ЖаңалықтарЭкономика

Перлит өндіретін зауыт іске қосылды

Мемлекеттік бағдарлама

 

Ақтөбеде алғаш рет «Union Perlite» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі перлиттен жоғары сапалы өнім өндіретін шағын зауытты іске қосты. Серіктестік «Даму-өндіріс» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 207 миллион теңге несие алған. Жаңа өнімнің өңір кәсіпкерлері үшін тиімділігі зор болмақ.

Жаңа өнім

Шағын зауыт — Қапшағай қаласындағы «Union Perlite» ЖШС-ның филиалы, яғни  еліміздегі перлит өнімдерін шығаратын екінші зауыт. Зауытта өндірілетін  сүзгі перлит материалдары әртүрлі, химия, металлургия, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында кеңінен қолданылады. Серіктестіктің техникалық жоба бойынша жетекшісі Сергей Самодуровтың айтуынша, алғашқы  перлит өнімі елімізде  2012 жылдан бастап шығарылыпты.  

2012 жылы Қапшағайда түрік және американдық мамандардың бірлескен жобасы бойынша алғаш рет перлит өнімі өндірілді. Осы жұмыстардың басы-қасында жүріп, өнімді шығару жолдарын меңгердім. Ал биыл сәуір айында серіктестік Ақтөбеде шағын зауыт ашу туралы жобаны қолға алған соң, мені осында жіберді. Қазір негізгі құрылыс пен зауытты жабдықтау жұмыстары толықтай аяқталды. Алғашқы сынама өнімдерді шығарып, сараптамадан өткізіп жатырмыз. Нәтижесі көңілден шықты. Қазіргі күні бірнеше тонна перлитті  «Қазатомпром» компаниясы мен  Щучинск май зауытына дайындап қойдық. Олар сұйық күкіртті,  майды сүзгіден өткізеді. Жалпы өндірістік мақсаттағы сүзгі перлитті  өндірістің барлық саласында пайдалануға болады. Күкірт қышқылынан бастап,  барлық сұйық майларды сүзгіден өткізеді, — дейді техникалық жоба жетекшісі.

Еліміздің батыс аймағын перлит өнімімен толық қамтуға зауыттың қауқары мол. Қазіргі күні өнімді өткізу үшін аймақтағы мекемелермен байланыс орнатылып жатыр. Құрылысқа қажетті қоспалар мен түрлі  материалдарды өндіретін «Алина» зауытымен келісім жасалыпты. Бүгінгі күні өнімнің негізгі тұтынушысы — осы мекеме. Жалпы алғашқы өнім тек сынама ретінде пайдаланылып отыр. Ал қыркүйек айының ортасынан бастап зауыт толық іске қосылады. Бұл уақытта тұтынушылардың да қатары артады.

Зауыттың тұрақты тұтынушысы көп болуы үшін өнімнің сапасы жоғары, бағасы тиімді болуы керек. Қазір біз осы мақсатта еңбектеніп жатырмыз, — дейді Сергей Самодуров.

Бүгінгі күні зауытта 5 адам еңбек етеді. Барлығы арнайы сынақ бойынша қабылданған. Сергей Самодуров мамандардың білікті әрі өз ісін жетік білетін азаматтар болғанын қалайды. Сондықтан қазір бар білгенін жұмысшыларға үйретіп жатыр.

Перлит дегеніміз не?

Перлит — жанартаулық шыныдан тұратын қышқыл эффузиялық тау жынысы. Ол  күй­діру және ұнтақтау жолымен алы­нады. Құ­ра­мы су және кремний, титан, марганец және алюминий, маг­ний, кальций секілді элементтерден тұрады. Перлитті жоғары температурадағы пеште қыздырғанда құрамындағы су буланып, кәдімгі жейтін поп-корн тәрізді ісінеді. Осыдан кейін арасында қуыстары бар, борпылдақ, кеуекті жеңіл ұнтаққа айналады. Ал ұнтақты перлитті түрлі мақсатқа, бетонға, отқа төзімді цементтерге, бояуларға, құрылыс материалдарына, асфальт жабындысына қосуға және тамақ, хмиия, мұнай өңдеу, дәрі-дәрмек, шыны өндірістерінде қолдануға болады. Сондай-ақ перлит арқылы мұнай өнімдерін, арақ-шарап, сыра және түрлі жеміс-жидек шырын­дарын сүзгіден өт­кі­зуге болады. Сергей Самодуровтың айтуынша, негізгі шикізат Грузия, Түркия, Грекия елдерінен тасымалданады.

— Қазіргі күні елімізде геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер перлиттің балама түрі табылса, отандық кәсіпкерлер үшін тиімді болар еді. Себебі шикізатты сырттан әкелу өнімнің құнына әсер етеді, — дейді Сергей.

Оның айтуынша, зауытта  құрылыс материалдарына, ауыл шаруашылығы мен өнідіріске қажетті перлит өнімдері шығарылмақ. Зауыттың үшінші бағыты бойынша перлитті блок шығару да  қолға алынып отыр.

Цементке қосатын құмның орнына перлитті араластырамыз, осы кезде жеңіл әрі мықты блок пайда болады. Жалпы перлитті пайдалану ауқымы өте кең. Құры­лысқа қажетті құрғақ қос­па­ларға, тағы сол  секілді өнімдерге де араластыруға болады. Бұл жылу сақтайтын бұйым ретінде де қолданылады. Әсіресе, тұрғын үйлер мен ғимараттардың  іші-сыртына, еденіне,  жылу құбырларына  осы ұнтақты қолданса, жылу ұзақ уақыт сақталып тұрады. Қазір зауытта ауыл шаруашылығына қажетті агроперлит те өндіріліп жатыр.  Бұл әсіресе  жылыжайлар мен гүлзарлар үшін өте тиімді.  Егер тыңайтқыш ретінде топыраққа араластырса, ылғалды ұзақ уақыт ұстайды. Бұдан кейін жиі суарудың қажеті жоқ. Ал бұрын перлиттің орнына кокос жаңқасы пайдаланылатын. Бұл шетелден әкелінетін болғандықтан  шаруашылық иелері үшін қымбатқа түсетін еді,  — дейді Сергей Самодуров.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button