас қатысты. «Қазақстан студенттер альянсы» қоғамдық бірлестігінің  облыстық филиалының төрағасы Айбек Басжановтың айтуынша, алғашқыда байқауға қатысушылардың қатары бұдан әлдеқайда көп болған. Алайда іріктеу сында өз шеберліктерін танытқан студенттер ғана байқауға қатысуға жолдама алыпты. Өнер сайысында жастар «Атамекен», «Сарыжайлау» секілді әндерді нақышына келтіре орындады. Қазылар алқасының төрағасы, «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің басшысы Ғалымжан Байдербес қатысушыларға жоғары баға берді.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынға Ақтөбе политехникалық колледжінің оқушысы Шалқар Қайырғалиев қол жеткізсе, екінші және үшінші орынды Ақтөбе медициналық колледжінің оқушысы Айнұр Ақжарқынова мен А. Жұбанов атындағы музыка колледжінің оқушысы Арыстанбек Тұяқбаев иеленді. Ал Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының оқушысы Гүлфарида Жұбаева ынталандыру сыйлығына ие болды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button