ЖаңалықтарЭкономика

«Қазтеплоэнергомаонтаж» төзімді тұрбалар өндіреді

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы Қазақстан Республикасының Конституциясы күнінің қарсаңында мемлекеттік қолдауға ие болып отырған жобалардың бірі — «Қазтеплоэнергомонтаж» толық серіктестігінің жұмысымен таныстыру рәсімін өткізді.

«Қазтеплоэнергомонтаж» толық серіктестігі құрылыс саласындағы

өз қызметін 1995 жылы бастап, бұл күнде қанатын кеңге жайып, пенополиуретанды құбырлар өндірісі бойынша өңірдегі көшбасшылардың біріне айналып отыр. Жүзден астам адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестік (компаниялар тобы) негізінен құрылыс, жаңалау (реконструкция), техникалық жарақтандыру мен өнеркәсіптік, энергетикалық  нысандарды, жалпы азаматтық және арнайы мақсаттағы нысандарды күрделі жөндеуден өткізу ісіне маманданған. Сондай-ақ нысандарды өндіріске және азаматтардың қауіпсіздігіне қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз ету, жоғары технологиялық құрылыс құрылғыларын жасау мен монтаждауды да ойдағыдай атқарып келеді. Құрамында құрылыс-монтаждау басқармасы, Ақтөбе ППУ (пенополиуретан) тұрбалары мен пішінді бұйымдар жасау зауыты және темір бетонды бұйымдар өндіру цехы бар толық серіктестік қазір еліміздің коммуникациялық желілерін жылумен қапталған тұрбалармен қамтамасыз етіп отыр.«Қазтеплоэнергомонтаж» толық серіктестігінің құрылтайшысы әрі басшысы А.Исмағұлов 2010 жылы «Даму» қорынан 110 млн теңге несие алғанын, 2012 жылы «Қазкоммерцбанктен» 255 млн теңге несие алып барып, өндірістің бірінші кезеңін іске қосқанын айтады.

— Біздің зауыт шығарып жатқан сырты сыз бен суықты жібермейтін, жылы нәрсемен қапталған тұрбалар қазір сұранысқа ие болып отыр. Алматы, Атырау, Қостанай облыстарына дайын өнім жіберіп жатырмыз. Болаттан жасалған тұрбаларды қаптап, жылу жүйелері үшін жібереміз. Мұндай тұрбалар қыста қатпайды, жазда қызып кетпейді, — дейді Алмас Қайрекенұлы. — ППУ тұрбаларын жасау үшін қажетті жабдықтарды Тайваньнан алдырып отырмыз. Әйтпесе Ресейде мұндай жабдықтар бес есе қымбат тұрады. Қазір біз пайдаланылып тасталған баклажкалар мен полиэтиленді пакеттерді жинап, оларды ұнтақтау арқылы пластикалық түйіршектер дайындаймыз. Оны мына тайваньдық жабдықтар арқылы тұрбаларға белдік болатын немесе басқа да қажеттіліктерге жұмсалатын пластикалық бұйымдарға айналдырамыз. Біз көшелерге көмілген металл тұрбаларды да ағытып алып, «3 D» құрылғысы арқылы осында әкеп сыртын қаптап, орнына апарып қоя аламыз. Дәнекерлеу, ыңғайлау жұмыстарының бәрі осы жерде жүзеге асырылады. Көшеде айналаға қолайсыздық туғызатын жұмыстар азаяды.

«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы қолдауға ие болған А.Исмағұлов ол үшін риза екендігін жеткізді. Субсидия үшін «Даму» қорына алғысын білдірген кәсіпорын басшысы кәсіпкерлікті қолдаудың Қазақстанда жоғары деңгейде екенін, мұндай қолдаудың Лондонда да, Ресейде де жоқ екендігін айтады. Ол дамыған елдерді көп аралапты. Лондонға барған сапарында коммуникациялық желілерді қалай жасап жатқанын көріпті де, осы іске бет бұрыпты.

— Біз де өзгелерден қалмауымыз керек қой, — дейді А.Исмағұлов.  Ол басшылық ететін кәсіпорын тек соңғы бес жылдың ішінде Ақтөбе қаласының жылу желілерін жаңалау, қаладағы «Болашақ» шағын ауданын жылумен қамту үшін көтерме сорапты стансасын салу, Ойыл аудандық прокуратурасы мен сотының ғимаратын салу, Мұғалжар ауданындағы Жем қаласының жылу желілерін жаңалау мен қазандық салу, Ақтөбедегі 60 пәтерлік тұрғын үйді салу, «Урихтау Оперейтинг» серіктестігінің Темірдегі бөлімшесі үшін өндірістік база салу, Алматы облысының Әуезов ауданындағы сорап стансасын салу сияқты ірі жобаларды жүзеге асырған.

«Қазтеплоэнергомонтаж» қазір жылу құралдарының әлемдік нарығындағы «Viessman» және немістің трансұлттық «Siemens» концерні сияқты мықтылармен ынтымақтаса еңбек етіп келеді, соның нәтижесінде Ақтөбенің Батыс-2 және Оңтүстік-батыс шағын аудандарындағы көп қабатты тұрғын үйлерді  қуаттылығы 51 МВТ құрайтын қазандық салу арқылы жылумен қамтуды жүзеге асырып отыр. Компания топтарының жинақылығы Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

2014 жылы Ақтөбедегі жылумен қапталған ППУ тұрбалары мен пішінді бұйымдар жасайтын зауыттың екінші кезеңі іске қосылған. Зауыттың қуаттылығы жылына 34 000 погонды метр, диаметрі 25-1120 мм. ППУ тұрбаларымен қамтамасыз етуге жетеді. Қазір компаниялар тобының еңбекшілері тынымсыз жұмыс үстінде. Бұл күндері олар Алға қаласындағы қазандықтар мен биотазалау имараттарын және Ақтөбе қаласындағы жылу желілерін жаңарту жұмыстарымен айналысып жатыр. Кәсіпорын қол жеткен жетістіктермен тоқтап қалмай, жақын арада Ақтөбе қаласынан қуаттылығы жылына 36 000 тоннаны құрайтын  тіке жікті электрмен дәнекерленген болат тұрбалар өндіретін зауыт құрылысының жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

Конституция күнінің қарсаңында БАҚ өкілдері осындай іргелі кәсіпорынмен танысты. Шара барысында кәсіпкерлік басқармасының кәсіпкерлікті қаржы-несиелік қолдау бөлімінің басшысы Г.Берқалиева «Қазтеплоэнергомонтаж» кәсіпорнына «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы шеңберінде қолдау көрсетіліп отырғандығын айта келіп, кәсіпорынның еңбек ұжымын ҚР Конституция күнімен құттықтап, оларға толағай табыстар тіледі.

 З.КӘЛКЕНБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button